Серік Сейітман, ақын: «Адам ауыр жұмыстан емес, ауыр ойдан шаршайды»

Oinet.kz 20-06-2017 1816

Screenshot_5.jpg

– «Мен қазақ боп тумасам, бақытты өмір кешем бе?» деп жырлаған ақын Серік Сейітманның бір кездері айтыс сахнасында өнер көрсеткенін біреу білсе, біреу білмейді. Айтыстан кетіп, жазба ақындыққа ауысуыңызға не себеп болды?

– Жалпы, менің ақындық жолымның қалыптасуы айтыстан басталғаны рас. Егер мектепте сол бір оқиға болмағанда Серіктің ақындық қабілеті ашылмай қалар ма еді, кім білсін?! Жетінші сыныпта  оқып жүргенімде қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Мираш апайымыз отбасылық жағдайына байланысты сабаққа келе алмай қалды. Мираш апайдың орнына Жұмакүл Нәлібаева дейтін мұғалім сабақ өтетін болды дегенде бүкіл сынып қуандық. Себебі, Жұмакүл апайымыздың ақындығы бар болатын. Сауатты ұстаз ауылдағы  тойлардың «гүлі» еді. Жүріс-тұрысының өзіне жұрт сүйсінетін ол оқу бағдарламасынан тыс сабақ өтті. Апайдың айтыс үйірмесіне қатысатын Мәдина есімді  сыныптасымыз жақында ғана аудандық айтыстан жүлделі орын алып келген болатын. Сабақ үстінде апай «Мәдина мектебіміздің намысын қорғап, жүлделі орынға ие болып келді, ал қане, жігіттер, онымен айтысатын қайсың бар?» деп сұрақты төтесінен қойып қалды. Мәдина да қарап тұрмай, жігіттерге бір-екі шумақтан «атып кеп» жіберді. Жігіттер болса  тым-тырыс. Апайдың сөзі сүйектен өтті ме, әлде қыздан жеңілуді ар санадым ба, әйтеуір намысқа тырысып, сол мезетте бір шумақ өлең шығардым да, сыныптасыма қарсы жауап бердім. Өлеңсымағым мұғалімге ұнап қалды білем: «Серік сенің талантың бар екен ғой» деп мені үйірмесіне шақырды. Ақындық қабілетімнің барын мен де сол кезде алғаш сездім. Сөйтіп, айтыс өнерінің қыр-сырын меңгере бастадым. Бір жылға жетер-жетпес уақыт ішінде мектептегі сайыстан бас жүлдені жеңіп алдым. Бір әттеген-айы, ол кезде домбыра тартуды білмейтінмін. Аспапты қолыма алып дыңғырлатқаным болмаса, сөзім мен домбыраның үні мүлдем үйлескен жоқ. Артынша аудандық сөз додасында жеңімпаз болып, облыстық сайысқа қатыстым. Бүгінде көпшіліктің көзайымына айналған әнші Еркін Нұржановпен сол аламанның финалында жолықтым. Айтыстағы алғашқы қадамдарым жаман болған жоқ. Алайда кейінгі кездері айтыс өнері табиғатыма жаттау болып көрінді. Өйткені, ол шынайылықтан алшақтап, шоуға айналып бара жатқандай көрінді. Сөздерім салмақты, салиқалы болсын деп шоу-айтыстан кеттім де, жазба ақындыққа ауыстым. Төртінші курсты бітіріп жатқанымда студенттік жылдардан естелік болсын деп «Мен құпия бір жанмын» деген жұқа ғана кітабымды жарыққа шығардым. Кітаптың шығуына демеушілік жасаған – ұстазым, Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Шымкент филиалының сол кездегі ректоры Лесбек Тәшімовке әлі күнге дейін алғыс айтамын. Бірақ ол нағыз поэзияға келген кезім емес еді, тек алғашқы баспалдақ деп атауға болатын шығар. Одан кейінгі қалыптасу кезеңінде «Қырсық қызға қолтаңба» деген кітабым басылды. Ал үшінші «Қазақтың қаны» деген атау берілген жыр жинағым төлқұжатым іспеттес болды. «Қазақтың қанынан» кейін өзімді жазба поэзияның өкілі ретінде тани бастадым. Соңғы жылдары «Қарашаңырақ» және мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген «Домбыра» атты жыр жинақтарымның жарыққа шыққанынан  оқырмандарым хабардар шығар.   

– Дәстүрмен сабақтасып жатқан өлеңдеріңіз баршылық. Соған қарағанда сізді салт-дәстүріміз көбірек толғандыратын сияқты?.. 

– Ата-бабаларымыздан қалған мұраны бүгінде бұрмалап жүрміз. Өткеннің аманаты – дәстүрімізді дамытпасақ та, тым болмаса оны берік ұстанып жүрсек деймін.   «Келініме» атты өлеңімде осы ойды жеткізген болатынмын. 2008 жылы өзімнен бес жас кіші інім үйленді.  Ол кезде бойдақ қайынаға едім. «Мен сырттың адамымын, ал сен осы қарашаңырақта қалатын ұлсың. Сондықтан, тәрбиесі түзу, ата-анамызға қамқор болатын, қабағы жылы қыз болса әкеле бер» деп рұқсатымды бергенім сол еді, көп күттірмей бір сұлуды жар етті. Алматыда жүргенмін. Бірде намаз оқитын бір танысым: «Серік, сен ақынсың ғой, осы қазақтың қыз-келіншектеріне арнап бұлжымас қағидадай етіп өлең жазсаң қайтеді?» деген ұсыныс жасады. «Неге жазбасқа, өзімнің де осы тақырыпқа қалам тербегім келіп жүр еді. Ауылға барған сайын жаңа түскен келінім иіліп сәлемін салып тұрады. Келінге ризашылығым ретінде бір өлең арнайын онда» деп едім, ол: «Сен не деп тұрсың? Адам Алланың алдында ғана бас июі керек. Оның үстіне келіннің бетін домбырамен ашасыңдар. Ал домбыра деген «харам» емес пе?», – деп көкірегі қарс айырылмасы бар ма? Оның сөздерінен кейін кәдімгідей мең-зең болып қалдым. «Дініміз енді ғана оралды ма дегенде оны дәстүрімізге қарсы қойып жатқанымыз қалай?», – деп бас қатырдым. Сөйтіп, өмірге «Келініме» атты өлең келді. Мазалаған ойды: 

«Жүрмесін көліңді жасқап қайғы, 

Қайғырсаң ата-енеңе ас батпайды.

Келінжан! 

Иіле бер!

Сен иілсең,

Алаштың абыройы асқақтайды!», – деп қорытындыладым. 

Расында да келін иілген сайын дәстүріміз сақтала бермек, ал дәстүр сақталған сайын Алаштың абыройы асқақтайды.  Бұл өлең  дәстүрімізді дінімізге қайшы қойып жүргендерге ой салар деген үміттемін.   Қазақтың дәстүрлері тек ғылыми еңбектер мен энциклопедияда ғана жазылып қалмауы керек. Сондықтан, оны келер ұрпаққа поэзия тілімен жазып қалдырсам деген арманым бар. 

– «Қасиетті қазақ жерінде кіндік қаным тамған» деп көп жерде туған жеріңізді атамауға тырысасыз. Бұл рушылдықтан сақтану ма, жершілдіктен қорғану ма? Жалпы, бүгінгі қазақ қоғамындағы рушылдық мәселесі туралы не айтасыз?

– Осы уақытқа дейін туған жерімнің атын атап, түрін түстегенді ұнатпадым. Қазақтың жерлесін немесе руласын көрсе «Міне біздің рудың, біздің ауылдың адамы» деп мақтанып қалатыны бар. Сондай-ақ, керісінше «Әй, анау арғы ауылдың баласы екен...» дегендей де сөздер айтылып қалып жатады. Бұл сөздердің артында бөлшектену жатқандай сезілетін. Алайда, соңғы жылдары көпшілік ортада және шығармашылық өмірбаянымда туған жерімді айтып-жазатын болдым. Өйткені, халқымыздың санасы рулық деңгейден ұлттық деңгейге өскенін байқадым. Әсіресе, биылғы жер мәселесі көтерілгенде жұрттың жұдырықтай жұмылғаны қуантты. Халық оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс деп бөліп-жармай, қазақтың тұтас жері үшін шырылдады.  Қазақ руға бөлінбеген, рудан құралған. Егер дәл осы идеологиямен жүретін болсақ, біз ешкімнен кем болмаймыз.

– Бүгінгі қоғамда ақынның рөлі мен беделі қандай?

– Кейбіріміз ақынға оппозицияның өкілі болуы керек деп талап қоямыз, ал кейбіріміз шайыр тек қағазбен жұмыс істеп, өзінің жырын жырлап жүруге тиіс жәй ғана шығармашылықтың адамы ретінде қараймыз. Мен екі пікірге де қарсымын. Ақын – алдымен қоғамның өкілі. Қоғамдық формация ақын жүрегінен тыс өтпеуі керек. Кезінде Әлихан, Ахмет, Міржақыптар тек қана әдебиетпен айналысып қойған жоқ. Олар қазақтың пайдасы үшін саясатпен де, ғылыммен де шұғылданды. Себебі, олар халқының шын жанашыры болды. Сол секілді, ақын ұлттың қай игілігіне жарайды, соған барын салып жұмыс істеуі керек. Сонда ғана ақынның ел алдында мәртебесі де, беделі де өседі.   

– Фейсбукта белсендісіз. Әлеуметтік желі ақынның халықпен жақындай  түсуінің бір жолы ма, әлде уақыт өткізу ме?

– Біріншіден, Елдің пікірін ескеріп отырайық деген оймен, екіншіден, ізгіліктің жаршысы болайық деген  ниетпен әлеуметтік желіге тіркелгенім рас. Басында желі дегенді уақытты құр өткізу деп есептедім. Фейсбукқа кеш қосылғаным да содан. Сөйтсем, халық әлеуметтік желілерде көп отырады екен.  Түйгенім: желіге елге пайдасы бар дүниелерді жариялап отырсаңыз, ол – сіздің ізгілікке қызметіңіз, ұлттың негізін сақтап қалуға қосқан үлесіңіз болмақшы екен.  Мен де жақсы дүниелердің салмағын арттырайын деген ниетпен желіге түрлі материалдар салып отырамын.  

– Қазақтың бір бөлшегі болған «Шалқар» радиосынан кетіп, жаңа қызметке тағайындалғаныңызды естідік. Құтты болсын!

– Рахмет! «Шалқар» радиосында 2014 жылдың ақпанынан бастап бас редактор қызметін атқардым.  Радиоға бір кісідей еңбегім сіңді деп ойлаймын. «Шалқардың» ел алдындағы беделі өсіп, рейтингісі көтерілді. Әрине, маған дейінгі басшылар да аз тер төккен жоқ. Әрбірі өзінің жақсы жаңалықтарын енгізсем деген ниетте болды. Басшылық осы еңбектерімді бағалап жаңа қызмет ұсынды. Қазір «Республикалық  радио» ЖШС деп аталатын «Қазақ», «Шалқар», «Астана», «Классик» радиоларының басын қосқан мемлекеттік мекемеде Бас директордың орынбасарымын. Сондай-ақ, аталған мекеменің құрамына кіретін Еліміздің Бас радиосы – «Қазақ» радиосының бас редакторы қызметін қоса ұсынып отыр. Ел мен Ерлер сенім артса, жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруға тырысамын.

– «Ешкімге ешкім бәтеңке болмасыншы, Мен тозайын қазақтың аяғында» деп келетін өлең жолдарыңыздан қазақ үшін жаныңызды беруге даяр екеніңізді  аңғарытқыңыз келеді. Айтыңызшы, қазақ үшін не істей алдыңыз?

– «Мен мынаны тындырдым!» деп міндетсінетін адам емеспін. Ешкім де міндетсінуге құқылы емес. Қазақтың игілігіне жарай қалсаңыз, іштей өзіңізді тоқ сезініп жүресіз. Бірақ, ол мақтаныш сезімін сыртқа шығарудың қажеті жоқ. Әрбір қазақ жүрегін әппақ етіп ұстаса еліне сіңірген еңбегі сол болмақ. Мен халқымның алдында жүрегімді таза ұстап келемін. Отан алдындағы ең басты жетістігім осы деп білемін. Ал Сіздің сұрағыңызға төреші-уақыт жауап берер деген ойдамын. 

– Қандай да бір партияда мүшелікте барсыз ба? Партияның ақын үшін пайдасы мен зияны қандай?

– «Нұр Отан» партиясының мүшесімін. 2014 жылы партия Төрағасының сол кездегі бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бірқатар азаматтарға билетімізді табыстаған болатын. Партиядан қорқудың қажеті жоқ. Кезінде қазақтың зиялы қауым өкілдері тәуелсіздікті аңсап  «Алаш» партиясын құрды емес пе?! Ата-бабаларымыздың қолы жетпеген тәуелсіздіктің таңын көру бүгінгі ұрпаққа бұйырған екен. Ендеше, сол  тізгінді ұстаған партияға, оның ісін дөңгелетіп жүрген азаматтарға неге қолғабыс етпеске?! Партияға өтті деген сөз сол партияның сойылын соғу  деген сөз емес қой. Әлде  партияға кіргеннен кейін өзгеріп кеткен Серік Сейітманды көрдіңіздер ме? Жоқ. Сондықтан, партияның елге пайдалы бағдарламаларының қолдаушысы болу – азаматтық борышымыз.

– «Ер жігіттің басына нелер кетіп, не кетпейді» дегендей, өткен күндеріңізді парақтағанда сізге ауыр тиетіні не?

– Бала күнімде қара жұмысқа тоймай өстім. Ауылда қолмен жер жыртып, жыңғыл шаптым, айдалада мал бақтым. Әкем «балам, шаршадың ғой, шағылып қалма, ертең жалғастырасың» дегеніне қарамастан, қас қарайғанша дамыл таппайтынмын. Өз күнімді өзім көретін жасқа келгенде Алматыға жол тарттым. Тіршілігі қайнаған алып шаһар алғашқыда маған жомарттық танытқан жоқ. Қанша уақыт жұмыссыз жүрдім. Жылдап көше сыпырған кезім де болды. Жатақханада тұрдым, қазір де тұрып келем. Оның ешбіріне өкінген емеспін. Басымнан өткен қиындықтардың барлығы маған өмірлік сабақ.  Таныстарым: «Ел алдында жүрген азаматсың, тәп-тәуір қызметің де бар, неге үйің жоқ?» деп таңқалып жатады.  Осы күніме тәубә деймін. Сол жатақхананың төрт қабырғасына да  жете алмай жүргендер қаншама. Ел жастарының арасында мен ғана баспанасыз жүрсем өкепелеуге болады. Ал менің қазіргі материалдық жағдайым Қазақстанның даму жағдайымен тең. Алайда, мұның бәрі қиындыққа жатпайды. Адам ауыр жұмыстан емес, ауыр ойдан шаршайды екен. Биылғы жыл мен үшін жайсыз жағдайлардан басталды. Әулетімізде ес білгеннен бері жаназа оқылмаған еді. Жақында әкемнің тетелес інісін мәңгілік сапарға шығарып салдық. Одан бөлек бауырларымның да басына біраз іс түсті. Әке-шешем болса, күннен-күнге еңкейіп барады. Қайта-қайта ауырып, төсек тартып қалуда. Осылайша елге елеңдеп қалдық.  Әрнәрсенің өз қайыры болады дейді ғой. Басқа не түссе де Алла қайырымын берсін деймін. 

– Анасын жырға қоспаған ақын жоқ шығар. Сіздің шығармашылығыңызда анаңыздың алатын орны қандай? Анаңызға айтар сырыңыз бар ма?

– Әрине, анамның өмірде де, шығармашылығымда да алатын орны бөлек. Ол кісіге арнаған «Жамау», «Анама хат» деген өлеңдерім бар. Жалпы, ол тағдырлы кісі. Жастайынан жетім  қалып, туыстарының қолында өскен. Таяуда анамның өмірбаянына негізделген «Отырардағы оқиға» деген поэма жазып шықтым. Шығарманы анам мен әкеме, бауырларым мен нағашыларыма оқытқанымда көздеріне жас алып қалды. Бірақ, тоғыз ай құрсағында көтеріп, жарық дүниеге әкелген ана мен асқар тау әкенің алдындағы қарызыңды ешқашан өтей алмайды екенсің. 25 мамыр анамның туған күні еді. Ал әкемдікі 8 маусым. Өткен жылы анама «әкем екеуіңіздің туған күндеріңізді жақсы бір демалатын орында жасап беремін. Ұл-қыздарыңыз бен немере-шөберелеріңіздің басын қосып, тойлайтын боламыз» деп уәде беріп кеткен едім. Бірақ, қым-қуыт шаруалармен әлі ауылға жете алмай жатырмын. Оның үстіне ауыр қазадан кейін мереке ұйымдастыру көргенсіздік емес пе? Анамның туған күнінде хабарласып құттықтап, бара алмайтынымды айтқанда «сен бізге алаңдама, жұмысыңды істей бер» деп мені жұбатты. Кейде ауылға барғанда уақыт тауып анаммен сырласамын. Әкеммен де сырласқым келеді. Алайда оның құлағы ауырлау. Қасына жайғасып жүректегі сөздерді асықпай, ақырын ғана айтайын десең естімейді. Айғайлап айтсаң сырласудың мәні кетпей ме?! Соған кішкене қынжыламын. Дегенмен, әр сапарымда ата-анамның баталарын  алып қайтатыныма шүкіршілік етемін. 

– Сырлы сұхбатыңыз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан: Айнұр Оңғарбай

Жұбаныш Жексенұлы, әнші: «Жеке өмірін жариялайтын жұлдыздарды түсінбеймін»
Қуандық Шәкіржанұлы, актер: «Ұрғашы есекке мінемін деп «өле» жаздағанмын»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу