Уәлихан Қайназаров, мәжіліс депутаты: Бәрін ақшамен өлшесек, ұлт өзінің құндылықтарын жоғалтады
- Уәлихан Анарбайұлы, Ресей Cенатының спикері В.Матвиенко былтыр Ташкентке барған сапарында Өзбекстанның Еуразиялық одаққа кіру жоспарының барын мәлімдеген болатын. Рас, күні кеше президент Мирзияев одаққа кірудің жоспарда жоқтығын мәлім етті. Дегенмен де, егер Өзбекстан Еуразиялық одаққа өтсе, Түркістан облысының шаруалары бәсекелестікке төтеп бере алады ма?
-Егер Өзбестан Еуразиялық одаққа мүше болса, олардың тауары шекарадан еркін кіреді. Бірақ ала тақиялы ағайын одаққа кірісімен бәріне қожайындық жасайды деуге болмайды. Олар сауда нарығына бірден бейімделмейді. Бұған одаққа бертінде өткен Қырғызстанды мысалға келтіруге болады. Эксорттаушы мен импорттаушының арасындағы қарым-қатынастың бекіуі үшін белгілі бір уақыт қажет. Өзбекстан одаққа кірсе, біздегі ауыл шаруашылығында бәсекелестік күшейеді. Бәсекелестік бар жерде дамудың да болатынын ұмытпау керек. Дегенмен Өзбекстан одаққа өту жөнінде ресми шешім қабылдайтын болса, отандық ауыл шаруашылығымен, кәсіпкерлікпен айналысушылар әрекетін жасап, соған дайын болуы тиіс.
- Өзбекстандық өнімдер салыстырмалы түрде арзанырақ. Импорттаушы ел ретінді бізде баға мониторингі жүргізілуі мүмкін бе?
- Олардағы баға қандай, біздегі баға қандай екені ескеріледі. Біздегі бағаны арзандатуға не кедергі? Мәселелер анықталып, шешімі ізделеді. Нарықтағы бәсеке соны талап етеді. Десек те, Өзбекстанның негізгі экспорты Ресейге тасымалданады. Себебі, Ресей нарығында баға жоғары.
Қараңыз («Агротур» шаруақожалығының жылыжай кешеніндегі көшеттерді нұсқады. Ә.Б) мынадай мүмкіндік бұрын жоқ еді. Қазір бар! Бұл кешеннің ашылуы бағаны аз да болса түсіруге ықпал етеді. Әрі әлемдік деңгейдегі сапаны қамтиды. Бұл жерде шаршы метрге егілген көшеттен қанша килограмм өнімнің өндірілетініне дейін есептелген. Демек, мұнда барлығы жоспарлы түрде іске асырылады. Бұл бәсекеге қабілеттілікті арттыруға жасалған алғаш қадам! Уақыт көрсетеді, мынадай сапалы аппараттармен өндірілген көшетті Өзбекстанға біз тасымалдауымыз мүмкін.
- Ауыл шаруашылығы министрлігі алдымен дәнді дақылдарды, сосын майлы және көкөніс-бақша дақылдарын субсидиялаудан бас тартты. Ауыл шаруашылығы министрі: «Қазіргі уақытта ірі қара мал етіне, жұмыртқа, қымыз бен шұбатқа, күрішке, мақтаға арналған субсидияларды алып тастауды жоспарлап отырмыз»,- деп мәлімдеді. Бұл фактор егін шаруашылығымен жан бағып отырған өңір халқының әлеуметтік жағдайына кері әсерін тигізбейді ме?
- Субсидия белгілі бір уақытты қамтитын бағдарламаға жұмыс істеуі керек. Онымен жыл сайын ойнауға болмайды. Бізде жаңа тағайындалған министр бағдарламаны өзгерту арқылы өз идеологиясын жүргізгісі келеді. Оны тағы бір тағайындалған министр кері бағытқа өзгертеді. Бұл дұрыс емес! Барлық жерде тұрақтылық болуы керек. Әсіресе, ауыл шаруашылығында. Ол-сауда емес. Ауыл шаруашылығында бір өнімді өсіріп пайда табам дегенше жарты жыл керек. Мал бордақылау үшін де, жарты жыл еңбек етуің керек. Яғни, ауыл шаруашылығы уақыт талап ететін қаржы айналымына ие. Демек, бағдарламалар тұрақты болуы тиіс.
- Іс сапарда диқандар тарапынан қандай арыз-шағымдар айтылып жатыр. Мәжілісте қандай сауалдар қоюға қорытынды жасадыңыз?
- Қайбір жылдары ауыл шаруашылығынан субсидияны алып тастау туралы шешім қабылданды. Сол жылдың соңында-ақ мал шаруашылығы саласында мәселелер туындады. Содан кейін шаруалар қарыздарын зорға жапты. Мен көтеретін мәселе: ауыл шаруашылығындағы бағдарламалар нақты болуы тиіс. Ол қай аралықты қамтитынын алдын ала белгілеу керек.
