Туризмнің басты қозғаушы күші - жарнама

Oinet.kz 21-11-2013 1199

Көзін тапқанға туризм үлкен табыс әлемі, әрі табиғатқа, экологияға зиянын тигізбейтін таза бизнес. Әлемде осы саланы жандандыру арқылы қазынасын арттырып, абыройын асқақтатып отырған Швейцария, Түркия секілді мемлекеттер аз емес. Аллаға шүкір, Қазақстан шетелдік туристерді қызықтыра алатындай табиғи сұлулықтардан, тарихи құндылықтардан кенде емес. Нақты деректерге жүгінсек, облысымыздың өзінде 1209 тарихи және мәдени ескерткіштер бар екен. Бұл қуаныштысы. 

Screenshot_2.jpg

Ал, өкініштісі, Тәңір сыйлаған осынау байлықты тиімді пайдалана алмауымызда болып тұр. Дегенмен, мемлекет тарапынан бұл салаға да назардың күшейгенін байқауға болады. Осы кезге дейін әр министрліктің жетегінде, әр басқарманың құрамында болып келген туризм саласы маңызды құрылымдардың біріне айналған Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне өтіп, бұл саланың гүлденуіне мүмкіндігі мол бірнеше облыстарда арнайы басқармалар құрылды. Соның бірі және бірегейі ретінде Оңтүстік Қазақстан облыстық туризм басқармасын айтуға болады. Басқарма басшысы Райымбек Жолдас үшін туризм саласы жат деп айта алмаймыз. Ұзақ жылдар табиғаты сұлулық пен киелілікке толы Бәйдібек ауданында идеология саласын басқарып, кейін ауданның бірінші басшысы тізгінен қолға ұстады. Былайша айтқанда, ауданның әрбір тасының тарихына қанық азамат. Енді облыс туризмінің арбасын алға сүйреп, тасын өрге домалатады деген сенім бар.

Қазақстанды шетелдіктер Астана мен Алматы деп таниды

18-22 қараша аралығын туризм индустриясы комитеті туризм апталығы деп жариялаған болатын. Апталық аясында аталған басқарма бірнеше іс-шаралар өткізді. «Оңтүстік Қазақстан облысы туризмді дамытудың әлеуеті мен келелі мәселелері» деген атаумен өткен семинар-кеңес осы шаралардың бірі. Оған барлық аудандардағы туризммен айналысатын тиісті мамандар, осы саланың жанкүйерлері, туроператорлар қатысты. Келелі әңгімелер қозғалған семинарда бірнеше аудандар өздерінің туристік мүмкіндіктері туралы жариялап, келешек жоспарларын, ойларын ортаға салып, ортақ келісімдер дүниеге келді.

- Жақында Астанада туристік өнімдердің халықаралық көрмесі, сосын Лондонда 130 елдің өкілдері қатысқан дүниежүзілік көрме өтіп, бізден арнайы делегация қатысып қайтты. Сол кездегі көзіміздің жеткені – Қазақстандық туризм, жалпы Қазақстан жайлы шетелдіктер тек қана Астана мен Алматы қалаларын ғана біледі де, өзге өңірлерден бейхабар екен. Көрмеге өңіріміздің әлемдік туризмге сұранып тұрған әсем табиғаты мен тарихи орындары бейнеленген брошюралар, журналдар, жарнамалық мақалалар алып барған болатынбыз. Бұған қызығушылық танытқан бірнеше елдің өкілдері облысымызға арнайы келіп, өңірімізбен танысып, шетелдік туристерді тартуға уағдаласып кетті. Ал, өткен айда облысымыздың туристік мүмкіндіктерін насихаттау мақсатында өткізілген ақпараттық турға өзге аймақтардан, Астанадан, Алматыдан, Ресейден арнайы туроператорлар қатысып, үш күн бойы туристердің қызығушылығын тудыратын нысандарды аралаттық. «Оңтүстік Қазақстанның осындай жоғары мүмкіндіктері бар екенін білмейді екенбіз» деп таңдай қаққан олардан қазір ұсыныстар түсе бастады. Жаңа жылдан кейін туристерді әкеліп, өңір табиғаты мен тарихын таныстырсақ деп отыр. Осы секілді таныстыру, жарнамалық-насихат түріндегі жұмыстарды одан әрі жандандырсақ деген жоспар аясында бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, өңіріміздің туристік әлеуеті жөнінде бейнероликтер дайындатудамыз. Бұл мақсатта биылғы жылға 15 миллион, келесі жылға тағы 15 миллион теңге қаржы қаралып отыр. Бұйыртса, алдағы жаңа жылдан бастап еліміздің барлық аймақтарында, онан кейін дүние жүзіне белгілі CNN, Еуроньюс секілді телеарналар арқылы насихаттық мақалалар таратылатын болады. Германияда арнайы туризм саласына бағытталған, 31 мың таралыммен шығатын халықаралық журнал өкілімен де кездесіп, жарнамалық мақалалар беруге келістік, - дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық туризм басқармасының басшысы Райымбек Жолдас.  

Үш бағытты дамыту мүмкіндіктері мол

Облысымыздың туризмін үш бағыт бойынша дамытудың маңызы орасан. Оның біріншісі - мінәжат ету, яғни тарихи-танымдық туризмі. Екнішісі, экологиялық және үшіншісі емдеу-сауықтыру туризмі. Бұл үш бағыт бойынша да қызығушылық танытқан туристерге облысымызда көрсетуге жеткілікті нысандар бар және олар жыл сайын жандану жолында. Мәселен, емдеу-сауықтыру бағытында басты орын алатын Сарыағашта соңғы жылдары жиырмаға жуық жаңа санаторийлер салынып, қонақтарды қабылдау мүмкіндігі артты. Ол аз десеңіз, мұнда жаңа типтегі курорттың жобасын жасау мақсатында шетелден арнайы мамандар шақыртылып, нақтыланған жоспар үшін қаржы қаралып отыр. Оның үстіне Сарыағаш алып қала – Ташкентпен іргелес орналасқан. Ташкентте үлкен әуежай бар. Өзбекстанның Самарқанд, Бұқара қалаларына келетін туристер өте көп. Осы жағдайды тиімді пайдаланып, туристерді Сарыағаш қаласы арқылы Түркістан мен Отырарға, Сайрамға келуге қызығушылығын тудыратындай жағдай жасау аса қажет-ақ. Ендігі жерде этнотуризм бағытын жандандыруға да көңіл бөліне бастады. Бұл мақсатта этноауылдар салу жөнінде ұсыныс-пікірлерін білдірген аудандар жұмыстарын бастап та жіберді.  

Туризм басқармасы басшысының айтуынша, алдағы үлкен жоспарлардың бірі – Төлеби ауданындағы «Қасқасу» туристік-рекреациялық кешені инвестициялық жобасы екен. Халықаралық дәрежеде Тау шаңғысы курортын салу ісі бойынша алғашқы шебер-жоспары жасалынды. Жобаның жалпы құны 220 миллион АҚШ доллары көлемінде болмақ. Қаражаттың 70 пайызын республикалық, қалған 30 пайызын жергілікті қазынадан қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Алғашқы кезеңде инженерлік-коммуникациялық желілер салу қажет. Оның жобалық-сметалық құжаты жасалып, сараптамадан өткізілді. Қажетті қаражатты бөлу үшін тиісті орындарға ұсыныстар берілді. Ұсыныс қолдау тапқан жағдайда бұл тамаша жоба келесі жылдан бастау алуы мүмкін. Бұл демалыс аймағының бір ерекшелігі – жыл он екі ай жұмыс істейтін болады. Демалушылар қыста шаңғы тепсе, жазда әсем табиғат аясында тынығуға мүмкіндік алады. Ал, канатты, шаңғы жолдарын, қонақ үйлер, басқа да қажетті нысандарды салуға ниет білдіріп отырған шетелдік және жергілікті инвесторлар жеткілікті.

- Мұндай демалыс аймақтары қазір де жұмыс істейді. Мәселен, «Тау самалы» демалыс аймағындағы қонақ үй де, коттедждер де еуропалық стандартта салынған. Марал, балық шаруашылығы бар. «Алатау» шаңғы базасы кішігірім есептеледі. Бұл шаңғы базасының бар екенін әлі көпшілік толық біле бермейді, өйткені, жарнамалық насихат жұмыстары төмен. Дегенмен, қыс айларында база демалушыларға толып кетеді, яғни облыс тұрғындарын өзін толық қамтамасыз ете алмай жатыр деген сөз. Қазір бұл базаны жыл бойы жұмыс істету үшін жекеге сату жұмысы жүргізіліп жатыр, - дейді Райымбек Жолдас. 

Қымбат қызмет - туризмнің дамуына тежеу

Мамандардың сөзіне құлақ түрсек, облысымыздағы туризм саласының дамуына кедергі келтіріп отырған бірқатар жайттар баршылық екен. Ең бастысы – қызмет ету құнының өте жоғарылығы. Қазір 500-1000 АҚШ доллары аралығындағы ақшаға сонау Анталияда бір апта демалып келуге болады. Ол ақшаның ішінде жолы, тамағы, жататын орны бар. Ал, біздегі демалыс орындарындағы бір күндік баға 40-50 мың теңгенің төңірегінде. Себебі, олардың басым бөлігі жаз айларында ғана қызмет көрсетеді. Бағаны қымбат етпесе, шығынға батуы мүмкін. Бұл қалталы азаматтарды ғана қамтуға мүмкіндік береді. Ал, жалпы көпшілікті қамтымай, пайда көзін арттыру және тұрақтандыру мүмкін емес. Бағаны төмендетудің төте жолы – бәсекелестікті арттыру екені айтпаса да түсінікті.  

Екінші мәселе – қонақтарға қызмет көрсету мәдениетінің деңгейі. Бұл өз алдына үлкен мәселе. Елімізге бір келген туристтің ендігіде қайтып келу, келмеуі осы қызмет көрсету мәдениетке тікелей байланысты.  Қазір бұл мәселе бойынша облыс орталығының мүмкіндігі жоғары. Шымкентте үш, төрт жұлдызды қонақ үйлер жеткілікті. Халықаралық деңгейдегі қонақ үйлер де салынып жатыр. Түркістанда мен Сарыағашта да мүмкіндік бар. Өзге аудандарда қолға алынып жатыр. 

- Қонақүйлердегі қызмет көрсету деңгейі халықаралық стандартқа сәйкес болуы және туристерді күтіп алушы қызметкерлер, гид, экскурсоводтар шет тілдерін білулері қажет. Бізге бірінші кезекте осы талаптарды орындауымыз тиіс. Осыған орай келесі жылы басқарма тарапынан арнайы қаржы қаралып, экскурсоводтарды, гидтерді және қонақ үйдің күтушілерін бір айлық курстан өткізуді жоспарлап отырмыз. Облыс әкімідігі мен облыстық мәслихат қолдайтын болса, арнайы туристік орталық ашу да ойымызда бар. Ол жердің мамандары экскурсоводтар мен гидтарды оқытумен шұғылданады. Дайындалған мамандар туроператорлардың сұранысы бойынша жұмыспен қамтамасыз етіліп отыратын болады, - дейді басқарма басшысы. 

Облыс туризмін дамытуға тежеу болып отырған тағы бір мәселе - Өзбекстанмен арадағы шекарадан өту қиындығы.  Шекарадан өту үшін туристердің жарты немесе бір күн уақыттары кетеді, шаршап-шалдығады. Бұл олардың қызығушылығына кері әсерін тигізеді. Әрине, бұл түйінді тарқатудың жолдары қарастырылуда. Жақында облысымыздың делегациясы Ташкентте болып қайтыпты. Ол жерде туристік алмасуларды жеңілдету жөніндегі бірінші меморандумдарға қол қойылған. Дегенмен, бұл үкімет тарапынан шешілмейінше, қиындықтан құтылу қиын.

Бейбарыс Серікбаев: «Әкеме еліктеп өстім»
Сұлтанғали Арзықұлов: «Манчестер қаласы Англияның көрікті, көпұлтты қалаларының бірі»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу