Дабыл ақсақалдың тапсырмасы

Oinet.kz 04-11-2023 445

Талай үйдің шаңырағын ортасына түсіріп, ошағының маздаған отын өшіріп елді титықтатқан алапат соғыстың аяқталған кезі. Төрт жылға созылған қанды қырғын соғыстың ел адамдарының жүрегіне өшпестей етіп салған жарасы әлі де жазыла қоймаған уақыт еді. 

0a1a7e2365589628783090d26afec05f.jpg

Барлық жерде қирап, бүлінген халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстары қызып жатты. Мал шаруашылығында адам күші жетіспегендіктен, соғыстан аман оралған азаматтар қол қусырып қарап отырмастан, колхоздың ауыр тірлігін өгіздей өрге сүйреп, аянбай тер төгіп титықтап жүрген  кәрі-құртаңдардың еңбегін жеңілдету үшін жұмысқа білек сыбана кірісіп кетеді. Сол жылдары аудан орталығынан алыста орналасқан Каганович атындағы колхоз орталығы құм жиегіндегі Сағынбай құдығында болатын. Қызғалтақтай құлпырған талай келіншекті жесір, ал балаларын жетім қалдырған соғыс сұрапылы сол ауылдың тұрғыны, Тауелібай еліне белгілі, ақыл-парасатымен елді аузына қаратып жалғанды жалпағынан басқан Дабыл ақсақалдың да от басын айналып өтпеді. Соғыс басталған бойдан ақсақал көзінің ағы мен қарасындай жалғыз баласы Ыбырайханды қанды қырғын майданға ақ батасын беріп аттандырған еді. Алғашқы кездерде майдан даласынан сағынышқа толы үшбұрышты хаттар жиі келіп тұратын. Баласының майдан даласынан жазған әр хаты келген сайын еңсені езген ауыр уайымнан жүдеп жүрген қарт әке-шешенің төбесі көкке жеткендей боп қалатын. Соғыс жеңіспен аяқталар тұста Дабыл қарттың баласынан келіп тұратын хаттар пышақ кескендей үзілді-кесілді тиылады. Жалғыз баланың жолына қарайлап,  екі көзі төрт болып келіп қалар-ау деген үміттері үзіле қоймаған ата-ананың  сол кездегі жағдайы тым аянышты еді.  «Жығылған үстіне жұдырық»  дегендей соғысқа кеткен жалғыз баланың аяқ астынан хабар-ошарсыз кетуі де асыл ананың жүрегіне шамадан тыс ауырлық әкеледі. Бұл қасіретті көтере алмаған қарт ана көп жыл отасқан аяулы қосағын артына тастап о дүниелік боп кетеді. Талайдың таңдайын қақтырып, аузын аштырған, өмірдің талай қиындығын көрген Дабыл қарт, кемпірін қара жердің қойнына тапсырғасын інісі Жанғабылдың қолына барады. Қартайғанда құдай қосқан қосағынан айрылған Дабыл ақсақалға хабарсыз кеткен жалғыз баланың қайғысы қосылып, нар түйедей шөгіп қалады.

Бір күні колхоз орталығына шаруашылықты аралап, көруге сол кездегі аупарткомның бірінші хатшысы Ансатбаев Үсенбай келеді. Колхоз бастық ауылда болмағандықтан,  аудан басшысы колхоздың бас есепшісі Тұрғанбаев Қалдыбайдың үйіне түседі. Сыйлы қонақ үйге кірген соң, кідірместен алдына дастархан жайылып шөлдеп келген кісілерге шай беріле бастайды.

Дәл осы кезде үйінен тысқа шыққан Дабыл қарттың көзі бас есепшінің үйінің алдында тұрған машинаға түседі. Сұрастырып, келген кісінің аудан басшысы екенін білген қарт бір баланы шақырып алады да:

-Балам,  сен мына Қалдыбайдың үйіне бар. Ансатбаев Үсенбай деген кісіні Дабыл атам шақырып жатыр, тез келіп, жолығып кетсін деп айт, - деп тапсырма береді.

Тілалғыш бала жүгіріп барып,  келген кісілерге қарттың айтқандарын бұлжытпай жеткізеді. Талайды айтқанына көндіріп, айдауына жүргізген өзгелерден шоқтығы биік тұратын парасатты Дабыл ақсақалдың сөзін жерге тастай алмайтын аудан басшысы кідірместен Жанғабылдың үйіне барады. Есіктен сәлем бере кірген кісілер төрде отырған Дабыл қартпен амандық-саулық, қал-жағдай сұрасады.  Сәлден кейін ақсақал тамағын кенеп алып:

-Ал, Үсенбайжан, менің жағдайымды өзің көзбен көріп, біліп отырсың. Мен төрімнен көрім жақын қалған шағымда құдай қосқан қосағымнан айрылып, жар басындағы қарақшыдай қалқиып қалдым. Соғысқа кеткен, көздің ағы мен қарасындай жалғыз баланың не өлі, не тірі екенін де білмеймін. Бірақ, мен баламнан күдерімді үзіп отырғаным жоқ. Ата-бабамыздың кебін киген келмейді, кебенек киген келеді деген сөзі бар емес пе? Ал мен ат жалын тартып мінгенімнен бастап кімсің, Дабыл болдым, аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермедім. Айдарымнан жел есіп, айым оңымнан туып тұрғанда, айтқан сөзім жерде қалмай тыңдалатын. Қазір мен қартайдым. «Бүркіт қартайса, тышқаншы болар» дегендей, кезінде аузымен құс тістеген Дабылдың заманы өтті, тіпті осы күні сыртқа шығып ел аралайтындай қауқарым да қалмады. Ат жалын тартып мінгеннен бері берсе қолынан, бермесе жолынан алатын Дабылдың сөзі жерде қалған кез боп тұр. Ал қазір сенің тасың өрге домалап тұрған  жігітсің. Ақ дегенің алғыс, қара дегенің қарғыс. Бір айтқаның екі болмайды. Менің саған айтар тапсырмам, маған өзіме сай, жағдайымды істейтін кемпір тауып әкеп бересің, мен мұны белім сыздап, қатынсырап бара жатқандықтан айтып отырғаным жоқ. «Жалғыздық құдайға ғана жарасқан» дегендей, қартайғанда соқа басың сопиып, жалғыз қалған жаман екен. Қысқасы, менің қасыма қалқиып отыратын серік керек, - деп сөзін аяқтайды.

Ойланып қалған Үсекең, мақұлдағандай басын изейді. Ешкімнің алдында айылын жия қоймайтын Дабыл қарттың бұған көңілі көншімей көз қиығымен қарап қойып:

-Айналайын Үсенбай, маған сенің  шыбындаған жылқыдай басыңды шұлғығаның керек емес. «Әншейінде ауыз жаппас, той дегенде дым таппас» дегендей, сен неге жұмған аузыңды ашпай қалдың, маған осы жұмысты бітіруге шамаң келе ме, жоқ па соны кесіп айт, әлде мені буынсыз жерге пышақ ұрды ғой деп тұрмысың. Менің кәрі қойдың жасындай жасым қалғанда іні мен келінге жалтақтап қалғым келмейтінін түсініп  отырған шығарсың, - деп азуы алты қарыс аудан басшысының екі аяғын  бір етікке тығып, қыспаққа алады.

Бүкіл Тауелібай еліне сыйлы ағасының сөзін жерге тастай алмаған Ансатбаев Үсенбай орындаймын  деп уәде беруге мәжбүр болады. Сол үйдің дастарханынан нан ауыз тиіп, сыртқа шыққан аудан басшысы қасындағыларға барлай қарап:

-Ал, жігіттер арқамызға атан түйе көтере алмас ауыр жүкті арқалап шықтық. Уәде құдай аты деген, енді бүкіл ауданға сыйлы ақсақалға өзіне сай келіп, қызметін істейтіндей адам табуымыз керек. Ақсақалдың бұл тапсырмасын орындай алмасақ, бізге үлкен сын болады. Енді барлығымыз аяғымыздан тік тұрып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ақсақалдың осы жұмысын ұзын арқан, кең тұсауға салмай тез бітіруіміз керек. Мен мына көрші колхоздағы Төребаев Байнаға барайын. Ол да көпті көрген көне ғой, «келісіп пішкен тон келте болмас» деген сонымен ақылдасып, осы жұмысты бітіруге тырысамын, - дейді.

Сонымен, машинаға отырған басшы көрші колхозға келеді. Аудан басшысы көрші ауылға келгенінде  колхоз бастығы Байна орнынан табыла кетеді. Үсекеңнің аузынан сыйлы қарттың тапсырмасын естіген Байна ақылдасып-кеңесуге сол ауылдағы Мырзаш деген кісіні алдыртады. Мырзаш та елге беделді, көпке сөзін тыңдататып, айтқанын орындататын кісі екен. Екеуі ойласа келіп, құм ішінде орналасқан Боранбай құдығында күйеуі соғыста қайтыс болған, пұшпағы қанамаған жалғыз басты әйелдің бар екенін айтады. Отырар орнын, айтар сөзін  білетін, үйін, үсті-басын тап-таза ұстайтын сол ақылды әйел ғана Дабыл ақсақалға сай келер дейді. Олардың бұл сөзін естігенде қуанып кеткен аудан басшысы:

-Ойпырмай,  ауыздарыңа май, астарыңа тай, мені мына тығырықтан шығарып, құтқарып алатын екеуің болайын деп тұрсыңдар-ау. Мына айтқандарың көкейге қонатындай әңгіме екен. Ал, енді менен сендерге қандай жәрдем керек, - деп сұрайды.

-Боранбай құмды ауыл. Оған анау-мынау машина бара алмайды. Соған толық жанармайымен Газ-63 машинасы керек. Және жаңағы жесір әйелге өзінің сөзін тыңдататын аудан орталығында тұратын «жылы су» Жақсылық дейтін туысқаны бар. Сол кісі осы әйелді жібі түзу біреуге қосу керек  деп жүретін еді, - дейді  Мырзаш.

Мұны естіген аудан басшысы рация арқылы бір мекеменің су жаңа «Газ-63» машинасын  толық жанармайымен, жаңағы аты аталған кісіні алып, тез арада Құлқұдық ауылына келуге нұсқау береді. Ертеңіне айтылған уақытта машина да келіп жетеді. Аудан басшысының аузынан әңгіменің мән-жайына қаныққан соң, машинаға мінген құдалар Боранбай ауылына бет алады.  Қызылқұмның ыспа құмына кідірмей жүріп  отырған жүрдек машина сәске кезінде Боранбай аулына жетеді. Келген қонақтар ауыл шетінде орналасқан шағындау киіз үйдің алдына келіп тоқтайды. Үй иесі жас шамасы қырықтардан асыңқырап қалған қарапайым, биязы мінезді, сыры кетсе де сыны кетпеген әйел келген кісілерді жылы қабылдайды.

Дастарқан жайылып, үй иесінің берекелі қолынан қою қара шай ішіп болған соң, келген кісілер әңгіменің төтесіне көшеді. Айтылған әңгімені үнсіз тыңдаған парасатты әйел, ойланып отырып:

-Мен ол кісіні атын естігенім болмаса, танымайды екенмін. Елге аты белгілі болған  сыйлы кісі ғой.  Қазақта сөз бар  «жаманның жанында жатқанша,  жақсының аяғында жат» деген, тәуекел, елге аға боп жүрген кісілерсіздер ғой, сөздеріңіз аяқ астында қалмасын, айтқандарыңыз болсын. Етегіме оралып жатқан балам жоқ. Менен тұқым дәметіп отырған жоқ шығар, ол кісіге қартайғанда серік керек екен ғой. Қалған өмірімде сол кісінің жанында болып,  қызметін атқарсам болғаны, - деп өзінің келісімін береді.

Ақылды әйелдің бұл сөзіне риза болған кісілер   кідірместен көршілермен  бірлесіп, киіз үйді жығып, машинаға тиеп алады. Көршілерімен қимай, жылап қоштасқан әйелді кабинаға отырғызып алған соң, келген кісілер Сағынбай құдығына қарай бет алады. Үйдің берекесі әйел емес пе, сол кісі келген күннен бастап Дабыл қарттың да жағдайы күрт өзгере бастайды. Үсті-басы мұнтаздай тап-таза, сақал-мұртын әдемілеп бастырған ақсақал біршама жасарып кеткендей болады. Ақжарқын мінезді, қарапайым, пысық әйел үй шаруасын да дөңгелетіп  әкетеді. Бұл әйел ақсақалға ақжолтай болып жолықты.  Көп кешікпей  өшкені жанып, жоғалғаны табылып хабар-ошарсыз кеткен ұлы Ыбырайхан да  әскерден аман-есен оралады. Өзінің ақыл-парасаты,  жағымды мінезімен елге жаққан бұл әйел бүкіл елге сыйлы бәйбіше болады.

Бұл әңгіменің тобықтай түйіні аға мен інінің арасындағы сыйластық. Бүкіл ауданды ашса-алақанында,  жұмса-жұдырығында ұстап тұрған айбынды басшыны Дабыл ақсақалдың өз отбасына шақырып алып,  ағалық базына жасап тапсырма беруі мен нар түйедей шөгіп қалған қауқарсыз қарттың айтқанын екі етпей орындаған Ансатбаев Үсенбайдай басшының кісілігі мен кішілігі. Үлкеннің алдынан кесіп өтпей,  сөзін екі етпей құдайындай сыйлайтын қазағымның дарқан мінезі мен мәрттігі осы болса керек. «Жақсының жақсылығын айт нұры тассын» дегендей, өмірден озғандарына қаншама жылдар болса да, арттарында елге үлгі болатындай өнегелі істері қалған осындай ел ағаларының аттары ешқашан өшпек емес.

Құрманғали Адамқұлов

Бес жиеніне қонақтардың есімін қойған ата елді таң қалдырды
Енші малы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу