Талғат Рысқұлбеков: «Ағам қайраттың өлімі жұртқа жұмбақ күйі қалды»

Oinet.kz 04-12-2017 1274

Screenshot_39.jpg

– Мен Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың туған інісімін. Ағам секілді мен де Желтоқсан көтерілісіне қатыстым. Ағамнан екі жас кішімін. Әкеміз Ноғайбай мен анамыз Дәметкен сегіз баланы тәрбиелеп өсірді. Қайрат – үшіншісі. Ағам екеуміз Мойынқұм, Шу ауданында малшылардың балалары оқитын мектеп-интернатта бірге оқыдық.

Ағам Қайрат бала күнінен өте белсенді, пысық, алғыр болды. Тазалықты жаны сүйетін. Спортпен шұғылданды, суретті де жақсы салатын-ды. Сабақты да өте жақсы оқыды. Негізінен «сегіз қырлы, бір сырлы» еді ағам. Артынан ерген біздерге аса қамқор, мейірімді бола білді.Жетінші сыныпта комсомол қатарына өтіп, бірден сол ұйымның мектептегі комитетінің хатшысы болып сайланды. Ол өзіне жүктелген міндетке аса жауапкершілікпен қарайтын еді. Алғаш студент атанғанда да қатарластарының арасынан топты жарып шығатын қасиетімен ерекшелене білді. Бірінші курстың өзінде жатақхананың студенттер кеңесінің төрағасы болды.-Екеуара әңгімеміздің өрбуі осылай басталды. 

– Демек Желтоқсан көтерілісінде ерекше көзге көзге түскен ол жастайынан көпшіліктің алдында топ бастап ерекшеленген екен ғой. Ендеше сол кезде көтеріліске жұртты жұмылдыруға қаншалықты ұйытқы бола алғанынан хабарыңыз бар ма? 

– Ағам мектепті бітірген соң ауылда бір жыл жұмыс істеді. 1986 жылы азаматтық борышын өтеп келді. Сол жылы мен де училищені бітірген едім. Екеуміз арман қуып, Алматыға оқуға келдік. Мен Политехникалық институтқа, ал ол Сәулет-құрылыс академиясына оқуға түсті. Бірақ, біздің студенттік өміріміз ұзаққа созылмады...

Қонаев қызметінен босатылып, Колбин тағайындалған пленум кезінде мен медициналық институттың емдеу-сауықтыру кешенінде жатқан едім. 17 желтоқсан күні азанда Абай, Сәтбаев көшелерінің бойынан көптеген студенттердің алаңға бара  жатқанын байқап қалдым. Жатақханадағы бір бөлмеде тұратын жігіттерге бар көргенімді айттым. Оқытушылар жатақхананың алдына студенттердің ешқайда аттап баспауын қатаң қадағалап тұрды, тек сабаққа ғана жібереді. Амалын тауып жатақханадан жалғыз өзім шықтым да алаңға тартып кеттім. Алаңға барсам, бес жүздей адам жиналып қалыпты. Бір сағаттың ішінде алаңға бес мыңға жуық адам жиналды. Оның біршама бөлігін-жатақханадағы жастардың басын қосып ұйымдастыра білген ағам Қайрат еді. 

Бір уақытта мінберге Роза Бағланова шықты. «Ей балалар қайтыңдар, ақылға келіңдер» деп қайтаруға тырысты. Одан кейін мінберге Меңдібаев деген көтерілді. «Кетіңдер, әйтпесе күш қолданамыз» деп қадап айтты. Сонда да дегенімізден қайтпай «Атамекен», «Менің Қазақстаным»деген рухты  әндерді шырқадық. Бәріміз «басшы  өз ұлтымыздан болу керек» деп ұрандатып тұрдық.  «Жастар реніштерің орынды, дегенмен бұл орталық комитеттің шешімі. Қайтпасаңдар сендерге күш қолданатын сияқты. Сендерді  уайымдап тұрмыз, қайтыңдар» деп тоқтау айтқан, сол кезде шын жаны ашып, бізбен адам сияқты сөйлескен Назарбаев қана  болды. Мүмкін сол ақ ниетіне орай  қазір ел басқарып отырған шығар. 

Мінберге біздің де тараптан азаматтар көтеріліп көпшілікке  әр республиканы өз ұлтының адамы басқару керектігін айтып қолдауға  шақырғанда   әскерилер әлгілердің қолдарын қайырып ұстап  әкете бастады. Біздер «Жіберіңдер!» деп шулай бастадық. Бірақ, олар еш елемеді. Сөйтіп, біз оларды босатуға әрекет жасадық. Негізінен төбелес осылай басталған еді. Одақтың бірнеше қаласынан әкелінген екі қатар жауынгерлер бізге қарсы шықты. Жас қыздардың шашынан тартып сүйрегенін көріп, олардың шырылдаған «ағатайлар, құтқарыңдар!» деген жан дауысын естіген жігіттер автобусты төңкеріп, өртеп жіберді. Қақтығыс жарым түнге дейін созылды. 

Қырғын төбелестен аман қалғанымыз жатақханаларымызға қайттық. Бәрімізді төбелесіп жүргенде сыртымыздан суретке түсіріп алыпты. Милициялар әлгі суреттерден альбом жасап алып, келесі күні таныған студенттерін шетінен ұстай бастады. Соның салдарынан 26 желтоқсан күні ауылға қайтуға мәжбүр болдым. Артымнан Қайрат ағам да ауылға келді.  Жаңа жылды бірге өткіздік. Мереке өткен соң, ағамды нағашымның үйінде ұйықтап жатқан жерінен ұстап әкетті. Мен Алматыға жалғыз қайттым. Келіп оны іздеп таба алмадым. Іздемеген жерім, ашпаған есігім қалмады. Ақыры ағамды қалалық ішкі істер басқармасынан бір-ақ таптым. Ата-анама хабар бердім. Содан сот басталды. Қайратқа «Савицкийдің өліміне қатысы бар» деген жала жапты. Жаланы ұрып-соғып қинаса да мойындамаған екен ол. Алаңға барғанын, қазақтың қызын құтқарамын деп милицияға қол жұмсағанын ғана мойындаған. Оның ату жазасына кесілгенде де қасқайып тұрғанынан хабардарсыздар.  Ағам  ұсталғаннан кейін жаппай төбелеске қатысқан мені де оқудан шығарып жіберді. 

–Тоталитарлық жүйенің әділетсіз әрекетіне, Мәскеудегілердің елмен ақылдаспай мәселе шеше салған солақай саясатына  қарай жастардың бас көтеруі әлі күнге дейін неге нақты бағаланбай жүр ?Сонымен бұл бас көтеру Желтоқсан көтерілісі ме, әлде  Желтоқсан оқиғасы ма? 

– Желтоқсандағы бұл бас көтерудің  не оқиға, не көтеріліс екені әлі күнге дейін айқындалмауы шымбайға батар шындық. Кеңес Одағы тұсында Желтоқсан оқиға ретінде қаралды. Әйтсе де, бұл оқиға болып басталғанымен, бұл шын мәнісінде ұлт азаттық көтеріліс еді. Алаңда кескілескен тайталас болғаны белгілі. Сонда алаңдағы айқаста жастар намыстарын тік ұстап күресті, әскерилер және арнайы жасақтар біздерді аяусыз басып жаншыды. Демек, Желтоқсанды көтеріліс ретінде қараған орынды болмақ. Мұны бір деп қойыңыз. 

Екіншіден, азаттық таңы атса да сол кездегі көзқарастан арыла алмаған азаматтар арамызда баршылық. Желтоқсан жөнінде сөз болғанда, оған қатысқан жастардың бәрін ұлтшылдықты көздегендер секілді елестетеді олар. Бірақ, біздер халықтың рухын түсірмеу, халқымыздың  еңсесін көтеру, елді өз ұлтымыздың азаматтары басқара алатынын жеткізу мақсатында алаңға шықтық емес пе?.. 

Біздегі Желтоқсан көтерілісі КСРО құрамындағы көп елге түрткі болды. Олар тәуелсіздігін ала-сала бірден жаңару жолына көшті, яғни, демократиялануға бет бұрды. Сондықтан да, Кеңес кезеңінен бастап құзырлы орында отырғандардың барлығын босатты. КГБ-да отырғандарды да тағынан тайдырды. Ал, елімізде бұл үрдіс жүрмеді. Кеңестік жүйемен қалыптасып қалған басшылар жылы орнын суытпай қызметінде қала берді.   Оның   үстінде Желтоқсан көтерілісіне қырын қарайтындар арамызда аз емес. Олар ең болмаса Елбасының  бұл көтеріліс жөнінде айтып жүрген пікірлерін басшылыққа алса ғой. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында: «1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі қазақ жастарының сана-сезімінің қаншалықты өскендігін көрсетті. Олар жүз жылға жуық уақыт бойы халықты казармалық тәртіпте ұстап келген тоталитарлық жүйенің алдында бірінші болып айылдарын жиған жоқ. Жастар бұдан әрі кез-келген ұлтқа тән ұлттық мақтаныш сезімін қорлауға жол бермейтінін өз халқының атынан ашық мәлімдеді», – деп атап өткен еді. Сондай-ақ, Президенттің өзі бас болып Алматыда Желтоқсан қаһармандарына арнап ескерткіш ашуға ұйытқы болды. Елбасының арнайы Жарлығымен әр жылдың 17 желтоқсаны «Демократиялық жаңару күні» деп жарияланғаны мәлім. Бұл желтоқсандықтарға деген үлкен құрмет әрі қолдау.

- Қарапайым жігіттен Халық қаһарманына айналған Қайрат Рысқұлбековтың өлімінің сыры әлі күнге дейін ашылмады. Ағаңыздың қандай жағдайларда қайтыс болғанын, сот процессі туралы айтып өтсеңіз?

- Қайраттың сот процессіне келетін болсақ. Ағама   Қазақ КСР-і Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі коллегиясының төрағасы Е.Грабарниктің 1987 жылы 16 маусымдағы үкімімен ату жазасы бұйырды.Сол кезде залда отырғандардың барлығы көздеріне жас алған екен. Тіпті судьяның өзі үкімді оқып отырғанда жылап жіберген. Қайрат сотта: «Қазақ қыздарын шашынан сүйреп жатқанын көргенде мен шыдап тұра алмадым. Қарындасым ғой, қазақтың қызы ғой. Адам емес, аң екеш аңның еркегі ұрғашысына мүйіздісі мүйізін, тұяқтысы тұяғын көтерген емес. Оның қасында біз Адам атадан тараған адамзат деген атты алып жүрген жоқпыз б?, - деп, өзі  ең ауыр жазаға  кесіліп тұрса да, - ...және мен оған еш өкінбеймін. Мына оңбағаннан (Алмабековтен) кешірім сұрамаймын. Сол үшін соттаймын десеңдер соттай беріңдер. Егер осы оқиға қайталанса, мен қайтадан осыны істейтін едім, сол қарындасыма қайтадан араша түсер едім», - деп айтқан болатын.

СОКП Бас хатшысы Горбачев пен КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының төрағасы Громыконың атына Рысқұлбековтің жазасын жеңілдету туралы зиялы қауым өкілдерінен,  шетелдерден «21 жастағы жігітке өлім жазасын кесу бұл әділетсіздік,қатыгездік» деген сөздермен түрлі  өтініш хаттар түсті. Кейіннен Рысқұлбековтың ату жазасы амалсыздан 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылды. Бірақ Шу, Қарағанды темір жол бекеттері арқылы Қайрат белгісіз себептермен Семей түрмесіне жеткізіліп, құпия жағдайдақайтыс болған. Біраз уақыт өткен соң ағаммен бір камерада жатқан адамнан  хат келді.  Хатта «Мен Қайраттың өзіне қол жұмсамағанын, оның қандай жағдайларда өлгенін айтып бере аламын. Жақында түрмеден жазамды өтеп шығамын. Бостандыққа шыққанда менің өміріме қастандық жасалуы мүмкін. Менің қауіпсіздігімді қамтамасыз ететін болсаңдар сендерге шындықты айтып беремін»,- деп жазылған. Мен хатты алып Мұхтар Шахановқа бардым.  Түрмеге іздеп барған кезде әлгі жазасын өтеуші  аз ғана уақыт бұрын еркіндікке босап шыққанын естідік. Кейін оны іздеп тапқанда, оның белгісіз жағдайларда қайтыс болғанын білдім.Осылайша ағамның өлімі жұртқа жұмбақ күйі қалды. 

- Бүгінгі жас ұрпаққа тәуелсіздік үшін күрес жүргізген азамат ретінде не айтар едіңіз?

- Әр заманның өз батырлары бар, әрі бола да береді. Бұл – табиғат заңы. Тек сол батырларымыздың ерліктерін келер ұрпаққа тәрбие ретінде таныта білсек болғаны. Желтоқсанның жалынды жастары, кешегі Қайрат, Ләззат, Ербол, Сәбираның атын тарихта қалдыру үшін олардың ерлігін бүгінгі ұрпаққа күнде айтсақ та артықтық етпейді. Бұл жастарымызға жігер беріп, олардың рухын көтеретіні сөзсіз. Біз осы жолда бүгінде шамамыз келгенінше еңбектеніп келеміз. «Халық қаһарманы» деген атаққа лайық болмаса да, жоғарыда аты аталған халық қаһармандарына дем берген Желтоқсанның ерлері арамызда тірі жүр. Соларды жастармен етене араластырып, білім ошақтарында тәрбие сағаты, түрлі кездесулер көптеп ұйымдастырылса деген тілегім бар.

Тәуба, қазіргі қазақ жастарының бойынан қайсарлықты да, жігерлікті де, ұмтылысты да байқаймыз. Ал, болашағы зор ел боламыз десек, сол жастарымызға алдыңғы толқын ағалар сүрінгенде сүйеу, құлағанда демеу болып, осындай ұлағатты істі ұрпақ жадында мәңгіге қалдыруымыз керек. Басты мақсат – жастардың бойына ұлттық патриоттық сана-сезімді сіңіру болса керек. Сонда ғана Қазақ елін дау да, жау да ала алмайды. 

Қайрат ағам небәрі 21 жасында елінің тәуелсіздігі үшін өмірін қиды, және оған ешқашан өкінген жоқ. Ең алғашқы желтоқсан көтерілісі КСРО елдерінің ішінде  Қазақстанда бірінші болды. Кейін басқа республикаларда жалғасын тапты, бұл дегеніміз қазақтардың намысшыл халық екенін аңғартады. 1986 жылғы көтерілістің арқасында КСРО үкіметінің құлауына себепші болды. Ата-бабаларымыз неше ғасырдан бері найзаның ұшымен, білектің күшімен жерімізді сақтап, тәуелсіздікті армандап келді. Ал қазіргі жастар бейбіт заманда өмір сүруде. Тәуелсіздікке жету үшін желтоқсан оқиғасында қаншама жастар өмірін қиды, күресті, жаспыз деп бәр сәт ойлаған емес. Сол сияқты қазіргі жастар да еліміздің өркендеуіне  адал тер төгуі тиіс. Бүгін елімізде жемқорлық бар болғанымен оның ертеңгі күні жоқ болуы ол мына жастарға байланысты. Адал қызмет істеп, абыройды бірінші орынға қоятын ұрпақтардың бірі болса. Осы арқылы  тәуелсіздік үшін өмірін құрбан еткен азаматтардың абыройын одан әрі асқақтатып жатқанын бүгінгі жастар түсінуі  керек. Еліміздің тәуелсіздігі-бұл ең маңызды күндердің бірі. Сондықтан жастарға патриот болып, тарихты ұмытпай, еліміздің адал азаматы болуға шақырамын.

Әңгімелескен Дана Сүлейменова

Таңшолпан Әлиева: «Тек шын мықты ғана елінің абыройын асқақтата алады»
Марат Омаров: «Пионер галстугімді Шәмші Қалдаяқов байлап берген еді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу