Мәулен Бектұрғанов: «Менің идеямды бәрі фантастика деп санады»
Мәулен Бектұрғанов, Халықаралық Ақпараттық Технологиялар Университетінің магистранты
- Мәулен, бионикалық қол протезін ойлап табу идеяңыз қалай туындады?
- Менің мақсатым – әлемге өз пайдамды тигізіп, артымнан із қалдыру. Ол үшін, сөзсіз, денімнің саулығы қажет. Өкінішке қарай, кейбір жандар тағдырдың тауқыметін тартып, тәннің саулығынан зардап шегіп жатады. Сондай адамдарға қол ұшын бергім келді. Осы бағыттағы ізденіс жұмыстарын жүргізе келе, ғаламтордан түрлі протездерді көрдім. Алайда олардың құны өте қымбат, көпшілікке қолжетімді емес. Осыдан барып мүмкіндігі шектеулі отандастарымызға қолжетімді бағамен протез жасау идеясы туындады. Алғашқы прототиппен бірнеше ай жұмыс істедім. Шынымды айтсам, нені қалай істеу керек, құрал-жабдықтарды қайдан алам, неден бастаймын? тәрізді жауабы жоқ сансыз сұрақтар мазалады. Бұл бағытта менде ешқандай тәжірибе болған жоқ. Өзгелер тарапынан да еш көмек немесе қолдау күтпедім. Біраз уақыттан соң Америкадан құрал-жабдықтар алып жұмыс істей бастадым. Мұның өзі оңай болған жоқ. Біреуі сынып жатса, екінішісі күйіп жатты дегендей. 4 айда жұмысты аяқтадым. Кейін 3D басылыммен айналысатын барлық компанияларға телефон шала бастадым. Олар менімен жұмыс жасаудан бас тартты. Бар күш-жігерімді жинап, осы саладағы озық компанияға хабарласып едім, кездесуге шақырды. Бастысы, менде идея бар, қол жеткізсем деген мақсатым бар. Осы ой мені алға жетеледі. Ойым алдамапты, ұсынысым ол компанияға ұнады. Сонымен, бірге жұмыс істей бастадық.
- Жұмыс барысында қиындық тудыратын сәттер бола ма? Сондай-ақ, осы протездерің, шын мәнінде, мұқтаж жандарға көмек беретіндігіне сенімдісіз бе?
- Өзгелердің пікірі шығар. Менің айналамдағылар бір кездері менің жобама сенбейтін. Олар үшін менің идеям фантастика болып көрінетін. Ал қазір мен өз жобамды жүзеге асырғаннан соң олар өз ойын өзгертті. Мен олардың барлығымен күресе білдім. Өз сенімім маған жеткілікті. Ең қиыны – механикамен жұмыс істеу. Барлық импульстарға жауап қайтару, қолдың қызметін атқару қиын ғой. Қазір 4-прототиппен жұмыс жүргізіп жатырмын. Оның сыртқы бейнесі дәл адамның қолындай болады. Яғни, әрбір прототип жетілдірілген нұсқада болады. Бұл прототиптер іс жүзінде тексерілген, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмегін тигізіп жатыр деп сенімді түрде айта аламын. Қазірдің өзінде бізге 5 тапсырыс келіп түсті.
- Болашаққа жоспарыңыз қандай?
- Мен үшін ең маңыздысы – жеңіске жету емес, жүріп өткен жолымда өз ізімді қалдыру. Қолдың протезімен қатар болашақта аяқ, иық секілді мүшелердің де протезін жасау ойымда бар. Жақын арада өз компаниямды ашуды жоспарлап отырмын. Болашақта протездерді үкімет бізден алып, мұқтаж жандарға тегін таратса деймін.
Сұхбаттасқан Жанар Ғаниқызы,
Халықаралық Ақпараттық Технологиялар Университетінің 2-курс студенті