Мөлдір Жұмабайқызы: «Салауатты өмір салтын ұстану керек»

Oinet.kz 04-11-2017 991

Screenshot_13.jpg

Мөлдір Жұмабайқызы, Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының «Қалалық ревмотология орталығы» Ақылы бөлімшесінің аға мейірбикесі   

Социологиялық зерттеулер нәтижесінде жастар бүгінгі заман құндылықтарының ең бастылары – бақытты отбасын құру, денсаулығын сақтау, материалды жағдайдың жоғары болуы, жақсы жұмысқа қол жеткізу мен Жаратушы алдыңдағы парызды орындау екенін айтқан. Бұл құндылықтардың алдыңғы орында болуы жастардың құндылықтық санасының дұрыс бағытта екеніне дәлел. 

Алайда, Блумберг агенттігінің дерегі бойынша, еліміздің денсаулық сақтау көрсеткіші 111 орында екен. Ал, денсаулықты шын мәнінде құндылық деп есептер болсақ, бұл көрсеткіш қайдан шықты?! Демек, біз денсаулықтың құнды екенін білеміз, бірақ оны сақтау үшін ұдайы дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстанып, рухани және физикалық тұрғыдан өзін-өзі дамытып, сол жолда қажымай, талмай еңбек ету қажеттігін естен шығарғанбыз. Денсаулық басты құндылық болуы үшін не керек екенін біздің бүгінгі кейіпкер толық әңгімелеп береді...

– Денсаулық – басты құндылық деп жатамыз. Сөз жүзінде. Ал оның іс жүзінде де басты құндылық екенін жетік білу үшін не істеу керек?

 – Салауатты өмір салтын ұстану қажет. Салуатты өмір салты дегеніміз не? Ол сізді айнала қоршаған ортаның саулығы, дұрыс тамақтануыңыз, дене сымбатыңыздың бұзылмауы, артық салмақ жинамау, физикалық дене жаттығуларын ұдайы орындап жүру, таза ауада серуендеуді әдетке айналдыру, сіз тұратын аймақтың экологиялық таза болуы ұдайы қадағалау... деп кете береді. Ең бастысы салуатты өмір салты – сіздің санаңыздан басталуы тиіс. 

Салауатты өмір салтын ұстанудың тағы бір шарты – бүгінгі таңдағы денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан реформалармен жете таныс болу. Мәселен, қазір Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың атын естігені болмаса, бұл реформаның не үшін жүргізіліп жатқанынан бейхабар жандар көпшілік. Сіз бұл реформаның атын ғана біліп қоймай, шын мәнінде атқарылып жатқан қандай шаралар бар екенін, бұл реформа неліктен жүргізіліп жатқанын осы заманның көзі ашық, көкірегі ояу азаматы ретінде егжей-тегжейлі білуіңіз тиіс. 

– Ендеше, бұл реформа қандай заңды-құқықтық нормативті актілер негізінде жүзеге асырылуда? 

– Қазақстан Республикасында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу қажеттілігі «Институттық реформаларды жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам»» жоспары мен Елбасының 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында анықталған еді. Ал 2015 жылдың қараша айында елімізде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заң қабылданған болатын.  

Үстіміздегі жылдың 31 қаңтарында Елбасы Н.Назарбаев халыққа «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын арнағаны белгілі. Сол жолдауда биыл 1 шілдеден бастап мемлекет пен жұмыс берушінің және азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу туралы тапсырма берілді. 

Анығында медициналық сақтандыру – халық пен жұмыс берушілер үшін денсаулық сақтау жүйесінің тиімді модельдерінің бірі болып табылады. Ол азаматтардың медициналық көмекті кеңінен алуына мүмкіндік береді. Сондықтан дамыған елдер бұл жүйені кеңінен қолданып келеді. 

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі негізінде мемлекеттің барлық азаматтарына медициналық көмектің негізгі ең төменгі жиынтығы немесе тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі ұсынылады. 

– Демек, бүгінгі таңдағы денсаулық сақтау мәселесі мемлекеттің салық саясаты үшін емес, адам денсаулығын сапалы түрде емдеу-сауықтыру шараларын ұйымдастыру үшін қажет болғаны ғой?  

– Дұрыс айтасыз. Қазіргі жаһандану кезеңінде әр сала мамандарының тек қана бәсекеге қабілеттілігі мен білім-білігі емес, денінің саулығы мен салауатты өмір салтын ұстануы өте маңызды. Сондықтан бұдан былайғы уақытта азаматтардың денсаулығына тек мемлекет қана алаңдап қоймай, жұмыс берушілер де қызығушылық танытуы тиіс. Себебі өнімді еңбек, табысты кәсіп үшін қызметкерлердің тек жаны ғана емес, тәні де сау болуы басты мәселе. Барлық міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қолданылатын елдерде жұмыс берушілер еңбекақы төлеу қорынан 3%-дан 15%-ға дейінгі мөлшерде жарна төлейді. 

Нақты бір кәсіпорнында жұмыс істейтін немесе жеке бір кәсіппен айналысатын азамат жарнаны өзінің табысынан аударатын болады. Әлемдік тәжірибеде егер азамат жалдамалы жұмыскер болса, онда оның аударым көлемі еңбекақыдан 1%-дан 8,2%-ға дейінгі аралықты құрайды. Ал егер жеке кәсіпкер болса, онда өзі көрсеткен кірістен (ең төменгі еңбекақыдан төмен болмауға тиіс) 7%-дан 15,5%-ға дейінгі аралықта жарна төлейді деп күтілуде.

Медициналық сақтандыру – денсаулық сақтаудағы халықтың мүддесін әлеуметтік қорғаудың түрі, медициналық көмек қажет еткенде сақтандырылған жағдай бойынша науқасқа жинаған қаржы кепілдік болады. Медициналық сақтандыру көптеген елдерде халық үшін, сонымен бірге жұмыс берушілер үшін денсаулық сақтау жүйесінің тиімді модельдерінің бірі ретінде танылған.

Міндетті медициналық сақтандыру кез келген тұрғынды медициналық сақтандырумен қамтамасыз етеді. Оның басты маңыздылығы да сонда. Медициналық сақтандыру ең алдымен адамның өз денсаулығына жауапкершілігін арттырады. Сонымен қатар, сақтандыру қорына жарна төлеу арқылы азаматтар қалаған аурухана мен емханадағы дәрігеріне барып, емделуге мүміндік алады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында ақшасы бар азаматтардың емдеу ақысы дәрігерлерге сол қордан төленеді. Ал медициналық қызмет үшін жасалатын төлемдер қордағы ақшадан алынатын болғандықтан, енді емдеу мекемелері арасында бәсекелестіктің басталатыны да сөзсіз. Өз кезегінде бәсекелестік медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттырады.

Қазақстанда экономикалық белсенді емес тұрғындар саны шамамен 10 миллион адамды құрайды. Бұл балалар, егде жастағы адамдар, көп балалы аналар, жүкті әйелдер, жұмыс істемейтін мүгедектер және т.б. Сондай-ақ жұмыс берушілер өз жұмыскерлерінің денсаулығына қамқор болуға тиіс, себебі дені сау және өнімді еңбек ресурстары – кез-келген кәсіпорынның табыстылығының кепілі. Сондықтан барлық міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қолданылатын барлық елдерде жұмыс берушілер медициналық сақтандыру жүйесін еңбекақы төлеу қорынан 3%-дан 15%-ға дейін мөлшері құрайтын жарна енгізеді.

– Бұл жүйе несімен тиімді екенін оқырманға дәйектермен қалай дәлелдеуге болады? 

– Елімізде енді ғана қолға алынып жатқандықтан көп адамды медициналық сақтандырудың жаңа жүйесі халыққа несімен тиімді деген сауал мазалауы заңды. 

Бұл ең алдымен еліміздің кез келген азаматына емделуді қолжетімді етеді. Яғни сіз кез келген мемлекеттік және мемлекеттік емес клиникаларда медициналық көмек ала аласыз. Бұл жерде сізге медициналық көмектің барлық түрлері көрсетіледі. Мұнда кеткен шығындарды Қор төлейді. 

Қор медициналық ұйымдарды іріктеуді өзі қадағалайды. Сондықтан әр клиника сізге жоғары білікті медициналық көмек көрсетуге өзі-ақ мүдделі болады. Себебі ауруханалар мен емханаларға көрсеткен сапалы медициналық қызмет үшін қаражатты Қор аударып отырады. Яғни, олардың дұрыс қызмет көрсетуін қатаң бақылауға алады деген сөз. 

Бұл жүйенің тағы бір тиімді тұсы – дәрі-дәрмектердің кей түрінің тегін, ал кей түрінің қол жетімді бағада болатыны. Сіздің мемлекет белгілеген ауру түрлері бойынша дәрілік заттарды тегін алуға құқығыңыз бар. Сіз бұл дәрілік заттарды еліміздің кез келген дәріханаларынан ала аласыз және олар бұл дәрілердің сапасы мен қауіпсіздігіне жауапты болады. Ал дәріхана қызметтеріне ақы төлеуді Қор өз міндетіне алады. 

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру Қазақстан азаматтарының денсаулық сақтау саласындағы құқықтарының сақталуына қаншалықты ықпал етеді?  

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – сіздің құқығыңыз бен мүддеңіздің дұрыс қорғалуын қамтамасыз ететін бірден-бір жүйе. Егер Сіз емделген кезде қызмет сапасы төмен болса немесе сізді емдеуден бас тартып жатса, бірден Қорға жүгіне аласыз. Қор Сіздің құқығыңыз бен мүддеңізді қорғайды. Сіздің өтінішіңіз бойынша тексерулер жүргізіп, шаралар қолданылады. 

Осы жүйе елімізде жаппай енгізіліп, дұрыс жолға қойылғаннан кейін, кез келген азамат өз денсаулығы жайында толық мәлімет ала алатын болады. Себебі енді жаңа электронды денсаулық сақтау жүйесі ұйымдастырылмақ. Соның шеңберінде әркімнің жеке кабинеті болады. Бұл жерде сіздің емханаға келгеніңіз, стационарда емделгеніңіз, зерттеулер қорытындысы, анализдеріңіз, дәрігерлердің қорытындысы мен ұсыныстары туралы барлық ақпараттар болады. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Қарагөз Серікқызы

Әсел Әлібекова, семсерлесуші: «Фехтование – физикалық шахмат»
Дүйсенәлі Әлімақын: «Жастарға көз қырын салатын аға буын азайып кетті»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу