Мейірім ұялаған Шымкент медицина колледжі
Оңтүстік Қазақстан облысында жиырмаға жуық медициналық колледж бар болса, солардың арасында білікті дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Сейітжамал Пәкеев басқаратын Шымкент медицина колледжінің жөні бір бөлек. 87 жылдық тарихы бар арнаулы орта оқу орнында 1600-ден астам студент білім алады. Болашақ мамандардың 80 пайызы қыздар. Ал, оқытушылық құрамның 90 пайызға жуығы әйелдер. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ұжым мүшелерін құттықтап, колледждің тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.
Шымкент медицина колледжі еліміздегі алғашқы аккретидделген колледж статусына ие болған оқу орнының бірі саналады. Мұндай жетістікке 2016 жылы толық қол жеткізілген.
«Біздің колледж осы саладағы еліміздің алдыңғы қатарлы оқу орындарымен ғана емес, білім беру саласындағы халықаралық байланыстарын нығайтып отырады. Соның дәлелі ретінде Литва, Ресей, Финляндия мемлекеттеріндегі әріптестерімізбен тәжірибе алмасуымызды атап айтуға болады» дейді колледж директорының оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары Гүлжәмилә Ешова.
Колледж жалпы 7 мамандық бойынша орта буынды медицина қызметкерлерін даярлайды. Фельдшер, акушер, гигиенист-эпидемиолог, дантист, тіс технигі, фармацевт, жалпы практикадағы мейіргер, медициналық лаборант біліктіліктері бойынша оқытады.
Республика деңгейінде мақсат-міндеттері айқындалған алдыңғы қатарлы колледждің базасында «Фармация» мамандығы бойынша оқу-әдістемелік бірлестігі жұмыс істейді. Басқа мамандықтар бойынша да оқу-әдістемелік бірлестіктермен тығыз байланыс орнатылған. Колледж студенттері республикалық жарыстарда үнемі алдыңғы орындардан көрініп жүр. Оларға дәріс оқитын, алған теориялық білімдерін өндірістік іс-тәжірибемен ұштастыруға көмектесетін оқытушылар құрамы да үнемі ізденіс үстінде. Басшылықтың талаптарына сәйкес біліктіліктерін арттырып, халықаралық конференцияларға қатысып тұрады. Республика деңгейінде өтіп жатқан тәжірибе алмасулардан шет қалған емес. Осы саладағы өзге орта арнаулы оқу орындарының Шымкент медицина колледжінен үйренері көп екен.
Колледж оқытушылары өздерінің жоғары білім деңгейлерін танытып, дәлелдеп қана қоймай, оқу-әдістемелік оқулықтар шығаруға атсалысып тұрады. «Фармация», «Гигиена және эпидемиология», «Лабароториялық диагностика» мамандықтары бойынша бірнеше оқулық әзірледі.
«Материалдық-техникалық базасы мен профессорлық-оқытушылық құрамының сапасына қарай, кітапханадағы оқулықтарының қорына және колледждің барлық көрсеткіштеріне сәйкес Денсаулық сақтау министрлігінің шешімімен лайықты оқу орны танылдық. Соған сай колледжде мейірбике ісі мамандығы қолданбалы баклавр біліктілігі бойынша оқу бағдарламасын енгізу 2017 жылға жоспарланған» дейді Гүлжәмилә Албысбайқызы.
Сейітжамал Орынбасарұлының бастамасымен Шымкент медицина колледжінің кешенді жоспарына сәйкес құрылған Симуляциялық орталық елімізде 2013 жылы ең алғашқы болып ашылған.
Колледжінің құрылымдық бөлімшесі болып табылатын Симуляциялық орталық студенттердің практикалық кәсіби дағдыларын колледждің іске асырып отырған орта кәсіби мамандықтар бойынша бекітілген жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес тренажерларда, муляждарда, фантомдарда, манекендерде қалыптастыру бойынша жұмысты жүзеге асырады.
Ауданы 342 шаршы метр құрайтын орталық құрамында мейірбикелік манипуляциялардың, терапияның, педиатрияның, хирургияның, акушерлік және гинекологияның оқу кабинеттері бар.
Орталық жергілікті компьютерлік желімен және оқу мониторингі жүйесімен жабдықталған, оның арқасында оқу үрдісі мен пратикалық дағдыларды шыңдау барысы түгелімен оқу кабинеттерінде орнатылған бейнекамераларға жазылып, симуляциялық жаттығуларды орындау барысында оқушылардың игерген тәжірибесі талдауға түсетін дебрифинг залында көрсетіледі.
Симуляциялық орталық заманауи механикалық тренажерлармен, муляждармен, фантомдармен, манекендермен, сонымен қатар науқастың симулятор-роботтармен жабдықталған, осының арқасында науқаспен жұмыс жүргізудің практикалық икемдерін шыңдап, болашақ маманның клиникалық ойлау қабілетін пысықтауға мүмкіндік бар.
Симуляциялық орталықтағы оқу үрдісі толығымен симуляциялық оқыту ерекшеліктері бойынша арнайы нұсқамадан өткен сәйкес клиникалық пәндер оқытушыларымен, орталық қызметкерлерінің тікелей қатысуымен іске асырылады.
Мұрағаттан, 2017 ж