Гитлердің атасы еврей ме?
11-01-2024
Алтын Уалтаева, тарих ғылымдарының кандидаты
– Алтын Слямкайдарқызы, сіз жұмыс істейтін мекеменің негізгі мақсаты не?
– Мен жұмыс істейтін мекеме - ғылыми кадрларды дайындайды. Бұл мекеме «Ғылым ордасы» деп аталады. Бұл орталық 2014 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақастан ұлттық университетімен бірлесе отырып ұлттық ғылым академиясының базасында құрылды. Ғылым академиясының жанындағы бұл кешенде 10 зерттеу институты бар. Әрбір институт өзінің ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізеді, гранттық жобаларға және мақсатты түрде қаржыландыру жұмыстарына қатысады. Әрбір институт ғылым мен білімді дамытуда қарқынды түрде жұмыстар атқарады.
Біздің орталық негізінен магистрлер мен докторанттарды дайындаумен айналысады. Яғни, мемлекет осы орталыққа гранттар бөледі. Әрбір институт грант иегерлерін анықтау үшін емтихан өткізеді. Емтиханнан сүрінбей өткендер институтқа оқуға қабылданады. Олар магистратурада 2 жыл, докторантурада 3 жыл білім алады. Оқуы бітіргесін, магистрлер мен докторанттар өздері білім алған ғылыми зерттеу институттарында қалады. Осылайша, институт осында қалыптасқан дәстүр мен білімді жаңа буынға сіңіреді. Бұл мекеменің ең негізгі мақсаты – жаһанды бәсекеге қабілетті білімді буынды тәрбиелеп шығару деп білемін.
– Жаһандық бәсекеге қабілеттілік демекші, дәстүрді сақтай отырып сандық технология заманына ілесуге бола ма?
– Әрине. Болашаққа нық сеніммен қарау үшін өткенді санада жаңғыртқан абзал. Бұл жөнінде Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтқан болатын. Себебі, біз жаңа заманда, жаңа технологиялар заманында өмір сүрудеміз. Мұндай заманда тамырдан ажырап қалмаған өте маңызды. Әрбір мемлекет қоғамдық сананы жаңғырту жолында өзіндік қадамдарын жасап жатады. Мысалы, АҚШ-ты алайық. Технологиясы дамыған, экономикасы өркендеген әлеуетті мемлекет. Бірақ, сол Америкаңыз бірнеше ғасырлық тарихқа ғана ие. Яғни, Америка тарихын біздің бай тарихпен салыстыруға мүлдем келмейді. Қазіргі таңда бізге экономиканы, саясатты жаңғырту қажет. Бұл жөнінде мемлекет басшысы қайталаудан жалыққан емес. Осыған орай, біз тарихи бай мұрамызды асқан шеберлікпен пайдалана білуіміз керек. Ең бастысы, біз ұлттық кодымызды ұмытпауымыз қажет. Біз ата-бабаларымыздың басынан кешкен жайттарды бір сәт те естен шығармағанымыз абзал. Оны қаттап-қаттап жинап, келер ұрпаққа аманаттап тапсырған жөн.
Әрбір адам өз ойын өзінше білдіруге құқылы. Мысалы, тарихшы өткен тарихты өз көзқарасы бойынша жеткізеді. Ал, егер егде кісілер сол оқиғаға куә болса, оны тарихшыдан мүлдем басқаша жеткізуі мүмкін. Ата-ана бала-шағасына әлгі оқиғаны өзінше айтып береді. Кез-келген жерде, үйде болсын, тойда болсын. Сол тарихты өз ойында қалай елестетеді, өзгеге солай жеткізеді. Яғни, барлық нәрсе – дүние-танымына байланысты. Жас бала тарихты ата-анасы, ата-әжесі айтып берген құрылым бойынша санасына сіңіреді. Осы себепті, біз кез-келген жан тарихшы бола алмайтынын ұмытпауымыз керек. Кез-келген жан айтқан сөз рас бола бермейді. Кез-келген жан бұл мәселені талқылап, оның ақ-қарасын ажырата алмайды. Сондықтан да, әрбір адам өз елінің тарихын білгені абзал. Бұл үшін тарихты арнайы мамандар жазған кітаптан оқуға кеңес беремін. Кітап оқып өскен бала мәліметті сараптап, ой елегінен өткізе отырып өзгеге айта алады. Және мәліметтерді зерделеп үйренген әр жерде бір жарқ ете қалған ақпаратқа сене бермейді. Себебі, олар көбіне дәйексіз болады. Яки болуы әбден мүмкін. Тағы бір айтарым, жалған ақпарлар уақыт өте келе жойылып кетеді. Бұған халық ауыз әдебиеті дәлел. Мысалы, бұрынырақта ақпаратты қағазға түсіру аса зор мәнге ие болмаған. Ол кезде ауыз әдебиеті кең етек жайды. Бұл үрдіс әлі күнге дейін жоғалған жоқ. Неге дейсіздер? Себебі, ауыз әдебиеті ақ-қараны өзі ажыратып алды. Яғни, өмірде шынында болған жайттар ауыздан-ауызға тарап, өзектілігі артты. Ал, енді бәлкім кей жыраулар ел басқара алмаған ханды «ел басқарды», қорқау жанды «батыр болды» деп жырлаған шығар. Дегенмен, бұл ауыздан-ауызға тарамады. Кез-келген оқиғаға әділ бағасын беретін – халық қой. Халық негізсіз сөзді қолдамады, іліп алып кетпеді. Нәтижесінде, жалған ақпарлар жойылып отырды. Осының арқасында біздің ұлттық код былғанбады. Осының арқасында біздің ұлт сақталып қалды деп ойлаймын.
– Білім сапасын арттыру үшін елімізде жоғары оқу орындарының санын қысқарту керек деген ойға қалай қарайсыз?
– Мен бұл пікірмен мүлдем келіспеймін. Мысалы, білімді ақылы және тегін деп алайық. Мұның еш маңызы жоқ. Ең бастысы, берілер білімде. Әрине, біз ақылы білімді сапасыз деп есептеп үйренгенбіз. Осыдан келіп стереотип қалыптасады: «егер адам ақша төлеп оқыды ма, онда ол сапасыз білім алды, ештеңе үйрене алмады». Біз 90-жылдары нарықтық экономикаға көшкенде білім саласында зор қателікке бой алдырдық. Меніңше, білім тегін болу керек. Әсіресе, жоғары оқу орындарынан кейінгі білім. Яғни, магистратура мен докторантурадағылар тегін оқумен қамтылғаны абзал.
Бұрындары санаулы ғана адамда жоғары білім болды. Тек лайықты жандар ғана университет, институт қабырғасында оқи алды. Ал, қалғандары оқуды тек қана түсінде көрді. Дипломды армандап қана қойды. Бұл біздің жүрегімізге қақ болып жабысты. Сондықтан да, бүгінде көптеген ата-аналар балаларына: «сен бір жапырақ қағаз алсаң, адам боласың» деп жиі айтады. Бірақ, шындығында диплом – білім көрсеткіші емес. Мейлі, әлгі бала 10 диплом, 15 диплом алсын, бірақ, ол сол алған дипломына лайық маман бола алмауы әбден мүмкін. Бәрі адамға байланысты. Сондықтан да, мен жекменшік яки ақылы оқу орындарын жабу керек, олар ешқандай маман дайындай алмайды деген пікірден аулақпын. Мұндай оқу орындарында да білікті де білімді оқытушылар бар, болашағынан үміт күттірген студенттер бар. Мысалы, грантпен оқып, қызыл дипломға қол жеткізгендер болады. Бірақ, араларында соншалықты көп білмейтіндер кездеседі. Ал, енді ақылы оқуды қарапайым дипломмен бітіре отырып, өз саласында төңкеріс жасай алатындар болады. Мінекей, осы себепті біз әлеуетті жастарды барынша қолдау керекпіз. Оларға жоғары оқу орындарынан кейінгі мекемелерге оқуға жағдай жасау қажет. Бұл – ғылым саласына қосқан орасан зор үлесіміз болар еді.
Сұхбаттасқан Абылай Есімбай