Рамазан Мамаев: «Бала спорт үйірмесіне ерте жастан барса келешегі жарқын болады»
Рамазан Мамаев, самбошы
20 жасар самбошы Рамазан Мамаев осы уақытқа дейін біраз белестерді бағындырып үлгерді. Нақты айтар болсақ, 2015 жылы самбодан Қазақстан біріншілігінде 1 орынды иеленді. Нәтижесінде Азия және Әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Бірақ, «бақ шаба ма, бап шаба ма» демекші, қос біріншілікте де жартылай финалда қарсыластарынан айласын асыра алмай, 3 орынды қанағат тұтуға мәжбүр болды. Әйтсе де, бұл жеңіліс оның жігерін жасытпай, керісінше, тасытты. Өз-өзімен жұмыс істеуді арттырған Рамазан 2016 жылы Қазақстан кубогында бас жүлдеге қол жеткізді. Биыл елімізде өткен жастар арасындағы ойындарда жүзі жарқырады.
Тек, спортпен ғана шұғылданып қана қоймай, білімін де қатар жетілдіріп жүрген Рамазан Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «дене шынықтыру және спорт» факультетінің 3 курс студенті.
Сонымен, Рамазан аталаған жетістіктерге қалай жетті? Біздің әңгіменің өзегі осы болды.
- Рамазан, самбоға қалай келдіңіз? Осы күрес түрін таңдауыңызға не түрткі болды?
- Кішкентай кезімде басты рөлде Сильвестр Сталлоне ойнайтын «Рокки» фильмін жалықпай көретінмін. Әр көргенде жаным жадырап, Рокки секілді чемпион болғым келетін. Осылайша, мені асқақ арман бокс үйірмесіне жетелеп әкелді. Дегенмен, әкем менің боксшы болғанымды қаламады. Себебі, бокс – ауыр спорт. Боксшылар көбіне егде тартқан шақта паркинсон дертіне ұшырайды. Бастан, бауырдан алған жойқын соққылар ертелі-кеш өз әсерін бермей қоймайды. Осыны ойлаған болуы керек, әкем мені бокстан күреске ауыстырды. Уақыт өте келе мен дзюдоға, кейіннен самбоға өттім.
Бұл қандай күрес түрі деп ізденіп көрдім. Сөйтсем, самбоның Отаны – Кеңес Одағы екен. Оны әйгілі спорт шебері Анатолий Харлампиев пен Василий Ощепковтар ойлап тауыпты. 1938 жылы КСРО самбоны ресми түрде спорт түрі деп таныған. Самбо – қысқартылған сөз тіркесі. Толықтай айтсақ, самозащита без оружия (самбо).
Алғашқы жаттықтырушым – Манарбек Бейсекенов болды. Сол уақыттары мен тұрақты емес едім. Егер қатысып жүрген үйірмем ұнамаса, басқа спорт түріне ауысып кете беретінмін. Жаттықтырушым кәсіпқой маман болғандықтан, осында қалдым. Көп өтпей 8 және 9 сыныпта Қазақстан чемпионы атандым.
- Көптеген спортшылар шет елде емес, өз елінде өткен біріншіліктерде қиналатындарын айтады. Сен осыған келісесің бе?
- Келісемін немесе келіспеймін деп біржақты айта алмаймын. Мен Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Шетпе кентіндегі спорт мектебінде жаттықтым. Осында өстім. 9 сыныпты бітірген соң, ары қарай шыңдалу үшін Астанада Қ.Мұңайтпасов атындағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатына ауыстым. Нәтижесінде, көптеген маңызды турнирлерге қатыса бастадым. Адам өсу үшін ыңғайлы аймақтан (комфорт зона) шыға білуі керек.
2015 жылы самбодан Азия біріншілігі Атырауда өтті. Атырау – менің туған жерім Маңғыстау облысына көршілес жатыр. Туған-туыс, жолдас-жораларым келіп, менің жекпе-жектерімді тамашалады. Олар қарап тұрған соң, міндетті түрде жеңгің келеді екен. Эйфориялық сезімге беріліп, түрлі қателіктерге жол беріп жатасың. Немесе қателікке ұрынбау үшін ештеңе істемеуің де мүмкін. Бір-екі жолдасым туған жерлерінде осындай психологилық қысымға шыдай алмай, жеңіп тұрған айқаста жеңіліп қалып жатады. Сондықтан да, туған жеріңде алаңға қолдау-қолпаштауларға босаңсымай, өзіңді ұстай білу керек.
Ал, сол Атырауда өткен Азия біріншілігінде мен қырғыз самбошысынан ұпай айырмасымен жеңіліп қалдым. Ал, Әлем біріншілігінде жартылай финалда Өзбекстан азаматына жол беріп қойдым.
Байқағаным, самбодан Кавказ елдерінің спортшылары өте мықты. Оларды белдесу өте қиын. Ал, Ресей – спорт державасы. Барлық спорт түрінен ресейліктер қарсыластарына қиындықтар тудырады. Самбодан да орыстармен айқасу оңайға түспейді.
- Рамазан, енді дәстүрлі сұраққа тоқталсақ. Сіздің ойыңызша жеңіске жету үшін спортшы не істеу керек?
- Меніңше, кез-келген адам созылмалы ауруы жоқ болса, яғни дені сау болса, жеңімпаз бола алады. Ең бастысы, спортқа ерте жастан бару керек. Сол кезде ол мәліметті тез қабылдап, жаңа әдіс-тәсілдерді оңай меңгереді. Жарыста кей спортшылар қабыландай епті, енді біреулері қопалдық танытып жатады ғой. Ендеше, әлгі қабыландар – үйірмеге ерте жастан барған дей берсеңіз болады. Кілемде өзін судағы балықтай сезініп, тез қимылдау қандарына сіңіп кеткен. Және спортшы күнделікті 4-8 сағат жаттығу керек. Оның да өз формуласы бар. Соны сақтаған жөн. Ең бастысы, бапкер кеңесін тыңдау керек. Кей спортшылар жеңімпаз атанған соң, жұлдыз ауруына ұшырап, бапкерін тыңдамай кетеді. Осының салдарынан физикалық формасын жоғалтып алады. Сол себепті, спортшы әрқашан қарапайым және салқынқанды болу керек.
- Біріншілік кезінде басыңыздан қызықты оқиға өтті ме?
- 2015 жылы Әлем біріншілігі Латвияның астанасы - Рига қаласында өтті. Осы жарысқа дейін менің салмағым нормадан артып кеткен болатын. Осыған байланысты мен күн сайын таза ауада жүгіріп салмақ қуып жүретін едім. Ригаға келгенде де жүгіруді тоқтатпадым. Қазақстанда әбден таза ауада жүгіріп үйреніп қалғасын, Ригада өзіміз орналасқан қонақ үйге жақын маңдағы спорт кешенінен шығып, кешқұрым көше аралалап жүгіріп кеттім. Шет ел демекші, тарихи ғимараттары көп Рига таңсық көрінді. Жан-жағыма таңдана қарап жүгіріп келемін. Қызығына беріліп кетіп, спорт кешенінен әжептеуір алыстап кеткенімді кеш түсіндім. Күн қарайып кеткен. Бірақ, мен адасып кеткеннен қорықпадым. Бәрінен бұрын таңертең менің жекпе-жегім бар. Соған үлгере алмай қалмаймын ба деп зәрем қалмады. Қырсық шалғанда, бүкіл байланыс құралдарымды қонақ үйде тастап кеткем. Содан кері қарай жүгірдім. Бірақ, спорт кешенін таппадым. Жағдайым бұрынғыдан да қиындай түсті. Содан көшедегі оншақты адамға ымдап жүріп, біреуіне әзер түсіндірдім. Осы бір оқиғадан соң, ана тіліңнен басқа, өзге де тілдерді білген жөн екен.
Ал, алға қойған мақсаттарыма тоқталсам, биыл Азия біріншілігі өтеді. Осы біріншілікте 2015 жылы кеткен есемді қайтарып, жеңіс тұғырынан көрінгім келеді. Және барлық спортшылар секілді Олимпиада шыңын бағындыруды қалаймын.
Сұхбаттасқан Абылай Есімбай