Анар Жаппарқұлова: «Баламды мен тәрбиелемесем, көше тәрбиелейді»

Oinet.kz 20-03-2020 4216

Screenshot_9.jpg

Анар Жаппарқұлова, айтыскер ақын, «Отырар» кітапханасының директоры

Әйел-ана, жар, перзент. Отбасы институтында осы қызметтерді атқару қоғам өміріндегі міндеттерінен тыс. Бүгінде жұмысы мен отбасын қатар игеріп жүрген нәзік жандылар көп. Дегенмен ұлы істерді үнсіз атқаратын адамдар назардан тыс. Сұхбатымыздың бүгінгі кейіпкері-ұлағатты ұстаз, айтыскер ақын Анар Жаппарқұлова. 

– ОҚМПУ-да біршама уақыт декандық қызметте болдыңыз. Еріктілер жылында Президент волонтер студенттерге жеңілдіктер қарастырылуы тиістігін атап өтті.  Өзгерістің оқу сапасын түсіріп жіберуі мүмкін бе?

–  Бұл-біздің қорқынышымыз, студенттің ұяты мен жауапкершілігі таразыланатын фактор. «Мен мына жақта жүрмін!» деп екінші жақты ысырып қойса,  оқу үлгерімі төмендейді. Еріктілік- қоғамдық жұмыс.  Қарапайым студенттерге қойылатын талаптарға ол да жауапкершілікпен қарауға міндетті. 

– Қазіргі жүйе адамдардың ақша табу мүмкіндігін арттыруда.  Әрі жұмыс істеу тиімділігі қаржылай базаға негізделіп өлшенеді. Бұл жағдаят адамдарды тек ақша табу үшін өмір сүруге итермелемей ме? 

– Шетелде «Сен ақылды болсаң, неге ақшаң аз?» деген түсінік бар.  Кейінгі буын ақша табу үшін өмір сүрмей, өмір сүру үшін ақша тапса екен.  Бұл екі жолда өз ісін жақсы көретін, адал жолдан тайқымайтын адам ұтымды нұсқаны таңдайды.  Адам рухани бай болса, ақшаға тәуелді психология туындамайды. Оның таңдауының өзі-құндылыққа айналады. Аяқпен емес, санамен жылжу, даму-тұлғалық мақсат болу керек. 

 Материалдық құндылық пен моральдық құндылықты ажырата аламыз.  Қазіргі жастар қандай кітап оқиды? Адамдар депрессияда жүргендіктен, психологиялық кітаптар оқиды. Материалдық баюға, ақшаны қалай жұмсауға негізделген кітаптарды оқығанша, көркем әдебиет оқылса екен. Абай таршылықта емес, баршылықта өмір сүрді. Сөйте тұра әдебиетті жақсы көрді. Неге? Әлемге көзін ашқысы келді.  Қазіргі жастар өте ақылды, білімді. Олардың таңдау еркі мен талғамын қалыптастыру керекпіз. 

– Ата-ананың баласына сала алатын ең үлкен капиталы не?

– Ата-ана баланың болашағы үшін тәрбие мен білімді ең үлкен инвестиция деп салады. Өскелең буынмен сөйлессеңіз, қорқасыз. «Ананың қанша мәшинесі бар, гаражы қанша?» деген ойлары үлкендердің әңгімесінің негізінде қалыптасқан. Балаға денсаулығын күтуді үйретуіміз шарт. Көшеде сатылатын «чипсы» секілді тағамдардан тыю керекпіз. Балаларды ұялы телефон беріп жұбатқандықтан олар екінші рет жылайды. Содан да болар, балаларға ерте жастан телефон әперіп жатырмыз. Ата-аналардың өрескел қателігінен балалардың көру қабілетіне, жүйке жүйесіне зақым кеп жатыр. Бала қабылдайтын ақпаратты ата-ана сараптауы тиіс. 

Менің егіз ұлдарым бірінші сыныпта оқиды. «Сыныпта бәрінде сотка бар, бізде ғана жоқ» деп шағымданады. Олар күніне жүз сұрақ қойса, мен жүзіне де жауап беремін.  Себебі, олардың дүниетанымы –нәзік мәселе. Ата-ана мобильді болуы тиіс. Баламды мен тәрбиелемесем,  көше тәрбиелейді. Бала алмаған ақпарат-вакуум. Вакуум ешқашан бос тұрмайды. Оны сіз толтырмасаңыз, қоқыспен толуы ықтимал. 

