Жұлдыз Эшимова: «Министр болсам қыздарға арналған база салар едім»

Oinet.kz 20-07-2017 981

Screenshot_9.jpg

Жұлдыз ЭШИМОВА, әйелдер күресінен Әлем біріншілігінің күміс жүлдегері

Жақында Үндістанда Нью-Дели қаласында күрес түрлерінен Азия біріншілігі өтті. Бұл біріншілікте Жұлдыз Эшимова ақтық сында күншығыс елінің балуан қызы Мая Мукайдадан жеңіліп, Азия біріншілігінің төрт дүркін күміс жүлдегері атанды. Бұған дейін ол 2007 жылы Азия біріншілігінде қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа таққан болатын. Содан кейін 48-51 келі салмақ дәрежелерінде 3 жыл қатарынан (2008, 2009, 2010) Азия біріншілігінің күміс жүлдегері атанды. 2014 жылы Дохада өткен біріншілікте қола медальді қанағат тұтты. Ал, Әлем біріншілігіне келсек, Жұлдыз 2008 жылы Жапонияда екінші орынға ие болса, 2011 жылы Түркияда жүлделі үшінші орыннан көрінді. 

2016 жылы Риода өткен Олимпиада ойындарында үшінші орын үшін болған айқаста қарсыласына жол беріп, қола жүлдеден қағылды. Бұл жеңіліс Жұлдызды былай қойғанда, жанкүйерлеріне, барша қазақ және қырғыз жұртына оңай тимеді. Осыдан кейін біз  Жұлдыздан көз жазып қалып едік. Енді, міне, Жұлдыз Жапонияда көзге түсті.

- Жұлдыз, Азия біріншілігінде төрт дүркін күміс жүлдегер атанып, өзіндік рекорд орнаттыңыз. Көңіл-күйіңіз қалай? Екі дүркін жеңімпаз бола алмадым деп өкінбейсіз бе? Жалпы, осы спортта қандайда бір өкінішіңіз бар ма?

- Рақмет! Осы уақытқа дейін Азия біріншілігінің жеңімпазы болып көрдім. Былтыр өткен Олимпиадада әне-міне деп қол жеткізгелі тұрған қола жүлдеге ие бола алмадым. Қытайлық қарсыласым менен айласын асырып кетті. Сол кезде ғана өкіндім. Қаншама жылдан бері Олимпиада жеңімпазы, яки Олимпиада жүлдегері болғым келіп еді.  

- Сіз Қырғызстанда дүниеге келгеніңізді жасырмай айтып келесіз. 18 жасыңызда Қазақстанға келіпсіз. Екі ел арасында қандай айырмашылық және ұқсастықтар бар? 

- Иә, мен 1988 жылы Қырғызстанда, Талас ауданында тудым. Балалық шағым осында өтті. Есімде, шамамен жасым 6-дан асқан кезде біздің ауылда күрес үйірмесі ашылды. Ауылдағы барлық бала сол үйірмеге жазыла бастады. Жұрттан қалмай мен де жазылдым. Бастапқыда тек ұлдар барды. Қыздардан тек мен ғана. 1-2 жылдан соң, ауыл аралық жарыстарға шыға бастадым. Менімен күресетін қыз баласы болмаған соң, ер балалармен Жұлдызбек Эшимов болып күресіп жүрдім. 

Қазір ойлап қарасам, мен күреске ауылда бірінші болып күрес үйірмесі ашылған соң келіппін. Бәлкім, ауылда күрес үйірмесі емес, таэквонда, шахмат секілді үйірме ашылғанда мен қазір таэковондошы не шахматшы болар ма едім?!. 

Ал, Қазақстан мен Қырғызстан елінің арасында ұқсастықтар көп. Халқы қонақжай. Бауырмал. Ал, айырмашылықтарын байқамадым. Қырғызстанға қарағанда Қазақстанда спортқа ерекше көңіл бөлінеді екен. Спортпен айналысамын деген жастарға және ұзақ жылдан бері айналысып келе жатқан спортшыларға барлық жағдай жасалған. Спортшыларды жарысқа дейін дала жиындарына жиі алып шығады. Қырғызстанда мұндай мүмкіндік жоқ еді. Жылдан-жылға ауылды жерлерде спорт кешендері көбейіп келеді. Бұл ауыл балаларына жасалып отырған зор мүмкіндік деп білемін. 

- Жұлдыз, санап көрсек, сіз бірнеше ірі жетістікке жетіпсіз. Мұндай биіктерді бағындыру сіз үшін қаншалықты ауыр болды? 

Мойындау керек, күрес – өте ауыр спорт түрі. Қыз баласы үшін. Өз басым осы спортта жүрген 20 жылға жуық уақыт ішінде талай қиындықпен бетпе-бет кездестім. Оның бәрін айтып жатқым келмейді. Түсінгенім, тек, берілмеу керек. Кейбіреулер «берілмейміз, соңына дейін барамыз» дейді де, орта жолда «сынып» жатады. Нағыз қиындық мансабыңның басында емес, ортасында басталады. Себебі, басында ет қызуымен, тау қопарып тастайтындай қарқынмен ештеңені байқамайсың. Ал, орта жолға келгенде өзіңді құдды ештеңеге жете алмайтындай сезінесің. Міне, дәл осы кезде жігеріңнің жасымағаны жөн. Осындай сәттерде мені жаттықтырушым Саржан Бектемірұлы: «құс – ұшу үшін, балық – жүзу үшін, ал Жұлдыз – күресу үшін жаралған» деп әзіл-шыны аралас түрде қанаттандырып отырды. 

Спорттағы бастан кешкен қиындықтарды еске алсам, келешекте қызымның менің жолымды қуғанын қаламаймын. Қызымды спорттан емес, басқа саладан көргім келеді. 

- Спорт министрі болсаңыз Қазақстанда спортқа қандай жаңалық алып келер едіңіз? 

- Меніңше, алып келер ешқандай жаңалық жоқ. Ең бастысы балаларға жағдай жасалып жатыр. Спортпен айналысып жүрген баланы көрсем, көңілім көтеріледі. Дегенмен, кей жағдайда елімізде спортшы қыздар екінші кезекте қалып кетіп жатады. Кей спорт түрлерінде қыз балаларға арналған база жоқ. Егер Спорт министрі болсам, біріншіден қыздарға арналған база салуды ұйымдастырар едім.  

- Спорттық мансабыңызды аяқтаған соң, өзіңізді қандай қызметте елестетесіз?

- Мен әлі бұл жөнінде ойланып көрмеппін. Мансабымды аяқтау әзірге ойымда жоқ. Өзімді спорт саласының төңірегінде көргім келеді.  

Сұхбаттасқан Абылай Есімбай

Дінмұхамед Әбдіжаппаров, «Күлкістан» театрының әртісі: «Цистернаның әлегі-ай!»
Батырхан Дәуренбеков, «Сақ» киностудиясының режиссері: «Мультфильм де идеология құралы»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу