Енші малы

Oinet.kz 04-11-2023 500

news_full16306505728f2fdd68c7b1f4a909cce4d536919b05.jpg

Әлиакбар Сұлтанов ағамыздың әңгімесін

"Сойырғас Кете Жұмабай палуан айтады екен" - деп бастады:

Бір сапары жолаушылап келе жатып, бір жиде талдың көлеңкесінде отырған әйелге жолықтым. Жігіттіктің желігімен амандасып болып:

- Ал, жеңеше мүшемді бер?-дедім.

Сонда әлгі әйел:

- Саған мүше беретіндей, атың шауып бәйгіден келген жоқ. Палуаның жығып жүлде алған жоқ. Басы жоқ, аяғы жоқ, бұл не әңгімең?-деді. Онымен де қоймай:

- Мүшені, мына менімен күресіп күшіңді көрсетсең аласың!?-дегені.

Тіленіп тұрғаным да сол еді. Аттан қарғып түстім. Беліме тұсауымды байлап, сайланып жатыр едім, әйел де отын арқалайтын тұтамға екі елідей есілген қыл шылбырын беліне үш орап байлап, тұра келді.

Осал адам емес екенін білдім. Ұстаса кеттік. Беліндегі қыл шылбырды екі қолыма орап ұстап барынша сілкіп екі тартқанымда белін бермеді. Айла-әдіске салмаса, күшке алдырмайтын сыңай танытты. Тіресіп жүріп қалдық...

Ұзын жолмен келе жатқан ақ түйеге мінген бір ақсақал кісі үстімізден түсіп:

- "Уа, Құдай! Кете-Шөмекейдің аруағы сарт болып кетпесең, азаматыңды қолдай көр!"-деп түйенің үстінен айқайды салды...

Сол кезде екіленіп әйелді барынша жұлқа тартып қалғанымда беліндегі қыл шылбыр бытыр-бытыр етіп, жіптей үзіліп екі қолыма келді. Не істерімді білмей аңырып тұрып қалдым.

Сол кезде әйел де белімнен қолын ажыратып:

- Белімдегі арқанның үзілгені жеңілгенім болсын. Алдағы ойда ауыл бар. Қонақ болып аттанарсыздар?!-деп, керек-жарағын алып жөніне жүре берді...

Алқа топта күресе жүріп, жүрегім сескенген адамым сол болды.

Ақ түйелі кісі түйеден түсіп жаныма келді.

Бұл кісі елге мәлім Бозғұл, Сарыбай Исламбек деген кісі болып шықты. Заманында ел аузына қараған шешен, би болған адам. Жарықтық екі көзінен жас саулап, сақалын жуып жылап тұр екен...

Ентігімді басып отырған маған:

- Ойпырмай шырағым-ай! Әйелдің азулы байталдай сырттанына жолықтың-ау!? Бұл, "Қырда" Шөмекей, Шобдар Алматтың қырық құлаш құдыққа құлаған "Ақ түйесін" жалғыз өзі тартып шығарған атақты Көнек Орқабай палуанның қызы еді. Біздің елге келін болып түскеніне де 20-25 жыл болды. Перзентсіз жан еді. Құдай екеуіңді жолықтырған екен. Жасы үлкен бізді көріп әдептен аттамағаны ғой. Артық әрекетке бармады... "Беліндегі үш қабат қыл арқаны үзілді" құрсағындағы қырсығы кетті-ау - деп, жақсылыққа жорып тұрмын. Қара жолдың бойында қыдыр жүреді. Тәңірім, перзентті болып, тілегін қабыл етсін!-деп, батасын беріп бетін сипады...

Сол кезде мен де ентігімді басып:

- Ал, ақсақал өзіңізге де жол болсын?-деп, жөн сұрадым.

- Ай, шырағым-ай! Ағаң да, лағын алдырған ақ киіктей ізіме ерген жалғыздан тірілей айрылып, теңдік таппай келе жатқан шерлі көкірек жанмын. Кешегі аударыспақта өзімді кәмпескілеп, Қарқаралы, Семейге жер аударды. Екі жылдан соң бостаншылық жасап елге жеттім. Бәйбішем айдалап бара жатып жолшыбай суық тиіп өлді. Кіші әйелімді үкімет "әйелге теңдік береміз"-деп, зорлықпен айырып алды. Ізінде, екі әйелдің ортасындағы он жасар жалғыз бала кетті. Кіші әйел де біз кеткен соң көп ұзамай қайтыс болып, баланы үкімет үйіне өткізіп жіберіпті. Берісі "Аламесектен" сұрау салып, әрісі Қазалы, Ақмешіттің жетімханасын аралап баланың ізін таппадым.

Ұзын хабары Тәшкенге алып кетті дегенді естіп, жалғызды іздеп жолға шығып бара жатырмын, шырағым! -деді, көзінің жасын орамалымен сүртіп отырып.

- Ойпырмай аға, көлік аяғы -Тәшкенге түйемен қалай жетесіз? Шойын жолда отарба тұр ғой?!-дедім.

- Ай, шырағым! Кешегі "бай талауға" дейін қара орын шаңырағымызға малдан 500 түйе бітті. Сол малдың ішінде әкеміздің, әкесінен жеткен "Ақмая" деген түйенің тұқым өсіп-өніп жүретін. Әкеміз "малдың құты, киесі" осы тұқымда деп айтып кеткен еді. Кеше үкімет малды санап алып, соңында:

- Байеке, мал-мүлкің түгел үкіметке өтті. Малыңнан өзіңе тиесілі бір бас түйе алып, қағазға қол қоясың - деді.

"Ауру- жаннан үмітті, кедей- малдан үмітті". Жалғыз ұлымның "еншісі" болсын деп, сонда "Ақмаяның" қанды мұрын бір тайлағын жетектеп алып шықтым. Үкіметтің малын бағуға санап алып жатқан немере туысқан ағайыным Бөрібайға, тайлақты қосып тұрып:

- А, Бөрібай атасын айтса алыс емес, ағайынсың. Жүзді - бір қылам десе де, бірді - мың қыламын десе де, бір - Алланың қолында!? Соған көзімізді жеткізіп тұр, жаратқан! Біздің мал баққаннан басқа үкіметке жазығымыз жоқ. Ақтай күйіп, шартқа - тұрып ел-жермен қоштасқалы тұрмыз. Соңымда жас бала, тірі жесір әйел қалып бара жатыр. Ахметжан ержетіп малын іздеп келер болса "енші басы" атаған малым болсын. Қолынан қақпа, бұйдасынан тарт па? Аманатымды қолына тапсыр?!

Ал біз, Алланың алыстағы аз несібесінен дәм татпаққа жүргелі тұрмыз!?-деп, ат арбаға жаяу еріп, бес әскеге 30 адам айдалып кете бардық ...

Үш жыл сергегелдеңнен елге соқа басым жетіп, Бөрібайға келсем - "Ақмая" боталап тұр екен. Бір жұма ағарғанын ішіп есімді жиып тыныстап алған соң, жалғыз баланы іздемекке бел будым. Бір айлық жас ботаны сойып, садақаға таратып, терісінен тұлып жасап, енесін бір жұма тұлыпқа идіріп саудым да, тұлыпты артып жолға шығып кеттім. Жанботамды іздеу үшін, нар ботамды құрбандыққа шалып Алладан "Жалғызыма қауыштырғай!"-деп, тілек тілеп бара жатқан жанмын, шырағым!?-деді. Одан әрі:

- Алла, аман-есен Ақметжаныма қауыштырса, ата малының ағарғанынан мейірі қанып ішсін. "Аманатқа - қиянат болмасын". Қиаметтің сұрағына дейін еншіге атаған малымды баламның қолына тірлігімде тапсырып, Ахмет жанымның бетінен сүйіп, ризашылығын алсам - Алладан жалғыз тілегім сол!?

Жолыма сусын, астымда көлік, барған жерде "Ақмаяны" жалғызымның қажетіне жаратамын!-дегенде, жасымда жетімдікті көп көрген өзім де бойымды билей алмай, көзімнен жас ыршып кетті.

- Ағажан-ай! Тілегіңе жеткерсін!- дедім, жаным күйзеліп.

Ақсақал орнынан тұрып, шөгіп жатқан түйенің қомына артқан жам-жүгін ашып, жазы ағашына байланған местің пұшпағын ағытып, қоржынынан ағаш тостаған алып толтыра құйып, маған ұсынып:

- Ал айналайын! Ағаңның жол азығынан ауыз ти. Біз пақырға ниеттес бол. Сұраған жандарға сәлем айтарсын?-деп жатыр.

- Аға жолыңыз ұзақ өзіңізге сусын болсын... деп, едім,

- Шырағым "Ақмая" жас мал, үш идіріп сауып келе жатырмын. Ішкен сусынымның орнын сауымы толтырады. Қысылма - ала бер -деді, местің пұшпағын байлап жатып.

Түйе қамшылар жақ қапталына байланған"ботасын" мойнын бұрып, емрене искеп, күңірене гүркіреп дыбыс шығарды. Мойылдай көзі мөлтілдеп, шыпта кірпігі шаншыла қайрылып, ақсақалдың "жәй-жәй"- деп, жұбатқан әлди сөзінен соң жануар қайта сабасына түсті. Екі дүние - бір тағдыр...

"Ақмая" шөккен орнынан шаңырақтай көтеріліп, теңселе басып, үміттің тінін жанына жалғау еткен егесін - балапан құстай талпындырып, күншығысқа қарай ұзап бара жатты... "Алла жалғыз ұлына аман-есен қауыштырғай"-деп тілек тілеп қала бердім -депті...

Дабыл ақсақалдың тапсырмасы
Жылқы иісі...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу