Әсел Әлібекова, семсерлесуші: «Фехтование – физикалық шахмат»
– Әсел, семсерлесуге қалай келдіңіз?
– Мен жастайымнан айтысқа құмартып өстім. Тұла-бойым – өлеңге тұнып тұр десе болады. Әдебиет пәнінен сабақ беретін ұстазым бізге туған жерді қастерлеуді үйретті. Ол бізге осы Семейден шыққан спортшыларды дәріптейтін. Сол шақта менің қолыма біздің жерлес палуан Дәулет Тұрлыханов туралы кітапша түсті. Шынымды айтсам, сол кітапшаны жүз рет қайталап оқыған шығармын. Сол ағама еліктеп, спортшы болсам деп армандадым. Сонда мен күрес, бокс секілді спорт түрлерін қаладым. Бірақ, қыз баласы болғандықтан бірден оған бет бұрмай, спортты 1 сыныпта жеңіл атлетикадан бастадым. Арасында биге бардым. Ал, 5 сыныпта еркін күреске ауысып кеттім. Сол кездері қосымша каратэге де, кикбоксқа да қатыстым. Одан кейін боксқа барсам ба деп ойладым. Бірер жылдан соң фехтованиеге, яғни семсерлесуге түбегейлі ауыстым. Алғашқы жаттықтырушым Геннадий Афанасұлы мектеп жертөлесінен ашылған залға шәкірттер жинап жүр екен. Мұнда ол семсерлесуді үйрететінін айтты. Бұл мен үшін таңсық еді. Шпага секілді қаруды бірінші рет көріп тұрдым. Ұстағым келді. Семсерлесіп жүргенімді көз алдыма елесттеттім де, көз жұмып осы спортқа ауысып кеттім. Бұл үйірме тегін болды. Ол кезде басқа үйірмелер ақылы болатын. Бастапқыда 33 оқушы келдік. Арада жарты жыл өткенде үйірмеде жалғыз қалдым. Көбісі, «қашып» кетті. Себебі, семсерлесу – өте ауыр спорт десем қателеспейтін шығармын. Тек, физикалық тұрғыда емес, психологиялық тұрғыда. Бірақ, кей кісілер «семсерлесу – түкке қажеті жоқ спорт» деп сынап жатады. «Тым жеңіл, көруге тұрғысыз» деп те айтады. Осы үшін талай адаммен сөзге келіп қалдым. Байқағаным, фехтование – боксқа жақын. Әрине, сенбейтін шығарсыз. Бірақ, солай.
Фехтованиеге ең бірінші кезекте физикалық күш қажет. Және реакция керек. Жай реакция емес, феноменальді реакция! Қарсыласыңыз бір-бес секундттан кейін қандай қимыл жасайды, бәрін алдын-ала сезуге тиіссіз. Мұнда бір секунд дегеніңіз – шексіздік. Бір секунд айқас тағдырын шешіп кетеді. Сол себепті, ойлау қабілетіңіз стандартты болмау керек. Айқаста примитивті ойланатындар бірден тізерлейді. Әрбір шпага иесі шалт қимылды координация жасай білгені абзал. Әрине, қарсыласыңыз осал болмайды. Ол да сіз секілді ойланады. Сақ қимылдайды. Ұзақ арбасасыз. Сондықтан да, айқаста түрлі қулыққа бару керек және сол қулығыңызға қарсыласыңызды сендіре білу керек. Сонда ғана жеңіске жетесіз. Қысқаша айтсам, фехтование – физикалық шахмат.
Көптеген халықаралық турнирларда жүлделі орындардан көрініп жүрмін. Екінші орын иеленуім көп болды. Бірақ, бұнымен мақтану ұят секілді. Мен әлі күнге дейін Әлем біріншілігінде орын алмадым. Қазіргі таңда ең басты мақсатым – Әлем біріншілігінде топ жару болып тұр. Фехтованиеде өзіне тән спецификалық қиындықтар бар. Мысалы, біріншілікке 250-280 шпагашы келеді. Оған дейінгі іріктеуі тағы бар. Бір күнде 30 айқас өткізетін кездер болады. Осы себепті, мұнда психикаңызды бақылай алуыңыз керек. Жекпе-жекте айқас тағдырын бап шешсе, мұнда кейде бақ шешіп кетеді.
Дәл қазір Азия ойындарына қызу дайындық үстіндеміз. Жақында Мәскеуге барып жаттығамыз. Семсерлесуден – Ресей және Еуропа елдері көш бастап тұрғанын білесіздер. Солармен тәжірибе алмасып, Азия ойындарында жеңіске жетсек деген мақсат бар.
– Сондай сәттерде спортты тастап кеткіңіз келген кездер болды ма?
– Әрине. Жылдар бойына жаттығу жасай беріп те шаршайсыз. Мейлі, сол жаттығудан соң, жеңіс тұғырынан көрініп жатсаңыз, залда төгілген теріңізді бір сәтке ұмытасыз. Көкірегіңізді қуаныш кернейді. Ал, енді жеңіліп қалсаңыз ше? Әрі бұл жеңіліс жиі қайталанса ше? Міне, осындайда бәрін тастап, әлдеқайда безіп кеткің келеді. «Қор болған есіл уақыт, есіл еңбек» деп күйінесіз. Осындай ауыр сәтте өз-өзіңді жеңе білген жөн. Жеңіс – ешқашан оңайлықпен келмейді. Біз сүйсінетін әрбір спортшы жетістікке біз елестете алмайтын физикалық-психологиялық азаппен жеткен. Бұл азапқа – бойында сол салаға дейін шынайы махаббаты бар адам ғана шыдайды, көнеді.
Кейде жаттықтырушылар тарапынан да қысымдар һәм әділетсіздіктер болады. Қанша мықты болсаң да, жарысқа сенің орныңа өзге біреуді шығарып жатады. Сонда «бәрі бекер екен» деп басқаша өмір сүргіңіз келеді. Сондықтан да, айтар едім, спортшы бәріне дайын болу керек.
– Елімізде спорт саласына қаншалықты көңіл бөлінген?
– Негізі, спортқа көңіл бөлінеді. Бірақ, бұдан да зор деңгейде көңіл бөлуге болар ма еді деп ойлаймын. Бізде көбіне жекпе-жек спорт түрлеріне мән беріледі. Бәлкім, бұл заңды шығар. Өйткені, халық көбіне осы спорт түрлерін тамашалағанды ұнатады. Ал, енді бізде фехтованиеге арналған жаттығу залдары аз. Соларды көбейтсе деймін. Сонда елімізде семсерлесу спорты бойынша бәсекелестік артар еді. Ал, бәсеке болған жерде – өсу болады.
Бір қызығы, семсерлесуге көбіне өзге ұлт өкілдері келеді. Қазақтар бірен-саран ғана. Әрине, қазақ деп, өзге ұлт өкілі деп бөлуге болмайды. Негізі, мен – патриотпын. Бұрын мен патриотизм мен нацизмды шатастыратын едім. Кейін ара-жігін ажыраттым. Жаман ұлт жоқ – жаман адам бар. Бүгінде өзге ұлт өкілдері арасында достарым аз емес.
– Өзіңізді спорттан өзге салада елестете аласыз ба?
– Мен өзімді спорттан өзге салада көре алмаймын. Осы фехтование бойынша Олимипиадада 40 жасында жеңіске жеткен шпагашы бар. Сол кісі бізге стимул береді. Әрине, қай кезде спортшы ретінде мансабымды аяқтаймын, ол жағын әлі білмеймін. Алдағы уақытта жаттықтырушы болсам ба деймін. Бірақ, бұл әйел кісіге қиын. Себебі, жаттықтырушы бар уақытын шәкірттеріне арнайды. Барлық жарыста солармен жүреді, солармен тамақ ішеді, солармен ұйықтайды. Шыны керек, өз отбасына мүлдем уақыт бөле алмайды.
Мен нәзік жанды болғасын, міндетті түрде тұрмысқа шығамын. Бала-шағам болады. Ана атанамын. Әрине, Құдай қаласа. Сонда отбасыма көңіл бөлуіме тура келеді. Әйел үшін ең бірінші орында отбасы тұру керек. Оған талас жоқ. Сондықтан да, қазір алдағы уақытта жаттықтырушы боламын деп нақты айта алмаймын.
Сұхбаттасқан Абылай Есімбай