Индира Расылхан, әнші: «Кенже қызым маған ұқсаған-қырсық, бұзық»

Oinet.kz 04-12-2017 1159

Өте ерке бала болып өстім.  Оның өзіндік бір себебі бар еді, бала күнімде ата-анам   денсаулығыма қатты алаңдаулы болды.  Дәрігерлер маған ашулануға, уайымдауға болмайтынын айтқан. Сондықтан ата-анам бетімді қаққан емес.  Кез-келген еркелігімді көтеретін. Маған бір нәрсеге  рұқсат бермесе мен  тез ашуланатынмын. Кейін  өсе келе ол мінезім басылды. Дегенмен әкемнің маған  ұрсып, ренжіткені есімде емес.  Анам қаталдау, әкем керісінше жұмсақтау болды бізге. Мүмкін, біреуімізден аяқ тартсын деп әке-шешем өзара келісімге келген болар.

Ауылдан  Қаратау қаласына көшіп бардық. Ол кезде жатақханада тұрдық. Үйге біреу келсе болды  мен ата-анамның жолын кесіп жүгіріп барып есікті ашатынмын. Сондай жыбырлақ бала болдым.

Screenshot_18.jpg

Жуалы ауданы  Көлтоған ауылында балалық шағым өтті. Отбасымызда үш қыз болып өстік, мен  ең кенжесімін. Тетелес әпкем менен бір жас үлкен болатын. Сол үшін біз бір сыныпқа бардық, бір мектепте білім алдық.   Есімде, мектепте Әлия есімді мұғаліміміз бір күні маған: «Индира артыңа қарап өсек соғып отырасың үнемі, мүмкін артыңа қарап сабақ оқисың»,- деп  айтқаны бар. Мен  тыныш отырмайтынмын,  сондықтан жиі ескертулер алатынмын.  Қазір есіме түссе бір күліп аламын. Қайтпайтын, өжет қыз болдым. Төрт жасымнан бастап ән айттым. Музыкалық мектепте білім алдым. Кейін 9 сыныпта грант жеңіп алып, Тараз қаласындағы  музыкалық колледжге түстім.  Алдыма қандай мақсат қойсам, қалайда соны орындайтынмын. Әлі күнге дейін сол қасиетімнен айнығам жоқ. Негізі балалық шақтағы  қалыптасқан мінезіңнің  болашағыңа әсері зор екенін ұқтым. Өзімді мақтағандай болмайын, дегенмен мынаны айтқым келеді: өнермен қоса басқа саланы қатар алып жүруге қабілетім де, пысықтығым да жететініне сенімдімін. Осы күнге дейін қандай да бір жетістікке жетсем ол біріншіден Алланың қалауы болса, екіншіден пысықтығым мен өжеттілігімнің арқасы деп білемін. Барлық әншілерде мінез бар. Көрермендер оларды тек сахнадан ғана көріп, сызылып тұрған мінезді деп ойлап қалады. Сондықтан да ыңғайы болып жатса кейінгі уақыттарда да бизнес пен өнерді қатар алып жүремін деп ойлаймын. 

Мен еркіндікте өстім және балаларыма да  қатты қысым жасамаймын.   Өзімнің ойымды ашық жеткізетінмін. Балаларымның сондай болғанын қалаймын. Бүгінде төрт баланың анасымын.  Айдина, Дарина есімді егіз қыздарым бар. Жастары он жетіде, менің көмекшілерім  сияқты. Үнемі қолдап жүреді. Асылан есімді ұлымның  жасы он бірде. Райана есімді бес жасар кенже қызым бар. Анам айтады: «Райананың мінезі тура өзіңе ұқсаған. Өзіңе де сол керек, саған ұқсаған қырсық, бұзық». Расымен де кенже қызым өзіме ұқсаған. Мінезі де, келбеті де анасына тартқан дейді көрген адамдар. Олардың еркеліктерін көтере білемін, әпер деген нәрсесін алып беруге тырысамын. Өзім де ерке болып өстім, одан жаман болған жоқпын. Керісінше ойларын ашық жеткізетін, қайсар мінезді болғандарын қалаймын.  Балалық шақ қайталанбайтын кез, сондықтан балапандарымның бала күндері жақсы болуына жағдай  жасаймын. Ересек өмірінде не күтіп тұрғанын білмейміз ғой. Сондықтан беттерін қақпай, айтқандарын істеймін.  

Дайындаған Дана Сүлейменова

Алтын Уалтаева: «Мұндай заманда тамырдан ажырап қалмаған өте маңызды»
Қуат Қиықбай: «Әкім Таразиге «бас жүлде алып бер» деп 5 адам қоңырау шалыпты»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу