Таңшолпан Әлиева: «Тек шын мықты ғана елінің абыройын асқақтата алады»

Oinet.kz 04-12-2017 906

Screenshot_38.jpg

Таңшолпан Әлиева, бокстан жастар арасындағы Қазақстан біріншілігінің күміс жүлдегері

– Таңшолпан, өзің жайлы қысқаша айтса кетсең, боксшы қыз атануыңа не себеп болды?

– Мен мыңжылдықтар тоғысында топырағы тарихқа тұнған Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Сунақ ата ауылында дүниеге келдім. Кезінде Қазақстан мемлекетінің астанасы болған Қызылорданың қыздары қалай әлсіз болсын?!. 

Ата-анам мені кішкентайымнан патриоттыққа баулып  тәрбиеледі. Қазақ тарихынан жиі сыр шертетін. Тәуелсіздікке ұмтылған Алаш зиялылары жайлы айтқанда бойымды қуаныш сезімі кернейтін. Мен де сол ағаларыма еліктеп, еліме тамшыдай болсын пайдам тисе екен деп ойладым. Нәтижесінде спортқа келдім. Осы спорт арқылы дүние жүзі елдері алдында көк туды желбіретіп жатқанымды ойша көз алдыма елестетінмін. Ел тәуелсіздігін осылай насихаттаған жемісті секілді көрінді. Әлем халқы біздің көк туды неғұрлым жиі көрсе, соғұрлым жақсы деп түйсіндім. Спорттық мансабымды ең алғаш қол күресінен бастадым. Дегенмен, уақыт өте келе бұл спорт түріне қызығушылығым жоғалды. Бір орында отырып, қол күрестіру мені шаршата бастады. Өспей қалатындай көріндім. Содан кейін гір тасын көтеруді бастап кеттім. Кейінірек байқасам бұл да қол күресіне ұқсас екен. Бұл да мені тез жалықтырды. Мен қарсыластарымды көтерген гір тасының салмағымен емес, айқаспен жеңгім келетін. Жаным жекпе-жекті қалайтын. Сонда ғана тұла бойымдағы бар қабілетім ашылатындай. Менің осылай іштей ойыммен арпалысып, ептеп  мұңайып жүрген тұста  Жаңақорған ауданынан Нұрбек Исаев есімді кісі хабарласты. Ол мені боксқа шақырды. Шыны керек, мұндай ұсынысты күтпедім. Үйдегілермен ақылдасып көрейін дедім. Ал, үйдегілер қарсы болды. Әсіресе, ағаларым. Намыстанған шығар. Осы жағы қиын соқты. Себебі, біз отбасында 8 ағайынды едік. 5 ағам және 2 інімнің ортасында өскен отбасындағы жалғыз қызбын. Ағаларым менің қыр гүліндей жайнап өскенімді  қалаған шығар. Бокс деген – би емес. Мұрын сынып, бас жарылатын спорт түрі десе болады. Олар орталарындағы жалғыз қыздың қан-жоса болып жүргенін қаламады деп ойлаймын. Сонда да болса қайтпадым. «Бағымды сынап көрейін, дым шықпаса боксты тастаймын» дегесін, келісімдерін берді. Содан ауданға аттанып кетіп, бапкеріммен жаттыға бастадым. Бір қызығы, бапкерім бір апта өткен соң Қазақстан біріншілігіне барасың деді. Бардым. Құрқол қайтпадым. Қола жүлдені мойныма тағып келдім. Сонда үйдегілер таң-тамаша қалды. Мүлдем сенбеді. «1 апта ішінде қайдағы біріншілік, қайдағы қола?!.» деп. Шындығында бапкерім де мені қысқа мерзімде мұндай жетістікке жетеді деп ойламады. Нәтижесінде біз боксқа шындап кірісіп кеттік. Аз ғана уақытта ел ішіндегі түрлі деңгейдегі жарыстарда, халықаралық турнирлерде жеңістерге жеттік. 

Өткен жылы Қорқыт ата атындағы университетке «денешынықтыру» мамандығы бойынша оқуға түстім. Қазір 2 курс студентімін. Мен өзімді тек спорт саласында ғана көреді екенмін. 

– Таңшолпан, сенің қарсыласың – Арайлым Бегділдә Үндістанда өткен әлем біріншілігінде топ жарған еді...  

– Шымнымды айтсам, мен Қазақстан біріншілігінде бірінші орын ала алмай келе жатырмын. 2016 жылы 3 орын алдым. Биылғы біріншілікте 81 келі салмақ дәрежесінде 2 орыннан көріндім. Финалда Арайлым Бегділдәдан айламды асыра алмадым. «Не деген қуатты қыз» деп ойлағам сонда. Міне, сол Арайлым биыл Үндістанда өткен Әлем біріншілігінде жеңімпаз атанды. Сонда менің қуанышымда шек болмады. Менің салмақ дәрежемдегі қыз алтыннан алқа тақты! Ол бұл жеңіске әбден лайық! Дүбірлі додада шын мықты екенін дәлелдей алды. Бізде көбіне спортшылар қарсыластарын көре алмай жатады ғой. Жалпы, бұл үрдіс тек спортта ғана емес, барлық салада бар десем қателеспейтін шығармын. Егер біреу менен озса мұңаймаймын, керісінше, қуанамын. Біздің басты мақсат – Қазақ елінің абыройын әлем алдында асқақтату емес пе? Бұл тек шын мықтының қолынан келеді. Арайлым осы миссияны орындай алды.

Сандуғаш Әбілхан: «Өзгелерге ұқсамау үшін боксқа келдім»
Талғат Рысқұлбеков: «Ағам қайраттың өлімі жұртқа жұмбақ күйі қалды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу