Зәуреш Батталова: «Дариға Президент бола алмайды»
– Зәуреш Қабылбекқызы, сіз экс-сенаторсыз. Қазіргі Сенатқа қандай баға бересіз?
– Сенатты жою керек. Қазақстанда бір палаталы Парламент болуы тиіс. Ресей федерациялық республика болған соң оларда мемлекеттік Дума бар, федерацияның Парламенті бар. Ал, Қазақстан біртұтас унитарлық мемлекет. Бізге федерацияның керегі не? Сондықтан бір палаталы Парламент болуы керек. Сенат – билікті пайдаланатын тосқауыл.
– Сіз бұрын оппозицияда болдыңыз...
– Мен қазір де оппозициядамын!
– Оппозицияда кіммен байланысыңыз бар?
– Оппозицияда қазір кім қалды?
– Қосанов...
– Қосанов маған ұнаған емес. Сайлауда мен барлық кандидатқа қарсы дауыс бердім.
– Қазір де оппозициядамын дейсіз. Бірақ, сіздің мемлекеттік органның жетегінде ел аралап жиындар өткізіп жүргеніңіз не мәжбүрлік?
– Бұл менің негізгі азаматтық ұстанымым. Парламенттен кеткелі бері он жылдан асты, осымен айналысып жүрмін. Сіз көріп отырсыз, жалғыз өзім жүрмін. Мемлекеттік органның тарапынан ақша алмаймын. Мен олардан нұсқау алмаймын. Грантты жеңіп алдым. Нидерландыдан. Сол грант арқылы екі үлкен жобаны іске асырудамын. Осы жобалардың көлеміндегі антикоррупциялық сараптама, интерактивтік карта біздің іске асыратын құралдарымыз. Осылар арқылы өзіміздің мүмкіндігімізді пайдаланып отырмыз. Бұл бүгін мемлекетке керек болса, осы арқылы Қазақстан азаматтарына шарапаты тисе, біз оны жасаймыз. Бірақ, маған біреу «сен былай айтпа», «Зәуреш, сен анау жерде дұрыс айтпадың», «сен мына адаммен кездеспейсің» десе, орнымнан тұрам да кетем. Мені ұстайтын адам жоқ. Өз ұстанымымды, азаматтық позициямды іске асыру үшін қандай жолдар болса, соларды пайдаланам. Сол жолда кімнің ой-пікірі менімен сәйкес келсе, онымен қарым-қатынастан бас тартпаймын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі сондай бірінші мекеме болып шықты. Мен Парламенттен 2005 жылы кеттім. Содан бері 14 жылдың ішінде бірде - бір мемлекеттік мекемемен бұлай тығыз жұмыс жасаған жоқпыз. Енді 10 жыл жасаған еңбегімді жүзеге асырудың мүмкіндігі туып тұрғанда мұны мен пайдаландым. Былайша айтқанда, олар мені, мен оларды пайдаланып жүрмін. Ертең Қазақстанда антикоррупциялық сараптамаға Батталова өз үлесін қосты деген сөзге ие болғым келеді. Өйткені осыны халықтың жағдайын жақсарту үшін енгізу керектігіне 10 жыл бұрын, 2010 жылы Молдовада болғанда көзім жеткен. 2017 жылы мені шақырғанда Шпекбаевқа бірден: «антикоррупциялық сараптаманы қолға алсаңыз, мен келемін. Ондай болмаса келмеймін. Сендерді жақтап, сендердің ұрандарыңды, шашбауларыңды көтеріп жүретін жағдайым жоқ», деп айттым.
– Сіздің парламентаризмді қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатқаныныңызды білеміз. Қазақстанда қалыптасқан парламентаризм жүйесі қандай болуы керек?
– Конституцияның 33-бабында «Әр адам мемлекеттік басқаруға қатысуға құқылы» деп көрсетілген. Сондықтан біз парламентаризмді дамыту арқылы адамдардың осы құқықтарын іске асыру мақсатында жұмыс жүргіземіз. Бұл бір. Сондай-ақ, Конституцияның 1-бабында көрсетілгендей негізгі мемлекетті басқаратын халық. Сондықтан халықтың пікірі ескерілетін, негізгі мәселелерді шешетін заңдарды қабылдап, елдің ой-пікірімен санасатын парламентаризм жүйесін құру өте тиімді. Парламенттің мәртебесін солай көтеруіміз қажет. Парламентке таза, ашық сайлау арқылы халықтың нағыз қалаулылары келуі тиіс. Және олардың қабылдаған заңдары ашық, түсінікті, елдің мәселелерін шешуге бағытталған болуы керек деп санаймыз. Сондықтан біздің Қазақстанда парламентаризм демократиялық жолмен қалыптасуы қажет. Мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік жанындағы азаматтық қоғамнан құрылған арнайы мониторлық топтың мүшесімін. Сонымен қатар, 2017 жылдан бері сол топ төрайымының орынбасарымын. Бүгінгі қазақстандықтардың ең күрделі мәселесіне айналған жемқорлықты жою керек. Оның екі түрі бар – саяси және тұрмыстық. Қоғамды тұрмыстық жемқорлық жайлап алған. Адам жақсы ауруханада ем алмаса, оның денсаулығына зақым келеді. Мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында сапалы білім берілмесе, қандай мамандар шығады? Сол шаласауатты мамандар болашақта бізді емдейді, құрылыс салады. Солар салған үйлер сапасыз болып, мерзіміне жетпей қирайды, салған жолдары тез тозады. Бұдан біз – мемлекетіміз зардап шегеді, өмірімізге қауіп төнеді. Білім беру жүйесіндегі жемқорлықты, парақорлықты неге жоймаймыз? Ол үшін ең алдымен біз тұрмыстық жемқорлықты жоюдан бастауымыз керек. Кез келген мемлекеттік орган қызметіне ақы төлеуді тоқтатуымыз қажет. Өйткені мемлекет халыққа қызмет ету үшін құрылады. Ондай қоғамды бәріміз жабылып қалыптастыруымыз керек. Пара беріп пәрелеп қызмет алу біз айтып отырған тұрмыстық жемқорлықтың бастауы. Тұрмыстық жемқорлықты саналы жолмен жоймай саяси жемқорлықтың түбіне балта шаба алмаймыз.
– Жаңа жылдан бастап сыбайлас жемқорлық туралы ақпарат берген адамға, егер ол дәлелденсе сол қаржының 10 пайызы беріледі деп жатыр. Бұл қаншалықты рас? Рас болса арызданушылар мен шағымданушылар көбейіп кетпей ме?
– Рас, біздің қоғамда айтып қойған адамға «жеткізуші» «сатқын» деп қарайды. Орысша айтқанда «стукач» деп әшкерелейді. Сондықтан адамдар «стукач» болғысы келмейді. Мен сізге бір мысал келтірейін, Германияға Қазақстаннан көшіп барған немістің әңгімесі. Сол адамның жұмыс орны мен үйінің арасы екі сағаттық жол екен. Күнде солай. Көршісі де жұмысқа күнде сол жаққа барады. Ақыры бара жатырмын ғой деп, көршісін көлігімен ала кетіп жүреді. Бір айдан кейін оған пошта арқылы үлкен қағаз келеді. Сол қағазда қай жерде қандай жол қателігін жасады, бәрі жазылып, олардың айыппұлдары көрсетілген. Үлкен сома! Бірақ, оның бәрін кім айтуы мүмкін? Күнде көлігіне көршісінен басқа ешкімді мінгізіп жүрмеген соң содан сұрайды. Сөйтсе ол «мен айттым» депті. Оған ренжиді. Сөйтсе көршісі «мен саған күнде жұмысқа апарып, әкеп тұршы деп өтінгенім жоқ. Өзің бірге барайық дедің. Бірақ, мен заңға бағынам, мемлекетімнің тәртібін бұзбаймын, солай отандастарымды сыйлаймын. Сенің де заң бұзуыңа жол бермеймін. Бұл Германиядағы әрбір адамның азаматтық парызы. Егер сен бір адамды қағып кетсең, жол апатын жасасаң, бармағыңды шайнап өкінесің, дұрыс болмайды. Бүгін ереже бұзғаның үшін айыппұл төлесең, ертең тәртіппен жүресің» депті. Яғни, біздің де Еуропадағыдай жоғары жалақы алып, сапалы өмір сүргіміз келсе, соған сай санамыз да жоғары болуы тиіс. Заңымызды бағалап, мәртебесін түсірмеуіміз керек. Әрине, бұған біз бірден келе алмаймыз. Дегенмен, Кеңес кезеңінен қалыптасып қалған көзқарастан арылуға бет бұруымыз қажет. Бұл қоғам алдындағы жауапкершілік. Ал, мемлекеттің қаржысын талан-таражға салып жатса, айту азаматтық міндет. Біреу қолындағы билікті пайдаланып мемлекет қаржысын ұрлап жатса, тендер ұтып алған компания дұрыс жол салмаса, мектеп директоры бала оқытуға, аурухана басшысы пациентті емдеуге берілген қаржыны басқа бағытқа жұмсаса, соны көріп тұрып көз жұмсақ, айтпасақ, онда біздің өзімізге өзіміздің қастандық жасап жатқанымыз. Өйткені сол мектепке, ауруханаға ел бюджетінің қаржысы жұмсалады. Сонда сапасыз білім, сапасыз ем алуымыз керек пе? Бюджеттегі ақша біздікі – халықтікі! Германияда «бұл біздің ақша!» деген ұғым қалыптасқан. Ал, бізде әркім өзінің қалтасындағы қаржыны санайды да, мемлекет бюджетіндегіні санамайды. Біз бюджетіміздегіні дұрыс игеріп, тиімді пайдаланғымыз келсе, сыбайлас жемқорлықпен жымқыруды, мемлекетті – өзімізді тонауды тоқтатқымыз келсе, бәріміз қоғам болып күресуіміз керек. Сондықтан адамдар заңбұзушылық көрсе нақты дәлелдерімен айтуы тиіс. Жаңағы 10 пайызды осыған дағдыландыруға ынталандыру үшін бермекші. Бұл бізде ғана емес, бүкіл Еуропада қолданыста бар тәсіл. Егер оны Қазақстан да жүзеге асырса, біз неге оған қарсы болуымыз керек?
– Сайлауға қайта оралсақ. Енді мәслихат депутаттары да Мәжілістегідей партиялық тізіммен жасақталмақ. Мұны сайлау деуге бола ма?
– Сайлау туралы, саяси партияларға арналған заңдарды өзгертпейінше бұл сайлау емес, бұл тағайындау! Қазақстанда партия жоқ! Анау Парламентте отырған партия емес! Ол солардың сол жерде отырғызып қойған өкілдері. Түсінесіз бе?! Қалай айтады, солай жасайды. Партиялық бәсеке, партиялар арасында пікірталас болуы керек. Бізде ондай жағдай жоқ. Оппозицияны біресе жауып, біресе бір-бірімен таластырып, жау қып қойды. Соңғы сайлау соны көрсетті. Сондықтан мен қазір азаматтық қоғамға ғана сенемін. Партияның бәрі жасанды. Қазақстанда қолданыстағы мына заңмен ешқандай партия тіркеле алмайды. Өйткені ережесі өте қатал. Мұндайда тек биліктің сойылын соғатын партия ғана тіркеле алады. Кезінде Қазақстанның демократиялық таңдау оппозициялық партиясында, 2017-18 жылдары Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясында болдым, бірдеңе бола ма деп. Өкінішке қарай, партияда 10 жылдан бері отырған басшылардың халықпен қарым-қатынасы жоқ. Бұл мені қызықтырмайды. Меніңше, не істесек те халық үшін істеуіміз керек. Не істесек те жағдайымызды жақсартуға бағыттауымыз қажет. Біреудің жалауы не болмаса біреуге жасанды сайлауды ұйымдастыруға көмекші болу маған жарамайды. Ондай сайлауға қатысуға да құлқым жоқ. Мен әр сайлауда айтам, «осы сайлаудың ашық, мөлдір өтетініне және халықтың нағыз қалаулыларының өтетініне сенбеймін. Сондықтан нақты сайлаушы ретінде қатыспаймын. Егер барсам бәріне қарсы дауыс беремін» деп. Президенттік соңғы сайлауда да сондай үндеу тастадым. Ал, алдымызда болатын сайлауды айтсақ, өкінішке қарай, бүгінде біздің партиямыз жоқ. Лауазымды, беделді, өзінің білімі бар, тәжірибесі мол адамдар партияда жоқ болса, Парламентке біреуі де өте алмайды. Сондықтан Қазақстанда сайлау туралы заңды өзгертпей, саяси партиялар туралы заңды өзгертпей және саяси бәсеке арқылы жаңа партиялар құрылмайынша ештеңе болмайды. Қазақстанда мына билік кетпей, мына жүйені өзгертпей, жүйені өзгерту үшін ашық таза демократиялық механизмдерді енгізбей, өзгерісті біз күте алмаймыз.
– Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет басшылығына Сенат спикерлігінен келгенін бәріміз білеміз. Қазіргі жағдайда Сенат төрайымы – Дариға Назарбаева. Оның да осы жолмен Президент болуы мүмкін бе? Сіздің болжамыңыз қандай?
– Дариға туралы соңғы әңгімелерді естіп жүрсіздер ғой. Меніңше, бұл Дариғаға қарсы істеліп жатқан іс-әрекет – оны президенттікке жеткізбеу. Президенттің бұлай ауысуын, Тоқаевтың келуін мен бірден қолдаған жоқпын. Бірақ, біз бұдан жаман болған жоқпыз. Керемет боп кетпесек те өзгеріске келе жатырмыз. Тоқаев білімді адам және кішкене қорқақтау. Халық қатты сөйлесе тыңдауға тырысады. Тоқаев – көшпелі Президент. Қазақстанның нағыз Президенті әлі алда. Бірақ, ол Дариға емес.
"Рейтинг" газеті