Екіншіден, коммуналдық шығындар мәселесін айтқым келеді. Газ, электр энергиясы қымбат. Себебі Оңтүстік өңірлерде электр энергиясы- дефицит. Электр энергиясынсыз ешқандай бизнес дамымайды. Газды көмірмен ауыстыруға болады. Бірақ шаруалар көмір сапасына шағым айтуда. Басқарушы органдар антимонополиялық комитетпен осыны тексеруі тиіс. Көмірді тек жылыжай өсірушілер емес, халық та тұтынып отыр. Ол да бақылауда тұрса. Көмір жаққан соң шыққан қалдық үшін экология мамандары айыппұл белгілеуде. Меніңше заңда осы тұс қатты ескерілуі тиіс. Айыппұл көлемі ұлғайған сайын ол өндірілген өнімнің құнына әсер етеді. Өнім өндіруші өз шығынын жабуы керек. Онда баға жоғарылайды. Баға өскен сайын бәсекеге қабілеттілік деңгейі төмендейді. Сырттан келетін өнімдерге сұраныс артады. Шаруаларға проблемаларын нақты жазуға ұсыныс білдірдім. Басқа салалардағы мәселелерді де анықтауға тырысамын. Анықталған мәселелерді міндетті түрде мәжілісте көтеремін!
- Осыдан біраз уақыт бұрын: «Баланы далаға тастап , ата-анасын қариялар үйіне өткізіп жатқан жастарға заң жүзінде жаза бар ма?» деген сауалға Шыңғысханның «Ясасында» да ата-анасына дұрыс күтім жасамағандар өлім жазасына кесілгенін мысалға келтіріп, ондайларға жаза қарастырылу керектігін айтыпсыз. Соңғы қабылданған «Педагог мәртебесі» туралы заңда тағайындалған жазалар материалдық құндылықтарға негізделген. Ал, сіздіңше сыйластық мәселесін қаражатқа тіреген дұрыс па?
-Барлық нәрсе ақшамен шешілмейді және шешілмеуі де тиіс! Бәрін ақшамен санайтын болсақ, адамгершілік, қарым-қатынас дегеннің бәрін ақшамен өлшесек батыстағыдай жүйе орнайды. Ұлт өзінің құндылықтарын жоғалтады. Мен Шыңғыс ханды бекер айтқан жоқпын. Себебі, сол кезде туындаған мәселеге қатысты айтқанмын. Ата-анасына қарамаған, балаларын қамқорлығынан тыс қалдырған адамдарды орнына қою үшін, Шыңғыс хан Ясада өлім жазасын қарастырған.
«Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданып қойды. Ол жерде көп полемика болды. Онда келісетін жер де, келіспейтін жер де бар. Кәмелетке толмағандардың педагогке тіл тигізгені үшін ата-аналарына немесе оларды алмастыратын адамдарға жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Осы жүйе дұрыс. Біз оқыған кезде, мұғалімнің сөзін мойындайтынбыз.
Осы проблема медицинада да бар. Дәрігер қабылдауындағы науқас, ұрсып –ұрып кететін жағдаяттар көп. Оған да «Педагог мәртебесіндегідей» жүйе қажет. Адамдардың жеке құқығы қорғаумен шектелмей, мамандардың құқығын қорғайтын заң жүйесі керек. Онсыз болмайды.
Бізде жеке мүлікті қорғау керек. Мысалы сіз қазіргі заң аясында кәсіпорынды іске қостыңыз. Ертең жаңа басшылық сіздің кәсіпорныңызды талапқа сай емес деп жабуға тырысуы мүмкін. Сіздің атыңыздағы мүлік ұрпағыңызға кедергісіз мұра боп қалуы керек. Ол да адам құқығының бір бөлшегі ғой.
Қазір қит етсе күнәні мұғалімге аудару белең алған. Балаға ата-ана қарамайды. Бала мектепте 4-5 сағат болады. Қалған 20 сағат үйінде. Отбасы институтының тәлімін алуы керек. Батыстықтардың бізге қызығатыны-отбасыны бірінші құндылық деп білеміз. Қалғаны- уақытша тірлік. Баланың дұрыс азамат болып өсуін отбасы қамтамасыз етуі керек. Жаңа заң ата-анаға баланың жауапкершілігін мектепке жүктемеуге шақырады. Баланың тәрбиесімен тікелей шұғылдануға жетелейді.
- Қазір көпшілік зейнет жасының ұлғайғанына қарсы, ел арасында зейнеткерлік жас әйелдерге қайтадан 58 жас болады деген сөз бар, Мәжіліске осындай заң жобасы түсті ме?
- Жоқ, ондай заң жобасы әзірге түспейтін секілді. Біз де түсінеміз. Ол көп жерде көтеріліп жүрген актуальді мәселе. Әйел жаратылысы 63 жасында физикалық , моральдық түрде шаршайды. Экономика тұрақтанғанда бұл мәселені көтеруге болатын шығар. Бірақ мемлекеттің өзінде сондай бір жүйе болу керек. Бұрын ерлер 60 жаста, әйелдер 53 жаста зейнетке шығатын. Қоғамдық факторлар ескеріледі. Менің пікірімше, әйелдердің зейнет жасын жасарту қажет.
- Сіздің өміріңізде саяси лауазым қандай орын алады?
- Билік, қызмет уақытша. Саяси лауазым иеленгеннен өз міндетіңді орындауды ойлайсың. Маман ретінде, адам ретінде пайдалы өмір сүруді ойлайсың. Саяси лауазым-ең жоғары жауапкершілік. Себебі ол аудандық, облыстық, республикалық деңгейде адамдардың өміріне әсерін тигізеді.
Сұхбаттасқан: Балерке ӘСІЛХАН