Жадыра Будесова: «Тері трансплантациясы Қазақстанда тек Шымкентте жасалады»

Oinet.kz 10-02-2018 1472

Screenshot_12.jpg

Жадыра Будесова, ОҚО Тері-венерологиялық диспансерінің бас дәрігері:

– Жадыра Өтебайқызы, өз практикаңыздан айтып беріңізші, сіз басқаратын емдеу мекемесіне кімдер дәрігерлерге қаралуға келеді?

– Облыстық тері-венерологиялық диспансер болғаннан кейін бізге осы өңірдің барлық аудан-ауылдардан келеді. Тері ауруларын, жұқпалы дерттерді, сосын жыныстық қатынас арқылы тарайтын сырқат түрлерін емдеумен айналысамыз. Бұл алғашқы медициналық көмек көрсететін ұйым емес, диагностикалық костультативтік емдеу мекемесі. Мұнда емхана да, стационар да бар. 

– Ақылы медициналық қызмет көрсетесіздер ме? Ол кімдерге арналған? Қандай қызметтер тегін?

– Кез келген пациент алдымен мекен жайы бойынша тіркелген емханасындағы терапевт дәрігеріне барады. Егер олар терісінде өзгерістердің барын көріп тұрса, алғашқы медициналық көмек көрсету орнынан бізге үш мөрі басылған арнайы жолдамамен жібереді. Сонда науқасты тегін қабылдаймыз. Алайда, сырқатқа шалдыққан адам бекітілген норматив бойынша жалпы анализдерін тіркелген емханасында тапсырып, соның қорытындысымен диспансерге келуі керек. Бірақ, көп адамдар олай істемейді. Қолдарындағы жолдамаларын бізге алып келіп, «тегін емдеуге тиіссіңдер!» өздерінің құқықтарын талап етеді. Мұндай жағдайда пациентке тегін медициналық көмек алудың жолдарын түсіндіреміз. «Атап көрсетілген анализдеріңізді тапсырып, қорытындысын жолдамаңызбен бірге алып келсеңіз – тегін» деп тіркелген емханаларына қайтарып жіберуге мәжбүр боламыз. Өйткені мұнда оған қаржы қаралмаған. Егер «қайтып барғым келмейді, осында емделемін» деп шешсе, онда өз қалауы. Өз еркімен арызын жаздырып, ақылы бөлімде емдеуге келісімін аламыз. Бұл біздің өзіміз ойлап тапқан әдіс емес. Ақпараттық келісімін алу бюджеттік мекемелердің барлығында да бар. Кейбір пациенттеріміз бар, бәрін жақсы біледі, ешқандай жолдамасыз келеді. Оларға ақылы қызмет көрсетуге құқығымыз бар. Дегенмен, арнайы мекеме болған соң қотыр сияқты жұқпалы ауруларды осында тексереміз. Өйткені емханаларда ондай дертке шалдыққан адамдардың анализдерін тексеру мүмкіндігі қарастырылмаған. Бұл – тегін. Қаласа, ақылы бөлімге барып тапсыруына да болады. Бірақ, ешқандай жолдама қажет етпейтін пациенттеріміз де бар. Мысалы, жыныстық қатынас арқылы жұғатын дертке шалдыққандардан біз жолдама сұрамаймыз. Мамандандырылған арнайы мекеме болған соң оларды тегін қабылдай береміз. Ал, егер аты-жөнін көрсетпеуді қалайтын болса, ақылы бөлімге жібереміз. Онда аты-жөні жазылмайды, қолдарына код қана беріледі. Ем қабылдауға келгенде кодын айтады да тиісті медициналық көмегін ала береді. Қайта тексерілуге келсе де, толық айығып есептен шыққанша сол кодты пайдалана береді. Пациенттер туралы мәлімет ешкімге берілмейді. Диспансерде осындай мүмкіндіктер қарастырып, соған сай жағдай жасалған. Біз ешкімді «сіз жыныстық жұқпалы аурумен ауырады екенсіз, тексерілуге келіңіз» деп шақырту жіберіп мәжбүрлемейміз. Емханаларда мамандарымыз жұмыс істейді. Әйелдерге де, ерлерге де арналған жеке қабылдау кабинеттері бар. Сифлиске тексеру кабинеті де жеке қарастырылған. 

– Жалпы, тұрғындар арасында диспансерге аурудың алдын алу үшін тексерілуге келетіндер көп пе? Әлде ауырып келетіндер көп пе?

– Аурудың алдын алу мақсатында дәрігерге келіп қаралатын тұрғындар бар, бірақ өте аз. Сіз айтқандай, адамдар саналы түрде ешкімнің мәжбүрлеуінсіз-ақ тексерілуге келетін болса, аурулар көп болмас еді. Бірақ, бізде жағдай басқаша. Негізінен, көбінде ауырғандар келеді. Жанына батпайынша мұнда аттап баспайды.

– Емдеудің жаңа технологиялары ендіріліп жатқанда тіркеуге алынған аурулар саны жылдан жылға азайып келе жатқан шығар деп ойлап едік...

– Тері аурулары өз алдына, жыныстық аурулар өз алдына толық айыққанға дейін диспансердің тіркеуінде болады. Ал олардың қатары жыл сайын азайып бара жатыр деп айту қиын. Бір жылы азайса, енді бір жылы көбеюі мүмкін. Бірақ, негізінен тері аурулары көбейіп барады.

– Бұл аурулардың өршіп бара жатқанын білдіре ме?

– Олай деп айтуға келмейді. Өйткені олар бұған дейін де сондай мөлшерде болған. Тек біразы бұрын тіркеуге алынбаған, өз еркімен тексерілуге келмегендер. Кейбіреулері емделіп жүріп, екі-үш жылға дейін келмей қоя салады. Көшіп кететіндері де бар. Жұмыс бабымен басқа жаққа ауысқандары да кездеседі. Әрине, олардың бізде байланыс телефондары бар. Хабарлассақ, телефондары сөндірулі болады. Қайта-қайта байланысуға әрекет жасаймыз. Болмаса, өзінің келуін біраз уақыт күтеміз. Егер екі-үш жыл келмесе, қайда екені беймәлім болса, ондай пациенттер автоматты түрде тіркеуден шығарылады. 

– Ел демократияны еркінсу деп қабылдады ма, әйтеуір соңғы жылдары адамдар еш қымсынбай-ақ ашық қатынасқа бара беретін болды. Мұндайда өзіңіз айтқан жыныстық жұқпалы дерттер де көбейген шығар...

– Соңғы 10 жылда жыныстық қатынас арқылы жұғатын сифилис ауруы бірте-бірте азайып келе жатқан болатын. Статистика бойынша сондай еді. Өйткені бұрын біз сифлиске қатысты тек қала тұрғындарын тексеруден өткізетінбіз. Онда да аяғы ауыр әйелдерді ғана қарайтынбыз. Былтыр облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығы шықты. 2017 жылдың шілде айынан бастап аудан орталықтары мен қалалардағы лабораториялар толығымен орталықтандырылып, барлық қан анализдері облыстық тері венерологиялық диспансеріне жөнелтілетін болды. Бәрі осындағы лабораторияда жіті тексерулерден өтеді. Соның ішінде, облыстағы жүкті әйелдер түгел Вассерман реакциясы бойынша анализдер тапсырады. Осының нәтижесі ме, әйтеуір соңғы кезде жыныстық жұқпалы аурулар көбейді. Тіпті аяғы ауыр болашақ аналардың арасында ешқандай тексеруден өтпегендер де бар екен. Тексерілгендерден де табылып жатыр. Өйткені олар бір-ақ рет анализ тапсырған. Ал, негізінде жүктілік кезінде үш рет анализ алу керек. Төртіншісі перзентханаға босануға түскенде алынуы тиіс. Аудандарда мұның барлығы деуге келмес, бірақ көбісі толық жүзеге аспаған. Осындай тексерулерден кейін былтырдан бері ел ішінде сифлиске шалдыққандар көптеп анықталып жатыр. 

– Аурулардың көбеюі – жүйеленген жұмыстарыңыздың күшейтілгенінің, кешенді тексерулердің нәжижесі. Солай ма?

– Иә, солай деуге де болатын шығар. Бұйрық бойынша облыстағы барлық емханада тоқсан сайын тексеру жұмыстарын жүргізіп тұрамыз. Сифилиске шалдығушылар болса, бірге анықтаймыз. Емханаға медициналық көмек сұрап келетін пациенттердің барлығынан анализ алынуы керек. Кейбір адамдар өздерінің сифлиспен ауыратындарын да білмейді. Қан тапсырғанда, соқырішек секілді ауруымен, немесе жол апатына ұшырап ауруханаға түскенде, жарақат алғанда біліп жататындар бар. Екіқабат кезінде де анықталуы мүмкін. Жалпы, қандай емдеу мекемесі болсын, онда бірінші рет дәрігердің қаралуына келіп тұрған адам анализдер тапсыруы қажет. 

– Көп адамдар редакцияға қоңырау шалып, урологиялық аурудың қай түрінен тез жазылып кетуге болатынын сұрайды. Ондай мүмкін бе? Жалпы, диспансерге келген пациенттер дәрігерлерді көбінде қандай сауалдарымен мазалайды?

– Әрине, науқастар «жазылам ба, жоқ па?» деген үреймен келеді. Олардың ішінде псориаз, зкзема дерттерінен толық айығуына ешкім толық медициналық кепілдік бере алмайды. Өйткені бұлар созылмалы тері ауруларына жатады. Біз науқастың жазылғаннан келесі ауырғанға дейінгі аралығын мүмкіндігінше ұзартуға ғана көмектесе аламыз. Бірақ, ол медицинадан бұрын адамның өзіне көбірек байланысты. Дәрігердің айтқанын істесе, диета сақтаса... Мөлшерден тыс спирттік ішімдік ішу, тіпті, үрей, жүйкеге салмақ түсу де тері ауруларын – нейродермитті, псориазды, ортопедиялық дерматитті қоздырады. Рас, бала күнінде мұндай дерт түрлерімен ауырған адам дәрігердің нұсқауын мүлтіксіз орындаса, 10 жылға дейін мазаламауы мүмкін. Ондай жағдайлар да кездеседі. Бірақ, екпенің әсерінен немесе бір жағымсыз тағам түрін тұтынғанда пайда болатын аллергиялық аурулар жазылады. 

– Сіз айтқан, ешкім жазылып кететініне кепілдік бермейтін дерттердің тұқым қуалауы мүмкін бе?

– Иә, псориаз бен экзема тұқым қуалауы мүмкін... Бұлардың ішіндегі ең жаманы – тұрпайы көпіршік ауруы. Оған ұшыраған адам гармоналдық препараттар ішеді. Өйтпесе болмайды. Гармоналдық дәрілердің ағзаға басқаша әсерлері де бар. Бірақ, амал жоқ, одан басқа емі жоқ. Дәрігерлер ауру қозған сәтте ол препараттың мөлшерін ұлғайтып, ремиссия аралығында азайтып отырады...

– Сифлиске шалдыққанын кейбір адамдардың өздері де білмей қалады дейсіз. Солай емделмей жүре берсе, оның салдары қандай болады?

–  Сифлис жүрек ауруын асқындырады. Сондай жағдайлар кездесіп жатыр. Пәлен жыл ауруын жасырып, емделмей жүріп алады да соңы жүрекке салмақ түсіріп, ота жасау қажет болғанда дәрігерге барады. Сосын сирек болса да неврологиялық ауруларға шалдықтырады. Нейросифлиске айналып кетуі мүмкін. 

– Витилиго дертін емдеу бойынша қазақстандық әріптестеріңіз диспансерге келіп, тәжірибе жинап, үйреніп кетіп жатады екен. Шетелге де шығып тұратын шығарсыздар...

– Әрине, онсыз даму болмайды. Денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен мамандарымызды шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасу мақсатында халықаралық басқосуларға жіберіп тұрамыз. Былтыр қазан айында «Витилиго» мектебінің дәрігері А.Қасымханова Канада мемлекетінің Торонто қаласында өткен Бүкіләлемдік дерматологтар саммитіне қатысып, «Витилиго бойынша ремиссияны ұзартудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында ағылшын тілінде баяндама жасады. Белсенділігімен көзге түсіп, сертификатқа ие болды. Бұл – бізді әлемнің мықты мамандарының мойындауы, бізбен санасуы. 2017 жылы Бүкіләлемдік қор ағылшын тілінде шығарған «Витилигоның алдын алу және емдеу, диагностикалау бойынша қадамдық нұсқаулығына» Қазақстанда емдеудің жетістіктері туралы мақаламыз енді. Сол нұсқаулықта Италия, Үндістан, Хорватия, АҚШ мемлекеттерінің білікті мамандарының материалдары жарияланды. Былтыр қараша айында Өзбекстан астанасы Ташкенттің облыстық дермато-венерологиялық диспансерімен ғылыми тәжірибелік жұмыстарды бірлесіп жүргізу туралы меморандумға отырдық.  

Үйренгенімізді осында жүзеге асырып, қазақстандық әріптестермізбен де тәжірибе бөлісіп жүрміз. Отандық медицинаны дамыту және пациенттерді тарту мақсатында дәрігерлеріміз Атырау, Ақтау, Тараз, Қызылорда қалаларына барып, витилигоны хирургиялық жолмен емдеу әдісі, жіті және созылмалы дерматозды эстетикалық тәсілмен емдеу жолдарының мүмкіндіктерін таныстырып қайтты. Биыл Өскемен, Қарағанды қалаларына бару жоспарланған. Шымкентте де жұмыстарымызды жүргізіп келеміз. Тіпті, Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен биыл халықаралық медицина туризмін дамытудың бес көрмесіне қатысу да жоспарымызда бар. 

Былтыр қараша айында Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен облыстық тері венерологиялық диспансерінің базасында «Витилиго» орталығы құрылды. Оның құрамына физиотерапиялық бөлімше мен «Витилиго» мектебі кірді. Содан бері бүгінге дейін орталықта витилиго дерті бойынша 20 пациентке хирургиялық трансплантация отасы жасалды. Олардың біреуі Ресей азаматы болса, үшеуі Астана тұрғындары. Он алтысы Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары. Бұдан бөлек, Астана қаласы мен Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Атырау, Маңғыстау, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Орталық Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе облыстарының тұғындарына дәрігерлік кеңестер берілді. 

– Ауыз толтырып айтатындай жетістіктеріңіз жетерлік екен. Еліміздің барлық дерматологтары сіздерден үйренетініне қарағанда, отандық медицинаның бұл саласы басқа облыстарда кенжелеп қалған ба?

–  Мен бір-ақ мысал айтайыншы... Витилиго бойынша тері трансплантациясы Қазақстанда тек Шымкентте жасалады. Осының өзі-ақ диспансер дәрігерлерінің деңгейі қандай екенін аңғартса керек. Және ТМД бойынша Өзбекстан мемлекетінде, Ташкент қаласында жасайды. 

Жалпы, біз витилигомен 2006 жылдан бері айналысып келеміз. Ол кезде қазіргі облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Кеңесбекұлы осы диспансерде бас дәрігер болатын. Сол кісінің бастамасымен «Витилиго» мектебін аштық. Ультрафиолеттік кабина деген үлкен аппарат сатып алғанбыз. Сөйтіп фототерапиядан бастадық. Білікті дәрігеріміз Әлия Айдарбекқызы осы бағытта ізденістерін, зерттеулерін жалғастырып, халықаралық дерматологтардың конференцияларына барып, материалдарын жариялап жүрді. Содан 2011 жылдан бастап Канаданың «Фейер фандейшн» деген қоры бізбен байланысқа шықты. Солардан грант жеңіп алдық. Шағын аппараттар ұтып алдық. Тегін. Әрі қарай жұмыстарымызды жалғастырдық. 2014 жылы Канаданың білікті мамандары Шымкентке келіп шеберлік сағаттарын өткізді. 2015 жылы олар біздің сұранысымызбен Үндістан елінің Чандигарх қаласында витилиго бойынша трансплантация жасап жүрген профессор Давиндер Парсатты бізге алып келді. Ол біз даярлап қойған екі пациентке Шымкентте витилиго трансплантациясын жасап, бізге шеберлік сағатын өткізді. Отаны жасау тәсілдерін көрсетіп, үйретіп кетті. Сосын сол жылы күзде Үндістанға үш дәрігеріміз барып, тәжірибе жинап, үйреніп қайтты. 2016 жылдан бастап білікті мамандарымыз өздері витилиго трансплантациясына ден қоя бастады. Жаңа айтып өткенімдей, бүгінге дейін 20 пациентке ота сәтті жасалды. Құдайға шүкір, енді тері трансплатациясын жасауға да жеттік.

– Бәрекелді! Сіздерде осы емделушілер жылдап кезекке тұрады деп естідік. Әңгімеңізге қарағанда рас құсайды...

– 2006 жылы Мұқан Кеңесбекұлы бюджет қаржысына сатып алып берген үлкен ультрафиолеттік кабинада ем қабылдауға жазылғандар кезегі екі жылға жуықтайды. Күніне 40 пациентке дейін ем қабылдап жүр. Одан басқа да аппараттарымызда көрші елдерден, еліміздің облыстарынан шипа іздеп келушілер емделіп жүр. Енді біз екінші ультрафиолеттік кабина сатып алып беруді сұрап отырмыз. 

– Жалпы, тері ауруларының алдын алу бойынша көкейіңізде жүрген мәселе бар ма?

– Тері ауруларын қолымыздан келгенше емдеп жазатын шығармыз. Бірақ, өзіміз ғана азайта алмаймыз. Соңғы кезде көбейіп кеткен қотыр, теміреткі ауруларын тиісті мекемелермен, ветеринарлық қызмет, ауыл шаруашылығы мамандарымен бірігіп қана тежей аламыз. Сосын бізде адамдар ауырмайынша тексерулерден өтіп тұруға келмейді. Негізі жылына бір рет тексеріліп тұрған дұрыс. Көрші ел Өзбекстанда жастарды отау құрардан бұрын дермото-венерологиялық диспансерге барып тексеруден өтуге міндеттейтін заң бар. Бізде де сондай міндеттейтін заң болса, жыныстық қатынас арқылы тарайтын жұқпалы ауруларды азайтар едік. Елбасымыз биылғы Жолдауында айтқан тапсырмасын орындау мақсатында шығыны көп стационарлық емдеуден гөрі аурудың алдын алуға жол ашылар еді. Бұл ең әуелі өзіміз үшін, ұлт саулығы үшін қажетті аса маңызды іс! Ұрпағымыз сау болсын десек, келешегімізді сеніп тапсырар азаматтарымыздың денсаулығын қазірден күте білуге үйретуіміз қажет. Меніңше, келер жылдан бастап елімізде ендірілетін Міндетті әлеіметтік медициналық сақтандыру жүйесі елдің медициналық мәдениетін көтеріп, адамдардың денсаулықтарына деген жауапкершілігін арттырады. Мен соған сенемін!

– Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет!

Әңгімелескен Жансая ТЕМІР

Зәуреш Батталова: «Дариға Президент бола алмайды»
Мақпал Жүнісова: «Тағдырдың бар қиындығын әнмен жеңіп келем»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу