Уәли Қыдыр: «Жергілікті билік бізге тек жақсы жаңалықтарды көрсетуге міндетті секілді қарайды»

Oinet.kz 31-10-2013 1039

FB_IMG_1565353398705.jpg

- «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының басшылығына келгеніңізге біршама уақыт болды, қандай өзгеріс енгізе алдыңыз, көрермендерді нендей жаңалықтар күтіп тұр?

- Бүгінде телеарналар мен көрермендердің бір-бірімен байланысы бұрынғыдан да біте қайнасып кетті. Оның үстіне соңғы жылдары  ел баяғыдай арнаның екі-үшеуін ғана көрумен шектелмей таңдап, талғап тамашалайтын олардың саны жүзден аспаса, кем емес. Бұл бағытта «Отау-ТВ»-ның қызметін ерекше атап өтуге болады. Осындай өзгерістердің арқасында телеарналар арасында бәсекелестік ұлғая түскен. Бұл сапаға айрықша назар аударуымызды талап етеді. Жалпақ тілмен айтқанда халық халтураны көрмейді. Өйткені, көрермендер заман ағымына қарай білімді, әлемде не болып жатқанынан жақсы хабардар. Көрермендердің осындай биік талғамы бізге де көп міндеттер жүктейді. 

Мен қазіргі қызметіме кіріскелі, яғни биыл жыл басынан бері шамамен 16-17 жаңа бағдарлама ашылыпты. Оның ішінде көрермендердің көзайымына айналып үлгерген «Ғұмырдария» бағдарламасын ерекше атап өтуге болады. Бұл бағдарламада осы өңірде жүрген елге танымал қоғам қайраткерлерінің, зиялы қауым өкілдерінің, спорт, өнер саңлақтарының күнделікті қарапайым өмірі жайлы айтылады. Хабардың тұсаукесерін халық ақыны Әселхан Қалыбекованың 63 жасқа толған күніне сәйкестендіріп, 22-наурызда бірінші хабарын көрсеттік. Әселхан апамыз үлкен сахналарда халықтың мұң-мұқтажын айтып жүрген азулы ақын болғанымен, отбасында асыл ана, сүйікті әже. Бала-шаға тәрбиелеп, немере сүйіп отырған ауылдың қарапайым бір тұрғыны. Сәтті шыққандықтан болар, бағдарлама барысында Әселхан апамыздың көңілі босап, көзіне жас алған сәттері болды. Сол секілді жазушы-журналист Мархабат Байғұт ағамыз да қойылған сауалдарға жан-тәнімен жауап беріп, көңілін тербеген сәттерде жанарын жасқа шылап алды. Бұл хабардың алға қойған мақсатының орындалғаны деп білеміз. Хабардың рейтингісі көтерілгенінен болар, тіпті, көрермендер тарапынан көптеген ұсыныс-пікірлер түсіп, «қаржысы қанша?» деп қызығушылық танытушылар да пайда болды. Бірақ, бұл бағдарламамыз қаржы табу мақсатында ойластырылған дүние емес. 

Биылғы жылдың басты жаңалықтарының бірі – «Ән салдырған ауылым» деген үлкен тележоба. Түсірілімі өзіміздің телеарна ауласындағы алаңқайда жүргізілетін тележобаға облыстағы аудан, қалалардың барлығы дерлік қатысуда. Мақсатымыз –ауданда таныла алмай жүрген талантты жастарды облыс, одан әрі республикалық деңгейдегі  өнер сүйер қауымға  таныстыру. Тележоба желтоқсан айында аяқталуы тиіс. Тәуелсіздік мерекесі немесе жаңа жыл қарсаңында Шымқаладағы театрлардың бірін жалға алып, әр ауданнан жақсы номерлер көрсеткен екі-үш өнерпазды қатыстырып, үлкен қорытынды концерт беру жоспарымызда бар. Жоба лауреаты деген диплом мен сый-сияпатымызды табыстайтын боламыз. 

Қыз-келіншектердің мұң-мұқтажын, проблемасын қаузайтын, қуанышымен бөлісетін «Сырғалым» атты ток-шоу ашылды. Сондай-ақ, гендерлік саясат негізінде әйелдердің «Бақыттың кілті әйелде» деген бағдарлама да көрермендерге жол тартты. Студияға жиналған қонақтармен бірге әйелдердің бүгінгі қоғамдағы, отбасыдағы орны, қыз-келіншектердің тәрбиесі төңірегінде әсерлі әңгіме өрбиді. Ер азаматтардың мойнына отбасын асыраудан бастап мемлекетті басқаруға дейінгі міндеттер жүктелгенімен, күнделікті өмірде әйелдер араласпаса шешілмейтін мәселелер жиі кездеседі. Сол секілді әйелдердің асхана шаруасынан бөлек мемлекеттік қызметтің де тізгінін алып жүре алатын қауқары барын көрсету мақсаты да көзделген. Міне, бағдарламаға жүк болар негізгі қадау-қадау тақырыптар осы болмақ. 

- Өзіңіз айтқандай, бүгінде телеарналар арасындағы бәсекелестік деңгейі жоғары. Бәсеке - асау толқынға тап болған кеменің тағдыры іспетті, төтеп бере алсаң желкен жаясың, әлсіздік танытсаң жағада қайраңдап қалуың әп-сәтте-ақ...

- Ойыңызды түсіндім. Қазақстандық телеарналар арасындағы рейтингтік жүйе бойынша «Қазақстан» телерадиокорпорациясы бірінші орынды иеленіп отыр. Бұл корпорация басшысы Нұржан Мұхамеджанова ханымның жасақтаған командасының күндіз-түні жасаған еңбегінің жемісі. Біз осы ұлттық арнаның облыстағы филиалдарымыз. Бірақ, облыстағы филиал болғанымызбен, «Отау-тв» арқылы республикаға тараймыз. Осы арқылы облыс көрермендерінің де таңдау, сапасын салыстыру мүмкіндігі кең. Мәселен, Шымкентте өтіп жатқан хабарды Павлодар немесе Өскемен жақтың көрермендері де көреді. Оған өзге өңірлерден шалынатын қоңыраулардың жиілей түскені, ой-пікірлерін ұдайы білдіріп отыратыны дәлел бола алады. 

Теледидардың жұмысы командалық еңбек. Бір хабарды түсіру барысында оператордан бастап оның редакторы, режиссері, бейнемонтаждаушысы, жарық беретін, декарация қоятын мамандар жегіледі. Соның біреуі сәл салғырттық танытса, хабар толыққанды шықпай қалады. Қазір жұмысқа жастарды көбірек тартып жатырмыз. Бір сөзбен айтқанда көрерменнің де көңілінен шығатын, өзге әріптестерімізбен шынайы бәсекелестікке лайық бола алатын телеарна дәрежесін сақтап қалу жолында жұмыс жасаудамыз.  

Халық мол шоғырланған Мақтарал мен Сарыағаш аудандары «Отау-ТВ» спутниктік хабартаратқыш желісін пайдалану мүмкіндігіне, бұйыртса, келесі жылы қол жеткізбек. Өзбекстанның хабар тарату толқыны күштірек болғандықтан, бұл екі ауданның халқы негізінен ала тақиялы ағайындардың арналарын көріп келеді. Келесі жылы көрші мемлекет арналарының толқындарын тұйықтап тастайтын қондырғы орнатылмақ. Қалған аудандарда мәселе шешілген.

- Өзіңіз бұл жұмысқа кіріскелі  «Сәлем» құттықтау бағдарламасы жұмысын тоқтатты. Не себепті?  

 - «Сәлем» құттықтау бағдарламасының кәсіби көзқараспен қарағандағы деңгейі телеарнаның талабына келмейді. Көрермендер қуаныш иелерін құттыған кезде міндетті түрде фотосурет беріледі. Ол көрсетілетін бейнебаянның арасына кесіп салынады. Демек, біріншіден, бейнебаянның жартысы сурет жарнамасымен жамалса, екіншіден, ол суреттердің көпшілігі тойханаларда түсірілгенін жасыруға болмайды. Соның салдарынан бұл бағдарлама арақ-шарап пен тойханалардың жарнама жарысына айналып кеткен екен. Осыны реттеу жолын қарастырып жүргенімізде бұқаралық ақпарат құралдарының жағадайымен жіті танысқан мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің нұсқауына сәйкес  өңірлердегі телеарналардың осы секілді бағдарламаларын жабуға нұсқау келді. 

- Бұл қаржылық жағдайларыңызға кері әсер еткен жоқ па?

 - Әрине, оған әсер етпей қоймайды. «Сәлем» күнделікті нақты ақшамен түсіп тұратын табыс көзі болғанын жасыра алмаймыз. 14 облыстағы филиалдарда мұндай коммерциялық хабарлардың бір мезетте жабылуы корпорация қазынасының едәуір азаюына себеп болғаны рас. Сол себепті, мұны басқаша формада, көркем суреттер беру арқылы жолын тауып, қайта іске қосу мақсаты тұр алдымызда. 

«Теледидарға жайбасарлық жат нәрсе»

- Журналистикада «азусыз газет газет емес» деген қағида бар. Бұл, әрине, телеарналарға да қатысты десем қателеспеймін. Оның үстіне журналистер қоғамның санитары іспетті. Сынға қаншалықты мән беріп жатырсыздар? 

- Қоғам болған соң  кемшіліксіз болмайды. Көпе көрнеу көзге көрініп тұрған келеңсіздікті тиісті басшылардың назарына ұсынбасақ, біз өз міндетімізді толыққанды орындамаған болар едік. Менің айрықша көңіл бөлетін бөлімім – жаңалықтар қызметі. Бұл телеарнаның айнасы. Қай арнаның жаңалығы мықты болса, сол арнаның беделі де жоғары, жұмысы жақсы жолға қойылған деп есептеймін. Біріншіден, қыз-жігіттерге көрермендерді жаңалықтармен дер кезінде хабардар етіп отыруды ерекше тапсырамын. Жайбасарлық журналистикаға, оның ішінде, әсіресе, телеарналарға жат дүние. Мәселен, телеарнамызда кейде таңертеңгі болған жаңалықты келесі күні беріп жататын үрдіс қалыптасқан екен, сол үрдісті жойдық. Болған жаңалық сол күні көрермендерге жетуі тиіс. Өзге телеарналар беріп қойған жаңалықты біз бір күннен кейін беріп жатсақ, қаншалықты маңызды болса да ол ақпараттың көк тиын да құны қалмайды. 

Екіншіден, болған оқиғаны айна-қатесіз, бұрмаламай беру мәселесіне көп көңіл бөлдік. Көбінше келеңсіз жағдайларды беруге тура келіп жатады. Мемлекеттік телеарна болғандықтан  жергілікті билік өкілдері бізді тек қана жақсы жаңалықтарды ғана көрсетуге міндетті секілді қарайды. Олай емес, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бұқаралық ақпарат құралдарына мемлекеттік қызметкерлердің жұмысына бақылауды күшейтуді тапсырды емес пе? Оның үстіне облыс басшысы Асқар Исабекұлының өзі сынайтын кезде сынап, көрсетілуі тиіс кемшілікті көрсету қажеттігін айтқан болатын. Сондықтан, биліктің кейбір көрмей жатқан, көңіл аудармай отырған мәселелерді жоғарыдағылардың назарына ұсыну, қарапайым халық пен биліктің арасындағы алтын көпір мәселесін абыроймен атқару басты мақсатымыз. Ал, әрі қарай баға беру, жұмыстың нәтижесін көрсету, екі жақтың тарапынан бола беретін нәрсе. Әрине, мұның барлығын сын деп қабылдауға болмайды. Мәселе көтеру, атқарылып жатқан шаруаның орындалу барысын қадағалау деп түсінген дұрыс. Біз біреуге үкім шығармаймыз, біреудікін дұрыс, біреудікін бұрыс деп баға бермейміз. Біз болған фактіні сол қалпында көрсетуге тырысамыз. Мәселен, үш айда асфальттелуі тиіс жұмыстардың жылға созылатыны секілді келеңсіз жайттар жиі кездесіп жатады. Бұл, әрине, сол көше тұрғындарының наразылығын тудырады. Телеарнаға телефон шалады. Біз оны мәселе етіп көтергеннен кейін ғана тиісті мекемелер қайта қозғала бастайды. Осы тұрғыдан алғанда билік өкілдері, сын садағына іліккендер бізге қырын қарап емес, керісінше рахмет айтулары керек. Көп жағдайларда «жеке бастың мәселесін күйттеп, арақатынастың нашарлығынан сынап жатыр» деген негізсіз пікір қалыптасады. Журналистика жеке бастың мәселесін күйттейтін емес, халықтың мұң-мұқтажын көтеретін сала. Кішкентай обьектив арқылы миллиондаған адамдар сол сюжетті көреді. Сондықтан, кез-келген оқиғаға атүсті қарай алмаймыз. 

- Алдағы уақытта атқарсақ деген қандай жоспарларыңыз бар?

- Жүргізушілердің қарсы бағытқа шығып кету, бағдаршамның қызыл көзіне тоқтамау, көлікті мас күйінде басқару секілді жол ережесін өрескел бұзу фактілері масқара жағдайға жетті. Мұны Елбасы да ерекше атап өтті. Тіпті, еліміздегі жол апатынан қаза болғандарды соғыс жүріп жатқан Сириядағы адам шығынымен салыстырушылар да пайда болды. Бұған бей-жай қарауға болмайды. Ол аз десеңіз, көлігін кез-келген жерге қалай болса солай қойып кете салатындардың жиілеуінің салдарынан ойламаған жерден кептелістің пайда болуы үйреншікті үрдіске айналды. Осы секілді өрескелдіктерге тосқауыл қою мақсатында мемлекеттік автоинспекция қызметкерлерімен бірлесіп, ұдайы рейд жасап тұру жоспарымызда бар. Осы рейд барысында жүгенсіз жүргізушілерді жұртқа жариялы түрде көрсетіп, бетін қызарту керек сияқты. Бұл өзге жүргізушілерге де сабақ болғаны жөн.  Бір сөзбен айтқанда, ережені елемейтіндердің кесірі өзгелер түгілі өздеріне де қауіп төндіретінін әрбір адам сезінгені жөн. 

Тасада қалып жүрген тағы бір мәселе - қаптаған ақша айырбастау орындарына қатысты. Байқасаңыз, олардың көпшілігінде шетел валюталарының сатып алу бағасы көрсетіледі де, сатылу бағасының жартысы жасырын күйде қалады. Демек, ақша айырбастайтындар клиенттердің реңіне, түр-басына қарап, валюта бағамын әртүрлі айтып отыратын жабайы базарға айналып кеткен. Мәжбүр болғандар амал жоқ долларын теңгеге төмен бағамен айырбастауға тура келеді. Мұндай бассыздық, әсіресе, түнгі мезгілдерде белең алады. Бұл азаматтарды тонаудың, қанаудың бір түрі. Заң бойынша олар ұлттық банктің белгілеп берген бағамынан ауытқымауы тиіс. Қоғамның сыздауығына айналған осы секілді келеңсіздіктерге тосқауыл қоюға түрткі болатын бағдарламаларға арналған жоспарларымыз көп.  

- Әңгімеңізге рахмет! 

Сұлтанғали Арзықұлов: «Манчестер қаласы Англияның көрікті, көпұлтты қалаларының бірі»
Мұратбек Қыпшақбаев: «Спорт - жалқаулықты, еркелікті көтермейді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу