Мұратбек Қыпшақбаев: «Спорт - жалқаулықты, еркелікті көтермейді»

Oinet.kz 26-09-2013 1087

f5548f51e15d0e9cdeac5e3a5eebef0e.jpg

Шымкент қаласының №10 күрес түрлерінен Олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің директоры

Шымкент қаласының №10 күрес түрлерінен Олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің ашылғанына екі жылдан асып қалды. Спортқа жаны құмар балаларға есігін айқара ашқанына аз уақыт болса да жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. 

Бүгінде спорт мектебінің тізгінін ұстаған Мұратбек Қыпшақбаевтың есімі ел ішіне жақсы таныс. Ол дзюдо күресінен «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері», самбо және қазақ күресінен «Қазақстан Республикасының спорт шебері», 2000-2004 жыл аралығындағы халықаралық жарыстар мен Қазақстан Республикасы чемпионаттары және Кубогтарының бірнеше дүркін жеңімпазы.  2001 жылғы Бүкіләлемдік студенттер универсиадасының жеңімпазы, 2002 жылы Орта Азия ойындарының жеңімпазы, 2004 жылғы Азия чемпионы және «Азияның Алтын белбеу» иегері, 2004 жылғы XXVIII Афина жазғы Олимпиадасының қатысушысы, 2012 жылғы «дзюдо тарланы» медалінің иегері. Міне орда бұзар отыз жасында осындай тау жетістіктерге жеткен спортшы қазір өзі секілді чемпиондарды тәрбиелеуде. 

Жақында Мұратбек Сұлтанбекұлының мектебінің түлегі  Әділжан Ыстыбаев Қытай елінде ересектер арасында өткен қазақ күресінен Азия чемпионы атанып келді. «Бұл  жарыс осымен тоғызыншы мәрте өткізіліп отыр. Ал Қытайда алғаш рет. Әділжан бұған дейін жастар арасында әлем чемпионы атанған спортшы. Финалдық кезеңде Қытайдың палуанын жер иіскеткенде қуанғаннан төбеміз көкке жетті», дейді ол. Әділжан енді Германияда өтетін ересектер арасындағы әлем чемпионатына дайындық үстінде. Алдағы уақытта салмағын өсіріп, «Қазақ барысына» қатысуды көздеп отыр. «Жалпы бұрын Қазақстанда спорттың ішінен бокс бірінші орында тұратын. Бокс арқылы қазақ елін алты құрлыққа танытқан небір чемпиондарымыз шықты. Ал қазір Республикада спорттың барлық түрі өз деңгейінде дамып келе жатыр. Мәселен ату спорты, ескек есу дегендер бұрындары қазаққа жат болып келсе, қазір олардан түрлі халықаралық жарыстарға қатысып, чемпион атанып жүрген спортшыларымыздың бары қуантады. Сол секілді самбо, дзюдо күрестерінен үлкен жетістікке жеткен спортшыларымыз жетерлік. Сондай талантты спортшылардың бірі Бақдәулет Сәбитов 2011 жылы Ресейде өткен жастар арасында Еуропа чемпионатында жеңімпаз атанды. Осы айдың соңында Алматы қаласында дзюдо күресінен өтетін Гран приде біздің мектептен екі  түлегіміз Бақдәулет Сәбитов пен Азамат Қыпшақбаев өнер көрсеткелі жатыр. Егер олар осы додада жеңіске жетсе дүниежүзілік дзюдо федерациясының рейтингісінде еліміздің абыройы жоғары көтерілер еді. Чемпиондардың ізін жалғап келе жатқан жасөспірімдер арасында дзюдодан Хамза Дидар Еуразиялық ойында чемпион атанды. Оның да болашағынан үлкен үміт күтемін»,- дейді  Мұратбек Сұлтанбекұлы. Спортта спортшының күш-жігерімен қатар қолдау білдірудің де маңызы зор.

Өзбекстанда тұратын қандасымыз, жоғарғы деңгейдегі жарыстардың жеңімпазы Ғабит Есімбеков «елге оралып, туған жерімде жүрсем, өз елімнің атынан додаларға түссем» дегеннен кейін Мұратбек Қыпшақбаев  көмек беріп,өтініштерін орындайды. Қараша айында Өскемен қаласында ересектер арасында Қазақстан чемпионаты өткелі жатыр. Сол додада Ғабит алғаш рет өз еліміздің ішкі жарыстарында бақ сынамақ. Ұстазы қанатының астына алып,  туған жерге сағынышпен оралған тәжірибелі спортшының  болашақта Қазақстанның атын шығаратынына бек сенімді.   

Қазақ елін танытып, көк байрағын биікте желбіретіп жүрген нарқасқаларымызды бір-бірінен бөле-жаруды жаны қаламайтын Мұратбек Сұлтанбекұлы «қазақстандық әрбір спортшының жеңісі барлығымыздың ортақ жеңісіміз» деп есептейді. Таяуда ғана Бразилия елінде ересектер арасындағы  дзюдодан өткен әлем чемпионатында қазақтың қара домалақ баласы Азамат Мұқанов күмістен алқа таққан болатын. Азамат қазақтардың арасында мұндай жоғары дәрежеге жеткен жалғыз спортшы. Мектеп басшысы осы Азаматты Оңтүстікке қонаққа шақырып, жас палуандармен жүздестірді. «Жас кезімізде чемпион ағаларымызды жақыннан бір көріп, олармен жүздесуді армандайтын едік. Солар секілді елдің алғысына бөленіп, жеңімпаз болуды қиялдадық. Бүгінгі жастарға да сондай тілек пен талап керек. Сол себепті біздің мектептің жас спортшыларына үлгі-өнеге болсын деп Азаматты қонақ ретінде шақырдық»,- дейді ол. А.Мұқановты құшақ жая қарсы алған мектеп ұжымы чемпионды жеңісімен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Ал Азамат мектептің спорт залын көргенде таңдайын қағып кетті. Ат шаптырым жерді алып жатқан залда жаттығуға арналған үш боз кілем мен үш татами жатыр. Жаттығуға қажетті спорттық құрал-жабдықтардың барлығы да бар. Мұның барлығы мектеп басшылығы және қалалық әкімдіктің қолдауының арқасында болып жатқан спортқа деген жанашырлық. «Шымқаланың жаңа әкімі Дархан Сатыбалды мырзаның спортқа деген ықыласы ерекше екен. Ол кісі қазір қаладан спорт базасын салуды көздеп отыр. Мұндай ұсынысқа мектеп ұжымы шексіз қуанып қалдық. Қалалық спорт бөлімінің  басшысы да еліміздің спорт саласын дамытуға қатысты өзінің жаңа пікірлерін ұсынып жатыр. Елдің абыройын, жақсы атағын, халқын әлемге танытанын ол спорт емес пе?»,- деген  Мұратбек Сұлтанбекұлы осы жас спортшылардың қатарын көбейту үшін биыл жаңа оқу жылынан «Асар»  шағын ауданындағы №90 орта мектептің басшылығымен келісе отырып оқушыларды күреске баулуға спорт залының ашылғанын және Қазығұрт мөлтекауданындағы № 66 орта мектептен де грек-рим және еркін күреске жаттықтыратын спорт залының ашылғанын жеткізді. Екі жылдың ішінде бірталай чемпиондарды дайындап үлгерген мектептің қала ішінде бұдан өзге бірнеше спорт залдары бар. Алайда «Асар», «Қазығұрт» секілді шет аймақтарда орналасқан мөлтекаудандардағы спортпен шұғылданғысы келген балалардың қала орталығына қатынауы  қиынға соғатыны анық. Спортты барлық балаларға қолжетімді етуді көздеп отырған басшы алдағы уақытта» Қайтпас», «Самал» сияқты шағын аудандардан да спорт залдарын қарастыруда. 

«Бүгінгі жастар бізге қарағанда бақыттырақ. Себебі біз шетелдерге жарыстарға барғанда төрешілердің қыспағына жиі ұшырайтынбыз. Қазақстанның спортшысы татамиге шыққанда қателіктерді іздеп, қарсыласқа көп жеңілдіктер беріп жататын. Біздің палуандарға қайта-қайта ескертулерді беріп, осының кесірінен ұтылып қалған жағдайлар көп болды. Өзімнің де басымнан мұндайдың талайы өтті. Осындай сәттерде жылдар бойы жасаған еңбегіңнің, қайрат-жігеріңнің босқа кеткеніне аздап қынжылып қалатын едік. Ал қазір бәрі оңалып келеді. Әлемдік төрешілердің қазақ палуандарының ержүректігіне көздері жетіп, әділ бағаларын беруде. Оның үстіне елімізде күрес түрлеріне, әсіресе қазақ күресіне айрықша жағдайлар жасап жатыр. Соның бір дәлелі «Самұрық-Қазына» Әл-ауқат қоры, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы белсене атсалысып жүрген   «Қазақ Барысы» күресі. Биыл үшінші мәрте өткен «Қазақ Барысына» қатысуға талпынып жатқан, армандап жүрген жасөспірімдер көбейді. Осы секілді өз жерімізде жоғары деңгейде ұйымдастырылған сайыстар жиі өтіп тұрса, спортшыларымыздың тәжірибелері артып, жеңіске деген құлшыныстары артар еді»,- дейді «дзюдо тарланы». 

Спорт мектебі қала әкімдігімен бірлескен түрде жастар арасында дзюдо күресінен Шымкен қаласының ашық кубогын екі жыл қатарынан ұйымдастырып келеді.  Кубогты сарапқа салуға Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан тағы басқа Орта Азия елдерінен спортшылар қатысып жүр. Келер жылы Қазақстан Республикасы Дзюдо федерациясымен ақылдаса отырып жарысты ересектер арасында «спорт шебері» атағы үшін өткізу жоспарлануда. Яғни жеңіс тұғырынан көрінген жеңімпаз «спорт шебері» атағын алатын болады. 

Бүгінгі таңда мектепте негізгі топта 750, қосалқы топта 100-ге тарта спортшы күрес түрлерін меңгеруде. Болашақ чемпиондарды қазақ күресінен және самбодан спорт шебері, Қазақстан Республикасының  еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қуаныш Наханов, облыстың аға жатықтырушысы, 2012 жылғы «дзюдо тарланының» иегері Базарбек Дөңбай, жоғары дәрежедегі жаттықтырушы, ел чемпионатының 5 дүркін жеңімпазы Құралбай Орынбасар, Республикалық дзюдо федерациясының спорттық директоры, «Ұлттық дәрежедегі төреші» Нұрлан Жабаев секілді ұстаздар  бар күш-жігерлерімен тәрбилеуде. 

«Спорт – қатаң тәртіпті қажет етеді, еркелікті, жалқаулықты көтермейді. Спортқа келерде мұны әрбір бала түсініп келуі керек. Жаттықтырушылардың өз шәкірттеріне қатал қараумен қатар жақсы көріп, шын жанашыр бола білуі де спортшының жеңіске жету жолында маңызды роль атқарады. Мені бүгінгі дәрежеге жеткізген жаттықтырушыларыммен әлі де араласып тұрамын. Көп спортшылар біраз белестерді бағындырып алған соң, басқа салаға ауысып кетеді немесе спорттан мүлдем қол үзіп жатады. Ал мен өз өмірімді спортсыз елестете алмаймын. Өйткені жеңісі мен жеңілісі қатар жүретін спортты жүрекпен қалап, алдыма арман-мұраттар қойдым. Дзюдоның соңынан жүріп, кеш отау құрдым. Қазір Аллаға шүкір бір қыз, бір ұлым бар. Ұлымды да спортқа беру ойымда бар, әрине өз қалауымен. Өйткені спорт тек денені жаттықтырып қана қоймай, адамды төзімділікке, сабырлыққа және ой-өрістің жақсы дамуына үйретеді»,-  дейді ол. 

Шымкент қаласының №10 күрес түрлерінен Олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебі шәкірттерінің бағындырар белестері әлі алда. Білікті басшы мен мықты жаттықтырушылардың үлкен күш-жігерлерін сарп етіп дайындаған спортшылары олардың үкілеген үміттерін ақтайды деген ойдамыз. 

Уәли Қыдыр: «Жергілікті билік бізге тек жақсы жаңалықтарды көрсетуге міндетті секілді қарайды»
Жеңісбек Мәуленқұлов: Тұлғаларды насихаттау жалпыхалықтық тұрғыда болу керек»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу