«Еденшіні де жұмысқа парамен қабылдайтын облыс»

Oinet.kz 17-09-2020 1875

Елбасы айтқан сөз Оңтүстікте әлі күшінде тұр.

6b296100-60ec-4fe9-aec5-c41fc5130384.jpg

- Соңғы бір жылдың көлемінде шығарылған сот үкімдерімен танысып отырып, Түркістан облысында директорлар мен балабақша меңгерушілерінің ақшаға әбден құныққандығын байқауға болады,-деп хабарлайды білім саласындағы сыбайлас жемқорлық тақырыбында мәселе көтерген «Рейтинг» газеті. 

- Бір мектеп директоры қарамағындағы мұғалімнің біліктігін көтеретін ұсынысқа қол қойып, мөр басып беру үшін 60 мың теңге ақша талап еткен. Сотта директор осы ұсыныс арқылы мұғалімнің айлығы 40 мың теңгеге көбейетінін, сол үшін одан ақша сұрағанын ашық түрде мойындаған. Тәрбие мен білім беретін мекеме басшыларының адамгершіліктен осыншалықты дәрежеде безуіне не себеп болып отыр? Ойланатын нәрсе өте кө-ө-п...

Кентау қаласындағы балабақша меңгерушісі В.Абдураимова былтыр қазанда бір азаматты балабақшаға тәрбиеші ретінде жұмысқа орналастырып беру үшін 200 000 теңге пара  алған. Сот үкімімен оған 6 000 000  теңге айыппұл салу жазасы тағайындалды. Мақтаарал ауданындағы мектептің директоры Б.Шырымбекова сотта өз кінәсін толық мойындап, 06.09.2019 жылы сағат 10.00-шамасында мектеп ауласында жүргенінде танысы Д.Тулепова еден жуушы жұмысын сұрап келгенін,   өзінде бүгінгі таңда жұмыс жоқ екендігін, бірақ жұмысқа былайынша қабылданбайтынын, жұмысқа тек қана «Ситсен» бағдарламасы арқылы кіре алатынын айтқанын, өз кезегінде Д.Тулепова «жарайды онда мен сейсенбі күні келейін» дегенде, өзі оған 150 000 теңге әкелсе жұмысқа қоятынын айтқанын, 10.09.2019жылы сағат 16.00-шамасында Д.Тулеповадан 150 000 теңге ақшаны алып,сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы қызметкерлеріне ұсталғанын, жасаған әрекетіне шын жүректен өкінетінін, айыппұл түріндегі жаза беруді сұрайтынын айтқан (сот үкімінен сөзбе-сөз келтіріп отырмыз. ред.). Сот оны  4,5 миллион теңге айыппұл салу жазасына кескен.  Көріп отырғандарыңыздай, «Ситсен» (білім саласына мамандарды арнайы портал арқылы қабылдайтын жүйе. Ред.) жемқорлыққа толық тосқауыл қойып жатқан жоқ. Неге? Бұл сауалдың жауабын осы жүйені атқарған  жұмысының нәтижесі ретінде көрсетіп жүрген Жолаевтың өзінен сұрау керек шығар. Әрине, біз бұл жүйені жерге ұрып,  құнын көк тиын қылудан аулақпыз. Мәселе директорлардың осы жүйені қалай айналып өтіп жүргенінде, кемшін тұстың қай жерінде екендігінде ғой. Жасаған кереметтерді біреу көтеріп әкетпейді. Ал кемшілік айтылмаса, мәселе ретінде көтерілмесе,  жөнделмейтінін Жолаев мырзаның білмегені ме?  Осыдан екі-үш жыл бұрын Елбасы білім саласындағы коррупцияға қынжылыс білдіріп, Оңтүстіктің  еден жуушыны да жұмысқа парамен қабылдайтын бірден-бір облыс екендігін айтқан еді. Жоғарыдағы фактілер осы  сөздің әлі де күшінде тұрғанын даусыз дәлелдейді, - делінген газет мақаласында.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің дерегіне сүйенген басылымның жазуынша, биылдың сегіз айында Түркістан облысының білім саласында 20 сыбайлас жемқорлық фактісі тіркеліп,  республикада екінші орын алған. Былтырдың 12 айында облыстың білім саласында сыбайлас жемқорлықтың 9 фактісі тіркеліп, өңірлердің арасында 5-інші орын алған екен. Яғни, биылдың 8 айындағы көрсеткіш былтырдың 12 айындағысымен салыстырғанда екі есеге асып отыр.  

Президент әкімшілігі мақтаған жүйенің жемісі неге жоқ, Жолаев мырза?
Шымкентте праймеризге қатысушылар ойларын ашық айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу