Ақжол Мейірбеков, әнші: «Қайын атам қызын қазаққа бергісі келмеді»
Қазақта «Үйлену оңай үй болу қиын» деген даналық сөз бар. Бүгінде отандасқанымызға 47 жыл болған өмірлік жарым Шарипаға үйлену о баста маған оңайға соқпады. Себебі.... Басынан баяндайын.
Мектепті аяқтаған соң Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияға түсуге бекініп, емтихан тапсырдым. Алайда алғашқы қадамым сәтсіз аяқталып, студент атана алмадым. Амалсыз, басым салбырап Шымкентке қайттым. Көңіл жабырқаулы, дүние қара түнекке айналғандай. Қалада онша-мұнша той-томалақтарда, ол кезде «танцы» дейтінбіз, қазіргінің тілімен айтқанда түнгі клубтарда ән салып жүрдім. Бір күні достарым Жамбыл қаласына (қазіргі Тараз) барып қайтайық деп қолқа салып қоймады. Жігіттердің көңілін қимағасын көрші шаһарға келдік. Әдеттегідей мұнда да «танцыға» бас сұқтық. Көңіл көтеріп жүрген жастар ортаға шығып билей бастады. Әнеу бір жерде тұрған бір топ қыздарға көзім түсті. Байқасам бір сұлу бойжеткен билемей сызылып тұр екен. Өзі талдырмаш, шашы әдемі жиналған. Көзіме ерекше нұрланып көрінді. Біреу-міреу қағып кетпей тұрғанда сұлуды тезірек биге шақырайын деп қасына жақындадым. «Қарындас, сізбен билеуге бола ма?» деп едім, бас шайқап, ұсынысымды қабыл алмады. Мен ұнатқан арудың есімі Шарипа екен. Жамбылда туып- өскен өзбек қызы. Сөйтсем олар жастарға арналған кешке «күзетшілерімен» келеді екен. Яғни ағалары. Әрине, олар қарындастарына тиіскендерді аямайтыны анық. Менімен билемей, тартынып тұрғаны сол екен ғой дедім ішімнен.
Келесі жолы дәл сол жердегі «танцыға» тағы да келдік. Көзіммен Шарипаны іздеп тұрмын. Мен іздеген ару шетте «жалтылдап» тұр екен. Бұл жолы одан айырылып қалмаспын дедім де «күзетшілерге» қарамастан оны қайтадан биге шақырдым. Бойжеткен келісе кетті. Осылайша екеуміз жақынырақ танысып кеттік. Арамызда сезім ұшқыны пайда болды. Өзінің айтуынша, ол бірінші менің дауысыма, кейіннен өзіме ғашық болыпты. Сөйтіп екеуміз отау құруға бел байладық. Шешімімді үйдегілерге айтқан соң қазақтың салтымен Шарипаның үйіне құда түсуге әкем мен ағаларым барды. Қайын атам өте қатал кісі болатын. Ол қыздарын айттырғанымызды жақтырмай қалса керек: «Сүйікті қызымды қазақ жігітіне тұрмысқа бермеймін» деп үзілді-кесілді шешімін айтып, болашақ құдаларын шығарып салыпты. Бұл жағдайға көндіге алмай ғашығымды кейіннен анаммен таныстырдым. Қыз анамның көңілінен шыққанымен, әкесінің сөзінен аттап кете алмайтынын жеткізді. Енді, не істеймін? Шарипадан басқа қызға үйленуді тіпті, ойлағым келген жоқ. Менде жалғыз жол бар еді. Ол – қыз алып қашу операциясы.
Өзара келісім, түсіністік болмаса ер мен әйел арасындағы қарым-қатынастан мән кетпей ме? «Алып қашу операциясынан» Шарипаны хабардар еттім. Ол қарсылық танытпады. Жамбылдағы алаңда сағат таңғы 9-да кездесетін болдық. Болашақ жарым ол кезде техникумда оқитын. Үй ішіне практикаға барамын деп сөмкесіне керекті заттарын салып шығыпты. Жүздесе салып, дереу мәшинеге отырдық та кеттік. Бойымды аздап үрей билегенін жасыра алмаймын. Ағалары қолдарына автомат ұстап соңымыздан қуып келе жатқан жоқ па екен деп артыма қарап қоямын. Осылайша жалындаған жастықтың отымен Шарипаны Шымкентке келін еттім. Үйге келгесін ата-анам, жақындарым аң –таң болды. Әсіресе, Рүстем ағам келінінің сұлулығын көріп шалқасынан құлай жаздады. Жар таңдауда қателеспегеніме ол кісі қатты қуанды, әрі ақыры не болар екен деп уайымдады. Бастысы қыздың туыстарынан қауіптенді. «Олар сенің Шымкентте тұратыныңды біледі. Осында іздеп келетіні анық. Өзбектердің ашуы жаман болады, мен де қызба мінездімін. Екі жақ қатты араздасып жүрмейік. Сен одан да Өзбекстанға қашып кет. Ол жақтан сендерді ешкім таппайды» деп ағалық ақылын айтты да жас жұбайларды пойызға отырғызып жіберді. Наманган қаласындағы әпкемнің үйінде біраз «бой тасаладық». Міне, қызық, Өзбекстанның қазағы Қазақстанның өзбегін алып қашты. Сөз орайы келгенде осыған ұқсас бір қызықты айта кетейін. Кезінде әпкемді өзбек азаматы алып қашқан. Жылдар өтіп мен де өзбек қызын алып қаштым. Кейде ойлап қоям, сонда мен кек алғандай болыппын ғой деп. Бұл жаңалықты естігенде жарымның отбасы, тіпті, бүкіл бір көше қайғырыпты. Қуғыншылар да көп күттірмеді. Туыстары қызды алып кетеміз дегенде сүйіктімнің «Ақжол менің тағдырым, мен оны жақсы көремін» дегені әлі есімнен кетпейді. Ағаларының көзінше некемізді қидырттық. Ұлан-асыр болмаса да кішігірім тойымыз өтті. Алайда қайын жұртым бізді бірден кешіре қоймады. Біраз уақыт араласпады. Сонда да біз ештеңеге мойымадық. Соңында махаббатымызды дәлелдеп шықтық.
Отбасылық өмірдің қуанышы мен қайғысы қатар жүреді емес пе? Алғашқы жылдары пәтер жалдап тұрдық. Жатақхана тынысын да сезіндік. Кейбір жұбайлар «біз осы уақытқа дейін ұрысқан емеспіз. Бір-бірімізге қарсы келмеппіз» деп жатады. Олай болуы мүмкін емес. Себебі жанұя болғасын ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Біз де ұрыстық, таластық. Бірақ ренжітулер менің тарапымнан көп болған секілді. Бір жақсысы ашуымыз тез тарқайды. Қазір сөзге келіспей қалсақ бір сағаттан кейін күлімдеп шыға келеміз. Қанша дегенмен әртіске жар болу оңай емес қой. Ол менің шарт-пұрт мінезіме, айлап кететін гастрольдік сапарларыма, ел аузында айтылатын сыпсың әңгімеге түсіністікпен қарай білді. Оның үстіне мен өте қызғаншақпын. Бірақ қызғаныш еркектерге қажет қасиет деп ойламын. Өйткені менің қызғанышым - ол менің махаббатым. Біздің отбасымыздың ұйытқысы ол сабыр мен төзім деп білемін. Ер азаматтың өнерде шалқып жүруі үйдегі жарына байланысты. Менің де шығармашылық пен отбасын үйлестіріп алып жүруім Шарипаның арқасы шығар.
Бүгінде бір қыз, екі ұлды және тәп-тәтті немерелерді тәрбиелеп отырған ата-әжеміз. Үлкен қызым Луиза жоғары білімді. «Табыс» атты туристік фирманың жұмысын дөңгелетіп жүр. Сұлтан, Тимур деген ұлдарым да жоғары қызметте. Жеті немерем бар. Үлкені Д.Қонаев атындағы Заң университетінде оқиды. Қалғандары қазақ тіліндегі мектеп, балабақшаларына барады. Ортамызда немерелерін орысша тәрбиелеп отырған ақсақалдар, ата-аналар көп. Сондай жағдайды көргенде кәдімгідей қынжылып қаламын. Бала алдымен ана тілінде сусындап өсуі қажет емес пе? Қазақша тілі шықса кейіннен өзге тілдерді меңгеріп ала береді.