Осы күніме шүкіршілік
Күйбің тірлікпен жүріп елдің соңынан жататын әдетім бар. Бәрінен кеш жатсам да, көзім оңайлықпен ілінбейді осы менің. Қай-қайдағыны ойлап, сан сұраққа жауап іздеп жатып түн жарымы болғанын байқамай қаламын. Сол әдетімше бүгін тағы он екіні асырып барып төсегіме жеттім. Бәрі шырт ұйқыда. Осы тыныштықта терең ойға шомып, өзіме бір уақыт бөлгенді жақсы көремін. Әйел заты болғасын айна алдында крем жағып, аздап өзіне күтім жасау кімге жақпасын?! Бүгін де айна алдында отырмын. Қайран уақыт десеңші... Зулап жатыр көз ілестірмей. Оның бір белгісі – мына бетімде жылтылдап өзінің ізін қалдырып жатқан ұсақ әжімдер. Бір қарағанда білінбесі анық. Анықтап қарасаң, әйел өмірінің қыры мен сыры мол қатпарлары, қилы асу-белестері тәрізді әр жерден қылаң береді. Әрбір әжім тағдырдың талқысына түскен әрбір сәтіңнің көрінісі іспеттес.
Қыз – өз үйінде қонақ. Отбасында әкесі мен шешесінің шолжаң еркесі, жалғызы болса да, өзге әулеттің босағасын аттағаннан кейін, сол үйдің «заңына» бағынып, сол үйдің «тәртібімен» ғана өмір сүрмейді, ол өзінің ата-анасын жерге қаратпай, жарының көңілінен шығып, ата-енесінің мерейін асыру үшін, қажет болса, сол үйдің «отымен кіріп күлімен шығады». Ибалы келін, ақылды да адал жар болуға ұмтылады. Қайынжұрттың көңілін табу үшін қолынан келгенін аянбайды. Осы жолда талай тер де, көз жасы да төгіледі. Ана атанып, оның қуанышымен қатар сынақты сындарынан өтеді. «Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды». Бәрі бастан өтеді. Кетеді. Төзе білсең, көне білсең, ашуды ақылға жеңдіре білсең, сыйластық қалады екен. Осылайша, жылдармен бірге «бедел» жинап қалған шағында аздап денсаулығын құртып алғанын, жүйкесінің тозыңқырап қалғанын, бет-әлпетінің солғын тартып, әжімденіп келе жатқанын, шашына ақ араласып, жұқарып жатқанын байқайды. Иә, өмір өз дегенін алған. Бірақ, бұның бәрі Алланың сені Ана болу бақытына бөлеп, осы Ұлы сезімді сезінуге мүмкіндік бергенін еске алғанда, соның барлығы құрбан етуге тұрарлық екенін іштей мойындайсың. Сонда ғана беттегі әжімнің де, бойдағы сырқаттың да бар болғанына «шүкір» дейсің. Себебі, жар болу, ана болу бақытын сезінбей, сұлу да сымбатты қалпымды сақтап қалғаныма «шүкір» деп отырғандарды әзір естіген емеспін. Ондай шүкіршіліктен сақтасын!
Дереккөз : anabol.kz