Досым Сүлеев: «Бізді табыстырған Мәскеу»

Oinet.kz 08-11-2018 1251

Досым Сүлеев.jpg

Досым Сүлеев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, академик:

1970 жылдары «Дос-Мұқасан» ансамблінің аты елге таныла бастаған уақыт еді. Бәріміз жалындап тұрған жаспыз. Ел аралап, жер тамашалап жүрген сапарымның бірінде өмірлік жарым, махаббатымды жолықтырған едім. Оқиға баяны былай...

1971 жылы гастрольдік сапармен Франциядан қайтып келе жатқанда екі күндей Мәскеуге аялдадық. Ансамбльдің режиссері әрі досым Елшібек «осында Байдабек деген ағам тұрады. Ағама сәлем бермей кете алмаймын. Маған серік бол, үйіне кіріп шығайық» деді. Ресейдегі қазақтардың өмірі мені қызықтырған соң досымның өтінішін қабыл алдым. Аяқасты келген қонақтарды үй иесі жылы жүзбен қарсы алып, төріне шығарды. Жағдай сұрасып отырғанда есіктен сүйкімді бір қыз кіріп келді. Сөйтсек ол осы үйдің Людмила есімді қызы екен. Танысып алдық. Ертесіне біз Мәскеу гуманитарлық университетінде концерт бергелі жатқанбыз. Сол сәтті пайдаланып мен сұлу аруды және оның отбасын концертке шақырдым. Ертеңіне болашақ қайын жұртым тегіс кешімізге келіпті. Кәдімгідей қуанып қалдым. Екі күндік сапарда Людамен бір-екі рет сөйлескенім болмаса жақынырақ таныса алмадым. Алматыға қайтып кеттік. Алла әрбір ер азаматқа лайықты жарды қосады емес пе? Ғашығымның ағасы Мараттың Алматыға аспирантураға түсуі бізді одан әрі жақындата түсті. Ашық-жарқын Маратпен жақсы араласып, дос болып кеттік. Бір жылдан кейін Людмила жұмысынан бір айға демалыс алып Алматыға ағасына қонаққа келді. Сол жылы бізді тағдыр екінші мәрте жолықтырды. Бұл жолы ұшып келген бақты жіберіп алмайын деп барымды салдым. Жақынырақ таныстықтан кейін екеуміз ару қала Алматыны араладық, оны киноға, театр, ресторанға шақырдым. Осылайша арамызда махаббат жалыны пайда болды. Осындай кезде әттең, уақыт жүйрік болып кетеді емес пе!. Бір ай зулап өте шықты. Люданы Мәскеуге шығарып салу үшін вокзалға келдім. Қоштасып тұрғанбыз. Бір кезде пойыз орнынан қозғала бастады. Мен де сезімімді білдіретін басқа уақыт таппағандай тура сол сәтте Люданың көзіне қарап: «Мен саған үйленгім келеді, қалай қарайсың?» деп ұсынысты төтесінен қойып қалдым. Жолынан қалып бара жатқанда адамда мұндай кезде екі-ақ жауап болады емес пе? «ия» немесе «жоқ». Сонда ол асығыс: «келісемін, сүйемін» деді де, пойызға мініп кете барды.   

Мен Алматыда ол Мәскеуде. Арадағы алшақтық бізге кедергі бола алмады. Дегенмен бірге жүргенге не жетсін?! Людмилаға жету жолдарының бірі аспирантураға түсу еді. Осы өтінішпен Қазақ политехникалық институтының ректоры Әшім Құрамбайұлының алдына күнде кіремін. Уақыт создырып жүрген Әшекең бір күні әйтеуір келісімін беріп, Димекең (Қонаев) білім алған Мәскеудегі болат және қорытпалар институтына квота алып берді. Қуанышым қойныма сыймай күзде Мәскеуге алып-ұшып келдім. Бір қызығы сол жылы Люда да әлгі институтқа аспирантураға түсті. Бір қала, бір шаңырақта білім алып жүргенде үйленуге нақты шешім қабылдадық. Кентау қаласында қалған әке-шешеме жақсы жаңалықты жеткізіп, болашақ жарымның қолын сұрау үшін әкесінің алдынан өту керектігін айттым. Олар алыс жерге келе алмайтын болды. Есесіне өз орындарына Мәскеуде оқып жүрген «Дос-Мұқасанның» гитарисі Мейірбекті жіберетін болды. Ата-анамның аманатын арқалап Мейірбек екеуміз Люданың үйіне келдік. Ұсынысымызды жеткізген кезде шалбар үтіктеп отырған қыздың анасы таңқалғаннан киімді күйдіріп алып, қызық болған. Алайда бәрі біз ойлағандай аяқталып, үлкендердің батасын алдық.   

1974 жылдың жазы болатын. Той болатын күні Мәскеудегі неке қию сарайында келдік. Талайға арман болған сарайда сол жылдары «мода» болған «чайка» деген екі машина болатын. Директордың өзіне жолығып «чайканың» бірін сұрадым. «Дос-Мұқасаннан» екенімді таныған директор бірден рұқсатын берді. Екінің бірі қолы жете бермейтін «чайкаға» қалыңдығым, достарымды отырғыздым да қаланы той басталғанша араладық. Кешкісін ата-анам, жақындарым, достарым жиналған үлкен той дүркіреп өтті.  Кейін Алматыға келгесін осындағы туыстардың басын қосып тағы да дүркіретіп той бердік. 

Отбасы – шағын Отан. Жанұяда ер мен әйелдің өз міндеттері, жауапкершіліктері бар. Людмиланың бойында мен бағалайтын қасиеттер көп. Ол – қарапайым, тазалықты сүйеді және қызғаншақ емес. Бүгінде бір ұл бір қыз және тәп-тәтті бес немере өсіріп отырған ардақты ана, аяулы әже атанып отырған Людмиланың кезінде ғылым жолын қуып, шыңына жетуге мүмкіндігі болды. Физика, математика ғылымдарының кандидаты, профессор атанған оның әрі қарай карьерасын қалыптастыруға ешкім кедергі болмады. Алайда оның «Дос, мен бар өмірімді саған арнағым келеді. Бір үйден бір адамның биік шыңнан көрінгені жетеді. Ал мен бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөлейін, сенің жағдайыңды жасайын» деп ақылмен айтқан шешімін әлі күнге дейін ұмытқан жоқпын. Менің өнерде де, ғылымда да  дара жолымның қалыптасыуына әйелімнің қосқан үлесі мол. Кабинетіме кіріп алып музыка не ғылыммен шұғылданып жатқанда жарым ешқашан мені мазалаған емес. «Әкелерің жұмыс істеп жатыр» деп балаларымды да жақындатпайды. Бұл отбасындағы сыйластық пен түсіністік. Қазіргі таңда отбасы құндылықтарына атақ, мансап, байлық та кіріп кетті. Ол да адамға қажет шығар. Алайда жастарға айтарым: атақ пен мансапты отбасылық татулықтан, сыйластықтан ешқашан жоғары қоймаңдар.          

Мұрағаттан, 2017 ж

Қалдыбай Ыдырысов: «Медициналық сақтандыру сапалы өмір сүруді үйретеді»
Ақан Ақшораев, асаба: «Оңтүстік жұрты тойдан шаршады»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу