Құрсақтағы сәби не үшін шетінейді?

Oinet.kz 23-12-2017 5433

Screenshot_6.jpg

Динара Жапарқызы, ультрадыбыстық диагностика дәрігері

Қазақстанда әрбір 113 секундта бір нәресте, ал тәулігіне 766 бала дүниеге келеді... Бұл – осы сала мамандарының дерегі. Ал, дүниеге келуден үмітті болып, бірақ, ана немесе құрсақтағы нәрестенің әлдебір ақауы себепті жарық әлемді көре алмайтындардың дерегін кім біледі? Дүниеге бала әкелем, перзентті болам деген үкілеген үмітін өшіріп алмай, ол баланың өмірге келу-келмеуі неғайбыл екенін болашақ анаға түсіндіріп беретін, бала денсаулығын ана құрсағында жатып-ақ бақылай алатын дәрігерлердің сөзі бізге қаншалықты маңызды, қаншалықты өтімді?

Қоғамның басты байлығы ана мен бала екені анық. Еліміздің денсаулық сақтау жүйесі үшін де ана мен бала денсаулығын сақтау маңызды. Ана мен бала өмірін жақсартуға бағытталған түрлі жобалар қолға алынып, ол жобалардың нәтижесі де көзге көріне бастағанының бір мысалы – ресми деректер соңғы жылдары еліміздегі ана мен бала өлімінің азайғанын көрсетеді.

Ресми деректерге жүгінсек, Қазақстанда дүниеге келген әрбір мың сәбидің 18-і шетінеп кетеді екен. Еліміздегі ана өлімі соңғы онжылдықта 65 пайызға кемігенін, жаңа туған сәбидің өлімі 60 пайызға азайғанын да сол ресми деректер арқылы көз жеткізуге болады.

Медицинада ана өлімінің себептері акушерлік немесе акушерлік емес деп екіге бөлінеді. Акушерлік себептерге преэкламсия, қан кету, түсік жасау кезіндегі асқынулар жатса, акушерлік емес себептерге экстрагенитальды аурулар, яғни, жүрек қантамыр жүйесінің, бүйрек пен бауыр және өзге ағзаларда кезедесетін ауру түрлерін жатқызуға болады екен. Өкініштісі, елімізде ана мен бала өліміне дәрігерлерді жазғырып жататындар да жеткілікті. Бірақ, бұл жағдайға аналар да үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс екені көпшіліктің қаперіне кіре бермейтіндей. Екі жақты жауапкершілікті арттыру арқылы ғана бұл мәселені айналып өте алатынымыз көпшіліктің қаперінде жүрсе, қане?!.

Бір жасқа дейінгі балалар өлімі еліміздің денсаулық сақтау саласының өте маңызды көрсеткіші ретінде халық денсаулығы мен оған көрсетілетін медициналық көмектің сапасын сипаттайтын 12 индикаторлық жүйенің қатарына енеді. Бұл – ұлт денсаулығының жағдайын бағалауға және болжауға көмектеседі. Бір жасқа дейінгі балалар өліміне перинаталды кезеңде пайда болатын жағдайлар, тыныс жолдарының қабынуы, оның ішінде пневмония мен туа пайда болатын ақаулар себеп болады екен. Ал балалар өлімінің себептеріне тыныс жолдарының қабынуы, оның ішінде пневмония, жарақаттар мен күйік және жедел ішек инфекциялары жататынын айтады дәрігерлер.

Ана мен бала өлімінің негізгі себебі – әйел денсаулығында болатын кінәраттар, жүктілік немесе жүктілік кезінде пайда болған әртүрлі аурулар десек, оларды анықтап, аурудың алдын алатын мамандардың да газет бетінен сөз алуы өте маңызды.

Осы орайда, ультрадыбыстық зерттеу дәрігері Динара Жапарқызының айтары төмендегідей...  

– Қазір аяғы ауыр келіншектерді, оның жүктілік мерзімі тым ерте болса да, УДЗ-ға жөнелте беру әдетке айналды. Сіздің ойыңызша, бұл аса қажет шара ма?

– Әрине, қажет. Себебі, қазір ерте жүктілік кезеңінде баланың құрсақта жатып шетінеп кету оқиғалары өте жиі кездеседі. Жатырдан тыс жүктілікті осы ерте кезеңде ультрадыбыстық зерттеу арқылы анықтап, аурудың алдын алған абзал. Жатырдан тыс жүктілік дегеніміз – ұрықтың жатырдан тыс дамуы. Әр түрлі аурудың салдарынан, аборт жасатудан, жыныс мүшелерінің жетілмеуінен, тағы басқа да себептерден ұрық жатыр түтігінен жатырға өте алмай қалады. Ұрықтанған жұмыртқа жатыр түтігінің ішкі қабатына жабысып өседі. Ұрық 6-8 аптадай дамып, түтікті керіп, жарып жібереді. Жатырдан тыс жүктілік кезінде кіндіктің төменгі жағы қатты ауырады, ішке қан құйылып, әйел әлсіреп, есінен танып қалуы мүмкін. Жатырдан тыс жүктіліктің қандай түрі де әйел өміріне өте қауіпті екенін ескере отырып, оны осы УДЗ арқылы анықтап, емдеген өте дұрыс. Қазір түрлі ауытқулар өте көп. Құрсақтағы  ауытқуларды ерте жүктілік кезінде анық байқай аламыз, сондықтан, осы кезеңде УДЗ-ға түсіру өте қажет.

– Ал, сіз айтып өткен ауытқулар, аурулар неден пайда болады?

– Оның себебі өте көп. Толық емделмеген, аяғына дейін айықпаған қабынулар, гормон ауытқушылығы, әйел ағзасындағы күнделікті стресті жағдайлар, эмоционалды факторлар өте үлкен рөл атқарады. Генетикалық факторлардың да маңызды рөл атқаратынын айта кетуіміз керек. Әйелдің күнделікті тұтынатын тағамы да ауру қоздыруға әсер етеді. Әйел ағзасында қандай да бір өзгерістер пайда болса, бала құрсақта жатып шетінеп кетеді. Оның алдын алу үшін, жүктіліктің алғашқы аптасынан-ақ, дәрігерге қаралып, қажет деп тапқан жағдайда диагностикадан өтіп, анализдер тапсыруы керек. Өкініштісі, біздің кейбір әйелдер уақытылы дәрігерге қарала бермейді. Қарала қалған жағдайда да, өтуге кеңес берген диагностикаларды, анализдерді уақытылы тапсырмайды.

Ерте жүктілік кезінде баланың құрсақта шетінеуіне түрлі вирустар попиломавирус, инфекция әсер етеді.

Алдын-алу шаралары – қыз балаларының денсаулығына жас кезінен көңіл бөлу, науқас әйелдерді диспансерлік бақылауға алып, емдеу.

– Ана өміріне қауіп төндіретін жағдайда, не болмаса баланың дұрыс жетілмегенін анықтағанда дәрігер ретінде анаға жасанды түсік жасатуға кеңес бересіздер. Түсіктен кейін де бұл жағдай қайталану қаупі бар ма?

– Егер арада аздаған үзіліс жасап, қажет анализдерді уақытылы тапсырып отырып, акушер-гинекологта тұрақты түрде емделсе, екінші рет қайталануы өте сирек.

– Бірінші рет бала көтергенде жасанды түсік жасатса, екінші баланы көтеру қиындау деп жатады. Бұған не дейсіз?

– Жатырдың негізгі түгін қырып жібермей, дұрыс жасаса, көп қауіп жоқ. Ол УДЗ бақылауынсыз, дәрігердің білігіне байланысы дер едім. Көп  жағдайда жатырдың негізгі түгін де қырып жібереді. Ол түксіз әйел бала көтере алмайды.

– Әйелдің темекі шегуі, ішімдік ішуі, естірткіге әуестенуі құрсақтағы балаға әсер ете ме?

– Әрине, әсер етеді. Ішімдік пен анашаға уланған бала дүниеге сау келмейді. Баланы жоспарлаған уақыттан бастап, жүктілік кезінде және бала емізетін кезеңде әйелге ішімдік ішу, анаша тарту тұрмақ, темекі шегуге де болмайды. Мұндай жаман әдеттерден тек жүктілік кезінде емес, жалпы өмір салтында алшақ жүру керек екенін әрбір саналы азамат түсінуі тиіс.

– УДЗ кезінде қандай да бір ауытқушылықты байқаған дәрігер әйелге аборт жасау керегін айтады. Сіз бұған қалай қарайсыз?

– Ол қандай ауытқушылықтың анықталғанына байланысты. Бірінші скринингке дейін, жүктіліктің 12 аптасына дейін генетикалық факторлармен байланысты ауытқулар, мәселен, ДНҚ құрылымының бұзылуы байқалса, бұл жағдайда жүктілікті үзген абзал.  Ішкі ағзасы дұрыс қалыптаспаған баланы өмірге қиналып әкелгеніңмен де, ол баланың өмірі ұзаққа бармайды. Бір жасқа дейін шетінеп кетіп жатады. Бұл жағдайда ол ана өміріне де қауіп төндіреді. Тағы да қайталап айтамын, абортты паталогияның ауыр-жеңілдігіне байланысты ұсынамыз. Кейбір ауытқулармен бала өмір сүре алады. Ондай жағдайда анаға құрсақтағы сәбидің жағдайын түсіндіріп айтып, ерте кезден емделу, сауықтыру жұмысын бастаған дұрыс.  

– Егер жағдайдың ауыр екенін біле тұра, ана аборт жасатқысы келмесе не істейсіздер?

– Біз міндеттей алмаймыз. Тек сақтандырамыз. Құрсақтағы баланың қаупі мен ауытқуы туралы толық ақпаратпен ананы таныстырамыз. Баланың өмірге дұрыс келмейтінін, тіпті дүниеге келе қалған жағдайда да ұзақ өмір сүре алмайтынын түсіндіреміз. Өзге де дәрігерлерге барып көрінуіне кеңес береміз. Көп жағдайда сауатты маман пікіріне әйелдер құлақ қояды.  

– Ал, кейбір жағдайда, дәрігерлер құрсақтағы баланың бойынан ауытқуды анықтап, бірақ бала өмірге дені сау болып келіп жататын оқиғалар кездесе ме?

– Біздің емхана дәрігерлері қолданатын УДЗ құрылғысының мүмкіндігі өте жоғары. Қандай мықты құрылғы болса да, 90 пайыз ғана дұрыс диагноз қоя аламыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

P.S. Бала денсаулығы қалыпты болу үшін ана денсаулығы дұрыс болуы қажет. Дені сау ұрпақ тәрбиелеу үшін мемлекет аналарға жағдай жасап, ал ата-ана мен дәрігерлер өздеріне жүктелген міндетті мүлтіксіз атқаруға тиіс дегенімізбен, денсаулықты күту – әр адамның өз міндеті. Жан-жақты жауапкершілік қана ана мен бала өлімінің алдын алуға ықпал етпек.

Әңгімелескен Қарагөз СІМӘДІЛ

Рамазан Бектұрғанов: «Ақылы медициналық көмек аурухананың әлеуетін арттырады»
Рахмат Мүсірәлиев: «Дәрігер мен пациент бір-біріне көмектесуі керек»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу