Марат Омаров: «Пионер галстугімді Шәмші Қалдаяқов байлап берген еді»
Ауылда өстім. Әкемнен бір жасымда айырылдым. Бір күні бала кезімде «Әке» туралы өлең айтып отырғанда Төкең есімді көршім маған дән риза болып көзіне жас алған: «Әй балам әкеңді көрмесең де, оған деген сезімің, құрметің өлеңіңнен білініп тұр»,-деп айтқан сөзі есімде. Мен үшін анам мен әкем бірінші орында тұратын. Сондықтан болар шығармашылығымда «Әке арманы», «Анашым» атты өлеңдердің орны мен үшін ерекше. Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы Шолаққорған ауылында туып өстім. Қаратау бөктерінде тасқын болған кезде үйдің айналасындағы заттарды ағып кетпесін деп үйге кіргізіп қоятынмын.
Бала күнімде көрші досым менімен ойнасын деп киімдерімді беретінмін, тіпті көршімізге ет апарып берген күнім болған. Жалпы мен қолымда не болса соны достарыммен бөлісуге дайын тұратын балалардың бірі болып өстім.Анам мені жүрегі кең, қолы ашық қылып тәрбиеледі.Төртінші сыныпта оқып жүргенде анашым маған «гармон» әперген. Сол уақыттан бастап өлең айтуды бастадым. Кішкентай кезімде үнді фильмдерін көп көргендіктен Радж Капурдың өлеңдерін айтып, би билеп жүретінмін. Тіпті ауылда мен үнді фильмін жатқа білетіндердің бірі ретінде естерінде қалғанмын.
Өмірімнің өзгеруіне себепші болған оқиғаны айтып берейін. Неге екенін білмеймін, Шәмшінің «Ана туралы жыры» өте қатты ұнайды. «Әлемнің жарығын сыйладың сен маған…» деген сөздерінде қандай терең мағына жатыр. Бірде ауылға Шәмші Қалдаяқов келді, онымен жолығудың сәті түсіп, ұлы композиторға «Ана туралы жыр» әнін тамаша орындап бердім. Менің бойымдағы талантты ең алғаш байқандардың бірі болып, маған ақ батасын беріп, пионер галустыгын мойныма байлап былай деді: «Өнерлі, талантты жастар ауылдардан шығады, өнерлі жастарға арналған мектеп ашылса, арманым жоқ». Шәмші ағамның батасы қабыл болып, арада 20 жыл салып мен Астана төрінде халықаралық «Талант» өнер орталығын аштым. Соған өз қаражатымды салып, достарым қол ұшын созып, несие алып дегендей бітірдік. Оның ішінде 300 орындық үлкен зал, амфитеатр бар. Ән, күй, домбыра, фортопиано, ұлттық аспаптар, қобыз, скрипка, актер шеберлігі, бидің әр жанрлары бар. Вокал бар. Сол бойынша оқып үйренеді. Негізгі мақсат халықаралық байқауларға жас дарындарды алып барып соларды дәріптеу.Бүгінде орталықта Бейбімәриям Омарова, Рүстем Жүгінісов, Еркеш Хасен сынды атақты жас өнер иелері өздерінің бойындағы таланттарын одан әрі дамытып келеді. Осы уақытқа дейін жас дарындарды Рим, Париж, Стразбург, Италия, Флоренция, Испания, Малайзия, Қытайға алып бардым. Өнер орталығымыз 2010 жылы шаңырақ көтерсе, оның ашылу салтанатына сонау мұхит асып Марк Дакаскас, Кири Тагава, Оливер Грунер, Дон Дракон сияқты жұлдыздар қатысты. 2011 жылы Ресейдегі «Минута Славы» бағдарламасында қазақы әуенді әуелетіп Еркеш Хасен финалға шықты.
Бибімәриям Омарова Голливудта 55 елден қатысқан байқауда бағы жанып, бас жүлде алып келді. Жетістіктерімізді тізбектей түссем өте көп. Ал жеке шығармашылығыма келсем жуырда «Мен қазақтың қызымын» атты бейнебаян көрермендерге жол тартады..
Жалпы менің өмірімде Шәмшінің атына, Шәмшінің әніне қатысты жағдаяттар өте көп. Ең алғаш Шәмші Қалдаяқов атындағы филормонияға жұмысқа тұрдым. Бүкіл республиканы араладым. 1991 жылы тұңғыш рет Шәмші Қалдаяқов атындағы республикалық байқау өтті. Сонда лауреат атандым. Батаның жөні бір бөлек қой. Үлкен жетістіктерге жеткенім расында да ұлы тұлғаның шын ниетімен, ізгі тілегімен берген батасының арқасы да болар. Енді сол кісінің басты арманын, негізгі мақсатын орындау қалған-тын. Яғни, қазақтың дарынды ұландарын өнер жолына даярлау, шәкірт тәрбиелеу. Бүгінде бұл арманды да бағындырдық.
Дайындаған Дана Сүлейменова