Ақан Ақшораев, асаба: «Оңтүстік жұрты тойдан шаршады»

Oinet.kz 15-11-2019 2637

Белгілі театр актері Жүсіп Ақшораевтың той өткізуді қазақтың «қанына сіңіп қалған» жағымсыз қасиеттердің бірі ретінде атағаны бұқаралық ақпарат құралдарында біршама пікірталас тудырғаны мәлім. «Біреудің туған күні кімге керек? Туса өзі үшін туып, өзі үшін өмір сүріп жатыр. Кішкентай баланың бір жасқа толған туған күні кімге керегі бар? Сондай тойлардың бәрін қысқарту қажет», - деп кесіп айтқан актердің ұлы Ақан бүгінде асабалық етіп жүр.  Тойларда «Әзілкеш, актер Жүсіп Ақшораның ұлымын», - деп өзін таныстыратын асаба жігіт тойды қысқартуға қатысты әкесінің пікірімен келісе ме? Ақан Ақшораевпен сұхбаттасудың сәті түсіп, осы сұрақты да қойған едік.  

Ақан Ақшораев.jpg

- Ақан Жүсіпұлы, жалпы, өнер жолына, асабалыққа келуіңізге әкеңіздің жолы себепкер болды ма?

- «Әке көрген оқ жонар» дегендей, әкемнің жолын қуып, ізімен жүруді жөн санадым. Озып тумасақта, әкенің қаныменен келген нәрсе. Жалпы, өнер саласына мектеп қабырғасынан бейімделдім. Жұлдыз болып сахнаға шықпасам да, той басқарып, ел алдында жүрміз. Асабалық жолды, осыдан он шақты жыл бұрын бастадым. Оның алдында ән айтып, музыкант болдым. Күнделікті асабалардың жанында жүргеннен кейін, неліктен асаба болмасқа, адамның істегенін, адам істейді ғой деген ой келді. Содан кейін, белді бекем буып, осы жолды таңдадым. Алланың қалауынсыз ештеңе болмайды, ниет пендеден, нәсіп Алладан. Асабалық жолда ұстазым - әкем. Дегенмен асабалыққа жол сілтеп, жөн көрсеткен Омархан есімді замандас досым болды. Ал, тойды басқаруды, қалай сөйлеп, қандай әңгіме айтылу керектігін, халықпен қалай етене жақын болу қажеттігін әкем үйретті. 

    Негізгі мамандығым өнер саласымен тікелей байланысты. Тоғызыншы сыныптан кейін Шымкент қаласындағы Саз колледжінде халық аспаптар бөлімінде қыл қобыз аспабын бітіріп шығып, одан кейін М. Әуезов атындағы университеттің Педагогика және мәдениет факультеті «Режиссер және актерлік» өнер кафедрасын оқып бітірдім. Дәл қазір сол дипломдардың үйдің қай бұрышында жатқанын білмеймін. Себебі, бұл салаларда жұмыс істеп жатқаным жоқ. Кішкентай кезімнен қолөнерге жақын болдым. Қазіргі таңда, мемлекеттік жұмысты ысырып қойып, жеке кәсіппен айналысып жүрмін. Бес саусағынан өнер тамған Бекнар есімді досыммен жиһаз жасау кәсібімен айналысып жүрміз.    

- «Әкеге қарап ұл өсер», - дейді қазақта. Әкеңіздің жолын жалғап жатсаңыз құптарлық іс екен. Аға, әкеңіз бір сөзінде «балаларым жолымды қуған жоқ» деген болатын. Олай деуіне не себеп? Әлде, бір өкпе-реніші бар ма?

- Менің ойымша әке жолын қуудың екі түрі бар секілді. Біріншісі, әкеңнің мамандығы,  жасап жатқан жұмысы бойынша. Ал, екіншісі әкенің әр пендеге деген адалдығы, адамдығы, кең пейілділігі, жомарттылығы, шыншылдығы, қарым-қатынасы, кішіпейілділігі. Жалпақ тілмен айтқанда, «үлкеннің алдындағы үлгісі, кісінің алдындағы кішілігі». «Балаларым жолымды қуған жоқ» дегені өзінің дәл өнерін әрмен қарай алып кеткен жоқ дегені болар. Өйткені, өнер жолы оңай шаруа еместігі, өнердегі адамдарға бесенеден белгілі. Оның үстіне, бойыңда талантың болмаса қанша тырыссаңда нәтиже шықпайды. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» дегендей бағымыздың шаппағаны шығар. Әңгіменің басында айтқандай әке жолын қуудың екінші тармағына көп көңіл бөлемін. Өйткені, менен кейінгі ізбасарларыма менің істеп жатқан жұмысым емес, әкемнің адалдығын, адамдығын, қазаққа деген жанашырлығын көрсеткім келеді. Ал, сондай бала болса оған ақыл айтудың керегі жоқ сияқты. Жәй ғана жақсы қасиетіңді көрсетсең болғаны,  соған қарай бала өзі талпынар. 

- Жалпы, оңтүстік асабалардың ордасы. Тілі майда, сөзге шешен, хит тамадалар да Шымкенттен. Әзілкеш, асаба Ғалымжан Қалыбаев ағамыз бір сұхбатында «халықтың арқасында байып отырмыз» деген болатын. Мұнымен қаншалықты келісесіз? Асаба ретінде жеке бюджетіңіздің ахуалы қалай?

- Той халықтың қазынасы. Берекені көктен тілеме еткен еңбектен тіле дегендей, еткен еңбектің берекесін Алла беріп жатқан болар. Өзімнің белгілі бір қойған бағам жоқ. Келіскенімізге қарай бара береміз. Әкем секілді көңіліне қарап, ең бастысы берекесін берсін деймін де, кете беремін. 

- Әкем секілді көңіліне қарап келісе беремін  дедіңіз. Әкеңіз бір сөзінде, «тойды қысқарту қажеттігін» айтып  қалды. Ал, сіз тойға шығып, асабалық  арқылы табыс тауып жүрсіз... 

- Әкемнің сол кездегі айтқан ойымен толықтай келісемін. Себебі, біздің Оңтүстік жұрты болмашы тойдан шаршады.  Әрине, тойдың болғаны жақсы. Көпшілігі, мереке жасаймыз деп береке тапқысы қеледі. Бірақ, мерекесі көп үйдің берекесі кетеді деген де бар. Сол секілді, берекемізді қашырмай бірлігімізді нығайтып, теңге – тиыннан, ынтымақ - ұйымнан деп ынтымағымызды ыдыратпай керегін қалдырып, керексізін сырып тастаған жөн. Расымен, біраз тойды қысқартып, адал, халал той жасауға көшу керек.

- Әкеңіздің қай ісін үлгі тұтасыз? Қай қателігін жасамауға тырысасыз? 

- Елдің алдында жүрген, халық танитын азаматтың адамгершілігін, қарапайымдылығын үлгі тұтамын. Ал, қателік дейтіндей, әкемнің шалыс қадам басып, қате іс жасағанын көрген емеспін. Алға қойған мақсаттар, жоба-жоспарлар көп. Бірақ, «арық айтып, семіз шық» демекші, алда көре жатармыз.

Сұхбаттасқан Нұрила ЖҰМАХАНҚЫЗЫ

Досым Сүлеев: «Бізді табыстырған Мәскеу»
Нұрқанат Қожахмет: «Жеңсең де өз қателіктеріңмен жұмыс істеу керек»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу