Ипподром тағдыры көкпарға түсіп жатыр

Oinet.kz 24-09-2020 1291

Ипподром тағдыры көкпарға түсіп жатыр. Қоғамдық пікір ескеріле ме, әлде бұл жолы да дәулер дегеніне жете ме? Шымкентте ипподромның орнына салынатын тұрғын үй кешені қоғамда қызу пікірталас туғызғалы біраз болды. Тұрғын үй кешені айналадағы демалыс орындарына зиянын тигізбей ме деген алаңдаушылықты өз басымыз орынды деп есептейміз.    

image.png

Осы орайда бір кездері Алматыда Көкжайлаудан салынатын курорттың да осылай қызу талқыға салынғаны еске түседі. Жобасы әбден жарнамаланған  мәселеге былтыр Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жасаған сапары барысында нүкте қойғанын бәріңіз де білесіздер. Ал ипподром мәселесіне нүктені қоятын кім? Үкімет пе, әлдетағы да Тоқаев па? Әкімдік пе, әлде қоғамдық тыңдау ма? Бұл сұрақтың жауабы әзірге басы ашық күйде тұр. 

Бәрі де алдын ала ойластырылған сценарий бойынше келе жатыр еді. Жоспар ойламаған жерден күрт басқа арнаға бұрылды. Қалалық әкімдіктің бұған алдын ала тыңғылықты дайындалғанына еш күмәніміз  жоқ. Тамыздың 20-сы шамасында ақпарат құралдарында Шымкентте жаңа ипподромның салынатындығы туралы мәлімет жарқ ете қалды. Қала басшылары ипподром салудың соңғы он жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе екендігін алға тартуға көшті. Әкім Әйтеновтың өзі 2018 жылы Бас жоспарға сәйкес жаңа ипподромды Бозарықтан салу туралы шешім қабылданғанын мәлім етті. Ақпарат құралдарында алғашқыда атшабарға бөлінген жердің көлемі 24 гектар десе, кейінірек ипподромның директоры Ғани Ахметбаев 47 гектар екенін жария етті... Қайсысына сенеміз? 

Артынша қыркүйектің басында вице-премьер Роман Склярға  «BI Group»  компаниясының ипподромның орнына салатын комфорт және бизнес санаттағы тұрғын үй кешенінің жобасы таныстырылды. 

-Біз әлеуметтік инфрақұрылымға жіті көңіл бөліп отырмыз. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылады. 6 жыл ішінде 1500 орындық жаңа мектеп пен емхана салынады. Тұрғын үйлердің бірінде балабақша болады. Сондай-ақ, «Тұлпар» көлінің жағалауын абаттандыру жоспарланған, - деді компания басшысы Айдын Рахымбаев. 

Қалалық әкімдіктің таратқан ресми ақпаратында 30 гектардан астам аумақты қамтитын жобаның құрылысы 2021 жылдың көктемінде басталатынын, оның дендро саябақ, зообақ және "Қазына" этнопаркінің маңайында орналасатындығы «тайға таңба басқандай»  жазылған. Бұған іле-шала уақтысында Оңтүстік Қазақстан облысының, Шымкент қаласының бас сәулетшісі қызметтерін атқарған белгілі сәулетші Асқар Мамырбаев қарсылық білдіріп, әлеуметтік желіде әкім Әйтеновке жазған ашық хатын жариялады.Ашық хатты мұқият оқып қарасаңыз, Мамырбаев ипподромның көшірілгеніне емес, оның орнына тұрғын үй кешенінің салынуға қарсылық білдірген. Сәулетші бас жоспар бойынша ипподромның орны демалыс аймағы ретінде белгіленгенін еске салған. Көпшілік мұны қызу қолдады. Қоғамдық пікір өрістеп бара жатқан соң қала әкімінің орынбасары  Бауыржан Мамыталиев компанияның тек тұжырымдама ұсынғанын, жобаның әлі бектілмегенін, алдағы уақытта қоғамдық тыңдау өткізілетінін мәлім етті.  Сонда бұл қалай? Компания басшылығы вице-премьерге құрылысқа келесі жылдың көктемінде білек сыбана кірісетіні айтады. Артынша қала әкімнің орынбасары бұл жобаның әлі бекітілмегенін мәлім етеді. Сонда өтірік айтып, қысқа күнде қырық құбылып отырған кім?  

Шымкенттік шенеуніктердің фантазиясында шек жоқ. Елге уәдені үйіп-төгіп беруге келгенде біздің атқамінерлерге жететіні жоқ шығар, сірә. Уақтысында «бар-жоғы бес жылдың ішінде бюджеттен бір тиын алмастан  Шымкентті ертегідей қалаға айналдырып жіберемін» деген әкімнің (Әбдірахымов) уәдесін де естігенбіз. Басқаны қайдам, біздің білетініміз, соңғы 25-30 жылдық тарихта Шымкентке бес жыл әкім болған әлі ешкімді көргеніміз жоқ. «Әр кәллада бір қиял» деген осы. Соңғы уақытта атқамінерлер армандар мен қиялдардың жетегінде өмір сүріп жатқандай көрінеді... 

Жалпы болашақты дұрыс бағамдау үшін өткен күндерден сабақ алған жөн десек еске түсіретін жайттар аз емес сияқты. Осыдан 15 шақты жыл бұрын Шымкентте  бір кездері кәсіпкерлердің қолына өтіп кеткен саябақтардың жерлерін мемлекетке жаппай қайтару науқаны жүрді. Абай, Орталық саябақтарында талай кәсіпкердің нысандары бұзылды. Бірақ кейбіреулердің көк пен жердің арасын тіреп тұрғандай зәулім нысандары, тойханалары осы науқаннан аман қалды. Сол жылдары «Жас Алашта» Абай саябағындағы сыра зауытының артында бұрынғы облыс әкімі, сол кездегі министр  Зауытбек Тұрысбековтің  тұрғаны жазылған еді. Кейінірек сол әңгіме расқа айналды. Ал бұзылмаған тойхананың артында тұрған дәудің атақты Қаныбековтер әулеті екені ел аузында айтылды, сол Қаныбековтердің бірі Сәкен Әсембекұлы қазір Мәжіліс депутаты. Мұны неге айтып отырмыз? Ипподромның орнына жаңа тұрғын үй кешенін салуға ниетті «BI Group»  компаниясы туралы елдің аузында әрқилы әңгімелер айтылады. Біреулер оны Қазақстандағы өте ықпалды бір әулетпен байланыстырады. Мұндай ықпалды компания елдің пікірімен санасып, диалог орнатуға қаншалықты ықыласты? Компанияның қаланың қазынасына 130 миллиардтан астам  теңгені салатындығы айтылып жатыр. Бұл қаншалықты негізді? Оның да бір кездергі «Шымкент молл» сияқты ауада қалқып қалған жобаға айналмасына кім кепіл?    

Осы жерде айта кетейік, Асанбай Асқаров атындағы демалыс аймағының жеріне көз аларту бүгін басталған жоқ. «Дендробақтан дым қалмауға айналды» деген мақала да  осыдан 15 жыл бұрын «Жас Алашта» жарияланды. Мақаланың авторы, Дендробақтың сол кездегі директоры Кендебай Ахаттың көп мәселені білетініне күмәнім жоқ.  Атқамінерлер бүкіл Қазақстанда теңдесі жоқ дендробақтың қақ ортасынан кесіп алып, резиденция салдырды. Тұқымбақтың жері жеке тұрғын үй салуға беріліп кетті. Депутат Нұрғазы Бұхарбайдың айтуынша, зообақтың бір кездері елу гектарға жуық жерінің бүгінде 30 гектары ғана қалған. Күні ертең осындай демалыс аймағының ортасында бой көтерген тұрғын үй кешенінің бір орында тұрмайтындығы айдан анық. Өңшең ыңғай мен сығайлар қоныстанған, комфорт пен бизнесс санаттағы жайлы пәтерлердің иелерінің жағдайын одан әрі жасау үшін қымбат мейрамханалар мен тойханалар, көлік жуатын орындар мен супермаркеттер,  сауна мен сұлулық салондарын салу керек. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай пайда болған коммерциялық нысандар бірте-бірте жапыраққа түскен құрттай айналасын кеміріп, үңги бермей ме? Бұған кім кепілдік береді? Әкім Әйтенов пе, әлде Бауыржан Мамыталиев пе?   

Қала басшылары жоғарыда айтқанымыздай, ипподромның орнында тұрғын үй кешені салуға қатысты қоғамдық тыңдау өткізетінін мәлім етіп отыр. Бірақ оның мерзімі әлі белгіленген жоқ. Енді қашан? Егер мәселенің бәрі карантинге тіреліп тұрса, тақырыпты онлайн талқылауға салуға не кедергі? Темірді қызған кезде соғу керек еді. Әлде «жесткий торгавать» ететін шенеуніктер жұрттың аптығын басу үшін әдейі уақыт созып отыр ма?

Шымкенттік шенеуніктердің елдің пікірімен қаншалықты есептесетінін таразыға тартар кез келген сияқты.  

Жәнібек ТАРХАН,

"Рейтинг" газеті

Шымкентте праймеризге қатысушылар ойларын ашық айтты
Жетісайлық «блогерлердің» не үшін сотталғаны белгілі болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу