Кадиовертер жүрек жұмысын жақсартады
26-01-2024
Рамазан Бектұрғанов, Шымкент қалалық көпсалалы ауруханасының бас дәрігері
– Рамазан Сейдахметұлы, сіз бас дәрігер болғалы ел аузында Форсфоршылар ауруханасы атанып кеткен медициналық ұйым Шымкент қалалық көпсалалы ауруханасы болып өзгерді. Заты да өзгеріп жатқанға құсайды. Мұндай қайта құру не үшін керек болды?
– Біріншіден, облыс орталығының аумағы өзгерді, соның есебінен және демографиялық көбею салдарынан тұрғындарының саны артты. Жыл өткен сайын денсаулық сақтау саласына жауапкершілік те көбейіп барады. Сондықтан ең алдымен халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуіміз керек. Оған әсер ететін екі фактор бар. Біріншісі – дәрігерлер, сосын – медициналық құрал-жабдықтар. Ал, аурухана соған сай болуы қажет.
Фосфоршылар ауруханасы бұрын Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің құрамында болды. Аталған жоғары оқу орны Білім және ғылым министрлігіне қарайды. Ал, бұл министрлік университетке қарасты клиникалық аурухананы қаржыландыру мәселесін заң жүзінде шеше алмайды. Соған байланысты көптеген проблемалар болған. Өз кезегінде Денсаулық сақтау минстрлігіне қарайтын еліміздегі 6 медициналық жоғары оқу орнына аталған ведомство тарапынан арнайы құрал-жабдықтар алуға қаржы бөлінеді. Мұнда ондай мүмкіншіліктер болмаған.
Биыл 13 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің қаулысы шықты. Содан бері облыстық Денсаулық сақтау басқармасына қараймыз. Әділет департаментіне тіркеліп, заңды түрде Шымкент қалалық көпсалалы ауруханасы ретінде жұмысымызды жалғастырып келеміз. Жалпы, көпсалалы аурухана мәселесі Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан да қолдауға ие. Өйткені бір науқасқа жедел жағдайда шұғыл көмек қажет болса, білікті мамандардың бір жерде шоғырланғануы медициналық қызметті тез арада ұйымдастыруға өте ыңғайлы. Оған бізде мамандар жеткілікті. Осы жағынан алғанда да қайта құру дұрыс шешім болды. Екінші жағынан алғанда, көпсалалы аурухана құрамындағы емхана 57 мыңнан астам тұрғынға дәрігерлік көмек көрсетеді. Сосын мұнда босану үйі мен стационар бар. Жалпы, алғанда аурухана 270 төсек-орынмен қамтылған.
Қалалық емдеу мекемесі болған соң босану үйін екінші деңгейге өткіздік. Қағаз, құжат бетінде ғана емес, іс жүзінде де талай жұмыстар істелінді. Соның ішінде бір ғана босану үйіне сатып алынған қажетті 115 медициналық құрылғының құнының өзі жарты миллиард теңгені құрайды. Соның нәтижесінде біз екінші деңгейге жеттік. Бұрын бұл босану үйі аудан орталықтарындағыдай бірінші деңгейлі перзентхана болатын.
– Жаңашыл бастамалар ше, қолға алынып жатқан шығар?..
– Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің №450 бұйрығына сәйкес, Денсаулық сақтау басқармасының талаптары бойынша ауруханада үшжолақты жүйені іске қостық. Тарқатып айтатын болсам, мынау еденде белгіленген қызыл сызық ауыр жағдайдағы науқасқа жедел түрде медициналық көмек көрсету бағыты саналады. Жансақтау бөліміне осының бойымен алып барады. Сары сызық қабылдау бөлімшесінде дәрігерлердің шұғыл көмек көрсетуін үйлестіруге арналған. Көк сызық бойынша пациентке медициналық көмек тіркелгеннен кейін барып көрсетіледі. Бұл үшжолақ аурухана қызметкерлерінің жұмыстарын үйлестіруді едәуір жеңілдетті.
Бұдан басқа Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Мұқан Кеңесбекұлының бұйрығымен және қолдауымен құны 180 млн 470 мың теңгені құрайтын 81 медициналық құрал-жабдық алынды. Төсек-орындарды да жаңалап жатырмыз. Өз қаржымызға 78 кереует, матрацтар сатып алдық. Қосымша 102 кереуетті Денсаулық сақтау басқармасы сатып алып берді.
Жалпы, аурухана ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу үшін құрылыстың жобалық-сметалық құжаттарын әзірледік. Биыл мақұлданса, келесі жылы жаңалау жұмыстарына кірісеміз.
Облыс әкімінің тапсырмасы, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының талабы бойынша жыл соңына дейін аурухана шаруашылық жүргізу құқығына (ШЖҚ) өтуі керек. Оған құжаттарымызды дайындап өткіздік. ШЖҚ-ға өтсек, ақылы медициналық қызмет көрсете алатын боламыз. Оған бірақ сапалы сервис қажет. Онсыз болмайды. Оған қаржы керек. Ақылы қызмет көрсетуді бірте-бірте дамыту арқылы түскен табыстың 40 пайызын Қадағалау кеңесінің ұйғарымымен медицина қызметкерлерінің жалақысына қосып бере алатын боламыз. Әрине, мұндай қаржылық ынталандыру мамандардың еткен еңбегіне қарай төленеді. Негізі дәрігер ешкімге жалтақтамауы керек. Сосын табыстың 60 пайызын аурухананың материалдық базасын нығайтуға, жаңартуға, дамытуға жұмсаймыз. Бұл мақсатта біраз төсек-орындарды ақылы етуді жоспарлап отырмыз.
Тағы бір жаңалық, облыста емханаларға мектеп медицинасы мен туберкулез кабинеттерін қосып берді. Бізге қаладағы 6 мектеп қарайды. Енді ондағы орта буынды медицина қызметкерлері аурухананың мамандары болып табылады.
Келісімшартты бұзса, қаржыны қайтарады
– Өзіңіз айтқандай сапалы қызмет көрсетуге әсер ететін фактордың алғашқысы – мамандар. Дәрігерлердің біліктіліктерін арттыруды қалай жүзеге асырып жатырсыздар?
– Дәрігерлер қашанда біліктіліктерін жетілдіріп тұруға ұмтылуы тиіс. Өйткені басқа ғылымдар сияқты медицина да бір жерде тұрған жоқ. Сол себепті біз биыл облыс әкімінің қолдауымен, Денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен Түркия мемлекетінің Стамбұл қаласына, Беларусь республикасының астанасы Минскіге, көрші ел Ресейдің солтүстік астанасы Сант-Петербургке, сонымен қатар Астана мен Алматы қалаларына дәрігерлерімізді тәжірибе алмасуға, оқуға жіберіп, біліктіліктерін арттырдық. Бұлардан бөлек, Оңтүстік Қазақстан фармацептикалық академиясы мен Шымкент медицина колледжінде де мамандарымыздың білімдерін жетілдірдік.
Медицинадағы 49 мамандықтың ішінде көпсалалы ауруханаға жетіспейтін екі мамандық бар: біріншісі – клиникфармаколог, екіншісі – трансфузиолог. Осы екеуінің бірін Алматыда, екіншісін Шымкентте аурухананың қаражатымен оқытып жатырмыз. Сөйтіп олармен келісімшартқа тұрдық. Оны бұзған жағдайда олар оқуларына жұмсалған қаржыны, шығындарды толық қайтаруы тиіс.
Сонымен қатар, №4 облыстық перинаталды орталығында акушер-гинекологтарымыз, мейіргерлеріміз тренинг сабақтарға қатысты. Реаниматолог, анестезиологтарымыз облыстық балалар ауруханасында біліктіліктерін арттыруда. Облыстық клиникалық ауруханасына да дәрігер реаниматологтарымыз бен лобаранттарымызды оқуға жібердік. Қағазбастылықтан арылу мақсатында қызметкерлеріміздің бәрін арнайы курста оқыттық, компьютерлік сауаттылықтарын арттырдық. КМАЖ (Компьютерлік медициналық ақпараттық жүйе) бойынша ақпараттандыру терминалын құрдық. E.gov үкіметтік порталымен байланыстырып, тіркелу, дәрігерге жазылу, дәрігерді үйге шақырту сияқты қызметтерді электронды тәсілге ауыстырдық. Қазір емханаға келген азаматтардың ешқайсысы бұрынғыдай табанынан тік тұрып кезек күтпейді. Арнайы орындықтарға жайғасып, таблода көрсетілген нөмірі бойынша дәрігерге қарала алады. Барлығы жұрттың көз алдында болып жатқан соң мұнда тамыр-таныстық, ағайынгершілік жүрмейді.
– Жалқыдан жалпыға көшсек... Тұрғындар арасында «еліміздің дәрігерлердің білімі төмен, дұрыс емдей алмайды» деген керағар пікірлер бар. Мүмкін мұндай ойлар дамыған елдерде де айтылатын шығар. Мұның себебін кейбіреулер оқу орындарынан іздеп жүр. Медициналық білім беру саласында да мол тәжірибе жинақтаған маман ретінде айтыңызшы, шынында да еліміздің медициналық оқу орындарында білім нашар ма? Оқуға түскеннің бәрі дәрігер бола ала ма?
– Білім беру төмен деп айтуға болмайды. Себебі қазір 5 жыл бакалавриатты оқиды. Бұл – жалпы білім. Бесінші курсты тәмамдаған соң терапия, педиатрия, акушерлік, гинекология, хирургия, стоматология бойынша 2 жыл интернатурада оқытылады. Сосын 2 жылдан 4 жылға дейін резидентура мамандықтары бойынша даярлаймыз. Сонда барлығы – 11 жыл, бір орта мектепті бітіргенмен бірдей. 7 жылдың ішінде-ақ кімнің дәрігер болатыны анықталады. Интернатураны бітіргеннен кейін олар дәрігер антын қабылдайды. Содан олар кейін заң алдында да адам өмірі үшін жауапты мамандарға айналады. Әрі қарай тәжірибе көрсетеді. Мықты маман болып қалыптасуы жинақтаған тәжірибесіне байланысты. Сондықтан бар мәселені оқу орнына жауып қоя салуға болмайды. Негізі дәрігер бола алмайтын адамдар екінші, үшінші курсқа жетпей-ақ мамандықтарын ауыстырады. Бұл жоғары медициналық оқу орнына түскендердің бәрі дәрігер бола алмайтының айғағы болса керек.
Көрсеткіші жоғары дәрігер қосымша айлық алады
– Сіздіңше медицина маманы пациентті іздеуі керек пе, әлде...
– Бізде жұрттың көбі дәрігер пациентті іздеу керек деп ойлайды. Сосын шығар, ауруы асқынғандар дәрігерлерді кінәлауға дайын тұрады. Мұндай көзқарастар адамдардың өз өмірлеріне деген жауапкершілікті толық сезінбеуіне, өз денсаулықтарына немқұрайлы қарауларына себеп болып жатады. Негізі жұмыс пациенттің дәрігерді іздеу қағидасымен істелуі қажет. Осылай адамдар дәрігерлерін өздері таңдауы тиіс. Сонда ғана медициналық көмек сапасы жақсарады.
Дегенмен, дәрігер болғаннан кейін ол бір аурухананың ішінде жүре бермеуі керек. Медицинада басқа қала, басқа елдердегі әріптестерімен тәжірибе алмасып, дамуы, біліктілігін арттыру маңызды. Көріп, біліп қайтудың ешбір мәні, құны болмайды, егер оны өзі жұмыс істейтін мекемеде қолданысқа енгізе алмаса. Шетелдерге жіберген мамандарымыз келгеннен кейін тәжірибесін ауруханада медицинаға қалай ендіреді, біз соны бақылаймыз. Ол аурухана қаржыландырған ізденісін әріптестеріне де үйретуге міндетті. Сондай қатаң бақылау болмаса, мемлекет қаржысы сұраусыз дүниедей сыртқа шашылып қалуы мүмкін.
– Елімізде бір дәрігерге барып қаралған адамдардың ол қойған диагнозға күмәнданғандай екінші бір дәрігерге барып көрініп жүргендері жиі болмаса да ұшырасады. Егер екі дәрігер екі түрлі диагноз қойса ше, пациент не істеуі қажет?
– Жуырда ғана Елбасымыздың Денсаулық министрін қабылдағандағы айтқаны есіңізде шығар. Нұрсұлтан Әбішұлының өзі айтты ғой, адамдардың денсаулығы 10-15 пайыз ғана медицинаға байланысты деп. Қалғаны пациенттің өзіне байланысты. Сенбесе, 3-4 дәрігерге, тіпті одан да мықты маманға барса да ем қонбайды. Сену қажет, онсыз болмайды!
Емдеу барысында бір дәрігердің өресі жоғары, бірінікі төмен болуы мүмкін. Жалпы бағыты дұрыс болады...
Мемлекект басшысының да, министрліктің де қойып отырған талабы – халықтың медициналық көзқарасын өзгертуіміз, аурудың алдын алу мәселесіне бейімдеуіміз және соған өзіміз де бейімделуіміз қажет. Егер профилактика дер кезінде дұрыс бағытта жүргізілсе, ауруханаға жатып емделетіндердің қатары азаяр еді. Өкінішке қарай, қазір бізде олай емес... Сондықтан біздің жағдайда дәрігер пациентін іздеуі, түсіндіруі, емханалар жұмыстарын жандандыруы қажет болып тұр. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан учаскелік дәрігерлерді ынталандыру қолға алынған. Егер де учаскелік дәрігердің, учаскелік педиатрдың көрсеткіштері өте жоғары болып, оның аумағында ана мен бала өлімі орын алмаса, туберкулез тіркелмесе, жалақысына тура сондай қосымша айлық алатын мүмкіншіліктері бар. Сол себепті оларға қойылатын талаптар да күшейтілген.
– Дәрігер ретінде медицинасы дамыған елдердегі әріптестеріңізбен тәжірибе алмасып тұратын шығарсыз. Солардан көрген қандай озық тәжірибені өзіңіз басқаратын ауруханада енгізгіңіз келеді?
– Бізде жүзеге асыруға болатындарын іске асырып та жүрміз. Дегенмен, денсаулық сақтау саласы қарқынды дамушы елдердің озық тәжірибелерін енгізу үшін медициналық құрал-жабдықтарымыз олардікінен кем болмауы тиіс.
– Адам ауырмау үшін не істеу керек?
– Ең алдымен салауатты өмір салтын ұстану қажет. Ұйқыдан тұрғанда қарапайым жаттығуларды жасауға көңіл бөлген абзал. Ол адамның көп те уақытын алмайды ғой. Өкінішке қарай, аузымызбен айтқанымыз болмаса осы бір дене шынықтыруды көбіміз орындай бермейміз. Сосын дене қимылы көптеу болғаны жөн. Қазір үйінен таяқ тастам жердегі дүкенге де көлікпен баратындар бар. Осы дұрыс емес. Дұрыс тамақтанып, уақытылы тынығып, зиянды әрекеттерден аулақ болу керек.
– Аурухананы бас дәрігер басқару керек пе, әлде менеджер ме?
– Бұл өзі шетелден алынған тәжірибе ғой. Біздің қазіргі жағдайымызда бас дәрігердің басқарғаны тиімді болып тұр. Ал, келешекте ауруханалар мен емханалар жекешеленіп жатса, сенімгерлік басқаруға берілгендей болса, менеджердің басқарғаны дұрыс шығар деп ойлаймын. Бірақ, оған қатаң талап қойылуы тиіс. Медициналық менеджер болуы керек. Сонда ғана жұмыс жүйеленеді.