Енші малы
04-11-2023
Студенттік жылдар десе ойыма бірнеше оқу орны оралады. Себебі біраз оқу орнының табалдырығын тоздырдым. Менің Қарақалпақстанның Нөкіс қаласында дүниеге келгенім баршаға белгілі. 2000 жылы осы Нөкіс қаласындағы музыкалық училищенің «хореография» бөлімін бітіріп шықтым. Өнер жолын әрі қарай жалғастырғым келгенімен ата-анам қарсы болды. Содан үйдегілердің қалауымен 2003 жылы Ташкент қаласындағы заң колледжін тәмамдап шықтым. 2001 жылы атамекенге Атырау қаласына көшіп келген едік. Отанға оралғасын оның үстіне орта біліммен қалғым келмей 2008 жылы Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түстім. Мамандығым бойынша біраз жұмыс істеп көрдім. Алайда орнымның кеңседе қағаз, құжаттадың арасында емес өнерде екенін ұқтым да театрға бас сұқтым. Атырау қаласындағы М. Өтемісұлы атындағы облыстық қазақ драма театрында балетмейстер, кейіннен Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық — балалар мен жасөспірімдер театрында хореограф, актриса болып қызмет атқардым. Қанша жерден талантың бар болса да кәсіби біліктілік қажет екен. Жұмыс істеп жүріп Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түстм. Алайда екі кеменің басын бірдей ұстау оңайға соқпағасын оқуымды Бішкек қаласындағы Б. Бейшенәлиев атындағы Қырғыз мемлекеттік өнер институтында жалғастыруға тура келді. Осылайша екі орта, екі жоғары оқу орнын аяқтап шықтым.
Музыкалық училищеде оқып жүргенімде бастан талай қызықты сәттер өтті ғой. Әсіресе алғашқы жылдары «старшактардың» қыспағына көп ұшырадым. Жоғары курстың қыздары өзінен кейінгілерге сөзін өткізуге тырысатын. Өздерінше тәртіпке салып, тапсырмалар береді. Ол кезде сникерс енді ғана «мода» болып жатқан. «Дедовшиналарға» шоколад әкеліп берген кездерім де болды. Өзім де «дедовшина» болған кезде жас қыздарға «әлімжеттік» жасай алмадым. Себебі өзімнің басынан өткен соң көбінесе оларға жанашырлықпен, қамқорлықпен қарадым. Алайда барлық жастар «кім мықты?» ойынынан өтуі керек деп есептеймін. Себебі мұндай кезде адамның бойында өзіне деген сенім, өмірмен күресушілік қабілеті пайда болады. Әрине, бұл ойында шектен шығу, намысқа тиіп, қорлау, ұру секілді жанға тиетін жағдайлар орын алмаса болды.
Студент кезімде ұйқымның қаттылығынан талай рет зардап шектім. Ташкентте оқып жүргенімде өте белсенді шәкірт болдым. Би, спорт жағынан атым шығып жүретіндіктен колледж басшылығы маған жатақханадан бір бөлме алып берді. Жалғыз өзім тұрдым. Түске дейін сабақта болсам, түстен кейін таеквондоға жаттығуға баратынмын. Бір күні жаттығудан қатты шаршасам керек, бөлмеме келдім де жата қалдым. Өзгелер мазамды алмасын деп есікті ішінен құлыптап алдым. Сол ұйықтағаннан ертесіне күн батқанда бір-ақ тұрыппын ғой. Сабаққа да бармағанмын. Құрбыларым келіп есікті ұрып, ұрып кетіп қалған. Ешкім оята алмапты. «Гүлшарат не сабақта, не жаттығуда жоқ. Бөлмесі болса жабық. Бұл қыз қайда жүр?» деп уайымдаған достарым үй ішіме хабарласыпты. Есікті бұзып кіреміз бе деп те ойлаған екен. Осыншама қарбаласта мен түк білмей ұйықтай беріппін. Қарным шұрылдап қоймағасын көзімді аштым. Байқасам дала әлі қараңғылау. Демек таң әлі атпаған екен ғой деп ойладым да, сабаққа бару үшін киіндім де, бөлмеден шықтым. Есікті ашып қалғаным сол еді бәрі мені құшақтап «бар екенсің ғой, тірі екенсің ғой» деп құшақтай жөнелді. Мен болсам аң-таңмын. Олар киіміме қарап «кеш батқанда қандай сабаққа бармақсың?» деп бір күліп алды. «Тәтті ұйқымнан» қалған тағы бір естелігім бар. Күздің бе, әлде қыстың күні ме әйтеуір, жатақханаға жылу беріліп қойған кез еді. Кереуетім жылу батареясына тақалып тұратын. Түнде ұйықтап жатқанда жаурадым ба екен, қолымды батареяға қойып алып жатыппын. Ұйқымның қаттылығы соншалық батареяның қолыма өткен ыстығын сезбегенмін ғой. Таңертең тұрсам қолым ашып, ауырады. Сөйтсем кәдімгідей күлдіреп күйіп қалыпты. Күйген қолымда сол күннен бастап тыртық қалып қойған.
Студенттік жылдар – ата-ананың үмітін ақтайтын кез. Әр адамның жауапкершілікті сезінетін уақыты. Ташкентте оқығанымда аз қиналған жоқпын. Бір үзім нанға зар болған күнім де болды. «Оқимын» деп тепкіленіп келгесін ата-анаңа шағым айта алмайсың. Әлі есімде әдемі қол сағатым бар еді. Қарным ашқан соң әлгі сағатты, біраз киімдерімді бір бөлке нанға айырбастап жібергенмін. Мен осы күнге дейін анама алғыс айтамын. Себебі ол маған үнемшіл болуды, әрбір тиынның оңайлықпен келмейтінін үйретті. «Аш адамға балық емес, қармақ бер» дейді ғой. Студент кезімде анам маған ешқашан ақша салып жібермеген. Оның орнына темекі секілді ұсақ-түйек заттар салып жіберетін. Сол заттарды көшедегі, базардағы саудагерлерге барып, жалынып жүріп өткізуші едім. Сөйтіп ақшасын бір аптада жинап аламын. Айтыңызшы, осылайша еңбектеніп тапқан ақшаны қалайша оңды-солды жұмсай аласың? Сондықтан ақшаның қадірін менен артық ешкім түсінбейтін шығар.