Айгүл Нұралым: «Спортшы ең бірінші өзін жеңу керек»

Oinet.kz 21-07-2017 889

Screenshot_6.jpg

Айгүл Нұралым, әйелдер күресінен Азия ойындарының қола жүлдегері

Жақында Әзірбайжанда Баку қаласында IV Ислам ойындары өткен еді. Осы ойында жиырмаға жуық жүлдеге қол жеткізген Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 14 орыннан көрінді. Аталған жарыста әйелдер күресінде Айгүл Нұралым есімді жас балуан қыз ерекше көзге түсті. Дегенмен, ол жартылай финалда қарсыласынан айласын асыра алмай, үшінші орынды қанағат тұтуға мәжбүр болды. Дегенмен, бұл жеңіліс оның сағын сындырмаған секілді. Біз бұл тоқтамға онымен сұхбаттасқан кезде келдік. 

- Айгүл, біз Сізді Ислам ойындарында жеткен жетістігіңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Әйтсе де, бірінші орын ала алмадым деп өкінбейсіз бе?

- Рақмет! Жоқ, ешқандай өкінішім жоқ. Бұйырғаны осы болды. «Егер былай істегенде алтын медаль тағар едім» демеймін. Өткенге өкіне берген жөн емес. Керісінше, өткеннен сабақ алып, келешекте оны қайталамау керек. 

- Күресті таңдауыңызға кім себепкер болды? 

- Жалпы, мен 1995 жылы Алматы облысы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев туған Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Отбасында 9 ағайынды болдық. Мен жетіншісі екенмін. Аға-әпке, іні-сіңлілеріңнің көп болғаны жақсы ғой. Біз бір-бірімізді сүйреп жүріп өстік. Бауырмал болдық. 

Мен қыздардан гөрі көбіне ер балалармен дос болдым. Олар күрес үйірмесіне баратын. Сондайда мен көшеде жалғызсырап қалғандай күй кешетінмін. Ақыры, бұған шыдамай, менде күрес үйірмесіне барып, достарымды тамашалап отыратын едім. Қарап отырған адамға бәрі оңай көрінеді ғой. Достарым кілемде күрес тәсілдерін дұрыс істей алмай, болбырап жүргендей сезілетін. Оның орнында мен болсам, одан әлдеқайда жақсы істейтін шығармын деп ойладым. Үйірмеден тыс уақытта достарыма жаттықтырушы үйреткен тәсілдерді қалай дұрыс қолдануды көрсетемін деп жүріп, балуан болып кеткенімді байқамаппын да. Осылайша, мен күреске 14 жасымда келдім.

- Ең алғашқы жетістігіңіз есіңізде ме? 

- Ең алғашқы жетістігім – жастар арасында Қазақстан біріншілігіндегі екінші орын болды. Шынымды айтсам, сонда мен өзім үшін емес, ата-анам үшін, содан кейін жаттықтырушым үшін қуандым. Ата-анам мені күреске жай уақыт өлтіру үшін барып жүрді деп ойлады. Ал, мен олай емес екенін дәлелдегім келетін. Күреске барып жүргеніме 2 жыл толғанда күміс медаль және спорт шебері деген атақ алып, ата-анамды қуанттым. Дегенмен, менің бұл жетістігіме ата-анамнан бұрын бапкерім – Мұрат Әбдіраманов қатты қуанды. Себебі, ол кісі бұл жетістік қандай қиын жолмен келгенін біледі ғой. Спорт шебері деген атаққа да қол жеткізу оңай емес екенін ол кісі түсінеді. Міне, сол кезде жаттықтырушыма қарап қуанғаным санамнан мәңгі өшпейтін жып-жылы естелік болып қалып кетіпті. 

Одан кейін бірнеше рет Қазақстан біріншілігінде жеңістерден көрініп, Азия біріншілігіне, Әлем біріншілігіне қатысу бақытына ие болдым. Таиландта Пкухет қаласында өткен Азия біріншілігінде 55 келі салмақта үшінші орыннан көріндім. Ал, Әлем біріншілігінде жолым болмады. Онда бесінші орынмен шектелдім. «Генерал болуды армандамайтын солдат – солдат емес» дегендей, менде өзгелер секілді Олимпиада шыңын бағындырғым келеді. Енді Токиода топ жару үшін барымды салып, бағымды сынап көремін. Алдын-ала ештеңе айтқым келмейді.

Қазіргі таңда спортпен қатар, оқуды қатар алып жүрмін. Бұйыртса жоғары білімді спортшы атанып қалатын күн алыс емес. 

- Спортшыға тән үш  қасиетті тізіп бере аласыз ба?

- Спортшы болу үшін үш қасиет жеткіліксіз деп ойлаймын. Ал, егер үш  қасиетпен шектесек, онда спортшы бірінші кезекте намысшыл болуы керек. Жүрегінде түгі, көзінде оты жоқ адамнан спортшы шығады деп айта алмаймын. Көптеген жасөспірімдер спортқа ет қызуымен келіп, бір-екі рет оңбай жеңілген соң, тауы шағылып, спортты тастап кетіп жатады. Себебі, олар спортты жай ермек көріп келген. Ал, спорт мұндайларды кешпейді. Сондықтан, спортшы алған бетінен қайтпайтын жігерлі болу керек. Жеңілген сайын күшейе беретін жан болғаны абзал. Спорт деген ең бірінші кезекте – физикалық күш емес, психикалық тепе-теңдік. Жеңілісті де, жеңісті де өз шегінде қабылдау. Жылт еткенге қалбалақтап кетпеу. Спорт деген – байсалдылық. Сонымен, егер спортшы жігерлі, байсалды және ең бастысы өз-өзін жеңген жан болса, ол алмайтын қамал жоқ. 

- Көптеген спортшылар бос уақытын табиғат аясында өткізгенді құп көретіндерін айтады. Ал, сіз қалай өткізесіз?

- Мен бос уақытымда дүкен аралағанды ұнатамын. Құрбыларым секілді кейде киімге қызығатыным бар. Және кітап тыңдаймын. Оқығаннан гөрі аудиокітаптрды тыңдағанды ұнатамын. Кішкентай кезімде үйде Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» деген кітабы төрде тұратын. Қызығып, кіп-кішкентай кітапты толықтай оқып шыққаным әлі есімде. 

- Өз-өзіңізге баға беріп көрдіңіз бе? Өзіңізге қаншалықты есеп бересіз?

- Өзім жайлы айта алмаймын. Қарапайым жан шығармын деп ойлаймын. Ал, есеп беруге келсек, адам күн сайын өз-өзіне «бүгін не тындырдым? Кімге қандай жақсылық һәм қандай қиянат жасадым» деп сұрақ қойса, ар алдында ұялып, түзелер еді деп ойлаймын. Мен өзіме осы сұрақты жиі қоямын.

- Сізді кім және не жігерлендіреді?

- Мені бапкерім жігерлендіреді. Кейде көңіл-күйім болмаса, спорттан баз кешкенде бапкерім маған әрқашан демеу бола білді. Және мені бес дүркін әлем чемпионы, Олимпиада жүлдегері, үнді боксшысы Мэри Ком әрқашан алға сүйрейді. Мери Ком – ешқашан болдым-толдым деген емес. Оның жетістікке сериялы түрде жетуінің ең басты құпиясы - ол өз-өзін аямайды. Оның жаттығуына қарап таң қалғаным бар. Мен де сол секілді болғым келеді. 

- Жігіттер қауымы әйелдер мерекесінде сізге көбіне қандай сыйлық береді?

- Мен өз басым қымбат сыйлық алғанды ұната бермеймін. Дегенмен, гүл беріп жатса рахметімді айтамын.  

Сұхбаттасқан Абылай Есімбай

Ернар Жұматаев: «Өзімді Махамбеттей сезінетін едім»
​Рахман Омар, актер, тележүргізуші: «Атам айтқандай «жынқуған» оқуға түстім»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу