Аида Олжабаева, хоккейші: «Командалық спорт түрінде жеңіске жету қиын»
Жас хоккейші Аида Олжабаева Алматы қаласында дүниеге келді. Биыл 20 жасқа толған Аида жігерлігінің арқасында хоккейден әйелдер ұлттық құрамасының белді ойыншысына айналды.
Құрама сапында жеткен жетістіктері де аз емес. Атап айтар болсақ, биыл Жапонияда Саппоро қаласында өткен қысқы Азия ойындарында 3-орын, 2016 жылы Италияда Азиаго қаласындағы әлем біріншілігінде үздік үштікке іліксе, Польшадағы біріншілікте 2-орын алғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дене шынықтыру және спорт факультетінің 3-курс студенті.
Сонымен, Аида хоккейге қалай келді? Біздің екеуара әңгімеміз осы сауалдан басталды.
Аида Олжабаева, хоккейден әйелдер ұлттық құрамасының ойыншысы
- Аида, әдетте қыздар көркем гимнастика, жеңіл атлетика секілді спорт түрлеріне қатысады. Ал, сіз ерлерге тән ауыр спорт түрі – хоккейде бағыңызды сынап жүрсіз. Хоккейге қалай келдіңіз? Ешкім таңдауыңызға қарсы болмады ма?
- Мен хоккеймен шұғылдануға 14 жасымда кірістім. Өздігімнен емес. Құрбым әкелді. Ол хоккейші еді. Мен оған қатты қызығатынмын. Құрбым секілді қолыма сырғытпа таяқ (клюшка) ұстап, аппақ мұз алаңда конькимен сырғанап жүргім келді. Хоккейші құрбымда арман жоқтай көрінетін. Бір күні мен шыдай алмай, оған өтінішімді білдірдім. Қорқып тұрмын. Бетімді қайтарып тастай ма деп. Себебі, бәрі «хоккей ұнайды» десем шоршып түсетін. Дегенмен, бұл өтінішіме құрбым қуанып, мені өзімен бірге мұз айдынына ертіп алып шықты. Осы сәттен бастап өмірім мүлдем өзге арнаға бұрылып сала берді.
Бастапқыда менің бұл шешіміме отбасым, әсіресе анам қарсы болды. «Хоккей – қыз балаға тән спорт емес» деп мені жаттығуға жібермей қойды. Бірақ, мен жаттығу үшін үйден қашып баратынмын. Кейіннен алған бетімнен қайтпайтынымды түсінгесін, анам кедергі жасауды қойды.
Алғашқы жаттықтырушым – Светлана Анатольевна болды. Ол өте білгір маман еді. Әрі психолог еді. Ол әрбір шәкіртімен әр түрлі қарым-қатынас орнатты. Біреуге ұрысса, енді біреуге жылы сөйледі. Себебі, әр адам әр түрлі. Бірі сынды көтере алса, енді бірі көтере алмайды.
Мен жаттығуға алғаш келгенде өте толық едім. Сол себепті, тез ентігіп қалатынмын. Светлана Анатольевна жаным нәзік болғасын, «азбасаң болмайды» деп жігерімді жасытпады. Керісінше, сәтсіздігіме көз жұма қарап, қандай да болсын жетістігіме қуанып отыратын. Осы себепті, мен жаттықтырушымды ренжіткім келмей, оның сөніп бара жатқан үмітін қайта жағу үшін барымды салдым.
- Ел арасында «Алматыда өткен қысқы Универсиада ойындарына ТМД елдерінен кәнігі спортшылар, ал Норвегия, Канада секілді елдерден орта деңгейлі, тіпті, одан да төмен спортшылар келеді. Сондықтан да Универсиада – ТМД елдеріндегі шынайы спорттық деңгейді көрсетпейді. Бұл додада жеткен жетістікке қуану қажет емес» деп жиі айтылды. Бұған келісесіз бе?
- Иә. Қысқы спорт түрінен алпауыт саналатын Канада, Норвегия мемлекеттері Универсиадаға хоккейден негізі құрамды емес, қосалқы құрамдағы студенттерді жіберді. Негізгі құрам өзге жарыстарға дайындалды. Олар универсиадаға неліктен немқұрайлы қарағандарын білмедім. Ал, Ресей ұлттық құрамадағы кіл мықты хоккейшілерін аттандырды.
Бұған дейін біз әлем чемпионатында сырт алаңда жүлделі орыннан көрінгенбіз. Осыларды сараптай келе өз жерімізде топ жарамыз деп ойладық. Алғашқы айналымда Ұлыбританияны еш қиындықсыз жеңдік. Келесі қарсыласымыз – Қытай болды. Біз оларды түрлі жарыстарда, тіпті, маңызы зор деген Әлем біріншілігінде де тізе бүктіріп едік. Сондықтан да біз олардан мүлдем қауіптенбедік. Психологиялық тұрғыдан біз жартылай финалға дайындалып жүрдік. Дегенмен, бәрі сен ойлағандай бола бермейді екен... Жеңіліп қалдық. Өз жерімізде... Бұл бізге өте ауыр соққы болып тиді.
Бір жағы, дода Алматыда өткесін, біздің ата-аналарымыз, туған-туыс, дос-жарандарымыз келіп тамашалады. Әрине, бірінші қуандық. Кейін қысыла бастадық. Өңшең таныс жүздер қарап тұрғасын, алаңда өзімізді еркін ұстай алмай, қобалжыдық. Қысқасы, жанкүйерлер сенімін ақтай алмадық. Осы себепті біз бұл Универсиаданы еске алғымыз келмейді.
Жалпы айтар болсам, Универсиада өте жоғары деңгейде өтті. Заман талабына сай салынған қалашықта жаңына керектінің бәрі бар. Спорт кешендері, жаттығу залдары әлемдік стандартқа лайықты. Жатақханасы қандай? Мұнда біз өзімізді 5 жұлдызды қонақ үйде жатқандай сезіндік.
- Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Әрқашан жеңіске жете беру мүмкін емес. Сіздің қандай өкінішіңіз бар?
- Жеңіс пен жеңіліс егіз ұғым десе болады. Меніңше, жеңіліп көрмеген жеңе білмейді. Мысалы, бізге биыл өткен Әлем біріншілігінен 1-орын алуға зор мүмкіндік бар еді. Дегенмен, ұпай айырмасымен қарсыласымызға жол беріп қойдық. Және кез-келген спортшы – Олимпиада жеңімпазы болуды армандайды ғой. Өкінішке қарай, біз 2018 жылы Корея республикасында өтетін қысқы Олимпиада ойындарына қатыса алмайтын болдық. Іріктеу ойындарында 2 турда жеңіліп қалдық. Өкініш өзегімізді өртеді. Олимпиада деген 4 жылда бір өтеді. Ал, 4 жылда кім бар, кім жоқ?!.
Командалық спорт түрінен жеңіске жету оңай шаруа емес. Боксшы, таэквондошы, көркем гимнаст өзімен өзі жеке жұмыс істейді. Қаншалықты еңбектенсе, жеңіске жету мүмкіндігі соншалықты жоғары. Ал, командалық спорт түрінде сен өзіңмен ғана емес, өзге де команда мүшелерімен жұмыс істеуің керек. Сен қанша жерден жаттығуда, алаңда аянбай еңбек еткеніңмен, әріптесің бабында болмаса, онда арамтер болғаның. Және физикалық дайындықтан бөлек, командада психологиялық ахуал зор рөл ойнайды. Ахуал нашар болса, онда алаңға шығып қажет емес. Осы себепті, біз бір-бірімізді ұятқа қалдырмас үшін жалқаулығымызды, мінезімізді жиып қоямыз. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» демекші, команда мүшелері бір-бірімен тату тұру керек. Біздің құрамада мұндай мәселе жоқ.
Егер сіз хоккейді қаласаңыз, хоккейге барыңыз. Өзгені тыңдап, өзге спорт түріне, өзге салаға кетпеңіз. Егер мен хоккейге бармағанда дәл қазіргідей бақытты болмас па едім?!. Мамандық таңдаудан қателеспеңіз.
Сұхбаттасқан Абылайхан Сматуллаұлы