Президент әкімшілігі мақтаған жүйенің жемісі неге жоқ, Жолаев мырза?

Oinet.kz 17-09-2020 1069

Жуырда «Рейтинг» газетінде Түркістан облыстық білім саласында биыл жемқорлық фактілерінің көбейіп, республикада екінші орын алғаны жөнінде мақала жарияланған болатын. Оған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің таратқан ресми ақпараты негіз болған. Мақала жарияланғаннан кейін Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы баспасөз қызметінің қызметкері Азамат Оспанов фейсбуктегі жеке парақшасында «Рейтингте» келтірілген мәліметтермен келіспейтіндігі туралы жазба қалдырды. Постқа көп азаматтар пікір білдірген. 

d46fbe12-76c4-40d0-addd-56da0a7e6adc.jpg

- Жазбаның бас жағында  «басқарма атынан келіспейтінімді хабарлаймын» деген сөздер кездеседі. Оспановтың осы әрекетін өз басымыз түсіне алмадық, - деп жазған «Рейтинг» газеті осы аптада «Жолаевты жемқорлық тұншықтырып тұр, Сөйте тұра антикордың дерегімен келіспеу мойындамау ма әлде менсінбеу ме?» деген тақырыппен жариялаған мақаласында: 

-  Біріншіден, бұл Азамат Оспановтың мақалаға қатысты жеке пікірі ме әлде ресми жауап хаты ма? Егер ресми жауап хат болса, онда оны неге редакцияға жолдамаған? Оны бірден әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап,  «өз-өздерімен талқылаудың» арғы жағында қандай пиғыл, нендей ниет жатыр? Рейтинг газеті мен ұжымы туралы жазған балдыр батпағын әлеуметтік желіге салу, одан әрі өсек аяң өрбіту ме? Мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтін қызметкердің өресінің жеткен жері осы болғаны ма, сонда? 

Екіншіден: 

Егер бұл Оспановтың жеке пікірі болса, онда ол жазбаны неге басқарманың атынан жариялаған?  Басқарманың атынан басшы немесе оның орынбасарларының емес, баспасөз қызметіндегі маманның  пікір білдіруі қызметтік этикаға қаншалықты сәйкес келеді? Әлде  Оспановқа «фейсбукке жаз» деп тапсырма беріп отырған Жолаевтың өзі ме?  Жауапты Жолаевтың өзі жазбауы шындықты мойындамау ма әлде менсінбеу ме?-делінген материалда.        

Газет тілшісі баспасөз қызметіндегі қызметкердің әрекетінен кейін  осы аптаның басында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облыстық департаментінің басшысы Хаким Көшқалиевтің арнайы қабылдауында болған.

- Кездесуде облыстың  білім саласындағы коррупцияға қатысты өте өзекті мәселелерге қанықтық. Департаменттің берген мәліметі бойынша биылдың сегіз айында Түркістан облысының білім саласында 20 сыбайлас жемқорлық фактісі тіркеліп,  республикада екінші орын алған. Агенттік келтірген 28 фактінің 20-ға төмендеу себебі кейбір істер ақталмайтын негіздермен қысқартылған. Бірақ 20 фактінің өзі де Жолаевтың тақиясына тар келмейтіндігі айдан анық. Себебі былтырдың 12 айында облыстың білім саласында сыбайлас жемқорлықтың 9 фактісі тіркеліп, өңірлердің арасында 5-інші орын алған. Яғни, биылдың 8 айындағы көрсеткіш былтырдың 12 айындағысымен салыстырғанда екі есеге асып отыр. Жолаевты жемқорлық тұншықтырып тұр. Осыдан кейін «Жолаев келгелі сыбайлас жемқорлық өршіп кетті» деген сөз негізді ме әлде негізсіз бе? Бұған төрелік айтуды оқырманның өзіне қалдырдық. Мақалада біз биыл сәуірде облыс әкімдігіндегі жиында Рахымбек Жолаевтың:

Smart.nation порталы Enbek.kz порталымен интеграцияланды. Бұл жоба коррупциялық тәуекелді 50 пайыздан 2 пайызға төмендетті. 1 жыл бұрын арыздардың 60 пайызы жұмысқа орналасуға байланысты болса, қазір – 55 пайыздан 5 пайызға дейін түскен. jumys.sitcen.kz жүйесін Президент Әкімшілігі «Ең үздік жоба» деп танып, басқа облыстарда енгізуге ұсынылды, –деген сөздерін келтірген едік. Енді осы мәтінге тағы да көз салып көріңізші. Егер сыбайлас жемқорлық тәуекелдері 50 пайыздан 2 пайызға төмендесе, онда өңірдің білім саласындағы коррупция неге екі есеге (100 пайызға) көбейеді? Президент әкімшілігі мақтаған жаңа жүйенің жемісі қайда, Жолаев мырза? Сөз бен істің арасы неге қисынға келмейді? –делінген мақалада. 

Бұған Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаевтың өзінен  немесе оның басқармасы тарапынан нендей жауап берілер екен?

Қытай мен АҚШ қарулана бастады
«Еденшіні де жұмысқа парамен қабылдайтын облыс»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу