Нұрғали Әнапия, айтыскер ақын: «Қателіктен сабақ ала білу де өнер»
- Нұрғали, айтыстағы алғашқы қадамың қалай басталды?
- Кіндік қаным Сарыағаш ауданы Әлімтау ауылында тамды. Алтыншы сыныпта оқып жүргенімде Сарыағаш қаласындағы мектептердің біріне ауыстым. Жастайымнан ән айтатыным бар еді. Бірде мектепте бір іс-шарадан кейін Мәриям Тұрсынбекова деген ұстазым айтыс үйрмесі бар екенін, маған сол үйірмеге жазылуға кеңес берді. Жазылдым. Бір аптаның ішінде домбыраны да үйреніп алдым. Осылайша айтыс өнеріне қадам бастым. Ең алғашқы додам Шымкент қаласындағы Б.Өтеп атындағы өнер мектебінде өтті. Сол сайыста бірінші орын алдым. Кейіннен аудандық, облыстық жарыстарда топ жарып жүрдім. Жетінші сыныпта жоғарыда айтып кеткен өнер мектебіне оқуға келдім. Мұнда ақын, сазгер әрі ұстазым Бекмұрат Анарбаевтан тәлім алып, кәсіби айтысқа қосылдым.
Мына бір жайтты да ерекше айта кетейін. Белгілі журналист Ғалымжан Елшібай көкеміз шамасы бес жылдай бұрын туған жері-Төле би ауданы Қасқасу ауылында ұлы Заңғардың сүндет тойын Наурыз мерекесі қарсаңында дүркіретіп өткізді. Ақ шаңқан тігілген киіз үйлер, сәнді безендірілген сахна, әсем мен мың бұралған би, әсіресе таңғажайып табиғатты айтсаңызшы. Шымкенттегі үлкен тойдың алдындағы бір күн бұрынғы ауыл тойдың өзіне ел жан-жақтан көп жиналды. Арқан тартыс, қол күрес, балуандар белдесуі, сондай-ақ ең қызығы қатын күреспен қатар ақындар айтысы да сол тойдың көрігін қыздырды. Көршілес Жамбыл облысынан танымал айтыскер Ахметжан Өзбеков те келіпті. Талай додада топ жарған атақты Ақмарал Леубаева маған және менімен айтысқан шәуілдірлік қарсыласым Гаухарға ақ батасын берді. Ең бастысы елдің көңілінен шыққан айтыс болды.
- Жас ақынның бірі болғасын үнемі ізденіс үстінде жүретін шығарсың? Кітапты көбірек оқисың ба, әлде ғаламторды жиірек пайдаланасың ба?
- Көбінесе жазба ақындардың поэзиясын оқығанды ұнатамын. Әсіресе, Бақытжан Алдияр, Қалқаман Сариннің жыр әлемі қызықтырады. Көп уақытымды ғаламторда өткізетінімді мойындау керек.
- Айтыста кіммен жұп болған ұнайды?
- Қарсылас таңдамаймын. Дегенмен мейілінше атақты, халыққа танылған ақынмен «сөз таластыру» маған да ұтымды екені анық.
- Айтыс барысында «қап, осы сөзді бекер айттым-ау» деп бармақ тістеп қалатын сәттерің бола ма?
- Әрине болады. «Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ» дейді ғой қазақ. Алланың берген талантын 99 пайыз еңбекпен шыңдайсың. Мен айтыс әлемінде енді ғана тәжірибе жинақтап жүрген ақындардың бірімін. Сондықтан кемшіліксіз, қателіксіз болмайды. Жасы үлкен аға, әпкелеріммен айтысып жатқанда артықтау кетіп қалатын кездерім болады. Біз, жастар, көбінесе тыңдарманға қызықты, өтімді әзілді жиі айтамыз. Ал кейде сол әзіліміз тыңдарманға ерсілеу естіліп жатады. Осындай кезде сайыстан соң көрермендер, ұйымдастырушылар тарапынан жиі сынға ұшырап жатамыз. Кейде өткен айтысты өзім тыңдап отырып қателіктерімді байқап қалып жатамын. Қателіктен сабақ ала білу де өнер. Артық, орынсыз, өтімсіз сөздерді екінші мәрте қайталамауға тырысамын.
- Көп ақындар айтыста сенің қара бала екеніңді «бетіңе басып» жатады. Оған ренжімейсің бе?
- Жоқ, неге ренжимін. Бұл шындық қой. Қайта керісінше, қаралығымды есіме салып тұрмаса біртүрлі болып тұрамын.
- «Айтыс ақындары мен жыршы-термеші¬лердің халықаралық одағының» жұмысына көңілің тола ма?
- «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан 2012 жылы күзде құрылған болатын. Одақтың міндеті – жергілікті ақындар мектептеріне қамқорлық жасау, айтыстар ұйымдастыру, жас ақындарға қамқорлық көрсету, оларды тәрбиелеу. Бүгінде одақ өз міндетін тиісінше жақсы атқарып келеді. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда айтыстың беделі де артып келе жатқанын айта кету керек. Менің ұсынысым: одақ барлық облыстарда құрылып, қазақтың төл өнері айтыс жиі өтіп тұрса деймін.
- «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, ақын Нұрғалидің біз білмейтін басқа қандай қыры бар?
- «Әу» демейтін қазақ жоқ қой. Көпшілік ортада, жиын-тойларда ән салатыным бар. Және азды-көпті күй тарта аламын.