«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
- Адамзат баласының тағдырына туған жерінің, өскен ортаның белгілі бір ықпалы немесе әсері болады ғой. Осы орайда, туған жеріңіз жөнінде айтып өтсеңіз?
- Менің кіндік қаным тамған жер Алматы облысы, Алакөл ауданы Көктума ауылы. Балалық балдәурен шағым сол мекенде өтті. Бала күнімде қағылез, бір орнында отырмайтын тентек болыппын. Білмегенді білуге, көрмегенді көруге асығып тұрады екем. «Бірдеңені бүлдірмесең жүре алмаушы едің», – деп анам жиі еске алып отыратын. Қатарластарымнан оқ бойы озық тұруға, көптің ішінде дараланып көрінуге құштарлық басым болыпты. Ол кезде ауылда үнді фильмдерінің дәурені жүріп тұрған шақ қой. Митхун Чакрабортидің, ағайынды Капурлардың айтқан әндерін, билеген билерін айна-қатесіз қайталайды екенмін. Тіпті, төбелестерін көрсетеміз деп көршінің балаларын да «актерлікке» баулығаным есімде.
- Өнер деген қиын салаға қалай келдіңіз?
- Бала кезімде әнші болуды армандайтынмын. Уақыт өте келе оның аясы тарлау, тек бір бағыттағы өнер екенін түсініп, актер болуды құп көрдім. Сондықтан мектепті бітіре салып, бірден өнер институтына, қазіргі Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түстім. Алғашқыда отбасымдағылар таңдаған мамандығымды құптамады. Ол уақытта ата-аналарымыз баласының ауылға қажетті мамандықты меңгергенін қалайтын. Алайда, атам олардың қарсылығын елемей, менің өнерді таңдауыма себепші болды. Ол кісі мені Тасжарған деп атайтын. «Бұл не тас жарады, не бас жарады. Одан да «жынқуған» оқуына түсіп, ішіне сыймай жүргеннің бәрін шығарсын», – деді. Сөйтіп 90-шы жылдары Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түстім. Бұрынғы Театр және көркемсурет институтын актер мамандығы бойынша 1994 жылы тәмамдадым. Міне 1994 жылдан бері Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында табан аудармай еңбек етіп келемін. Содан бергі 22 жылда 50-ге жуық рөлді сомдадым.
- Көпшілік сізді теледидар арқылы жақсы таниды десек, қателеспейміз. Бір кездері көпшіліктің көзайымына айналған «Мың бір мақал», «Сен сұлу» тележобаларын жүргіздіңіз. Қазір «Қызық екен» ток-шоуын жүргізіп келесіз. Ұсыныс кімнен түсті?
- Мен бұл жобаға арнайы шақырту алған жоқпын. «Қызық екен» бағдарламасының тележүргізушісіне кастинг жарияланды. Сол кастингке барып бағым жанып, өтіп кеттім. Бағдарламаның продюсері Серік Ақышев. Жалпы, бағдарлама туралы сізге айтып өтейін. Төрт қатысушы екі топқа бөлініп, «Екі жұлдыз», «Сандар сөйлейді», «Самурай мәзірі», «Полиглот», «Тарихи креатив», «Ғарыштағы ғажайып», «590», «Батыстың батыры» атты ұяшықтарда жасырынған сұрақтарға жауап беру арқылы әр дұрыс жауапқа 10000 теңгеден жинайды. Бағдарламада бұрын-соңды естімеген мәліметтер сұрақ ретінде беріледі. Бұл хабардың көрермен танымын кеңейтері сөзсіз. Мысалы, сіз білесіз бе, бір дана сіріңкемен екі шанышқыны қалықтатуға болады. Жапон асханасы барлық азық-түлікті балғын күйінде пайдаланып, дұрыс тамақтанудың үлгісін көрсетсе, танымал «Юба» асына соя сүтін пайдаланады екен. Сөздің шыны керек, маған бұл бағдарламаны жүргізген өте ұнайды.
- Мамандығыңыз – актер, танымал тележүргізушісіз. Бірін таңдар қажет болса, қайсысын қалар едіңіз. Яғни, телеарна әлде театр, қайсысы жаныңызға жақын?
-Телевизия саласында жүргенде менің екі таңдауым болды.Театрды ештеңеге айырбастай алмаймын. Телеарнадан гөрі менің жаныма өзімнің театрым жақын. «Сахна-киелі» деген сөзге келіспеске шараң жоқ. Киелілігі сонда шығар, ол тұғырға шыққанның бәрі жарқырап кетеді. Былайғы өмірде қарапайым тіршілік кешкен жай ғана өнер адамы сахна төрінде сөзсіз өзін патша сезінеді. Бұл тамаша сезімді айырбастау мүмкін емес. Сондықтан түбегейлі театрды тастап телевизияға кетемін деп ойламаймын. Қазір телеарна мен театрды қатар алып жүрмін. Қиынға соғатыны рас. Дегенмен, бұл өмірде ешнәрсе оңайлықпен келмейді.
-Телеарнада әншілердің, яғни журналистиканың қыр-сырын терең білмейтін басқа сала мамандарының жүргеніне ренжулі жұрт көп. Ол қаншалықты орынды?
- Бұл мәселені көбіне журналистер көтеріп келеді ғой. Меніңше, олардың реніші негізсіз. Журналистер де әр түрлі кештерді жүргізеді, тойда асабалық етеді, театрда ойнамаса да киноға түседі. Оларға «бұл актердің жұмысы, түсірілім алаңында не істеп жүрсің?» деп ешкім мін тағып жатқан жоқ қой. Оның үстіне, қазір мамандық атаулы мидай араласып кетті. Бүгінгі бәсекелестік үстемдік құрған заманда бір кәсіппен, бір ғана саламен шектеліп қалуға болмайды. Өзгерістерге тез бейімделіп, уақыт сұранысына сай икемделіп отырмасаң, сенің орныңа үміткерлер қашанда көп. Шамаң келсе, қарым-қабілетің жетсе, кез келген салаға түрен салуға қақың бар.
- Еңбек жолыңызда жеткен жетістіктеріңіз жетерлік. Қандай марапаттарыңыз бар?
- Өнер адамына еңбегінің лайықты бағаланғаны өте маңызды. Жалпы, кез-келген салада осылай деп ойлаймын. Ол атқарылған жұмыстың нәтижесі деп білемін. 2007 жылы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері атандым. Былтыр «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанғаным мені жігерлендіріп, шабытыма шабыт қосты. Сүйінші хабардан кейін қуанышымды достарыммен бөлісіп, үлкен той жасадым.
Сұхбаттасқан Дана Сүлейменова