Бейбарыс Серікбаев: «Әкеме еліктеп өстім»

Oinet.kz 05-12-2013 1521

Талантты әнші-сазгер Ержан Серікбаевтың абайсызда ажал тырнағына іліккеніне  екі жылдың жүзі болды. Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында 70-ден астам ән шығарған Ержанның әндері әр қазақтың жүрегіне жол таба білді.

489220c3800602e812debd729aa1f7ea.jpg

Ол  1962 жылдың 29 желтоқсанында Арыс қаласында дү­ниеге келген. Жастайынан жанына спорт пен өнерді серік еткен Ержан кезінде бокс­тан бірнеше жарыстарға да қатысып, жеңімпаз атанған. Алматыдағы эстрада және цирк студиясында әйгілі әншілер Зейнеп Қойшыбаева мен Лаки Кесоглудан тәлім алған азамат кейін «Гүлдер» ән-би ансамблінде өнер көр­сеткен. Киелі сахнадан  түспей, сазы келіскен қаншама әндердің авторы атанса да асып-таспай, қарапайымдылығынан танбаған оны өнердегі, өмірдегі достары ерекше құрмет тұтатын еді. Қазір марқұмның артында жары Кәмила мен жалғыз ұлы Бейбарыс қалды. 

Жақында  «Оңтүстік цирктің» ғимаратында  Шымқаланың тұрғындары Ержанның әндерімен қайта қауышты. Танымал әншінің еске алу кешінен кейін оның ұлы Бейбарыспен тілдескен едік. «Әкем бар ғұмырын осы Оңтүстіктің жерінде өткізген адам. Белгілі әнші Жұбаныш Жексенұлы, сатирик Уәлибек Әбдірайымов ағаларымыз  еске алу кешін жоғары дәрежеде өткізуге көп  атсалысты. Концертке халық көп жиналды. Жеңіс Ысқақова, Әбдіхан Нұрмағамбетов, Асқар Жүнісбеков, Дәурен Сейітжан сынды әншілер қатысып, әкемнің жұрт біле бермейтін қырларын айтып, әндерін шырқады»,- дейді ол. Қазір Бейбарыс әке жолын қуып, жолы ауыр өнер жолына түсті. Ержан Серікбаевтың өмірден өткен өз әкесіне арнаған «Әкені аңсау» әнімен үлкен сахнаға шыққанда Бейбарысқа көпшілік тамсана да, сүйсіне қарады. «Бала кезімде әкемнің ән айтқанына,  ұзақ түнде оңаша отырып, ән шығарғанына куә болып өстім. Содан мен басқаларға емес өз әкеме еліктеп, сол секілді саханада ән айтуды армандадым. Қолымнан жетектеп жүріп, жастайымнан өнерге баулып жүретін еді. Кішігірім концерттерде өнер көрсетіп жүрдім. Ол өмірден өткен соң атамызға арнаған «Әкені аңсау» әні  маған мұраға қалған секілді болып қалды. Осы әнді орындауды өзіме парыз санап, үлкен сахнаға жол тарттым. Әзірге әкемнің әндерін орындар жүрмін. Одан бөлек репертуарымда әкемнің көзін көрген, досы болған, жергілікті, мықты композиторлардың бірі Мұхит Қасқырбаевтың «Ғашықтар бағы» әні бар. Алдағы уақытта Ұлықпан Жолдасав және Бауыржан  Есебаевтың әндерін орындау жоспарда бар»,- дейді Бейбарыс.  

Ержан Серікбаевтың сазгерлігі Бейбарысты да айналып өтпепті. Қанмен дарыған таланттың арқасында болар, жас әнші өзі шығарған бір-екі әнінің бар екенін айтып қалды. «Асығыстық жасағанды ұнатпаймын. Ол әндерді әлі өңдеп, пісіру керек. Халық кез-келген әніңді сынап, салыстырып  отырады. Сондықтан олар әбден кемеріне толған сәтте барып жарыққа шығаруды ойлап жүрмін»,- деді. Қазір әнші мен қатар продюссердің ролі үлкен. Өнер иесін жетелеп, бұқарамен байланыстырып, халыққа дәріптеп, танытып жүретін де осы мамандық иелері.  Бейбарыстан «продюссерің кім?» деп сұрағанымызда «маған продюссердің қажеті жоқ» деп шешіп айтты. «Бүгінгі таңда продюссерсіз әншіге қиын екенін білемін. Бірақ менің өнерде қолдау көрсетіп жүрген ағаларым көп. Елімізге танымал Жұбаныш, Ұлықпан, Сәкен, Ақылбек секілді ағаларым әрдайым қолдау білдіріп, ақыл-кеңестерін беріп тұрады. Мұның барлығы әкемнің өнерге, достарына деген адалдығынан деп білемін. Ол сахнада қандай салмақты болса, өмірде де сондай сабырлы, ақкөңіл, адамгершілігі мол, қолынан келер көмегін аянып қалмайтын жан еді. Ортасына сыйлы, қадірлі болды»,-деп еске алды. 

Оңтүстік өңірі талай даналар мен данышпандарды, ғұламалар мен ғалымдарды, ақиық ақындар мен әнші-сазгерлерді өмірге әкелген өнер ордасы. Шымкент қаласындағы  Шәмші аллеясында Ержан Серікбаевтың аты даңқты дарындармен бірге арнайы тақтайшаға жазылып, «жұлдызы жарқырап» тұр. Ел аузынан Ержанды Шәмшіге тартқан деген әңгіме де шыға бастаған еді. Енді әкеге еліктеп өскен ұл Бейбарыстың жолы ашық болсын деп тілейміз. 

Дана Молжігіт: «Германияда студент ұстазымен жанашыр досындай сырласады»
Туризмнің басты қозғаушы күші - жарнама
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу