Батырхан Дәуренбеков, «Сақ» киностудиясының режиссері: «Мультфильм де идеология құралы»
Бүгінгі заманда, өкінішке қарай көгілдір экранның бала тәрбиесіне ықпалы артуда. Ата-әжелеріміз ертегі айтудан қалғалы қашан?! Көк жәшік қосулы, ұялы телефон қолда, интернет лимитсіз... Бастысы бала тыныш отырса болды. Нендей дүниені көріп жатқанымен ешкімнің жұмысы жоқ. Есесіне шет елдің беймәлім бейнелері сананы улауда. Кейіпкер адам, яки құбыжық, тіпті затқа да тіл бітті. Не істемек керек? Отандық туынды жат елдің мультфильміне бәсекелес бола ала ма?
1967 жылы шымылдығы түрілген қазақ анимациясы, 70-жылдары Орта Азияда жетекші орынға жайғасты. Негізін салушы - Ұлы Отан соғысының ардагері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, режиссер-аниматор Әмен Қайдар. Бес адамдық ұжыммен "Қарлығаштың құйрығы неге айыр?" ертегісін мультфильмге айналдырды. Тұсауы кесілген сәттен елдің ыстық ықыласына бөленген мультипликациялық туынды 48 елдің экранынан көрсетілді. Режиссер өз туындыларында ұлттық болмысты насихаттауға тырысты, басты мақсаты жас ұрпақты тәрбиелеу. Әр еңбегін үздіксіз ізденіспен жүзеге асыратын маман "Ақсақ құлан"," Қырық өтірік", "Қожанасыр", "Құйыршық" сияқты мультфильмдердің авторы. Бүгінде Ә.Қайдардың ізін басқан шәкірттері өнегелі ісін жалғастыруды мақсат етіп отыр. Солардың бірі - «Сақ» киностудиясының режиссері Батырхан Дәуренбеков.
- Батырхан аға, Әмен ағамен жүздескен сәтіңіз есіңізде ме?
- Әрине, Әмен Әбжанұлы 18 жасынан соғысқа қатысқан азамат. Келгеннен соң өмірінің соңына дейін қазақ мультфильмі деп өткен кісі. Біз қазір осы кісінің батасын алып, ізбасары ретінде жұмыс істеп жүрміз. Ең алғаш "Алдар көсе мен шайтан" мультфилімін өзіміз жасап, көрсеткенімізде ол кісі Алматыда Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында дәріс беретін. "Бар екенсіңдер ғой, айналайындар! Мен мұнда сабақ беріп, ізбасарларым қалай болады екен деп жүрсем. Сендер Шымкентте жүріп осындай туынды жасадыңдар" – деп, жанарына жас алып қалған болатын.
- Қазақ мультфильмдері қаншалықты сұранысқа ие?
- «Елу жылда ел жаңа» демекші, жасыратыны жоқ бұрын біз көрген «Союзмультфильмнің» туындыларын қазіргі балалар қарамайды. Оларға барлығы жылдам, «прикол» дейді ғой, сондай қызықты дүниелері көп болу керек. Шет елдің мультфильмдерін қарап отырады да, мынаны көрші деп ұсынған отандық туындыларды ауыстырып тастай салады. Өйткені сөзі, мәліметтері көп. Біздің мақсат та осы, жаңашыл анимация арқылы өскелең ұрпаққа тәрбие беру.
- Неге қазақ мультфильмдері шет елдік өнімдердің көлеңкесінде қалып келеді?
- Бұл сұраққа тура жауап: бізде мемлекеттік қолдау өте аз. Мультфильм саласына көңіл бөлінбей жатыр. Балалар киностудиясы мемлекеттік дәрежеде ашылуы керек. Мен осыны айтумен шаршадым. "Айта - айта Алтайды, Жамал апам қартайдының" кебін киіп жүрміз. Біз тойхана салып бер деп жатқан жоқпыз. Елбасының өзі айтып жатыр: "балалар біздің болашағымыз, балаларды жаңа қазақстандық патриотизм үрдісімен тәрбиелеңдер" – деп. Тәрбиелеудің бірден бір жолы кино мен анимация. Тіл үйретуде де сондай. Бақшаға бармайтын кішкентай балаларымыздың өзі орысша үйреніп алған. Қалай десең, мультфильмнен үйренген. Бұл арқылы тіл үйренуді де дамытуға болады. Мультфильм деген қып-қызыл идеология. Баланы білімді қылатын да, бүлдіретін де – осы мультфильм Осы орайда, біздің елде мультфильмнің де мықты идеология екені ескерілмей келе жатқан секілді. Барлық істе бәсекелестік арқылы дамып, жетістікке жетеді. Біздің елде "Қазақфильмге" бәсекелес кім? Мәдениет басқармасынан қаржы бөлінеді, оны бейнелі түрде, мысалы торт деп алайық. Оның төрттен бір бөлігі атақты режиссер Ақан Сатаевқа, сол мекемеде қызмет атқарушы мамандарға, сосын тағы бір бөлігі тарихи фильм түсіруге беріледі. Ең соңында ертеңіміз жас буын еске түсіп бір адамдық бөлікті мультипликацияға үлестіре салады. Ал егер ақиқатын айтсақ, бұл ең соңында қалғанын емес, алдымен берілетін және басты бөлігі болуы тиіс.
- Сіздерге тапсырыс беретін кімдер?
- Тапсырыс көбіне "Балапан" арнасы тарапынан, кейде министрліктен болады. "Балапан" арнасы қолдау білдіреді, бірақ олардың қаражаты аз. Былайша айтқанда бізбен саудаласады.
- "Сақтың" кешегі мен бүгініне тоқтала кетсеңіз?
- Он бес жылдай уақыт өтті, осы жылдар ішінде ең атақты мультфильміміз "Қошқар мен теке 1 және 2-ні» жалғастыруды сұрап жатқандар да бар. Менің, жалпы "Сақтың" деп айтайықшы, қоржынында 50 шақты анимациялық туынды бар, автор, режиссер-сценаристі өзім. "Қазақфильмде" қанша жыл істеп, қоржынында жалсыз немесе екі ғана мультфильмі бар режиссерлер бар. Бүгінгі режиссерлердің қауқары осыған ғана жетеді ме, білмеймін. Интернет желісінде қазір зерттеулер көп қой. Қазақтың ең көп көрілетін мультфильмдері деген сауал жолдасаңыз біздің 3 туындымыз шығады. Үш туынды біздікі екені дәрежемізді де айқындап тұр. Бұл да біз үшін үлкен жетістік. "Қазақ елі" мультфильмі де қазір сұранысқа ие. Египетте 90 мемлекет қатысқан байқауда бас жүлдені иелендік. Қаншама алпауыт елдердің арасында оңай емес, әрине. Көптеген шетелдік режиссерлер қызығушылық танытып, қолдап жатыр. Бірнеше тілге аударылып, биыл АҚШ пен Еуропаның біршама елі көрермендеріне ұсынғалы отыр. Жаһан жұртын тамсандырған бұл туынды Қазақ xандығының 550 жылдығына орай түсірілген болатын. Продюсері белгілі актер Сәбит Әбдіxалықов. Саундтрек орындауға Нұрлан Абдуллин, Сәкен Майғазиев сынды өнер майталмандары атсалысқан. Дәл осындай жастың да, жасамыстың да көңілінен шығатын, әлемдік бәсекеге қабілетті мультфильмдер жарық көруі үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі керек. Бұл дамыған мемлекеттердің барлығында жүзеге асқан дүние. АҚШ Голливудқа қаржы бөледі, Ресей де бұл саланы мықтап қолға алды, Қытай тіпті шет елдің туындыларын нарыққа кіргізбейді. Ал, біз нені күтіп жүрміз? Мультипликация біреулерге баланың тірлігі, енді біреуге табыс көзі. Басым көпшілігі идеология ретінде қолданса, бәзбіреулерге өнердің қайнар бұлағы, тұтастай өмір. Толық өмірге теңейтін жөніміз бар, балалар - біздің болашағымыз.
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Дана СҮЛЕЙМЕНОВА