Бейсен Құранбек:«Қазақтың дәрігері жаман десе, намысым келеді»

Oinet.kz 02-02-2018 3222

5e05e443343ad928108714.jpg

– «Айтуға оңай» және «Қарекет» бағдарламаларына көптеген кейіпкерлер қатысады. Олардың барлығы демей-ақ қоялық, көпшілігіне кәсіби маман – дәрігерлердің, психологтардың көмегі өте қажет. Демек, бірнеше бағдарламада дәрігерлермен қоян-қолтық араласып, мәселені шешетін жағдай кездесті. Қалай ойлайсыз, отандық медицина дертті адамдарға көмек көрсетуге қауқарлы ма?

– Жалпы «Айтуға оңай» хабары әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді қозғады ғой. Біз бес жыл бойы хабар жасадық, сонда байқағаным, қоғамда бірнеше бағытта проблемалар әбден қордаланып қалған. Олардың көпшілігі әлеуметтік-тұрмыстық, адамның жеке басына қатысты мәселелер. Былтыр күз мезгілінен хабарымызды «Қарекет» деп көрерменге ұсына бастадық. Негізінен төрт саланы таңдап алдық. Оның біріншісі – таза әлеуметтік мәселелер. Мәселен, кейбір адамдарда құжат жоқ, құжат жасау үшін қандай құзырлы органдарға жолығудан, қандай мекемелерге барудан да хабарсыз. Үйінің де құжаттарын реттей алмай жүргендер жетерлік. Осы тектес мәселелер алдымыздан қайта-қайта шыға бергендіктен, әлеуметтік саланы арнайы таңдап алдық. Екінші – отбасылық мәселелер. Жұбайлардың бір-бірімен тіл табыса алмауы немесе балалармен арадағы кикілжің, алименттерінің төленбеуі, ене мен келін арасындағы проблемалар сияқты тақырыптар қоғамда өршіп тұр. Саралай келе оларды да жеке бағытта топтастыруды жөн санадық. Адамдардың өмірде өз орнын таппауы, жақсы табыс қол жеткізе алмауы, дұрыс өмір сүрмеуі, мамандық таңдай алмауы – білімсіздіктің, надандықтың салдары екенін білдік те, осыған байланысты үшінші саланы таңдап алдық. Төртінші сала – денсаулық. Өйткені бұл салада да өте көп мәселе тұтасып тұр. Бізге хабарласатын екі адамның бірі денсаулық мәселесін сөз қылады. Неге олай екенін нақты мамандар білер. Бірақ менің де өз түйген ойым бар. 

Осы төрт саланы таңдап алған «Қарекет» хабары аптасына кемінде бір рет денсаулық тақырыбында сөз қозғайды. Бүгінде байқаған боларсыз, жаңа ғана түсірген екі хабарымыз денсаулық мәселесіне келіп тіреліп отыр. «Айтуға оңайды» жасаған кезде бес сала бойынша жұмыс атқарған едік. «Айтуға оңайда» дәрігерлердің абыройын арттыру, беделін көтеру үшін бірнеше циклды хабарлар жасадық. Бізде мықты дәрігерлер өте көп, бірақ оларды ел білмейді. Сондай дәрігерлерді көпшілік алдына шығаруға тырыстық. Иә, өмірінің көп бөлігін медицинаға арнаған адамдар, адал еңбек еткен мамандар жетерлік. Жалпы дәрігерлердің оң имиджін қалыптастыруға «Айтуға оңай» саналы түрде еңбек сіңірді. Ол кезде бір тақырып мүгедектер мәселесі еді. Ол мәселелердің де көпшілігі шешімін тапты. Сол кезде байқағанымыз – денсаулық саласында қайшылықтар, шешілмеген түйіндер бастан асады. Оның себептерін қазатын болсақ, тым тереңдеп кетерміз. Медицина саласында көптеген реформалар жасалуы, дәрігерлердің әлеуметтік жағдайы, қоғамдағы статусы, бұл салаға бөлінген қаржы, осы саладағы ғылымның дамуы немесе жеткілікті дамымауы, тағы басқа да  факторлар денсаулық сақтау саласындағы мәселелердің ұлғаюына әсер етті ғой деп ойлаймын. Тіпті, тәуелсіздіктің жиырма жеті жылында «Отандық медицина нені бастан өткерді?» деген салмақты сараптама кездестіре алмадым. Мәселен, білім беру саласында мұндай сараптама салыстырмалы түрде көптеу. Ал біздің медицина қандай күн кешіп келеді, не істеп жүр, қай деңгейге жетті, не қолынан келеді, не қолынан келмейді деген мәселелерді нақты ешкім талдап бере алмайды. 

Сондықтан, байқай, екшей келе түйгенім, барлық салалардағы секілді, ұзақ реформалардың, қиындықтың салдарынан медицина саласы қалай мақтағанымызбен, бәрібір шатқаяқтап тұр. Ол біз ойлаған деңгейде емес. Жекелеген мықты мамандар бар шығар. Ол жүз дәрігердің біреуі, екеуі ғана болуы мүмкін. Сондай дәрігердің қолына түссең, жақсы диагноз қояды, дұрыс емдейді, қатарға қоса алады. 

Оған қоса, тым шебер емес, алайда өз ісін жақсы білетін қарапайым дәрігерлер де кездеседі. Әйтеуір дұрыстап емдей алады. 

Бірақ дәрігерлердің арасында да, жаман деп айтсам қиын болар-ау, өз ісін әртүрлі себептермен шала-шарпы атқаратындар да көп. Осының салдарынан медицинаға деген сенім азайған, адамдар ауырса шипасын медицинадан емес, халық емінен, не шетелдерден іздеп кететін жайттар көп. 

«Итің жаман дегенде, өлгенім-ай» дейді қазақ. Бұрын да айтқам. Қазір де қайталайын. Қазақтың дәрігері жаман десе, басқа біреулерден кем десе, намысым келеді. Қазақтың мұғалімі басқалардан нашар десе, жүйкем жұқарады. Сонда да, қанша ауыр болса да шындықтың көзіне тіке қарап үйренуіміз керек... Бізде дәрігерлер емдей алмайтын аурулар бар. 

Өз басымнан айтайын. Мен екі рет өз жақындарым үшін емді сырттан іздеуге мәжбүр болдым. Ең әуелі ортаншы ағам ауырды... Емді отандық медицинадан емес, шетел медицинасынан іздедік... 

Отандық медицинаға кінә артпаймын, бірақ, жаныма жақын адамдарым ауыр сыртқатқа душар болғанда, екеуі де жаман ауру дейміз ғой, сондай сырқатқа шалдыққан еді, көмекті сырттан іздедім. Өкінішке қарай. 

– Отандық дәрігерлердің шамасы келмеді ме? 

– Шамасы келмеді деп айтпаймын. Бірақ мен ең үздік дәрігерлерді іздедім. Өмір мен өлім арпалысқан сәтте адам ең үздікті іздемей ме? Үздіктер шетелде екен... Оларды шетелден таптым. Иә, өкінішке қарай, осылай арпалысып жүргенде уақытты өткізіп алыптық. Сондықтан, ағам бақилық болды. 

Былтыр жазда әкем ауырды. Өкпе рагы, үшінші стадия. Онда да шетелге апарып емдетуіме тура келді. Хабарлассам, Қазақстандағы ең жақсы дәрігерлерге көрсете алуыма, емдетуіме болар еді. Алайда, салыстыра келе, кімде, қандай мүмкіндіктерін барын саралай отырып, әкемді де шетелге апарамын деп шешім қабылдадым. Енді өзіңіз ойлап қараңыз, отандық медицина саласын бір кісідей білемін деген менің өзімді біздің дәрігерлер сендіре алмай отыр. 

Дәрігерлер бұл сөзім үшін маған ренжімеуі керек. Себебі, денсаулық саласында менің де бауырларым, жақындарым, таныстарым еңбек етіп жүр. Олар жақсы адамдар. Бірақ технологияның, техниканың, заманауи аппараттардың болмауы оларға да қолбайлау екенін білуіміз керек. 

Шетелге шығуға мүмкіндігі бар азаматтарымыз ауыр науқасқа шалдығып қалса, олар да мен сияқты ауруының дауасын сырттан іздейтініне сенімім мол. 

– Бірақ біз Қазақстанда өмір сүреміз ғой. Дәрігерлердің сауатты болуына, сырқат меңдегенде ем-домды сырттан іздемей, өз елімізде алуымызға бәріміз мүдделіміз. 

– Әрине. Жалпы ауруларды емдеу дәрігердің қолынан келеді. Қарапайым ғана өз жұмысын атқарып жүрген дәрігерлер өте көп. Қабылдауына жазылсаң, дұрыс бағыт сілтеп, ақыл-кеңесін аямайтын дәрігерлер жоқ демеймін. Күрделі, аса күрделі аурулар жайын айтып отырмын. 

Жалпы дәрігерлердің негізгі міндеті ауруды емдеу деп айтамыз ғой. Дәрігер ең алдымен адамдарға өз денсаулығын қалай күтуді үйретуі керек. Өкінішке қарай, сол дәрігерлердің өздері де ауырады, олар да денсаулықтарына салғырт қарайтын жағдаяттар көп. 

– Ал өзіңіз денсаулығыңызды қалай күтесіз? 

– Қарбалас өмір ағысында жүріп денсаулығымды керемет күтем деп айта алмаймын. Бірақ күту керегін білемін. Ең алдымен дұрыс тамақтану, екінші дұрыс қимыл-қозғалыс жасау, үшінші, көңіл-күйіңді қалыпта ұстау, төртінші уақытылы демалу керегін жақсы түсінемін. Бірақ бәрі біз ойлағандай бола бермейді. Денсаулықтан гөрі жұмыс маңызды болып кететін кездер көп. Дәрігерлерде де денсаулықтарына қарағанда жұмыс маңызды болып кететін сияқты. 

– Студент-дәрігерлер ауру тарихын зерттеп, оқып, жаттап жүргенде өздері де дәл сол аурумен ауыратын сияқты көрініп кететін кездері жиі болады дейді. Сізде де сондай бір жайттар кездесетін шығар? Қаншама кейіпкерлермен кездесесіз, қаншама кейіпкердің жүрек жарасын көресіз, көз жасын сүртесіз... 

– Тез қабылдағыш адаммын. Кейбір адамдардың көңіл-күйін, еңсесін басқан ауыртпалықты тез қабылдап аламын. Кейбір хабардан соң еңсемді көтере алмай қалатын тұстар көп. Ойыңнан кетпейтін жайттар жиі болады. Алайда, қорғануға тырыспаймын. Өйтіп қорғанар болсам, жұмысымды дұрыс атқара алмас едім. Кейіпкерге жаным ашымай тұрса, кейіпкердің жағдайына енбесем, көмектесемін деп ұмтылмасам, жан-жүрегіммен кейіпкердің ішкі дүниесіне бойлай алмасам, керісінше өзімді ойлап, жүрегіме кейіпкердің жан-жарасы өтіп кетпесе екен десем, жақсы хабар шықпаған болар еді. 

Білесіз бе, соңғы алты айдың ішінде үш рет жатып қалдым. Біріншісінде бір апта, екіншісінде үш күн жаттым, өткен аптада ғана тағы бір ауырып тұрдым. Мұның себебі неврологиямен байланысты екенін білемін. 

Бірақ бұл жұмысты біреу атқару керек. Маған да кеңес береді, «ішіңе алма, жай ғана жүргіз де, жібере сал» дейтіндер бар. Бірақ, айтуға оңай ғой.  Қолымнан келгенше жұмысымды барынша адал атқаруға тырысуым керек. 

– Сізге қатты әсер еткен кейіпкер кім? Тағдыры әлдеқалай болды екен деп елеңдеп жүрген кейіпкеріңіз бар ма?

– Бірінен бірі асады. Мысалы, бір күнде төрт хабар жазамыз. Кеше төрт хабар жасадық. Бүгін төрт хабар түсіру үстіндеміз. Мәселен, дәл қазір түсіріп келген кейіпкер әлі менің есімде. Бірақ жарты сағаттан кейін келесі хабарға кіремін. Келесі кейіпкерлерім үшін өткенді ұмытуым керек. Егер оны ұмыта алмасам, хабарымды жақсы жүргізбеген болар едім. Себебі, ойымда басқа кейіпкер болса, жаңа кейіпкердің жан-дүниесіне қалай бойлаймын? Ол хабарға кіріп шыққан соң, төртіншісін түсіреміз. Ол кезде де осы жағдай қайталанады. Егер аптасына бір хабар жасасам, ол кейіпкерді бір апта бойы ойлап жүре алар едім. Менде ондай мүмкіндік жоқ. 

Ал асықпай отырған кезде еске түсірсем, керемет кейіпкерлерді, қайталанбас тағдырларды тізіп бере аламын. Әрқайсысы бір-бір киноның, бір-бір кітаптың кейіпкерлері дер едім. Асан, екі баласын алып кеткен Айымгүл, кішкентайынан жетім қалып, Астанада қаңғып жүрген Айдана, Қырғызстанда есін жиып, жады өшіп қалған Бақытжан... Тағы да қайталап айтамын, бұл кейіпкерлердің әрқайсысы туралы жекелей кино түсіруге болады. 

«Қарекетке» келгелі де қаншама кейіпкерді түсірдік. 

Кейде бұрынғы хабарлардың ізімен бір деректі дүние жасағым келеді. Олардың ендігі тағдыры қалай, өмірі қай арнаға бұрды деген сауалдардың жауабын іздесек деп қоямын. Бәлкім, кейіндеу, дәл қазір уақытымыз жоқ. Журналиссіз ғой,  өзіңіз де білесіз, аптасына бір хабар жасау өте қиын. Ал аптасына бес хабар жасау дегеніңіз, тоқтамай шауып келе жатқан ат сияқтысың. Аялдауға уақыт жоқ. 

– Бірақ денсаулық бәрібір маңызды ғой? 

– Оны маған көп адам айтады. Өйткені мынандай марафонда ұзақ жүруге болмайды. Құдай да соны ескертіп, соңғы алты айда үш рет аунап тұрдым. Сәтін салса, денсаулық жағдайыма да көңіл бөлермін. Бірақ бұл мен денсаулығыма мүлдем салғырт қараймын дегенді білдірмейтінін де ескерте кеткім келеді. 

– Келесі сұрақты анаңыз туралы қойғым келеді. Әлеуметтік желілерден хабардармыз, тоқсаннан асқан анаңыз әлі ширақ, тың. Құдай ұзақ ғұмыр берсін, үлкен кісінің күш-қуатының бойында қалып, ақыл-ойының тұнық сақталуы ненің арқасы деп ойлайсыз? 

– Негізі атам мен апамның баласымын. Төрт айымда атам мен апама берген екен. Атам он үш жасымда бақиға кетті. Апам қазір біздің шаңырақта отыр. Жасы тоқсанның төртеуіне келді. 

Енді сіздің сұрағыңызға келсем, ол ең бірінші намаздың арқасы. Ол кісі жарты ғасыр уақыт болды, намаз оқиды. 

Екінші, балалары көп көңіл бөлеміз, арнайы әңгімелесеміз. Үлкен адам әңгімеге зәру. Сондықтан ұдайы апамызбен сөйлесіп, емен-жарқын әңгімелесіп тұрамыз. 

Үшінші, денсаулығына байланысты бір жайтты айтайын. Ол кісі сексен жетіге қараған шағында табалдырықтан құлап, тасқа түсіп, бір жамбасы сынды, бір жамбасы шытынады. Дәрігерлер жақсы біледі, жасы сексеннен асқан кісілердің жамбасы сынса, жатып қалады да, айналасы бір жыл, екі жылда үсті-басын жара басып, өмірден өтіп кетеді. 

Апамның жамбасы сынғанын ауылдағылар менен жасырған, он бес күннен кейін бір-ақ айтты. Жай ғана тұрып кетеді екен депті. Ал ондай жарақатқа айналасы 48 сағатта ота жасап, титан салуға болар еді. Біз, біріншіден  уақыт өткізіп алғанбыз, екіншіден, ота жасағанмен жүрек көтере ме, көтермей ме деген күмән бар. Сонымен апамды басқаша жолмен емдеуге кірістік. 

Осы сұхбатты оқыған адамдарға керек болар. Николай Аносов деген кардиохирург болған. Украин дәрігері. Бұрынғы дәрігерлер ол кісіні жақсы білуі керек, жасы сексеннен асқан кезде Аносов денесін шынықтырған екен. Сол кісінің кітабын тауып алдым. Түйіні мынандай: адамның денесін кез келген жаста жаттықтыруға болады. Бірден үйге әрқайсысы бір келі тартатын қос гантель алып келдім. Бір келілік гантелді шешем бір рет те көтере алмады. Күш-қуат кетіп қалған. Бала кезден апам екеуміз ашық сөйлесеміз. «Апа, жаттықпасаңыз, қолды күшейте алмайсыз. Қолыңыз шынықпаса, денеңізді таяқпен қалай сүйейсіз. Ерінбей, күніне аздаған уақыт бөліп, барынша тырысып жаттығу жасаңыз», – деп өтіндім. Апам ақырындап жаттығуды бастады. 

Келіні апамды жуындырады ғой, бір күні маған «Апамның қолының бұлшықеттері тартылып қалыпты» деді таңдана. Осылайша, айналасы бір жылдың ішінде қолының бұлшықеттері қатайып, таяққа сүйене алатын болды. 

Әлі күнге дейін күніне екі уақыт жаттығу жасайды. Қазір екі-үш келілік гантелді кейде біреуін, кейде екеуін бірдей көтеріп, жарты сағат жаттығады. Соның арқасына жатып қалмады. Денесі жараға айналмады. Намазын оқиды, дәретін өзі алады. Шайға келеді, жүреді, қонағына барады. 

– Ендеше, соңғы сұрақ. Сіз танымал адамсыз. Дәрігер алдында барғанда бірден танитын болар? 

– Әрине, дәрігерлер мені жақсы қабылдайды. Бірақ, дәрігерлер бір нәрсені ұқса екен деймін. Мәселен, біздер, журналистер, жұмысымызды әбден үйреніп аламыз да, халықты телеэкран объектісі ретінде қабылдап кететін жайттар көп. Адамдардың сезімі, ойы, беделі, намысы бар. Соны көре білуіміз керек. 

Дәрігер де солай. Алдына жүз адам келетін болған соң, оны адам емес, тек қана тәні дертті науқас деп сезініп кететін секілді.  Осы орайда дәрігерлер мынаны қаперлерінде ұстаса екен деймін. 

Адамның тоқсан тоғыз пайызы ауруханаға қорқып барады. Дәрігер ең алдымен осыны ескерсе. Кез келген адамды жылы жүзбен, мейіріммен қарсы алса.

Студенттердің өзі бойына ауруды сіңіріп алады деп отырсыз ғой, ал ана адам ол ауру туралы, оның барлық қауіп-қатерін өз бойыннан тауып отыр. Оған дәрігердің сөзі соңғы үкім сияқты естіліп кететін кездер көп. Дәрігер осыны ұмытпаса. Себебі дәрігер адамның тәнін ғана емдемейді. Жанын да емдейді. Тәнін ғана емдейтін адамды мал дәрігері деп атауға болар. Ал адам жанының инженері мал дәрігері деңгейіне түсіп кетпесе екен. 

Адамның ең бірінші жанын емдеу керек. Жан жылы сөзбен, жылы қабақпен, мейіріммен емделеді. Түсінемін, кейде жұмыс шаршатады. Алайда, дәрігер сол мамандықты таңдап алды ма, мал дәрігері деңгейіне түспесін. 

Оның алдына мейлі кім барсын, басшы ма, жұлдыз ба, қарапайым адам ба – алдына жаны емге зәру АДАМ тұрғаны әркез қаперлерінде болғанын қалаймын. 

– Әңгімеңізге рахмет! 

Әңгімелескен Қарагөз Серікқызы 

Рейнер Шнеплер: «Основная задача эндопротеза – уменьшить болевые ощущения»
Зәуреш Батталова: «Дариға Президент бола алмайды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу