Қалдыбай Ыдырысов: «Медициналық сақтандыру сапалы өмір сүруді үйретеді»

Oinet.kz 08-11-2018 1465

Қалдыбай Ыдырысов.jpg

«Ақсукент» Сайрам аудандық емханасының  бас дәрігері          

– Қалдыбай Сәдуақасұлы, келер жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесі енгізілетініне байланысты өзіңіз басшылық жасайтын емханада қандай оң өзгерістер, жаңарулар болуы мүмкін?

– Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандырудың (МӘМС) өмірімізге оң өзгеріс әкелетініне сенімдімін. Біріншіден, міндетті жарнаны төлеген азаматтармен бірге 17 әлеуметтік топқа кіретін азаматтардың барлығына бастапқы медициналық-санитарлық тегін көрсетіледі. Ешкім де тіркелусіз қалмайды. Екіншіден, МӘМС-тің толық талаптарын орындасақ, емханаға жеткілікті қаражат тұрақты түрде бөлініп тұрады. Солай емдеу процесін күшейтіп, материалдық базамызды нығайтуға, жаңаруға мүмкіндік туады. Бұл медициналық көмектің сапасын арттыратыны сөзсіз. Үшіншіден, қызметіміз сапалы болса, бізге келіп емделушілер көбейіп, халықтың қалауына қарай емханамызға қаржы да қомақтырақ бөлінеді. МӘМС қаражаты есебінен медицина мамандарының жалақысын көтеруге де болады.

– Ал, қазір «Ақсукент» аудандық емханасы қанша тұрғынды қамтуда?

– Емхана аудандағы денсаулық сақтау саласын үйлестірушісі мекеме болып табылады. Құрамындағы 2 ауылдық емхана, 5 дәрігерлік амбулатория, 2 бөлімше, 13 фельдшерлік-акушерлік және 7 медициналық пункт, консультативті-диагностикалық емхана, жедел медициналық жәрдем стансасымен бірге жалпы 128 мыңнан астам адамға қызмет етеді. Емхана бір ауысымда 700-ге дейін адам қабылдайды.

Денсаулық сақтау басқармасының бекітіп берген, аудан әкімдігімен келісілген денсаулық сақтау саласының 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы бойынша жұмыс жасаймыз. Біз өзімізге жүктелген міндеттерді өз деңгейінде орындау үшін науқастарды кабинеттерде күтіп отырмаймыз. Кез келген аурудың алдын алу, дертті дер кезінде анықтау мақсатында үй аралап, халық  арасында түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргіземіз. Ана мен бала денсаулығын қорғауды жақсарту бойынша «Отбасын жоспарлау», «Дені сау сәби» бөлмелері, «Аналар қауіпсіздігі», «Қуан сәби» орталықтары ұйымдастырылған. Бірынғай ұлттық денсаулық жүйесі негізінде «Ауруханаға жатқызу бюросы», «Стационарлық науқастардың электронды тіркелімі». «Бекітілген халық тіркелімі», «Жан басына шаққандағы ынталандырушы компонент» порталдарымен жұмыс жүргізіліп жатыр.

– Жедел медициналық жәрдем стансасының мүмкіндігі қандай, тұрғындарды толық қамти ала ма?

– Жедел жәрдем медициналық стансасы 5 елдімекенде – Ақсукентте, Қарабұлақта, Қайнарбұлақта, Қарамұртта және Көлкентте орналасқан. Оларға бекітілген 19 санитарлық автокөлік бар, 18 радиостанция орнатылған. 210 мыңнан астам адамға 27 дәрігер мен 120 орта буын медицина қызметкерінен құралған 13 фельдшерлік, 3 дәрігерлік, 1 реанимациялық, 1 педиатриялық бригада қызмет көрсетеді.

– Медицина мамандарының біліктіліктерін арттыру – заман талабы. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

– Былтыр өз салалары бойынша 80 дәрігер, 300 орта буын медицина қызметкері біліктілігін арттырды. 70 дәрігер, 217 орта буын медицина қызметкері Алматы қаласының жоғарғы оқу орындарының маман-ұстаздарын ауданға "шақырту циклдарын" ұйымдастыру арқылы және облыстық (ИВБДВ) орталығында оқытылды. Осыған қосымша «Антенатальды көмек. Босануға дайындау дағдыларына үйрету» бойынша 9  дәрігер акушер-гинеколог, 4 акушер №1 облыстық пернаталды орталығының тренинг орталығында дайындықтан өтіп келді. Сонымен қатар бір дәрігеріміз бен бір орта буынды қызметкеріміз қайта даярлықтан өтті.

– Медицина дамыған сайын аурулар азайып жатқан болар?

– Қуантарлығы – Сайрам ауданында онкологиялық аурушаңдық азаюда. Бірақ, кейбір аурулар азайғанымен көбейіп жатқандары да бар. Соның бірі – қан айналымы аурушаңдығы артып барады. 2015 жылы 1560 адам тілкелген болса, былтыр бұл көрсеткіш 2574-ке жетті. Сол сияқты жарақат алу мен улану бойынша өткен жылы 4 мыңдай адам дәрігердің көмегіне жүгінген. Ал, бұл көрсеткіш 2015 жылы үш мыңға жетпеген еді. «Медицина жылдан жылға дамып жатса, аурушаңдық неге азаймайды?» деп ойлайтын шығарсыз. Өйткені емдеу ісі болмаса, аурушаңдық адамдардың өздеріне байланысты. Оған басты себеп – ауырмасақ емханаға барып тексерілмеуді әдетке айналдырып алғандығымыз. Мәжбүрлік болмаса, жылына бір рет болса да емхана есігін ашпайтындарымыз бар. Қай жеріміз ауырса, оған қарсы қандай дәрі ішу керектігін дәрігерсіз-ақ «жақсы» білеміз. Бірақ аурудың алдын алуды үйрене алмай жатырмыз. Қанша түсіндірсек те жұртта ондай ұғым әлі толық қалыптасып біткен жоқ. Сондай кемшіліктеріміз бен қателіктеріміздің салдарынан ауру азаймай тұр. Меніңше бұл да өтпелі. Келер жылдан бастап енетін міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру адамдардың өз денсаулығына деген көзқарасын түбегейлі өзгертетініне сенімдімін. Бұл жүйе бізге ауырмауды емес, сапалы өмір сүруді үйретеді.

Мұрағаттан, 2017 ж

Ә.Қалыбекова: «Б.Тілеухан мен М.Тазабек біраз ақынның обалына қалды»
Досым Сүлеев: «Бізді табыстырған Мәскеу»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу