Шымкентте праймеризге қатысушылар ойларын ашық айтты
Әлемде қоғамдық даму бар салада жылдам жаңаруда. Еліміз де жаңғырудан кенде емес. Мысалы, саяси кеңістікте Батыс елдерінің тәжірбиесінде жүйелі түрде қолданылып келе жатқан партиялық праймериздің енуі. «Халық қалаулысы» сөзі билік пен бұқара арасындағы сенімнің келбетіндей. Праймериз арқылы биліктің биік қызмет емес, жүгі ауыр міндет екені айқындала түсті. Праймеризді сөзден іске көшіруге талпындық. «Нұр Отан» партиясының Шымкенттегі Қаратау аудандық филиалының үміткерлерімен праймериздің қаншалықты әділдікке жеткізетіні жөнінде пікір алмастық.
•Қаратау ауданында праймериз қалай өтуде?
•Кандидаттарға бірдей жағдай жасалған ба?
•Онлайн кездесулер қалай ұйымдастырылуда?
Имашев Қайрат Есенбекұлы, "Сервис Центр-2007" директорының кеңесшісі:
1. «Нұр Отан» партиясының Қаратау аудандық филиалы праймеризді ұйымдастыруда заңға қайшы қадам назарыма ілікпеді.
2. Барлық үміткерлер ZOOM арқылы онлайн кездесуде бағдарламамызды таныстырдық. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың әдемі бір сөзі бар ғой:
«Жақсылық көрсем өзімнен,
Жамандық көрсем өзімнен.
Тағдыр қылды деулерді
Шығарамын сөзімнен.
Өзім қылдым деулерді
Таса қылман көзімнен». Бағдарламамызды барлық үміткер тең деңгейде таныстырдық.
3. Ешкімді бөліп-жарған оғаш әрекет жоқ. Барлығы ашық формада болғандықтан, әділдікке артар үмітім мол. Қандай нәтижеге қол жеткізсем де, өз потенциалыма лайық деп бағалар едім.
Сихамбекова Жансұлу Абдразаққызы, №85 Х.Әлімжан атындағы ЖОМ директоры:
1. Өте жақсы, әділ. Әркім өз жұмысын орындап жатыр.
2. Бөлек жағдай жасай ма? Әрине, барлығымыздың мүмкіндік балансымыз тең. Ашық формада болғандықтан әділдікке дау айтудың өзі артық. Барлық үміткер бірдей ақпараттандырылып, бірдей әрекет ету мүмкіндігіне ие. Кезесулер барлығымызға бірдей ұйымдастырылған. Одан артық не жағдай қажет?
3. Ақпаратпен қамту жағы жақсы жолға қойылған. Мысалы, білім саласының қызметкерлерімен жоғары деңгейде онлайн кездесу өткізілді. Байланыс сапасы керемет, мүмкіндік аясы кең. Кандидат ретінде айтайын, мені қазір барлық мектеп таниды. Себебі, мені онлайн кездесу арқылы тани білді.
Балтабаев Талғат Дуйсебайұлы, «Уақыт» газетінің бас редакторы:
1. Қаратаулықтар праймеризге өте белсенді қатысуда. Содан да болар үміткерлердің арасында арыз-шағым айтылып, түсініспеушілік туындап отыр. Қоғам болған соң, қоршаған ортада кемшіліктер болады ғой. Бастауыш партия ұйымдарына байланысты мәселе туындаса, барлығы ашық формадағы жиналыста талқыланады. Үміткерлерді бірнеше топқа бөліп, халықпен кездесуге график қойған. Сайлауда депутаттық мандат алуға не үшін түскіміз келіп жатқандығы туралы түсіндіруге толықтай мүмкіндік жасалды. Праймериз де тимбилдинг секілді, идея мен ой алмасуға ыңғайлы кеңістік. Мен осы уақытқа дейін өзімді «толық адам» сезінетінмін. Праймериз барысында өзімді терең тани түстім, кемшіліктеріммен бетпе-бет келдім. Барлығы, адамның ішкі таразысы мен көкірек көзіне байланысты ғой.
2. Кандидаттарға бірдей жағдай жасалған. Қанша адам болса, сонша пікір бар. Пенде болған соң, сыртқы ортадан ақпар қабылдау әркелкі. Мен өзім басы артық мүмкіндік алған үміткер болды деп ойламаймын. Бәрі – тең. Әлеуметтік желіде өз аяқ алысымды елмен бөлісіп отырамын. Ешқандай шектеу жоқ.
3. Онлайн кездесулер өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. ZOOM арқылы онлайн кездесуге қатыстым. Өзімнің сайлауалды бағдарламаммен таныстырдым, сұрақтарға жауап бердім. Өзімде туындаған сауалға жауап алдым. Бұл сайлаудың еректігі – партияішілік форматта. «Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін» деген ұстанымдамыз. Сондықтан, кіл жүйріктен кім жүйрік екені айшықталуда. Халық үміткерлердің потенциалын бағалап, дауыс береді. Елден не аламын дейтін емес, елге не беремін дейтін депутат анықталуы қажет. Партия барлық үміткерге тең мүмкіндік жаратқан.
Ташходжаева Хилола Ахмеджанқызы, №114 ЖОМ ұстазы:
1. Барлығы ережеге сәйкес тәртіппен өткізілуде. Үміткердің халықпен байланыс қабілеті таразыланып, баға беріледі. Бабы келіскен үміткердің ғана бағы жанатынына еш шәк келтірмеймін.
2. Мен үміткер ретінде тіркелген сәтімнен бастап, барлығымызға бірдей жағдай жасалғанын аңғардым. Жеке басым, артық ешнәрсе байқамадым. Егер байқасам, батыл айтуға шамам жетеді. Қаратау ауданындағы праймериз әділ ұйымдастырылып жатқандықтан, депутат болудан үмітім зор.
3. Онлайн кездесу ZOOM бағдарламасы арқылы өткізілді. Көңілім толықтай орнықты. «Нұр Отан» партиясының Шымкенттегі Қаратау аудандық филиалы барлығын жоғары деңгейде ұйымдастырып жатыр. Ол жөніндегі көзқарасымды әлеуметтік желідегі парақшамда ашық жеткізіп отырмын.