Лаура Есенкелді: «Спортшыға ең бірінші керек қасиет - бірқалыптылық»
Лаура Есенкелді, бокстан жасөспірімдер арасында Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы
Биыл көктемде Шымкентте 4 жылда бір рет өтетін бокстан жастар арасындағы біріншілік ұйымдастырылғанда осы дүбірлі додада Оңтүстік Қазақстан облысының намысын қорғаған Лаура Есенкелді 5 күнге созылған жарыста ешкімге есесін жібермей, жеңіс тұғырынан көрінді. Сонда Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков: «Лаура Есенкелді бокспен бес жылдан бері айналысып келеді. Жеткен жетістіктері де аз емес. Спорт шеберлігіне үміткер ол шаршы алаңда 45 кездесу өткізіп, 38-інде жеңіске жеткен. Бокстасу стилі де өзгеше. Бапкерлерінің айтуынша, Лаураның алатын асуы әлі алда» деп оған үлкен үміт артатынын айтқан еді.
Мінекей, сол Лаура Қазақстан біріншілігінде өз салмақ дәрежесінде ешкімге дес бермей, Үндістанда U18 дәрежесі бойынша өтетін әлем біріншілігіне қатысу мүмкіндігіне ие болды. Бұл додаға 38 елден «жеңіске жетсем» деп 186 боксшы қыз келді. 54 келі салмақта шаршы алаңға шыққан Лаура іріктеу кезеңдерінде қарсыластарын айқын басымдылықпен жеңе отырып ширек финалға дейін жетті. Дегенмен, жүлделі орыннан көріне алмады. Десе де, бұл оның көңіл-күйіне кірбің түсірмеді, керісінше, жігерін жаныды деп сендік. Себебі, Үндістанға жол жүрер алдында біз Лаурамен сұхбаттасқан едік. Сонда жайдары Лаура нақты құрған жоспарларымен, алға қойған мақсаттарымен бөліскен болатын.
– Мен жаздыгүні дүниеге келіппін. Мүмкін, содан болар, құрбы-құрдастарым «мінез-құлқың бірқалыпты, жаймашуақ» деп айтып жатады. Көктем мезгіліндей мың құбылмаймын. Меніңше, бірқалыптылық яки тұрақтылық – спортшыға ең бірінші кезекте керек қасиет. Бәлкім, осы мінезім мені спортқа алып келген шығар. Басында каратэге қатысып жүрдім. Бірақ, боксқа деген махаббатым зор болды. Осыны байқаған қазіргі бапкерім Нұржан Жақсығұлов мені боксқа шақырды. Содан 14 жасымда қолыма былғары қолғап кидім. Бапкерім мені жеңімпаз қылып шығарамын деп барын салды. Шаршы алаңға шыққанда «боксшысының тек бұлшық еті ғана емес, миы да жұмыс істеуі керек, қарсыласыңнан жеңілсең жасыма, ал, жеңсек тасыма» деп жиі айтатын. Оның әрбір сөзі бойымда бұғулы жатқан әлеуетті ашуға сеп болатын. Жаттығудан үйге жаным жадырап, қанаттатынып қайтатын едім. Түсінгенім, көңіл-күйің тоқ болса, нәтиже де болады екен.
Ауыз толтырып айтарлықтай ең алғашқы жетістігім – Павлодар қаласында өткен ашық біріншілікте жеңіске жеттім. Одан кейін көптеген біріншіліктерде топ жарып жүрдім. Әзірге ең ірі жетістігім – Словакияда өткен турнирде бірінші орын алғаным. Алда әлі Азия біріншілігі, Әлем біріншілігі сынды дүбірлі додалар бар. Осы жарыстарда жүлделі орын алып, Қазақстан туын биіктерден желбіреткім келеді.
Қазіргі таңда Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік универсиетінің 1-курс студентімін. Мұнда спорт саласында білім алып жатырмын. Спорттағы аға-әпкелеріміз бізбен сөйлескенде жасөспірімдер мен жастарға, жалпы спортшы қауымға барлық жағдай жасалғанын жиі айтады. Әрине, бұрын спортқа қаншалықты көңіл бөлінгенін білмеймін, әйтеуір, спортқа келгелі бері бізге мемлекет тарапынан зор деңгейде қолдау көрсетіліп жатқанына куәмін. Мемлекет бізге осындай көмек беріп жатқанда қалайша босаңсуға болады? Дегенмен, кейде мұндайға жол беріп қалатын кездер болады. Мысалы, бізде жаттығу жиынында телефондарымызды жинап алады. Бірде мен қулық жасап, телефонымды өткізбей қалдым. Ертесіне мұным әшкере болып, жаттығу кезінде көпшілік алдында сөгіс естідім. Яғни, бізде де спортшылар ескерту алып, сөгіс естіп жатады. Сондықтан да, мұндайға жол бермес үшін тәртіп сақтауымыз керек. Әйгілі қолбасшы Бауыржан Момышұлы айтпақшы, «тәртіпке бас иген құл болмайды».
Спортшы болу үшін намыс керек, жігер керек деп жатады. Меніңше, ең бірінші денсаулық керек. Денсаулық болмаса ештеңе де болмайды. Сондықтан да, бапкерлеріміз біздің денсаулығымызды күтуімізді қадағалайды. Зор жауапкершілік танытуымызды сұрайды.
Шет елдерге жарысқа барған сайын «Отан – оттан да ыстық» деген сөз рас екендігіне көз жеткізіп қайтамын. Ұшақтан түскенде, табаным туған жерге тигенде сөзбен айтып жеткізе алмас ғажап бір күйді бастан кешемін.
Сұхбаттасқан Абылай Есімбай