Сандуғаш Әбілхан: «Өзгелерге ұқсамау үшін боксқа келдім»

Oinet.kz 04-12-2017 1047

Screenshot_23.jpg

Сандуғаш Әбілхан, бокстан жасөспірімдер арасында Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы

– Сандуғаш, ең бірінші дәстүрлі сұрақты қойсақ, боксқа қалай келдің? 

– Мен Жамбыл облысы, Байзақ ауданында жарық дүниеге келдім. Байзақ ауданының табиғатын сөзбен суреттеу мүмкін емес. «Тау баласы тауға қарап өседі» демекші, біз көз ұшында мұнартып жататын Тянь-Шань тауына қарап арманға берілетінбіз. «Осы тау басына шықсақ, жерге сонау заңғар шыңнан қарасақ» деп. Меніңше, біз сол кезден биікке ұмтылған екенбіз. Кішкентай кезде әрбір деталь өте маңызды секілді. Оның адам өмірінде алар рөлі зор екен.

Есейе келе әркім өз жолын таңдап жатты. Бір құрбым дәрігер, бір құрбым мұғалім болуды армандады. Ата-анам да құрбыларым таңдаған мамандыққа түсуімді қалады. Бірақ, мен олар жүрген жолмен жүргім келмеді. Өз жолымды қалыптастырғым келді. Нәтижесінде, тыңнан түрен салуды, яғни өзгелерге ұқсамауға тырысатын әдетім мені боксқа жетелеп алып келді. Бұл кезде мен 12 жаста едім. 

– Үндістанда қыздар арасында өткен әлем біріншілігіне дейінгі жүріп өткен жолдарыңа көз жүгіртіп көрейікші.  

– Әрине, мұндай деңгейдегі ірі жарысқа екінің бірі бармайтыны анық. Бұл жарысқа баруға әбден лайық болуың керек. Бұл жерде тек спортшыны көтеруде жаттықтырушының атқарар рөлі зор. Менің жаттықтырушым - Рустам Жұматаев. Бір қызығы, ол кісі тек ұлдармен жұмыс істейді. Мен ол кісіде жалғыз қызбын. Ол менің қандай да бір әлеуеттілігімді  байқады ма, мені жарысқа дайындауға келісімін берді. Ол менен зор үміт күтеді. Оны өзі де айтады, мен де байқаймын. Сол себепті,  ол кісінің сенімін ақтау үшін жаттығуда барымды саламын. Жаттығуға деген зор жауапкершіліктен шығар, 2015 жылы Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы болдым. Бұл ең алғашқы ірі жетістігім еді. Одан кейін, биыл да 57 келі салмақ дәрежесінде ел біріншілігінде бірінші орыннан көрініп, әлем біріншілігіне бару бақытына ие болдым. Дегенмен, мұнда орын ала алмадым. Тәжірибе жетіспеді. Әйтсе де, бұл жеңіліс бізді одан әрмен жігерлендірді яки жаттығуды күшейту керектігін түйсіндірді деп ойлаймын. Меніңше, бұндай жеңіліске өкінбеу керек. Ең бастысы, содан нәтиже шығара білген абзал.  

Дәл қазір мен Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде «дене шынықтыру және спорт» факультетінде 1 курс студентімін. Мұнда талантты жастар өте көп. «Егер жетістікке жеткің келсе, өзіңнен күштілермен күрес» деген сөз бар еді ғой. Бұл рас. Біз мұнда бір-бірімізден қалып кетпеу үшін әрбір күнімізді еңбектенумен өткіземіз. Адамды адам еткен еңбек емес пе? Спортшы тек жаттығып қана қоймай, ой еңбегімен де айналысуы керек. Сырт көзге былғары қолғап пен кітап екеуі бір-бірімен қабыспайтын екі бөлек дүние секілді көрінетін шығар. Бірақ, біле білсеңіздер, бізді жаттықтырушымен қатар кітап та тәрбиелейді. Әрине, арамызда кітап оқымайтындар да кездеседі. Әйтсе де, кітап бетін парақтайтындар өз қатарластарына қарағанда әлдеқайда алғыр, әлдеқайда зерек болатыны спортта да талай дәлелденді. Және спортшы үсті-басын, төңірегін мұнтаздай таза ұстағаны жөн. Бұл оны ұқыптылыққа баулиды. Әйтпесе, бей-берекетсіздік адамды азғындатып жібереді. Осының бәрін қатар алып жүрген спортшыдан ғаламат жетістіктерді күтуге болады.      

– Сандуғаш, сенің ұғымыңда бақыт деген не? 

– Қазір базбіреулер шет ел асып, бақытын сонда іздеген тенденция қалыптасты ғой. Осыған орай, мен шет елге жарыстарға барғанда «бақыт» ұғымына үңіліп көремін. Расында бақыт осында ма, әлде туған жерде ме? Ойлап қарасам, қай жерде сенің тілеуіңді тілейтін жанашырларың бар, сол жер сенің құт мекенің екен. Жарыста жүргенімде әрқашан тақымын қысып отыратын ата-анам, жанашыр туған-туыстарым, қандай да бір жүлде алып келсем қуанатын құрбы-құрдастарым – бәрі-бәрі Қазақстанда. Ендеше, Қазақстан – менің бақыт мекенім. 

Сұхбаттасқан Абылай Есімбай

Қуат Қиықбай: «Әкім Таразиге «бас жүлде алып бер» деп 5 адам қоңырау шалыпты»
Таңшолпан Әлиева: «Тек шын мықты ғана елінің абыройын асқақтата алады»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу