Кәрім Жұмағалиев, заңгер: «Ниді қылмыстық жауапкершіліктен босату – нонсенс!»

Oinet.kz 19-06-2017 1204

Screenshot_15.jpg

Қазақстандық БАҚ, әсіресе, қазақтілді баспасөз штатта заңгер ұстамайды. Ұстағысы келеді, бірақ жағдайы көтермейді. Соның салдарынан жиі сотқа тартылып, көбіне-көп жеңіліп қалып жатады. 

Екі мыңыншы жылдардың басынан бастап оншақты жыл бойы «Жас Алаш» газетінің заңгері һәм адвокаты болған Кәрім Жұмағалиев талай-талай «тар жол, тайғақ кешуде» батыл басылымның тілшілеріне жол көрсетті, ақыл-кеңесін айтты. Көп сотта жеңдік, енді бірінде жеңілдік. Онда да зордың күшімен. Жеңіске бергісіз жеңілістер де болды...

Кәрім Жұмағалиев бұл күнде зейнеткер. Алматының іргесіндегі ауылдардың бірінде тұрады. Сексен жеті жаста. Бағбаншылықпен айналысады, ән шығарады және оны өзі орындайды. Әлеуметтік желіні де тәп-тәуір игеріп алған. Кәрім ақсақалдың назарынан ешбір жаңалық тыс қалмайды. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі қоғамның белсенді мүшесі.

Жұрт Кәрім ақсақалға әлі күнге дейін хабарласып, ақыл-кеңес сұрайды екен. Тіпті арнайы іздеп келетіндер де аз емес. Кәрім Жұмағалиұлын біз де арнайы іздеп барып, сұхбаттасып қайтқан едік.

– Кәрім Жұмағалиұлы, заң саласында қанша жыл қызмет қылдыңыз?

–Жиырма үш жасымда Алматы мемлекеттік заң институтын бітірдім. Ұстазым Салық Зиманов болды. Зейнеткерлік  демалысқа шыққан соң бірер жыл омарташылықпен айналыстым да, одан кейін адвокатураға келдім. Есептеп қарасам, елу жылдан астам ғұмырымды осы салаға арнаған екенмін. Жалпы, заң саласында түзу жүрген адам өмірде де түзу жүреді. Жоқтан өзгеге қызықпайды, дүние қумайды.

Кеңес үкіметі заманында оқу бітірген маманның жұмысы дайын тұратын. Арнайы комиссия мәселеңді шешеді де, жолдама береді. Өмірлік жолдама. Салық Зиманов: «Қайда барғың келеді?» деп сұрады сол кезде. «Туған жерім Семей облысына прокуратураға жіберіңіз» дедім.Содан Абыралы, Жарма аудандарында прокуратурада тергеуші болып жұмыс істедім. Жиырма тоғыз жасымда Семей қалалық сотының судьясы болып сайландым. 

Бір күні институтта бірге оқыған Юрченко деген жолдасым телефон соғып былай деді: «Кәрім, шалбарыңның артын қажап сотта не бітіріп отырсың? Судья болып үлгересің әлі. Қызылорда облыстық тергеу бөлімінің басшылығына адам таба алмай отырмыз. Соған ауысқаның дұрыс».

Осылайша отыз үш жасымда Қызылордаға барып, отыз үш жыл тұрдым. 

– Қызылорда облысын Еркін Әуелбеков басқарған тұста қызмет еттіңіз ғой. Білетіндер оны керемет талапшыл болған деседі. Сол кісі туралы таратып айтыңызшы.

– Еркін Әуелбеков Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып келгенде облыс қатты дүрлікті. Аудан-ауданды аралап жүріп, бірінші хатшылардың үйінің кісі бойынан асатын қоршауын бұзғызды да, белуардан келетін шарбақ қойғызды. «Сендердің әрбір басқан қадамдарың халықтың көз алдында болуы керек. Қамалдың арғы жағына тығылып алып не істейсіңдер осы?!» дейтін ауданның бірінші хатшыларына.

Бұл кісінің тағы бір ерекшелігі мынау: аудан орталығын және ауылдарды аралағанда кеңсеге емес, ең алдымен дәретханаға кіретін. Әңгіменің бәрі содан басталатын. Ол кезде колхоз, совхоздарда қонақ үй деген болмайтын. Әуелбеков аудан орталықтарына қонақ үй салғызды. «Келген адам қонақ үйге жатсын, қонақ үйдің асханасынан тамақ ішсін» деп талап қоятын. Сондағысы – тексерушілерді аудан басшылары үйіне қонақ етіп, алдына ас қойып, жалпақтап шығарып салмасын дегені.

Бір күні мені Еркін Әуелбеков шақыртты. Ол кезде облыстық автоинспекцияның (ГАИ) басшысы едім. Бірінші хатшы шақырғанда жан қала ма, ұшып-қонып жеттім. Кабинетіне кіре бере қалт тұра қалдым да: «Милиция подполковнигі, облыстық автоинспекцияның бастығы Кәрім Жұмағалиев шақыртуыңызбен келіп тұр!» деп тақ ете қалдым. Маған түйіле қарап тұрды да былай деді: «Ты давай, шугаловку прекрати! Мені жетектеп жүрудің керегі жоқ. Халықтың алдында ұятқа қалдырғанды доғарыңдар!».

1980 жылы Белоруссияның бірінші хатшысы Петр Машеров жол апатынан қайтыс болды. Хатшының көлігі картоп тиеген жүк көлігіне соғылған. Осы оқиғадан кейін Одақтың ішкі істер министрінен «бірінші хатшылармен міндетті түрде ілесіп жүресіңдер» деген тікелей тапсырма келген. Осыны бірінші хатшыға айтып едім, қатты ашуланды: «Сен өзі партиялық есепте қай жерде тұрасың?» деп сұрады. «Қызылорда облысында» деп жауап бердім. «Ендеше, менің тапсырмамды орында!» деп бас хатшы бір-ақ кесті. 

Содан кейін амалдауға тура келді. «Бұйрық қатты, жан тәтті», жігіттерді үйретіп қойдым. Бірінші хатшының кортежіне жақындамай, хатшының көзіне түспей, алды-артынан жүретін болдық. 

Әуелбековпен кездескен тағы бір оқиғаны айтайын. Зейнет демалысқа шыққан соң үш отбасы бал арасын сатып алдым. Қазақтар бал арасын «шыбын-шіркей» санайтын, орыстар «қазақтар омарташылықпен айналыса алмайды» деп ойлайтын кез. Басшылардың ұсынысымен омарташылардың облыстық қоғамын басқарамын. Жыл аяғында «Сыр бойы» және «Путь Ленина» деген газетке омарташылық туралы зерттеу мақала жаздым. Мақала шыққан күннің ертеңінде Еркін Әуелбеков шақыртты. Мені бұрыннан таниды. «Сен қашаннан бері омарташы болып кеткенсің?» деп сұрады. «Зейнетке шыққан соң» дедім. «Жасың нешеде?» деп шұқшиды. «Ашаршылық жылы тудым, 1930 жылы» деп жауап қаттым. «Екеуміз түйдей құрдас екенбіз ғой» деп жадырап сала берді. Сөйтті де орынбасарларының бірін жедел шақыртып алды. «Кәрім Жұмағалиевтің мақаласын мұқият оқыңдар да, ғалымдардың қатысуымен семинар өткізіңдер» деп тапсырды. 

Қысқасы, осы семинардан кейін Еркін Әуелбеков облыс омарташыларының барлық жағдайын жасап берді. 

Мұның бәрін не үшін тәптіштеп отырмын? Ол кездегі басшылар керемет таза еді. Халыққа ынты-шынтысымен қызмет ететін. Димаш Ахметұлынан бастап қай-қайсысын алсаңыз да, дүниеге қызықпаған адамдар. Олардың артында мал-мүлік емес, жақсы аты қалды. Бүгінгі биліктен мұндай адамдарды табу мүмкін емес.

– Адвокатураға қалай келдіңіз?

–Бұл салаға мені сүйреп әкелген – елдегі жаппай заңсыздық. Омарташы болып жүргенімде бір жолдасымның ұлын заңсыз қамап қойыпты. Еш дәлелсіз. Заңсыздықпен күресіп жүріп әлгі баланы қамаудан босаттым. 

Тағы бірде қалтасына есірткі салып қамап тастаған жас жігітті шығарып алдым. Осыдан кейін мынадай ой келді: тәжірибе бар, білімім жетеді, заңсыздықтың өршіп тұрғаны мынау, ендеше неге адвокат болмасқа?! Сөйттік те қызығы мен шыжығы мол салаға қойып кеттік. 

– Омарташылықтың пайдасын дұрыс ұғына алып жүрміз бе?

– Бұл сұрағыңа былай жауап берейін: омарташылықтың пайдасы туралы кітап жаздым. Сексен бес жасымда. Әлі күнге дейін жұмыс істеймін: жер аударамын, бағбаншылықпен айналысамын. Компьютерді үйреніп алдым. Әлеуметтік желіде парақшам бар. Ғаламторды бір кісідей-ақ білемін. Осының бәрі омарташылықпен айналысқанның арқасы. Араның балы, аналық сүті, бәрі-бәрі денсаулыққа аса пайдалы.

Естуімше, президент Нұрсұлтан Назарбаев та араның аналық сүтін ішеді екен.

– Ғаламторды игеріп алыпсыз. Қоғамда дүрбелең туғызған қылмыстық істерден хабардарсыз. Жуырда «Қорғас» халықаралық орталығының бұрынғы басшысы Василий Ниді сот қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Ол миллион доллар пара алғаны үшін істі болған. Соттың уәжі мынадай: «Нидің ісі –аяқталмаған қылмыс. Ол кінәсін мойындады, істеген ісіне өкінеді. Ешқандай зиян келген жоқ. ҚР Қылмыстық кодексінің 65-бабы бойынша айыпталушы кінәсін мойындаса, істі ашуға көмектессе, ешқандай зиян келмесе, оны босатуға болады». Сонда бұл қалай болды? Бұған не айтасыз?

–Бұл тіпті шатақ және Қазақстанның сот жүйесі үшін өте абыройсыз іс болды. Нонсенс!Егер дәл осындай логикаға салатын болсаң, парақорлардың түгелге жуығын түрмеден шығаруға тура келеді. 

Менің ойымша, сотқа қысым жасалған. Және қысым тым жоғарыдан жасалуы мүмкін. Дәл осы іске қатысты Алматы қалалық сотының төрағасы Ақжан Ештай түсініктеме берген болатын. Сол төраға аяқ астынан дүниеден озыпты. Осының бәрі белгілі бір ойға жетелейді.

Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның сот жүйесі әбден былығып бітті. Сот жүйесі түзелмей, заң орындарынан әділет күту бекер іс.

– Әңгімеңізге рахмет, Кәрім Жұмағалиұлы!

Сұхбаттасқан Ерік Рахым

Болатбек Қыстауов, Шардара ауданының әкімі: «Шардараның әлеуеті өте жоғары»
Ақжол Мейірбеков, әнші: «Қайын атам қызын қазаққа бергісі келмеді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу