Нұрқанат Қожахмет: «Жеңсең де өз қателіктеріңмен жұмыс істеу керек»

Oinet.kz 19-05-2017 1355

Нұрқанат Қожахмет биыл 19 жаста. Отызына орда бұзып жеткелі отырған ол Оңтүстік Қазақстан облыстық кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің тәлімгері. Жаттықтырушысы – кезінде тәжірибелі спортшы болған Давранбек Ризаев. Алғашқы жаттықтырушысы – Бауыржан Темірәлиев.

Нұрқанат - спорт шебері. Қара белбеуден 1-дан иегері. Қазақстан біріншілігінде және түрлі деңгейдегі жарыстарда бірнеше рет жеңіске жеткен. Жастар арасында Қазақстан чемпионы.2015 жылы жасөспірімдер арасында Қытай елінің Тайбэй қаласында өткен Азия біріншілігінде 68 келі салмақта қола жүлдеге ие болды. 2016 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен G-1 дәрежесіндегі «III Fujairah open» жарысында жастар арасында 68 келі салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмей, топ жарды. Биыл 74 келі салмақ дәрежесіне ауысты. Екеуара әңгімеміз оны осы жеңісімен құттықтаудан өрбіді.

Нұрқанат Қожахмет.jpg

Нұрқанат Қожахмет, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті, таэквондошы:

- Нұрқанат, біз сені өткен жылы Біріккен Араб Әмірлігінде (БАӘ) жеткен жетістігіңмен тағы да құттықтаймыз! Сол жеңісіңнен кейін жанкүйерлерің сенен көз жазып қалды?

- Рақмет! Бұл менің халықаралық дәрежедегі алғашқы салмақты жеңісім. Бірақ, ең ірі жетістігіме - бұған дейін Тайбэйде өткен Азия біріншілігінде қол жеткіздім. Онда жүлделі 3-ші орыннан көріндім. Онда біз жасөспірімдер ретінде бақ сынадық. Сол біріншіліктен елге зор тәжірибе жинақтап қайттым десем болады. 4 жекпе-жек өткіздім. 3-еуінде мерейім үстем болды. Алғашқы кездесуде қарсыласым шықпай қалып, автоматты түрде екінші айналымға өттім. Мұнда Филиппин, Гонконг таэквондашыларымен күш сынастым. Ал, жартылай финалда Иран елінің спортшысынан ұтылдым. Ұпай айырмасымен. Осы жеңілістен соң әлі толықтай бабымда емес екенімді түсіндім.

Жатпай-тұрмай жаттыға бастадым. Егер жеңіске жеткің келсе, тек қана талмай еңбек ету керек екен. «Жаттығуда қиын болса, соғыста оңай болады» демекші, сен қанша жерден қарымды да қабілетті, тәжірибелі болып тұрсаң да, жекпе-жекке шыққанда өкпең өшіп, тез шаршап қаласың. Мұны әккі қарсыласың оңай аңғарып, сені тықсырып тастайды. Кілемде қарсыласыңа қарсы ойыңда жүрген жоспарыңды іске асыра алмай қалсаң, онда кім шыдамды, кім төзімді, сол жеңіске жетеді. Сондықтан да, спортта «мен тәжірибелімін» деп қол қусырып отыруға мүлдем болмайды. Әрбір жекпе-жектен соң, жеңсең де өз қателіктеріңмен жұмыс істеу керек. Себебі, қарсыласыңның бапкері сенің қателіктеріңді байқап, сараптама жасап, шәкіртін тас-түйін етіп дайындап қояды. Содан кейін әрбір жекпе-жек сайын айқас стиліңді ауыстырып тұруың керек. Бір сарынмен, жаттанды әдіс-тәсілмен ұзаққа бару мүмкін емес.

Мен әкеме қарыздармын. Ол мені 10 жасымда спортқа алып келді. Оған дейін өзінің білетін әдіс-тәсілдерін үйретіп жүрді. Інім Алмат Қожахмет те таэквондодан біраз биіктерді бағындырып үлгерді. Қазіргі таңда Мұхат Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің 2-курс студентімін. Биыл Жазғы универсиада ойындары, Қазақстан кубогы, күзде Қазақстан біріншілігі өтеді. Соған дайындық үстіндемін.

- Біріккен Араб Әмірлігіндегі  емес, Тайбэйде өткен жарысқа көбірек тоқталдың. Неге?

- Иә. Себебі, Азия біріншілігінің спорттық мансабыңа тигізетін әсері өте зор. Әрі бұл додаға кіл мықтылар қатысады. Біріншіден, таэквондо көбіне Азия елдерінде мықты дамыған десе болады. Сондықтан мұнда кім айқын фаворит, кім аутсайдер екенін нақты айту қиын. Азиялық таэквондошылар талапшыл бапкерінің көңілінен шығу үшін, қатал жанкүйерлерін ұятқа қалдырмау үшін барын салады.  Әрбір жекпе-жекке тек физикалық тұрғыдан ғана емес, психологиялық жағынан да дайын болып шықпасаң, жағдайың қиын болады. Әрбір кездесуден соң, қатты шаршайсың.

Тайбэйдегі біріншілікке 22 елден 220-ға жуық таэквондошы қатысты. Сонда байқағаным, басқаларға қарағанда Оңтүстік Корея, Жапония елдерінің таэквондошылары мықтырақ секілді. Себебі, онда таэквондоға жоғары деңгейде көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, Ресей, Иран елдерінде таэквондо зор қарқынмен дамып келе жатыр. Ал, БАӘ Фуджайра қаласында өткен біріншілікке ұзын саны 40 мемлекеттен көбіне орташа деңгейлі спортшылар келіп қатысты. Сондықтан да, бұл жарыста анау айтқандай қиындық көрмедім. Әсіресе, Араб түбегі елдерінің таэквондошылары осал екен. Спортқа кәсіпқой емес, әуесқой деңгейде қарайтын секілді.      

- Шетелге жиі шығысың. Бұл сенің физикалық формаңа қаншалықты әсер етеді?

- Шетелге алғаш шыққан кездерде қиын болатын. Ресейде ауа ылғалды болса, Араб елдерінде күн өте қапырық болып тұрады. Күн сәулесі өте өткір. Ашық аспан астында ұзақ жүріп қалсаңыз, өткір сәуле ұрып тастайды. Ал, Қытай еліне қарасты Тайвань провинциялық орталығы аралда орналасқан. Мұнда жыл он екі ай жаңбыр жауып тұрады десе болады. Мысалы, мен сонда 1 апта уақыт болдым. 6 күн бойы тоқтамай жаңбыр жауды. Әрі жаңбыры біздің жаңбырлар секілді емес. Мүлдем басқаша. Жұрт мұндай ауа-райына әбден үйреніп кеткен. Сонымен бірге тамақ мәселесі де біраз сарсаңға салды. Қазақстанда жылқы, қой етін жеп үйренсек, Қытайда көбіне балық еті, балдыр секілді теңіз тағамдарын береді. Әрі тамақтары тым ащы.   

- Алға қойған мақсатың қандай?

- Мақсатым – 2020 жылы өтетін Токиа Олимпиадасында топ жару. Әрине, топ жарғаннан бұрын олимпиадаға жолдама алу да оңай шаруа емес. Олимпиада жолдамасына арнайы іріктеу өтеді. Осы іріктеу жекпе-жектерінде 1-ші және 2-ші орын алу қажет. Немесе әлемдік рейтингте өз салмақ дәрежеңде алғашқы сегіздікте болуың керек.Сонда тікелей шақырту алуға болады. Ол үшін көптеген ірі турнирларда жүлделі орындардан көрініп тұрған абзал.

Шымкентте спортқа жақсы көңіл бөлінуде. Мұны Қазақстанда түрлі қалаларға жарыстарға барғанда байқадым. Біздің спорт кешендерінің жай-күйі, сондағы жағымды атмосфера Астана, Алматы қалаларынан ғана кейін тұр. Яғни, алдыңғы үштікте. Әрне, айрықша қамқорлықпен қарау, үздік үштікке ену бірінші кезекте спортты қолдайтын жанашыр ағалардың арқасы. Осы орайда өзім білім алып жүрген Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, іскер басшы Жұмахан Мырхалықовтың қолдауын атап айтқым келеді. Әрбір жетістігіме өздері жетістікке жеткендей оның командасы оқуыма, жатығуыма барынша жағдай жасап жүр.

Біздің елімізден әлі ешкім таэквондодан алтын алмады. 2008 жылы таэквондошы Арман Шілманов қола алған еді. Одан кейін ешқандай жетістікке жете алмадық. Осы олқылылықтың орнын толтыру үшін Олимпиада жолдамасына ие болу үшін барымды саламын.  

Сұхбаттасқан Абылай Сматуллаұлы

Ақан Ақшораев, асаба: «Оңтүстік жұрты тойдан шаршады»
Аида Олжабаева, хоккейші: «Командалық спорт түрінде жеңіске жету қиын»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу