Жұбаныш Жексенұлы, әнші: «Жеке өмірін жариялайтын жұлдыздарды түсінбеймін»

Oinet.kz 20-06-2017 1599

Screenshot_1.jpg

- Өнер адамының әрбірінде тоқырау болады дейді. Осындай сәттерде сізге демеу болатын не нәрсе?

- Әншілерде ғана емес жалпы барлық адамның өмірінде, жұмысында тоқырау кезеңі болады. Менің де басымнан осындай қиын күндер өтті. Көңілім жабырқау сәттерде өз ойларыммен оңаша қалатыным бар. Жалғыздықта  әке-шешем, отбасым, тілеулес достарым туралы жағымды ойлар ойлауға тырысамын.  Мені тоқыраудан алып шығатын күш  - міне, осы. 

- Ұлыңызды өнер жолына қостыңыз. Қорқыныш бар ма?

- Ешқандай қорқыныш жоқ. Ұлым Әбілқайырдың өнер жолына келуі өзінің жан қалауы болатын.  Перзентімнің  мен жүрген жолға қосылғанына қайта қуанамын. Себебі саламыз бір болғандықтан оған ақылымды айтып, бағыт-бағдар бере аламын. Әрине, қазақта «пешенесіне жазылғанын көреді» деген сөз бар ғой. Оның да өзіне бұйырған жолы, тағдыры бар. Сондықтан әке ретінде тек тілеуін тілеп жүремін.

- Көпшіліктің алдында қатты ұялған кезіңіз болды ма?

- Бала кезімде КВН сахнасында жиі ән айтып жүретінмін. Тәжірибе аз, оның үстіне домбыраны енді ғана үйреніп жүрген кезім еді. Бірде «Дариға, домбырамды берші маған» деген әнді домбыраның сүйемелдеуімен айтып шықтым. Алайда ән біткенше өзім де қара терге түстім. Себебі домбыраның үні бір жақта, ал дауысым айдалада «лағып» жүргесін халық ду күлді. Сонда қатты ұялғаным бар. Бұл енді бала кездегі шалалық қой. 

              Одан кейін мына бір жағдайға әлі күнге дейін жұрт алдында ыңғайсызданамын. Соңғы кездері түрлі бағдарламаларды жүргізгенім көпшілікке аян. Шоудың тәртібі солай болғасын бағдарлама барысында болмайтын нәрселерді айтып, өзім танымайтын біреулерді жер көкке сыйғызбай мақтаған кездерім болды. Кейіннен біраз ағаларымыз маған хабарласып: «Жұбаныш, сен әніңді айтып жүре берсең қайтеді?» деп мені қызартқандары бар. Ол қателіктерім үшін өзім де біраз уақыт қысылып жүрдім.    

- Қазір әншілер арасындағы қазақ және қазақстандық,  яғни қазақ және орыс тілділер деп екіге бөлінушілікті байқап жүрсіз бе?

- Шоу-бизнестің ортасында жүргендіктен мұндай әңгіменің шет жағасын әрине естіп, көріп жүрмін. Меніңше бұл таяздау ойланатын әншілердің ойлап тауып жүргені болар. Бәріміз бір терінің пұшпағын илеп жүргендіктен мұндай бөлінушілікке, алауыздыққа мен қарсымын. Орыс тілде немесе өзге тілде ән салды екен деп ешкімді кінәлауға болмайды. Қай тілде шырқаса да әнші әнді кәсіби деңгейде жарастырып айтса болды емес пе? Тілге қарап емес әншілерді кәсіби деңгейіне қарап бөлуге болатын шығар. Ал қазақ және орыс тілінде сөйлегені үшін екіге бөлінушілік бұл өте ұят және мен үшін күлкілі жағдай.  

- Қазір әншілердің жеке өмірі тыңдарман үшін ашық кітап сияқты. Не киді, не жеді, қайда барды, кіммен кездесті деген секілді ақпараттар әлеуметтік желілерде самсап тұр. Бұл қаншалықты дұрыс? Бүгінгі тыңдарманды өнер адамының шығармашылығынан гөрі жеке өмірі көбірек қызықтырып жүрген жоқ па?

- Көкейде жүрген сұрақтардың бірі осы еді. Рас, қазір тыңдарманды әншілердің өнерінен гөрі жеке өмірі қатты қызықтырады. Алайда бұған халықты кінәлауға болмайды. Себебі жұлдыздардың өздері елдің құмартқан барлық сұрағына мақтанып, рахаттанып жауап береді. Әлеуметтік желілерге отырған, барған жерлерін жазып, суретін салып жатады. Тіпті, жасаған жақсылықтарын жарияға жар салып, қажылыққа барғанын білдіріп, қасиетті қағбаның алдында селфи жасауға дейін барып жатыр. Одан қала берді желіде отырып алып ақылсынып өмір, философия туралы жазатындары да бар. «Жаман сырын айтамын деп шынын айтыпты» дегендей жеке басына қатысты құпияларын  миллиондаған жұртқа жайып салу   шоу-бизнес өкілдерінің арасында белең алып барады. Мүмкін бұл атақ-абыройды арттырудың бір жолы деп білетін шығар. Әріптестерім қаттырақ айтқаныма ренжімес, алайда бұл барып тұрған ұятсыздық. Рас кейде менің де инстаграмды ақтарып отыратын кездерім болады. Бірақ әлгіндей  шектен шыққан ақпараттарды оқымауға тырысамын. Тыңдарманға жақындай түскің келсе тек творчествалық жаңалықтармен бөлісіп отырсаң сол да жеткілікті деп ойлаймын.       

- Қазіргі жастар ақыл тыңдай ма? Артыңыздан еріп келе жатқан жас әріптестеріңізге кеңес айтып тұрасыз ба?

- Өмірде, өнерде біраз тәжірибе жинақтап қалдық қой. «Айхой 25»-тен де өтіп кеттік. Аға буын өкіліне қосылғандықтан  кейде жастарға ақылымды айтып тұрамын. Бірақ, өкінішке қарай ақыл айтсаң оны керісінше  түсініп, саған өшігіп алатын інілер бар арамызда. Әсіресе, танымалдықққа ие болған «жұлдызшаларға» «мынау әніңді дұрыстасаң қайтеді, сөзі шамалы жеңілдеу екен» деген секілді ағалық кеңесіңді айтсаң «мынау не айтып тұр?» деп жақтырмай қалады. Өйткені жұрттың бәрі оны ұлықтап, аспанға көтеріп, әнін мақтап жатқанда сенің ақылың  көреалмаушылық болып шыға келеді. Той-томалақтың төңірегінде жүріп атағы шыққандардың әнін шынын айтқанда базарда, вокзалда жүрген қарапайым еңбектің адамдары тыңдайды. Ал әнші әнді таңдап, талғап тыңдайтын  тыңдармандардың да барын ескеруі қажет. Егер музыкант  зиялы қауым секілді тыңдармандардың талғамына сай әндерді орындай білсе әлгі төменгі буындағы тыңдарманның да талғамы өсер еді деген ойдамын. Әрине, бас саусақ бірдей емес. Ағалық ақылыңа жүгінетін жастар да бар. Дәурен Сейітжанов, Медет Қарамырза, Асылжан Дәулетов, Асқар Қалмырза секілді өнердегі інілерім кеңес сұрап жатады. 

- Қандай авторлармен жұмыс істейсіз?

- Репертуарымда көптеген авторлардың әндері кездеседі. Соның ішінде марқұм Ержан Серікбаевпен он жылдай уақыт бірге жұмыс істеппін. Жақында Сейдолла Бәйтереков ағамыздың жары  «Өмір, өмір» атты әнін сыйлады. Одан бөлек  Мұхтар Шаханов, Асқар Дүйсенбі, Ринат Зайытов, Зікірия Қожаев секілді ақындардың сөзіне жазылған әндерді шырқап жүрмін. Ал композиторлардан  Қалдыбек Құрманәлі, Арман Бексұлтан, Елена Әбдіхалықова, Мұхит Қасқырбаев, Бейбіт Оралұлы, Жеңіс Сейдоллаұлы, Арман Дүйсенов, Нұрлан Байкөзовтермен шығармашылық байланыстамын.   

- Жұбаныш Жексенұлы футбол десе «ішкен асын жерге қояды» дейді. Кімге жанкүйерсіз?

- Футболға бала күнімнен қатты қызығамын. Туған жерім Созақ өңірінде футболдың жақсы дамығанын айта кетейін. Ауылымыздың өз чемпионаты болатын. Өзім де футболды бір кісідей тәуір ойнаймын.  Кілең әртістерден қүралған «Алатау» командасының мүшесімін. Әрі құрылуына себепші болған жандардың бірімін десем де болады. Футболды – спорт атаулының ішіндегі ең әдемісі деп білемін. Негізінен футбол командасынан гөрі жекелеген футболшыларға жанкүйерлік етемін. Әрине ең бірінші Оңтүстік Қазақстан облысының намысын қорғап жүрген «Ордабасыға» тілекшімін. Ал әлемдік деңгейде айтатын болсам Криштиано Роналду мен Дидье Дрогбаның ойындарын ұнатамын. Олар керемет ойыншы ғана емес қайырымдылықпен жиі айналысып тұратын нағыз азаматтар.

Ақжол Мейірбеков, әнші: «Қайын атам қызын қазаққа бергісі келмеді»
Серік Сейітман, ақын: «Адам ауыр жұмыстан емес, ауыр ойдан шаршайды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу