Сұлтанханов сынға ілікті
03-05-2023
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты билығы Жолдауында:
- Еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру керек. Бұл жердегі негізгі фактор Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін жаппай енгізу болуға тиіс. Бұл – автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, «ауқымды мәліметтер» алмасу, тағы басқа міндеттер. Үкіметке бизнес өкілдерімен бірге 2025 жылға дейін базалық салаларды технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандырудың кешенді шараларын әзірлеуді тапсырамын, - деді. Себебі, XXI ғасыр – жаңа технологиялар ғасыры. Барлық салаға сандық технология дендеп енді. Енді өмірімізді бұларсыз елестету мүмкін емес. Қазақстан дамыған әлеуетті елдер қатарынан көріну үшін осы жаңалықты қолданысқа кеңінен енгізу керек. Осы мақсатта өңірімізде қандай жұмыстар атқарылуда?
Жақында өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген Шардара ауданының әкімі Болатбек Қыстауов:
Елбасы айқындап берген 5 бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Жолдауда көрсетілген бірінші бағыт – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы. Осыған байланысты Шардара ауданында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда жаңа сандық технологияларды өндіріске енгізу және индустриалды өркениетке қол жеткізуге қол жеткізуге толық мүмкіндік бар. Бүгінде 36 га жерде индустриалды аймақта 2 кәсіпорын өз жұмыстарын жүргізуде. Бұл аймаққа негізгі инфрақұрылым толықтай жеткізілген, - деп ауданда атқарылып жатқан игі істерге кеңінен тоқталды.
Жалпы, Шардараның әлеуеті өте жоғары. Шардара десе көз алдыңызға су қоймасы елестейтіні анық. Су қоймасы десе ойыңызға балық оралатыны заңды. Шардара мен балық екеуі егіз ұғым десе болады.
Облыста балық шаруашылығы бойынша көш бастап тұрғаны баршаға аян. Былтыр аудандағы 3 балық өңдеу зауытының өзінен 3 млрд. 200 млн теңгенің өнімі өндіріліп, оның 80 пайызы экспортталды. Биыл қосымша жылына 600 тонна балық өндіретін «Саодат» ЖШС іске қосылды. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылған бұл зауыт 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қазіргі таңда мұнда филе, мұздатылған және ысталған балық түрлері өндіріледі. Экологиялық таза әрі сапалы Шардара өнімдерін Еуропа елдерінен алдыртып жатқан кәсіпкерлер аз емес. Сондықтан да, аталған кәсіпорынға қойылар ең басты талап – сапа. Сапалы өнімге әрқашан сұраныс болады.
Шардарада туризмді өркендетуге мүмкіндік мол. Алда жаз келе жатыр. Жаз өзімен бірге шыжыған ыстығын алып келетіні анық. Жаз маусымында аудандағы су қоймасының жағажайы жан-жақтан, түрлі өңірлерден келген жандарға толып, төңірек қарақұрым болып кетеді. Аудан әкімінің айтуынша, биыл жағажай жерін аудандық коммуналдық меншікке алу жұмыстары жүргізілуде. Себебі, мемлекет туризм саласын дамытуды тікелей өз қолына алса, белгілі бір уақыт ішінде мемлекет қазынасына туристер есебінен тұрақты түрде қаржы құйылып, елімізде жаңа жұмыс орындары, өндіріс орындары ашылады. Бұл өз кезегінде елдегі жұмыссыздық мәселесін жояды.
Сонымен, алдағы уақытта жағажайда 60 нысан бой көтеріп, оған 6,7 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылады деп жоспарлануда.
- Ауданда жерді игеру және оның тиімділігін арттыру мақсатында 29 ауыл шаруашылығы кооперациялары құрылып, оған мүше болып отырғандар саны – 2567-ге жетті. Кооперативтер игеріп жатқан жер көлемі - 39848 га тең. Ауданда кооперацияға мүше жеке кәсіпкерлер мен шаруалар тарапынан 750 млн теңге несиеге өтініш берілді. Оның ішінде балық шаруашылығына 350 млн теңге несие беру мақұлданды, - деп аудан әкімі Болатбек Қыстауов нақты мәліметтерді келтірді.
Әрине, шаруаларға жерге егін егіп қойып, «алма піс, аузыма түс» деп қарап отырған жараспайды. Қазіргі нарық һәм бәсекелестік заманында шаруалар өз жерлерінен мол әрі сапалы өнім алуды көздеу керек. Елбасы биылғы Жолдауында:
«Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл әсіресе экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс. Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана біз халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетте бола аламыз» деп Қазақстан аграрлық салада талай белестерді бағындыра алатынын айтып өтті. Сонымен қатар, мемлекет басшысы аграрлық салада еңбек өнімділігін арттыру және оны автоматтандыру керектігін айтты.
Аталған тапсырмалар Шардарада жүйелі түрде орындалуда. Мысалы, «Тұрар» шаруа қожалығы осыдан 2 жыл бұрын 35 гектар жерге пияз егіп, оны өсірумен айналысты. Жылына әр гектардан 60 тонна өнім алған. Былтыр жаңа технологиялар енгізіп, нәтижесінде гектарынан 90 тоннадан өнім жинаған. Өткен жылғы жеткен жетістіктер мен кеткен кемшін тұстарды саралай келе, биыл «Тұрар» шаруа қожалығы гектарынан 100 тонна өнім алуды көздеп отыр. Әрине, талабы таудай шаруа қожалығына 35 гектар жер аздық етеді. Сондықтан да, аудан әкімдігі аталған шаруа қожалығына инфрақұрылымдық жүйелері толықтай тартылған қосымша 65 гектар жер берді. Енді 100 гектар жерден 10 мың тоннаға дейін пияз жиналатын болады. Жақында әкімдік пен шаруа қожалығы бірлесе отырып, пиязды ұзақ уақыт бұзбай сақтау үшін сиымдылығы 2000 тонналық қойма салатын болады.
Және мақта өсірумен айналысатын «Иіржар» ЖШС былтыр инновациялық технологиялар қолданды. Олар тамшылатып суару әдісі бойынша 1 гектардан 50 центнер өнім жинады. Көптеген шаруашылықтарға жаңа технологияларды енгізу нәтижесінде өнімділік 1,5-нан 2 есеге дейін артып отыр. Өнім көлемі артқан сайын қосымша жұмыс күші мен республикалық бюджетке түсетін салық мөлшері де ұлғаюда. Осылайша еңбек өнімділігін арттыру арқылы біраз түйінді мәселелер оп-оңай өз шешімін тапты.
Дегенмен, бұл жетістіктерге тоқмейілсіп, тоқтап қалуға мүлдем болмайды. Алдағы уақытта Шардарада әлі көптеген кәсіпорындар ашылмақ. Әйтсе де, кәсіпорын ашу оңай емес. Ол үшін қыруар қаржы керек. Әкімдер мемлекетке қол жаймай, өз беттерінше әрекет еткендері жөн. Осыған қарап оның іскерлік қабілетін білуге болады. Өзі іскер әкім Болатбек Дүйсенбекұлының бастамасымен ауданда жеміс-жидекті өңдеу зауытын ашу және одан бөлек мал шаруашылығы бойынша ет өңдейтін саланы дамыту үшін алматылық инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.
Әрине, тұрғын үй мәселесі қашанда күн тәртібінен түскен емес. «Үйі жоқтың күйі жоқ» демекші, әрбір азамат қалқайған баспанасы болғанын қалайды. Елбасы осы мәселені бір сәт назардан тыс қалдырған емес. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2016 жылдың соңында Үкімет «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама аясында 2017-2031 жылдар аралығында 1,5 млн. отбасы баспаналы болады. Бағдарлама шарапаты шардаралықтарда да тиеді. Былтыр Ұлттық қордан 400 млн. теңгеден астам қаржы бөлініп, 3-ші мөлтекауданда инфрақұрылым жұмыстары жүргізілді. Қазір бұл жұмыстар аяқталуға жақын. Және 4-ші мөлтекауданға инфрақұрылым тартуға 100 млн. теңге қарастырылды. Осылайша, 2018 жылы аталған мөлтекауданнан 4000 азаматқа тұрғын үй салуға жер беріледі.
- Жақында Шардара қаласындағы Астана және Әл-Фараби көшелерінен 40 пәтерлі көпқабатты 2 тұрғын үй салынбақ. Бұл бойынша бүгінгі таңда жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Ал, биыл 3 ауылдық округте, Сүткент, Ақшеңгелді, Егізқұм ауылдарында жергілікті бюджеттен бөлінген 64 млн. теңгеге бір пәтерлі 9 үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Шардара ауданында бүгінде 996 отбасы тұрғын үй кезегінде тіркелген. Оның ішінде 126-сы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, - дейді аудан әкімі.
Сонымен қатар, биыл Шардарада облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асқан «Шатқал» бағдарламасының аясында пайдаланылмай бос жатқан 12 га жер игерілді. Атап айтсақ Шардара-Абай, Шарадара-Арыс, 14 бекет жолдарының бойында жасыл аймақтар құрылды. 3 ауылда бұрынғы саябақтарды жаңарту жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмысқа аудан әкімдігінің қазынасынан 9 млн. теңге бөлінді. Ал, көгалдандыру жұмыстары бойынша көктемде 41 мың түп көшет отырғызылды. Бір айта кетерлігі, оның 19 мыңнан астамы тұрғындар есебінен отырғызылды. Халық көшеттерді егіп қана қоймай, оларды күтіп-баптау жұмыстарын өз мойындарына алды. Енді бірнеше жылдан соң, Шардараны жайқалған жасыл желек ішінен іздейсіз.
Былтар 500 га жуық егіндік жерді шегірткелер қаптап, шаруалар шығынға ұшырады. Биыл облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы аудандарда арнайы семинар кеңес өткізіп, кешенді іс-шара жоспарларын бекітті. Өңір басшысының тапсырмасымен ауданға шегірткеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарына арналған 9 техника және 1 ұшақ бөлінді. Енді Шардарада 500 мың га жерге зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Бүгінгі таңда шегірткелерге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының 2 кезеңі толықтай аяқталды. Кей ауылдарда 3 кезеңі де аяқталды. Егер басқа жақтан аяқасты ауып келмесе, шегірткеден қауіп жоқ. Сонымен, биыл шаруалар мол өнім алмақ.
Осыған дейін ел ішінде «Шардарада аэропорт салынады» деген әңгіме шығып еді. Бұған қатысты аудан басшысы:
- Аэропортты бюджет есебінен емес, жеке кәсіпкерлер есебінен салған абзал. Дегенмен, Шардарада аэропорт салған әзір тиімсіз. Егер жер мәселесі оң шешімін тапса және ең бастысы сырттан келетіндер туристер саны көбейсе, онда бұл жүзеге асатын жоба, - деп жауап берді.
Қорыта айтсақ, әлеуметтік-экономикалық даму үрдісіндегі Шардарада көптеген жобалар рет-ретімен іске асып келеді. Ендеше, осы қарқынмен жалғаса берсе, онда Шардараға ұшақпен барып, ұшақпен қайтатын күн алыс емес.