Нұржан Әлтаев: «Ажырасқан еркек үйінен бір чемоданмен ғана кетуі керек»

Oinet.kz 31-01-2020 2900

717b5d28ad8253e52a2c1495690c5876_resize_w_830_h_465.jpg

Парламенттің қос палатасының депутаттары жылды ел аралап, халықтың талап-тілегін тыңдаудан бастады. Осы мақсатта Түркістан облысы мен Шымкент қаласына келген Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев жұртшылықпен жүздесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдады. Elіtar.kz сайтының тілшісі мәжілісменге бірнеше өткір сауалдарды қойып, сұхбат алған екен. Сайттың «Saіasat.not YouTube» жобасында жарияланған  сол сұхбатты оқырман назарына ұсынуды ұйғардық. 

- Жалпы келгелі бері бірнеше кездесу өткіздіңіз, басқосулар болды. Қоғамдық қабылдау өткіздіңіз. Айтыңызшы көбіне Шымкент пен Түркістан облысы тұрғындарын нендей түйткілдер мазалайды. Ең көп шағым түскен нақты үш себепті айтып беріңізші!? 

- Ең көп көтеріліп жатқан мәселелер Шымкент қаласында. Бұрын, Төле би, Сайрам, Ордабасы ауданына қарасты болып келген ауылдар қалаға қосылды ғой. Сол жерде көптеген кездесулер ұйымдастырып, жергілікті тұрғындармен сұхбаттастық. Ең көп көтеріліп жатқан мәселе коммуналдық салаға қатысты. Елді мекендерде  ауыз су тапшылығы бар. Электр жүйелері, газ, жол. Одан кейін Шымкент  қаласында ең көп көтеріліп жатқан проблема-қоғамдық көлік. Менің ойымша бұл проблема жақын арада түбегейлі  шешіледі. Жалғызбасты, көпбалалы аналардың проблемалары да өте өзекті. Бірақ атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін  үйде жата бермей, табыс көзін іздеп, жұмысқа деген ынта  керек. Егер жұмыспен қамту орталығы оған бір жұмысты ұсынса, сол жұмысқа келісу керек. Егер ол жұмысқа келіспейтін болса, ертең атаулы әлеуметтік көмекті алмайды. Мәселен бес баласы бар, күйеуі жоқ ананың ең кішкентайы үш жастан асатын болса, онда ол жұмысқа баруға міндетті. Сондықтан, бұл жерде мынадай мәселе туындап отыр: егер оның күйеуі, балаларға қарайтын ешкім болмаса, жұмысқа қалай барады? Бұл дұрыс қойылып отырған сауал. Нұр-Сұлтан қаласына барғаннан кейін бұл мәселені көтеретін боламын. Еңбек және әлеуметтік даму министрлігінің алдына қоямын. Екіншіден, депутаттық сауал ретінде осы мәселені ортаға тастағым келіп отыр. Біз заңдылықты өзгертуіміз керек сияқты. Өйткені, көпбалалы аналарға жұмысқа шығу қажет болса,  кішкентай балаларын үйде қалдырып кете алмайды. Ол, үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан бұл мәселелерді заң жүзінде өзгертіп, қолайлы тетігін жасауымыз керек.  

- Дәл осы сапарыңызда Түркістан облысы Жетісай ауданындағы Алмалы деген ауылда болдыңыз. Яғни, спирттік ішімдіктен мүлдем бас тартқан ауылда. Ол туралы Фейсбукта жазба қалдырдыңыз. Айтыңызшы, сондай ауылдың барын естігенде алғашқы реакцияңыз қандай болды? 

- Нұр-Сұлтан қаласында жүрген кезде әлеуметтік желілерден, БАҚ өкілдерінен мұндай мәліметті естіп қатты қуандым. Өйткені, ішімдіктің салдарынан жастар қылмыс жасап жатыр. Әсіресе, ауылдық жерлерде жастар бос уақытын өткізетін орын болмағаннан кейін қылмысқа барады. Осы іс-сапарымда Алмалы ауылына арнайы барып, ақсақалдармен, жергілікті халықпен сөйлестім. Ақсақалдар алты жыл бұрын  осылай шешім қабылдаған. Жиналып «ауылдың бәрі арақтан тиылады, ешкім арақ ішпейді» деп, тұрғындардың бәріне жариялаған. Тұрғындар келіскен. Одан кейін ақсақалдар дүкендердің бәрін аралап, насихат жұмыстарын жүргізген. Аудан әкімінің айтуынша, соңғы екі жылда ауылда бірде-бір қылмыс орын алмаған. Ауыл да, онда өмір сүріп жатқан азаматтардың бәрі керемет. Жасы да, үлкендері де ауыл шаруашылығымен айналысады. Осындай тәжірибе басқа ауылдарға таралуы керек деп ойлаймын.  

- Бес жыл бұрын қажылыққа барып бес парыздың бірін орындап келдіңіз. Негізінде бізде дінге, басына бір жағдай түскенде, қатты қиналғанда  бетбұрып жатады. Бес парыздың бірін орындауға не түрткі болды? 

- Үлкен бір қиын жағдай болған жоқ. Ол жаққа барғаным ең біріншіден Алла Тағаланың нәсібі болған шығар. Сол кезде ислам дініне қатысты көп кітаптарды қызығып оқыдым. Исламда бес парыз бар. Сол парыздарды орындаймын деп алдыма мақсат қойдым. Алла тағаланың нәсібімен көзім ашылып, көп нәрсені түсініп, қажылыққа барып, керемет әсер алып келдім.  

- Мәжілісте аграрлы сала бойынша комитеттің мүшесісіз. Бірақ, көбіне көп балалы аналардың, қорлық көрген қыз-келіншектердің құқығын қорғап, солардың сөзін сөйлеп, қорғаштап жатасыз. Арыға бармай-ақ «тальгодағы» оқиғаны айтайықшы. Қорлық-зорлық көрген қыз-келіншектердің  өзі сізге келіп көмек сұрайды ма? Әлде, өзіңіздің ішкі жігіттік намысыңыз оянып сондай оймен жасайсыз ба? 

- Зорлық бойынша өткен жылдың жаз айларында әлеуметтік желілерден көп оқитын болдым. Естеріңізде болса, бірқатар резонанстық фактілер орын алды. «Тальго» пойызында көзі ашық, оқыған азаматшаны екі жолсерік зорлап кеткен. Қатты резонанс болғаннан кейін, мен зерделеп қарап, сараптама жасадым. Қарасам, біздің Қазақстан әйел зорлау бойынша ТМД елдерінде бірінші орында тұр. Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғызстаннан бірнеше есе көп. Біз қазақ – мұсылманбыз. Мұндай нәрселер болмауы тиіс еді. Қазақтың тарихын ашып қарасаңыз қыз зорлау аса ауыр қылмыс саналған. Қызды зорлаған адам өлім жазасына кесілген. Кезінде қызды зорлау адам өлтірумен тең дәрежеде саналған. Тәуке ханның Жеті жарғысында солай жазылған. 

Екіншіден, оның туысқандары сол рудың ішінен, ауыл ішінен қуылатын болған. Ал, біздің қазіргі заңдарды қарасам өте жеңіл жазалар қарастырылған екен. Зорлаған жігіттер жауапкершіліктен құтылып кетеді. Тергеушілермен келісіп, қаражатын беріп... Көп жағдайларда зардап шегуші тарап кешірім береді. Одан кейін тергеушілер көбіне зорланған қыздардың мекенжайын, телефонын, әке-шешесінің мекенжайын зорлаған жігіттің әке - шешесіне беріп қояды. Содан кейін, оларға қысым көрсетіп, кешірімін алып қылмыстық істі жауып тастайды. Көптеген тергеушілер мен жедел қызметкерлер мұндай іспен айналысқысы келмейді. Оны жапқысы келеді. Жәбірленуші қызға қатты қысым көрсетеді. Тергеу жүріп жатқан кезде оған ыңғайсыз сұрақтарды қойып, болған нәрсені қайталап айтқызып, бір жылға дейін жүргізіп қояды. Осындай сұрақтарды қоя бергеннен кейін қыз арызын қайтадан алып, кетіп қалады. Сондықтан, жазаны қатайту мәселесі бойынша заң жобасын әзірледім. Бұл заң қолдау тауып, бірінші қаңтардан бастап қабылданып, күшіне енді.  

- Отбасында бір баланы бағып қағуға 20 мың теңге жетеді деп айттыңыз және көптің сынына ұшырадыңыз. Ол неден шыққан ой? Жалпы, өзіңіздің бір балаңызға 20мың теңге жетеді ме? 

- Ол жерде журналистер «хайп» ұстаймыз деп, менің айтқан нәрсемді мүлдем аударып жіберген. Сұрақ былай қойылды: «Қалай ойлайсыз 20 мың теңге бір баланың басына жеткілікті ме?», - деп. Оның алдында Қаржы министрі 20 мың теңгеден бөлеміз деп айтты. Біріншіден 20 мың теңге әр баланың басына төленетін болса, ол әжептеуір ақша. Сіздің бес балаңыз болса, айына мемлекеттен 100 мыңнан астам қаражат алып отырасыз. Енді кейбір кезде айлықтың өзі 100 мыңға жетпейді. 80-70 мың айлық алатындар да бар. Ал, енді айына 100 мыңнан астам қаражат алып отырса қандай керемет. Сол кезде мен айттым, «Әрине, 20 мың теңгені әр балаға беріп отыратын болса, ол ақша жетеді»  деп айттым. Журналистер оны басқаша түсінген.  

- Бір сұхбатыңызда «біз өте керемет уақытта өмір сүріп жатырмыз. Дәл қазір Қазақстанның аяққа тұрып жатқан кезеңі», - деп айттыңыз. Қалай ойлайсыз, Қазақстан аяқтан нық тұрып, өзге елдермен иық тіресетіндей жағдайға жету үшін тағы қанша жыл қажет?  

- Мен ойлаймын, қазір жағдай жаман емес. ТМД елдеріне енетін мемлекеттерге қараңыздар. Кезінде кеңес үкіметінің кезінде Ресейден кейін екінші мемлекет Украина болатын. Олардың зауыттары, қаражаттары, тұрмыстары бізден әлдеқайда жақсы болды. Ал, қазір Украина қайда, біз қайда. ТМД елдерінің арасында  ең дамыған мемлекет - Қазақстан. Орталық Азияда көшбасшы болып отырмыз, бірақ, көшбасшы болдық деп арқаны кеңге салуға болмайды. Басқа мемлекеттердің де экономикасы дамып жатыр. Біз көшбасшылықты ешкімге бермеуіміз керек.  

- Әлемге әйгілі көркем гимнастшы, бұрынғы әйеліңіз Әлия Жүсіпова бір сұхбатында сізге деген өкпе-ренішін айтқан еді... 

- Әлия екеуіміз кезінде жақсы тұрмыс құрдық деп ойлаймын. Ол өте керемет адам. Біріншіден, біздің еліміздің мақтан тұтарлық азаматшасы, қазақтың қызы. Оған сондай құрметпен қараймын. Тек қана менің әйелім болды деген көзқараспен емес, елімізді күллі дүниеге паш еткен азаматша ретінде де. Өмір болғаннан кейін мәселелер туындап жатады. Бізде де сондай жағдай болып қалды. Мен  оған өкінбеймін. Себебі, бір ұл, бір қызымыз бар. Үлкені 3 -ші сыныпқа, кішкентайы 1-ші сыныпқа барды. Өмір болғаннан кейін бәрі болады. Әлияға әлі де құрметпен қараймын. Оның сұхбатта айтқанын түсінбедім. Себебі, Әлия мен балаларға бар жағдайды жасап кеткен болатынмын. 

Біріншіден, Шымкент қаласындан несиеге үлкен үй сатып алып, сол үйді баламның атына жазып, Әлияға қалдырып кеттім. Ол үйдің несиесін әлі төлеп келе жатырмын. Жалақымның  жартысы сол үйдің несиесін жабуға кетеді. Шымкент қаласында қандай дүние болды бәрі Әлияда қалды. Ер адам ажырасарда дүние мүлкінің бәрін бала шағасына, әйеліне қалдырып, бір чемоданмен ғана кетуі керек. Мен сол бір чемоданмен Нұр-Сұлтан қаласына кеттім. Нұр-Сұлтан қаласында пәтер жалдап тұрдым. Қазір отбасым бар. Мемлекет берген пәтерде тұрып жатырмыз. 

Екіншіден, алименттерін төлеп тұрамын. Екі балаға менің жалақымның 40%-ы кетеді... Әйелдер эмоционалды келеді. Мен балалармен көрісіп тұрамын. Шымкент қаласына келсем, балаларыммен серуен құрамын. Әлиямен отбасын құрғаныма өкінбеймін.  

Сұхбаттасқан: Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Уәлихан Қайназаров, мәжіліс депутаты: Бәрін ақшамен өлшесек, ұлт өзінің құндылықтарын жоғалтады
Рейнер Шнеплер: «Основная задача эндопротеза – уменьшить болевые ощущения»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу