Сұлтанғали Арзықұлов: «Манчестер қаласы Англияның көрікті, көпұлтты қалаларының бірі»

Oinet.kz 28-11-2013 1214

«Болашақ» халықаралық стипендиясы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 1993 жылы бекітілді. Бұл   жастардың сәтті мансап пен кәсіби өзін-өзі жетілдіруінің кепіліне айналғаны айқын ақиқат. Содан бергі 20 жыл ішінде шарапаты мол бағдарлама аясында  6 мың қазақстандық Ресей, АҚШ, Германия, Австралия, Қытай, Жапония, Чехия, Канада,  тағы да басқа алпауыт елдерде білімін шыңдады. 

Screenshot_3.jpg

«Жанам деген жүрекке   от берген»   «Болашақ» бағдарламасы  қазақстандық студенттерге шетелдердегі  әлемдік рейтингісі жоғары  университеттерде  сапалы білім алуға және білікті  маман болуға зор  мүмкіндік туғызды.  Сонымен қатар  басқа халықтардың тыныс-тіршілігімен шынайы өмірде танысуға жағдай жасады.   «Талпынған жетер мұратқа» деген   тәмсілді ұстанып, білімдерін шетелде шыңдаған  жастардың арасында жерлестеріміз де бар.  Солардың бірі Темірлан елді мекенінде туып өскен Сұлтанғали Арзықұлов. Ол  «Болашақ» бағдарламасы арқылы Ұлыбританияның Манчестер қаласындағы Манчестер университетінде оқып, таяуда туған жері Қазақстанда жұмыс істеуге  оралды.  

- Сұлтанғали,  «Болашақ» стипендиясына қол жеткізу оңай болмаған шығар?

- Ауылдағы А.Иманов атындағы орта мектепті «Алтын белгімен» бітірген соң, арман қуып, Алматы қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің радиотехника, электроника және телекоммуникация мамандығы бойынша оқуға түстім. Оқуды қызыл дипломмен аяқтағаннан кейін білімімді одан әрі  жетілдіруді ойлап, «Болашақпен» шетелге оқуға түсуді мақсат еттім.  Талпынсаң бәріне жетеді екенсің, жолым болып бағдарламаның стипендия иегері атандым. «Болашақ» бағдарламасының ережесі бойынша тест тапсыруың керек. Әсіресе ағылшын тіліне арналған тапсырмалары қиындау.  Бірақ жақсы дайындықтың нәтижесінде ол сынақтардан сүрінбей өттім. Менің мамандығым бойынша магистаранттарды дайындайтын әлемдік университеттердің рейтингісінде    Ұлыбританиядағы Манчестер университеті екінші орында тұр екен. Бірден осы жоғары оқу орнын таңдадым. Негізінен Манчестер университеті Ұлыбританиядағы ең ірі, атақты әрі ауқымы жоғары оқу орындарының бірі болып табылады. 

- Жат елге жерсіну қиын болды ма?

- Ол жақтың мәдениеті, адамдардың өмір сүру деңгейі мүлдем өзгеше. Халқы өте жайдарлы, ашық жүзді, адамдармен тез тіл табысқыш. Көшедегі біреуден жөн сұрай қалсаң  бар ынта-шынтасымен жауап беріп, қол ұшын созуға дайын тұрады. Сондықтан ортаға тез бейімделіп кеттім. Ал Манчестер қаласы Англияның көрікті, көпұлтты қалаларының бірі.  Шаһар өзінің Manchester United және Manchester City секілді  әлемге белгілі клубтарымен танымал. Маған әсіресе Ұлыбританиядағы ең үлкен әмбебап орталықтарының бірі «Trafford Centre» орналасқан «Old Trafford» стадионы ұнады. 

- Ол жақтың оқу жүйесі туралы айта кетсең. Қазақстанмен салыстырғанда айырмашылық көп пе?

- Басты  айырмашылық білім сапасында. Мысалы елімізде оқу озаты болған, өте білімді деген жастарыңыз мұнда келсе орта деңгейге түсіп қалады. Оқытушылар студенттерге өз бетімен ізденуді талап етеді. Оқу орнындағы оқыту жүйесінің бір жақсы жағы профессорлар студенттермен құрдас әрі дос ретінде қарым-қатынас жасайды. Сондықтан дәрісте өзіңді еркін сезініп, барлық сұрақтарыңды қысылмай қойып, ашық пікір алмаса аласың.  Одан кейін оперативтілік байқалады. Аз уақыттың ішінді бірнеше тақырыпты меңгеріп үлгеруің қажет. Сондықтан ол жақта магистратураны 1 жыл оқиды. Ал бізде және ТМД елдерінде магистратураны екі жыл оқиды. Сабақтарымыздың барлығы ағылшын тілінде өтті.  

- Жалпы Манчестер қаласы студенттердің өмір сүруіне қолайлы ма?

- Ия. Оқып жүргенде таршылық көре қойған жоқпын. Достарыммен  пәтер жалдап тұрдым. Пәтер жалдаудың бағасы аса қымбат емес. Алған шәкірақым күнделікті тамағыма, жүріп-тұруыма, киім-кешегіме басқа да шығындарыма толығымен жетті. 

- Университетте өзге елдерден келген студенттерге көзқарас дұрыс па? Талап барлығына бірдей ме?

- Менің тобымда шетелдің көптеген жастары білім алды. Олардың басым бөлігі қытайлықтар. Ал Қазақстаннан екеу болдық. Білім ордасында көпұлтты жастардың бастары құралғандықтан  «сен орыссың,  қытайсың, немесе  қазақсың» деп бөле-жару атымен жоқ. Барлығына талап та, жағдай да бірдей жасалады. Ұлтымызға, нәсілімізге қарамастан бәріміз дос болып, қиын сәттерде бір-бірімізді сүйеп, демеп  жүрдік.  Олардың біразымен әлі күнге дейін хабарласып, жағдай сұрасып тұрамын.    

- Ұлыбритандықтар Қазақстан туралы біле ме?

- Мен оқыған жылдары олардың Қазақстан мемлекетінен бейхабар екенін байқадым. Бұл жағдай маған аздап ауыр тигенін жасырмаймын. Содан топтағы екі қазақ (біреуі Астана қаласының жігіті болатын) Отанымыз жайлы жарты сағаттық фильм түсіріп, сабақ үстінде группаластарымызға тамашалатайық  деп профессорға өтініш жасадық. Ұстазымыз қуана келісімін берді. Фильмге біз Қазақстанның көрікті жерлерін, табиғатын, әсем қалаларын, ұлтымыздың тарихын, салт-дәстүрін, қонақжай халқын және дамыған 30 елдің қатарына қосылуға талпынып келе жатқан жаңа дәуірдегі Қазақстанның келбетін көрсеттік. Осы фильмнен кейін мұғалімдерден бастап студенттерге дейін біздің елімізге қатты қызығып, картадан іздеп, жеріміздің кеңдігіне таңдай қақты, кейбірі  Қазақстанға келіп қайтуға құмартты. Сол сәтте біз де бір марқайып қалдық. Болашақта шетелге аттанған біз секілді студенттер де атамекенімізді дәріптеп жүрсе деймін. 

Кейде кейбір қандастарымыздың ана тілін білмеуінің кесірі өзімізге тиіп жатады. Шетелде оқып жүргенімде бір қазақ жігіті үшін шетелдіктің алдында қатты ұялғаным бар еді. Бір бөлмеде тұратын еуропалық досыма қазақ тілінде сәлемдесу, жөн сұрасу секілді сөздерді, ол да маған өз тіліндегі бір-екі сөздерді үйретіп еді. Бірде әлгі досым таңданып «университетке жаңадан келген қазақ студентіне қазақша сөйлеген едім, ол маған ағылшынша «кешір, мен қазақша білмеймін» деп жауап берді. Сонда қалай, өз ана тілдеріңді білмейсіңдер ме?» дегенде не деп жауап берерімді білмедім. Елімізді өзгеге таныту үшін алдымен өзімізді түзету керек секілді. Сонау шетелдік азамат қазаққа қазақша сөйлеп тұрғанда қазақ тілінде  жауап бере алмағанымыз егемендігімізге, ұлтымызға үлкен сын, ұят тірлік емес пе?  

- Оқуыңды аяқтаған соң шетелде қалып, карьера қалыптастыру ойыңда болды ма?    

- Жоқ, мен шетелге оқуға сонда қалу үшін емес, алған білімімді өз еліме жұмсау үшін бардым. Оның үстіне ағайын-туыс және ата-анам маған үлкен үміт артып отырған соң ол жақта қалып қоюға хақым жоқ деп есептеймін. Рас, шетелде білім алған жастарымыздың сонда қалып қоятын жағдайлары кездеседі. Манчестер қызықты өмірімен өзіне баураса да мені елге тартқан патриоттық сезім. 

- Бүгінде «Болашақтықтарды» нендей мәселе толғандырады? 

- Жалғыз «Болшақтықтар» емес кез-келген оқу бітірген түлектердің басты проблемасы жұмысқа орналасу. Дипломыңды алып жұмыс іздеп  барсаң барлығының айтатыны тәжірибенің жоқтығы. Оқуды енді ғана аяқтаған адамда тәжірибе қайдан болсын? Түлектердің  алдынан шетелде болсын, өзіміздің елде болсын осындай кедергілер шығады. Бұл жағдай қазір өзімнің де басымнан өтіп жатыр. Бір айта кетерлігі «Болашақпен» оқып келген жастардың көбі еліміздегі жалақысы төмен жұмыстарға бара бермейді. 

- Сұлтанғали, сөзің аузыңда, Елбасы бір сөзінде «Болашақтықтарды» әуелі ауылды жерлерге тәжірибе жинақтауға жіберу керек, әйтпесе олар келе салып жоғары қызметтерге ұмтылады деп айтқаны бар еді. Ал сен ауылға жұмыс істеуге барар ма едің? 

- Егер лайықты жұмыс табылып тұрса ауылда қызмет етуден, оның гүлденуіне атсалысудан қашпаймын. Өзім де ауылда өсіп, жетілдім емес пе?

- Алдағы жоспарларың қандай?

- Радиотехника, электроника және телекоммуникация саласында қазақ тілді оқулықтар жоқтың қасы, барлығы орыс тілінде. Ал ана тіліндегілері сауатсыз аударылған.  Алматыда оқып жүргенімде осы олқылықтың орнын толтыруды көздеген едім. Себебі ауылдан келген жастарымыз оқулықтардың жетіспеушілігінен қиналып жатады. Қазір осы мамандыққа қатысты кітаптарды студентттерге түсінікті, нақты, жеңіл тілмен аударып, оқулықтардың қатарын көбейтсем деген ойым бар. Бір сөзбен айтқанда, осы саланы терең зерттеп, қазақшалауды қолға алмақпын.  

- Сұхбатыңа рахмет. Саған сәттілік тілейміз!

Туризмнің басты қозғаушы күші - жарнама
Уәли Қыдыр: «Жергілікті билік бізге тек жақсы жаңалықтарды көрсетуге міндетті секілді қарайды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу