Қуат Қиықбай: «Әкім Таразиге «бас жүлде алып бер» деп 5 адам қоңырау шалыпты»

Oinet.kz 04-12-2017 1228

Screenshot_22.jpg

Қуат Қиықбай, жазушы:

Әкім Таразиге «бас жүлде алып бер» деп 5 адам қоңырау шалыпты

– Сіз осыдан 4 жыл бұрын өткен «Шабыт» фестивалінде «Үздік проза» номинациясы бойынша «Жынды» атты әңгімеңізбен Гран-при иегері атандыңыз. Бұл шығармаңыз арқылы қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті көрсеттіңіз. Сол кезде 22 жасар Қуат қоғамға наразы еді ме? «Жынды» кім?  

– Фестивальге дейін де, кейін де менен «Жынды» туралы көп сұрады. Шынымды айтар болсам, ол жынды – мен, ол жынды – сіз, ол жынды – біз дер едім. Жынды – жиынтық образ. Яғни, бұл қоғамдағы әрбір адамда жындыға тән құлық бар. «Жындыда» бай-манаптардан қорлық көргендер туралы айтылады. Мұндағы бай-манаптар - Еуропалықтар айтатын «голубая кровь», яғни қазақша айтсақ тектілер емес, аумалы-төкпелі заманда кедей-кепшікке тиесілі несібесін аузынан тартып алып байыған пысықайлар мен қулар. Қазір солар дәуірлеп тұрған заман ғой. «Жынды» осыған ашынғаннан туған дүние еді.

Қоғамға наразы ма едіңіз дейсіз бе? Мен сол кездері көп құладым, көп сүріндім. Әйтсе де, мұның бәрі білмей құлауым емес. Бәрін біле, көре тұра сүріндім. Ағысқа қарсы жүзгендіктен. Себебі, қазір бәрі ақшаға келіп тірелетін заман болды. Мысалы, толғатып жатқан әйеліңді перзентханаға апаршы. Егер қолдарына тиын-тебен ұстатпасаң, дәрігерлер әйеліңе соншалықты мойын бұрып қарай бермейді екен. Енді балаңды балабақшаға орналастыруға яки кезекке тұрғызуға да көк қағаз керек. Одан кейін мектепте бір байқау ұйымдастырылды делік. Міне, осы кезде ата-аналар лап ете қалады. Оларға «Пәленшенің баласы вундеркинд екен, ата-анасынан озып туыпты» деген атақ қажет. Бала расында вундеркинд па, әлде олай емес пе, онда жұмысы жоқ. Әйтеуір, баласы қатарластарынан қалай да болса озғаны жөн. Егер баласының қабілеті жетпесе, онда басқа жолы бар. Яғни, даңғой ата-аналар ұл-қыздарының мұғалімдеріне, мектеп директорының қалтасына ақша тықпалап әуре болады.   

Ең ақыры, баланы университетке оқуға түсіруге де қомақты қаражат керек. Болмаса тамыр-таныс, әке-жәке іздейміз. Жалпы, адам өле-өлгенше бар өмірін ақшамен матап өтеді. Бұл мен куә болған жайттар. Міне, осының бәрін көріп өскен баладан не күтуге болады?  Балаға осындай тәрбие беріп жатқан біз жынды емей кімбіз?       

– Жақында ғана «Бейуақыт» деген кітабыңыз шығыпты! Неге «Бейуақыт» деп атадыңыз? Және осы кітабыңызды «Жас толқын» сериясымен жарыққа шығаруға не себеп болды?

– «Бейуақыт» оқырманға жол тартқанына 2 айдай болып қалды. Шыны керек, кітабым жөнінде көсілгім келмейді. «Мен кітапта мынандай мәселені көтердім» деу - жазушыға жараса қоймас. Кітап нашар жазылды ма, әлде керісінше ме, оның ақ-қарасын оқырман өзі ажырата жатар. Әрине, кітапты шығаруға ешкім көмектеспеді яки көмектесті дейін десем, бұным өтірік болып кетер. Жазған-сызғандарыма рецензия жазып, «Жалын» баспасына ұсынған – Жазушылар Одағы. Қазір ел арасында «Жазушылар Одағы жұмыс істемейді, онда мансапқұмарлар басшылықта отыр» деген сарында пікірлер жиі айтылады. Десе де, Жазушылар Одағы жастар шығармашылығына жоғары деңгейде көңіл бөледі. Осы жағы біз секілді ақ парақты шимайлап жүрген пақырларды қуантады. Шыны керек, «Бейуақытты» баспаға 5 мәрте ұсындым. Бірақ, бәрінде Мәдениет және спорт министрлігіндегі әлдеқандай бір комиссияның шешімімен кері қайтарыла берді. Үмітім үзіліп жатқанда Жазушылар Одағы араласты. Нәтижесінде «Бейуақыт» аталған министрлік тарапынан мемлекеттік қолдауға ие болып, 5500 таралыммен шықты. Оны республиканың түкпір-түкпіріндегі ауылдық кітапханаларға дейін таратуды түрлі мемлекеттік мекемелер мен атқарушы билік өз мойындарына алды. Сонда біз «әдебиет деген әлі керек екен ғой» деп қуанып қалдық.      

– Осы «Шабыт» фестивалінде қазылар алқасы шығарманы іріктерде ең бірінші неге қарайды? Қандай критерийлер бойынша бағалайды? Шұрайлы тіліне ме, әлде шырылдаған шындығы үшін бе? 

– Оны қазылардан сұрау керек шығар. Төрт жыл бұрын өткен осы фестивальға мен «Аругүл» мен «Жындыны» ұсындым. Арада біраз уақыт салып  «сіз өттіңіз» деп хабарласты. Биыл «Шабыт» 16-шы рет өткелі жатыр, соған 16 үміткерді таңдадық деді. Осыны ести сала біз артынып-тартынып Астанаға тіке тарттық. Сол фестивальде қазылар алқасының төрағасы – Әкім Тарази еді. Қазылар құрамында Асқар Алтай, Толымбек Әбдірайым, Әнес Сарай ағалар бар екен. Олар бізді жақсы қабылдады. Соңынан ерген іні-қарындастары бар екенін біліп қуанған секілді көрінді. Біз олармен емен-жарқын әңгімелестік. Сонда Әкім аға өзіне дода басталғанша 5 адам хабарласқанын айтты. Бәрінің бағдары айқын, ойы бір – бас жүлде. Сонда Әкім аға оларға былай жауап бердім деді: «Жасым 80-де. Бір аяғым көрде, бір аяғым жерде. Бұл жасымда «Әкім Тарази өйтіпті, ол бүйтіпті» деген жаманатты болғым келмейді. Шабыт жүлдесі әділ, анық, нақты шешіледі». 

Қазылар алқасы байқауға келіп түскен дүниелерді жиылып отырып оқып, әбден талқылапты. Асқар Алтай: «мұнда төрт аяғын тең басқан бір әңгіме бар. Ол – «Жынды» деп пікірін білдірген көрінеді. Нәтижесінде, қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге ие болдым. Шыны керек, мен мұндайды күтпеп едім. Себебі, одан екі жыл бұрын да осы фестивальге қатысып, тауым шағылып қайтқан болатын. Міне, сол кезде «талантымды әлі-ақ дәлелдеймін» деп өз-өзіме уәде берген едім. Міне, «Шабытқа» қайта қатысуыма басты себеп болған да осы – өзіме берілген уәде еді.

Жалпы, «Шабыт» фестивалінің жыл сайын өтіп жатқаны мені қуантады. Оның шығармашыл жастарға берері мол. Олар осы фестиваль аясында бір-бірімен танысып, пікір алмасады. Тәуелсіздік алған жылдардан бері «Шабыт» қазақ әдебиетіне сүбелі үлес қоса білді. Бұл фестиваль республиканың түкпір-түкпірінде жүрген жастарды жинап, бір арнаға тоғыстыра білді.  

– Қазір «Рух» деген байқау жарияланды. Мұнда бас жүлдеге 2 миллион теңге беріледі дейді. Белгілісі бар, «белгісізі» бар, ақын-жазушылар жаппай қатысып жатыр. «Рухта» бағыңызды сынап көру ойыңызда бар ма?

– Жоқ, қатыспаймын. Қазір ізденіс үстіндемін. Байқау деген мынандай нәрсе ғой: оған қатысып, алда-жалда топ жарып жатсаң, сен алдағы уақытта жазушы деген қастерлі атқа лайық болуың керек. Мысалы, «Шабытта» жеңімпаз, одан соң «Аңсарда» жыл үздігі атандым. Ендеше, мен сол кездегі деңгейден шарықтап өсуім керек. Десе де, мұны кейбіреулер түсіне бермейді.

Әйтпесе, қаламды жанына серік еткен һәм ермек еткендер байқауға 1 ай қалғанда, 10 күн, 1 күн қалғанда тыпырлап бірдеңе жазған болады. Бұл – әдебиет емес. Бұл көк қағазға деген жанталас. Әдебиет – сенің жүрегіңді жарып шығатын сөз тұнығы. Қазіргі таңда осы тұнықты лайлап жүргендер аз емес. Ақын-жазушының басты миссиясы – бәйгеден озу емес, оқырманды ойландыра білу. Сол оқырман кітапты оқып болғасын «мен не істеп жүрмін?» деп өзіне сұрақ қойса, есеп берсе, онда қаламгер өз миссиясын орындай алғаны. Әйтпесе, бұрқыратып кітап жазып, «неге мемлекет сыйлық бермейді, неге көзіне ілмейді?» деп жылап-сықтайтындар, шу көтеретіндер аз ба?Меніңше, бұл «тумаған қысыр сиырдан уыз дәмету», барып тұрған бассыздық.  

«Бейуақыт» жарық көргенде мен әдебиетте жанымда жүрген достарымнан ыстық лебіз күткен болатынмын. Бірақ, ести алмадым. Менімен талайдан бері аралас-құралас болып жүрген рухани әріптестерім жай-жай жылыстап кетті. Бәрі сол көреалмаушылық екен. Өзін классик, өзгені қор санау. «Мен» дегеннен асып кете алмау.  

– «Үш аяқты итте» туып-өскен өлкеңіз Семейдің атом бомбасынан шеккен зардабын жазыпсыз. Жалпы, жергілікті тұрғындар полигон зардабын қаншалықты тартты?

– Бұл сынақ полигоны – киелі Абай жеріне,  мәдениет ордасына басылған қара таңба. Бұл – қазақ дейтұғын ұлтты жоюдағы орасан зор шабуыл. Мен осындағы сынақтан зардап шеккен қаншама мың адамды өз көзіммен көрдім. Бірінің – қолы, бірінің – аяғы, жалпы тұқыл болып туған адам санында есеп жоқ. Сенсеңіз, кей адам бетіне тіктеп қарай алмайсыз. Атом сынағы бетіне шыққан сол бейнеге ұзақ қарауға – темірдей жүйке керек пе деп ойладым. Бұл бер жағы. Осында туып-өскен көнекөз қариялар айтады, Кеңес Одағы тұсында мұнда өз-өзіне қол салатын жастарды санау мүмкін болмаған. Сонда олар мүгедек болғандықтан емес, жүйкелері әбден жұқарып кеткендіктен өз өмірлерін өздері қиған. Атом бомбасынан жүйке талшықтары үзіліп-үзіліп түскен яки солай туған. 

Бұдан тек Семей ғана емес, бұдан бүкіл Қазақстан қасірет шекті. Халқы да, мәдениеті де. Себебі, Семей – қазақ халқының мәдени астанасы болғаны баршаға аян. «Үш аяқты итті» жазудағы басты мақсат – полигон шаңын жұтса да, елін, жерін тастамай, осы атажұртында отырған халықты көрсету, сол ерлігін дәріптеу еді. «Ит тойған жерінде, ер туған жерінде қалады» емес пе? Құдайға шүкір, кемтар болып туатын балалар азайды. Десе де, сол бір қасірет көңілден әлі көмескілене қоймады. Жүректен әлі кете қоймаған қап-қара табы бар.   

– Қазіргі таңда әлеуметтік желіде көптеген жас ақын-жазушылар шоғыры қалыптастып келеді. Сіз бұл үрдіске қалай қарайсыз? 

– Желіде бір-бірін қолпаштап отыратындарды шоғыр деуге келе ме, әлде тобыр ма, белгісіз. Себебі, желіде ешқандай сүзгі болмағандықтан, әдебиетпен қатар түке татымсыз қоқыс та бір қатарда тұрады. Тек жастар болса мейлі, жасамыс та желіге шынжырланып отыр. Батпан ой, сындарлы сын айтса мейлі ғой, жоқ, олар  інілері жазған әлдеқандай күлді-көмеш дүниелерге тым жеңіл-желпі пікірлер қалдырады. Оны оқып безіп кеткің келеді. Бұдан кейін әдебиет қалай өседі? 

Бір қызығы, әдебиет ауласында жүрген солар әдеби газет-журналдарға жазыла бермейді, оқымайды. Оны өзім талай байқадым. Мысалы, мен «Қазақ әдебиетіне» жіберген әңгімем шықпаса қуанамын. «Қоқырсық жазыппын» деп. Себебі, онда сүзгі бар. Жазғаным түкке тұрғысыз ба, онда оны баспай қоюға құқықтары бар. Мен «неге баспадыңдар» деп дау шығара алмаймын. Түбінде ақ-қараны ажыратып беретін – басылым болады. «Қазақ әдебиеті» – тек Жазушылар Одағының немесе тек бас редактор Жанарбек Әшімжанның газеті емес, ол барша әдебиетсүйер қазақ халқының газеті. Әдебиеттегі соңғы сөзді осы «Қазақ әдебиеті» яки «Жұлдыз», «Жалын» секілді газет-журналдар айтады. Мен айтар едім, сол желідегі біршама жұлдыздар басылым есігін сығалай да алмайды. Сондықтан да, әрбір ақын-жазушы көлденең көк атты айтқан көпшік-көпіршікке семірмей, өзіне сын көзбен қарап отырғаны абзал. 

Сұхбаттасқан Абылай Есімбай

Индира Расылхан, әнші: «Кенже қызым маған ұқсаған-қырсық, бұзық»
Сандуғаш Әбілхан: «Өзгелерге ұқсамау үшін боксқа келдім»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу