Шөкекевтің арманы немесе Арман Жетпісбаев оның бірінші орынбасары бола ма?
Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Арман Жетпісбаев жаңа қызмет алу үшін Түркістанға келе жатыр. Ел аузында, биліктің дәлізінде қазір осындай әңгіме желдей есіп тұр деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Қай кезде де анау-мынау емес, ылғи майлы, жайлы, биік креслоға жайғасып үйренген Жетпісбаевтың Түркістанда басқарманың бастығы немесе ауданның әкімі болмайтындығы айтпаса да түсінікті. Арман Шәріпбайұлы облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің бірінші орынбасарының креслосын көздеп келе жатқанға ұқсайды. Айта кетері, облыста бірінші орынбасардың орынтағы Қосман Айтмұхаметов қайтыс болғалы бос тұр.
Дәл қазіргі уақытта Түркістан қаласының дамуы Елбасының да, президенттің де назарында тұр. Шөкеевке артылған сенім мен міндет өте ауыр. Шөкеевтің арманы осы сенімді абыроймен атқару, кіндік қаны тамған Түркістанды түлету. Мұндай жағдайда ол өзінің бірінші орынбасары қызметіне ең сенімді және құрылыс саласынан хабары мол шенеунікті алып келеді. Арман Жетпісбаевтың кандидатурасы осы екі талапқа да жауап беретін сияқты.
Арман Жетпісбаевты билікке жетектеп келген Ө.Шөкеев еді десек, артық айтқанымыз емес шығар. Ол 2006 жылы Өмірзақ Естайұлы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болған жылдары Шымкенттегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына жетекшілік жасады. Осы қызметтен кейін, ол бірден Шөкеевтің орынбасары лауазымына тағайындалды. Мемлекеттік қызметте тәжірибесі аз Жетпісбаев үшін бұл өте үлкен секіріс болатын.
Жетпісбаевтың «жемісті» карьерасы Шөкеев кеткеннен кейін де жалғасып, ол 2008 жылдың ақпанында Шымкент қаласының әкімі қызметіне тағайындалды. Оның Шымкенттегі әкімдік дәуірі 2012 жылдың сәуіріне дейін созылды. Алайда төрт жылдан астам уақыт әкімі болған Жетпісбаевтың артында жұрт айтып жүрерліктей ештеңе қалмаған сияқты. Оның тек баспасөзде көп сыналғаны, қоғамдық ұйым өкілдерімен соттасқаны ғана есте қалыпты.
Бұдан кейінгі жылдары Жетпісбаевтың жеке бизнеспен айналысып жүргені айтылды. 2015 жылы ол билікке қайта оралды. Шөкеев жетекшілік ететін «Самұрық-Қазына» қорына қарасты «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясында басқарушы директор болды, кейінірек «Самұрық-Қазынаның» жылжымайтын мүлік жөніндегі қорына басшылық жасады. Біздің білуімізше, Жетпісбаев қазіргі уақытта «Samruk Kazyna Construction» АҚ- басқарма төрағасының бірінші орынбасары лауазымын атқарады. Шөкеев кеткелі, Есімов келгелі Жетпісбаевтың көңіл-күйінің онша еместігін байқау қиын емес сияқты.
«Шенеуніктік қызметтегі шырағын Шөкеев жаққан Арман Жетпісбаев Түркістанға ат басын бұрады» деген әңгіменің қаншалықты расқа айналарын тақсыр уақыттың төрелігіне тапсырдық.