– Айтыскер ақындар туралы сөз бола қалса, Айнұр Тұрсынбаеваның темір тұлпарлары еске түседі. Анар Жаппарқұлова аламан айтыста не үшін бақ сынайды.  Өмір сізге берік отбасы, жауапкершілігі мол қызмет берді. Ал айтыс сізге не берді?

– Бойымда ақындық қабілет болғандықтан, айтысқа деген махаббатпен қатыстым. Айтыс маған бәрін берді: мамандық таңдауым, шешім қабылдауым, бүгінгі жетістігімнің бәрі айтыстың арқасы.  Тіпті ғылымға да айтыс арқылы келдім. Манас батыр дастанының 1000 жылдығына арналған айтыста алғаш рет бас жүлде алдым. Сонда қазылар алқасының төрағасы Рахманқұл Бердібай аға ғылыми тақырып ұсынған еді.  Оныншы сыныпта Абайдың 150 жылдық мерейтойында өткен айтыста Айнұр Түрсынбаева, Балғынбек Имашев, Қалқаман Сарин, Дәулеткерей Кәпұлымен таныстым. Кішкене жетістікке жетсем де айтыстың үлкен әсері бар деп білем.

– Көп қоғамда потенциалы жоғары жастар бағаланбайды. Сондықтан болар дарынды адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы қарапайым адамдардыкінен қысқа.  Байқауларда қазылар қатарында жиі отырасыз. Дарын иесінің  «әділ бағаланбадым» деуі өзін ақтаудан туындай ма жоқ әділдіктің болмауынан ба?

– Жалпы байқауларға емес, мүшайраларға қазылық ету турасында пікір білдірсем. «Бәрін жемқорлық жайлаған» деп айтуға оңай. Оған негізді дәлел керек.  

Оқушылар арасында өтетін Махамбет оқуларында бас жүлде алған бала риза да, бірінші орын алған бала риза емес. Тіпті үшінші орын алған қатысушы да риза болады. Қазының емес, қатысушының өзіне берер бағасы әділ болуы керек.  Барлық фактор адам психологиясына кеп тіреледі.  Екі-үш жыл айтысып, жүлдеге ілінбеген ақындар «айтысты тастап кетем» деп жатады. Бірақ, мен өз ақиқатымды айтайыншы.  Менің айтыста жүлде алғанымнан, жеңіс тұғырынан көрінбеген кезім көп. Талант тас жарады, ешқашан жерде қалмайды. Қазір әдебиетте жабық конкурстар жаңа есімдерді танытуда. Адам жеңілістің өзінен жеңіс табуы керек! Байқауға жүлде үшін қатыспау керек. Жеңілістен жеңіс жасау-адамның ішкі мәдениетінің жоғарылығынан туындайды. Адам эмоциясын басқаруды, білім арқылы игереді. 

– Жүлде шығармашылық иесін таңдай ма, әлде шығармашылық иесі жүлде таңдай ма?

– Жүлде шығармашылық иесін таңдайды. 

– Абылай хан тұсынан Абайға дейінгі жүз жылға ұластырып, Нарманбетпен аяқталатын «Зар заман» ақындарын ел билеу ісіне наразылық тарих сахнасына шығарды. Бүгінде ақындар арасында саясатқа араласу «трендке» айналғандай...  Ел  азаматы мен сөз қазанатының саяси пікірі несімен ерекшеленеді? 

– Ақынның мүддесі-тыныштықпен шектесуі керек, бейбітшілік басты назарда. Ақынның мәселе көтеруі халықтан бастау алады. Саясатқа сын айту жыраулар поэзиясынан да байқалған. Елдің жағдайын айту- сахнада 5 минут елді шулату емес. Газет беттерінде сауатты түрде жазу керек. Маған Мұхтар Ниязовтың жазбалары ұнайды. Ол сахнадағы сөзін, өмірде көтере білетін адам. Жол ережесін бұзса, «МАИ-ға» ақша бермей, айыппұл төлегенін желіге жариялады. Әркім өзінен бастайды. Халыққа күнделікті көзге көрінбейтін тіршілікпен әсер ету керекпіз. Жылтыраған айтыс жүлдесі үшін айтылатын сөздерге қарсымын. Қоғамға пайдалы болып өзің тура жолда жүруің-халыққа әсер етудің бастауы. 

–  Айтысты «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруы сарай ақындарын қалыптастырып жатқан жоқ па?

– Орал қаласындағы «Алтын домбыра» айтысынан мысал алайықшы. Алғаш рет ақындар арасында тимбилдинг ұйымдастырылды.  Айтыстың үш буыны ашық диалог құра алды. Сонда «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғабидолла Оспанқұлов «Не айтқыларыңыз келсе, бүкпей айтыңыздар. Жоғары жаққа жетеді» деп ашық диалогқа шақырды. Сондағы ақындардың беталысына қарасақ, сарай ақындарының бейнесін таппаймыз. Ақындар да мәселені тігісін жатқызып жеткізуге машықтанған. 

– Дарын туыла ма, қалыптаса ма?

–  Дарын туылады. Зейнолла Қабдоловтың: «Талант дегеніміз 2 пайыз, 98 пайыз - еңбек», дегені бар. Тума талантты қалыптастыру адамға байланысты.  Талант туылады, ізденіспен тұлғасын қалыптастырады. 

– Адамзат баласы қол жеткізе алатын ең маңызды құндылық  не деп ойлайсыз?

–  Адамзат баласы қол жеткізе алатын ең маңызды құндылық - білім.  Адам табиғаттың заңдылықтарымен санасады.  Қоғамнан  еншілер ең үлкен құндылық - отбасы. 

–Таңертең оянуыңызға қандай күш итермелейді?

– Әр таңда оянуыма үміт итермелейді.   Бір күннің екінші рет қайталанбауы, сол күні атқарылуы тиіс жұмыстар алға жетелеп тұрады. Дәл бүгін жасаған ісім - алдағы өміріме азық болатыны қуат береді. 

– Қарапайым адамдардың күні кофе не шаймен басталады. Ал сіздің күніңіз немен бастлады?

– Таңертең 200 грамм суға бал араластырып ішемін.  Күні бойы қайнаған су ішіп жүруді дағдыға айналдырғанмын. 

– Шерхан Мұртаза өмірді «Бір кем дүние» деп сипаттайды. Адамзат  қандай әрекет жасамаса, бір кем дүние  зор кем дүниеге айналады?

– Адамның өзіне-өзі қарызы болады. Күнделікті жұмыс істеп, уақытын пайдалы өмір сүруге жұмсау керек. Бос өткен уақыт - зор кем дүниені туындатады. 

– Адам қоғамға қай кезде тәуелді болу керек деп пайымдайсыз?

– Адамның қоғаммен бірге тыныстауы-қалыпты тұрмысы. «Сен саясатпен айналыспасаң саясат сенімен айналысады» деген афоризм бар.  Адамның өмірлік миссиясы қоғаммен тікелей байланыста. Мысалы, коронавирустың ошағы - Қытай.  Өзге елдерге бұл жағдаят әсер етпей қоймады. Академиялық ұтқырлықпен шетелде білім алғысы келетін жастарға уақытша шектеу қойдық. Ол өзіміз үшін емес, жастардың тағдыры үшін. Біз қоғамға бағынышты емеспіз, тек қоғам қозғалысымен санасамыз. 

– Илон Маск Марсты игеруді армандайды. Ал сіз нені армандайсыз? 

– Мен руханиятқа қызмет етуді армандаймын. Біз қазақ әдебиетін, шетел әдебиетін оқыдық қой. Оны тек филология саласының мамандары емес, әрбір адамның оқығанын қалаймын.  Елді рухани тұрғыда тәрбиелесек, үлкен қылмыстар аз болар еді. Адамды тек заң тәрбиелемейді. Сұлулыққа құштарлық, көркемдікке ұмтылыс ізгілікке жетелейді. «Мәртебелі поэзия мінберін»  апта сайын өткізуіміздің мәні - халық сөз киесіне бойласа екен деген ниет еді. 

– Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Балерке Әсілхан

Күлия Айдарбекова: «Бала – Алланың мемлекетке емес, саған берген сыйы!»
Ысқақовтың ұсталуы Көшербаевқа берілген соққы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу